Адам өз атын кісілікпен көтереді.
Адам өміріндегі аяулы жемісі – абыройлы аты.
Адамгершілік абырой алып береді.
Адамгершілік опалыққа тұрақтайды.
Адамгершілікке арналған
Үш сауап бар,
Шөлге құдық қазған,
Өзенге көпір салған,
Жолға ағаш еккен.
Адамды тарлық
Шынықтырады.
Адамгершілікті барлық
Ұмыттырады.
Амандық ағадан.
Адамдық адалдықта,
Адалдық шындықта.
Адамдық түбі реніш,
адалдық түбі кеніш.
Адамдықтан үлкен ат жоқ,
Наннан үлкен ас жоқ
Адамдықтың белгісі – иіліп сәлем бергені.
Шын достықтың белгісі – көп кешікпей келгені.
Адамдықтың белгісі –
Иіліп сәлем бергенің.
Шын достықтың белгісі –
Шынайы көмек бергенің.
Адамның баласы асатпай жемейді,
Көргенсіздің баласы көріп отырса да,
«мә» демейді.
Адамның ұяты бетінде,
Адамгершілігі ниетінде.
Адамшылықтың жоғарғы сатысы – арын сақтау.
Азаматтық жасай алмаған адам –
Бұл өмірге келмеген адаммен бірдей.
Айдалада қалғанға да қайырым етеді.
Айтар сөзін білмесе,
Адамдықтан не пайда?
Артқан жүгін тартпаса,
Атандықтан не пайда?
Ұрлық қылып, мал берсе,
Адалдықтан не пайда?
Айтқызып істеген адамда қасиет жоқ.
Ақылды кісіден кісілік үйренесің.
Ақын болу өз еркің,
Азамат болу борышың.
Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш.
Алыссаң, атаң да болса жық,
Аясаң, көтеріп жібер.
Анасын сүйгеннің баласын сүй.
Аралас жүр, ішінде бол ізгінің,
Сонда ұстайсың кісіліктің тізгінін.
Сырттап жүрсең, сол әбестік болады,
Нұрлы жүзің өкінішпен солады.
Арамды Құдай табады,
Момынды қайыр табады.
Арлы адамның белгісі шындыққа жығылады,
Арсыз адамның белгісі құр күлкіге ұрынады.
Арлы арына қараса, арсыз «жеңдім» дейді.
Артық болам деп, тантық болма.
«Арық» деген жаман тай
Жазға шықса ат болар,
Жамандығың сезілсе
Жақын кісің жат болар.
Асыл адамға өлім жоқ.
Асыл міндет – адалдық,
Асыл қасиет – адамдық.
Аяулы ғой кісіде тек кісілік,
Инабаты, қасиеті кішілік.
maqal-matel.kz
