Ә

Әдепсіз үйге кіріп болмас,
Әкімсіз жұртта тұрып болмас.
***
Әділ бектің заңы жоғары.
***
Әділ би әуелі өзін сынар.
***
Әділ би халқы үшін,
залым би құлқы үшін.
***
Әділ бидің елінің ырысы көп,
Парақордың елінің ұрысы көп.
***
Әділ бидің өлгені –
Сөзінің болса жалғаны,
Құламаның өлгені –
Болмаса тәлім алғаны.
***
Әділ билер болса құп,
Залым билерде иман жоқ.
***
Әділ билік – алтын таразы.
***
Әділ патшаның әскері халықтан құралады.
***
Әділдік әкімдіктен де күшті.
***
Әділдік әкімге де, әлсізге де, әркімге де бірдей.
***
Әділдік мақсатқа жеткізеді.
***
Әділетсіз төренің елі тозады,
Қатыны жаман жігіттің жеңі тозады.
***
Әділсіз болса би оңбас,
әйелсіз болса үй оңбас.
***
Әйел қарызы байында,
Ел қарызы биінде.
***
Әкім ақылды, дана болса, төңірекке бас болар.
Ақымақ жауыз болса, төңірекке қас болар.
***
Әкім болған көп тұрмас.
***
Әкім болсаң, қызметші ал,
Ол – сенің аяғың, аяғыңның айыбына көз боп жүр.
***
Әкімің дұрыс болмаса, жұрт бұзылады,
саудаң дұрыс болмаса, нарық бұзылады.
***
Әкім көп беріп, аз алатын болсын.
***
Әкім өзгерсе де, әдет өзгермейді.
***
Әкім тура болмаса, жұрт бұзылар,
Саудагер жаман болса, нарық бұзылар.
***
Әкім ізгі болса,
Қамқор болар.
Әкім жауыз болса,
Жемқор болар.
***
Әкімге қарсы болма, күніңе кемшілік болар,
Молдаға қарсы болма, дініңе кемшілік болар.
***
Әкімге ісің түспесін.
***
Әкімге ісің түспесін,
Қалыңға құсың қонбасын.
***
Әкімдерден ғадалет тайса,
Елдің пейілі тарқайды.
***
Әкімдердің ашуынан сақтан.
***
Әкімменен қарсы болсаң, күнің жаман,
Молдаменен қарсы болсаң, дінің жаман.
***
Әкімнің ақысы болса,
Қараның қақысы бар.
***
Әкімнің достығына сеніп болмайды.
***
Әкімнің көңілінде болғанша,
Көзінде бол.
***
Әкімнің мойны қылшадай, басы таудай.
***
Әкімшіліктен де гөрі әділет қымбат.
***
Әкімі зұлым болса, елі азады.
***
Әкіміңнің көзі соқыр болса,
Бір көзіңді қысып жүр.
***
Әлі жетпеген сақалшыл келеді,
Билік білмеген мақалшыл келеді.
***
Әмек басшың кім болса,
Әлек басшың сол болар.
***
Әр елдің өз әкімі бар (мұны арабтар айтады),
Әр үйдің өз ханы бар (мұны түріктер айтады).
***
Әскер – бектің қанаты,
Құс қанатсыз ұша алмайды.
***
Әулекі би ат үстінен билік айтар.

maqal-matel.kz