Адамды алдау –
Арыңның алдында қылмыс.
Ағаңды алдау –
Анаңның алдында қылмыс.
Адамның сырты – алдамшы.
Азған елдің баласы –
Бірін бірі жамандар.
Қақпан құрып алдына
Құлатуға амалдар.
Озған елдің баласы –
Бірін-бірі «батыр» дер
Қойны-қоншы құйылып,
Толып тұрған ақыл дер.
Айла – алтау, ақыл – жетеу.
Айла алтау,
Ақыл жетеу,
Айла мен ақыл қосылса
Алдырмайтын екеу.
Айла білген кісілер
Көзіңді байлап алдайды.
Айлалы батыр алдырмас.
Айлалы түлкі алдырмас.
Айлалыға амал жоқ,
Сөз тапқанға қолқа жоқ.
Айламен арыстан ұстаған,
Күшпен тышқан ұстай алмайды.
Айламен арыстан ұстар,
Қара күшпен тышқан да ұстай алмас.
Айласыз ау құрған
Құс ұстай алмайды.
Айласыз батыр алдырар.
Айласыз батыр тез өлер.
Айласыз дүние – пайдасыз.
Айласын білген кісіге
Арыстан да бастығар.
Айтар ақылы жоқтың,
Табар айласы жоқ.
Аққа қара жоқ, қараға шара жоқ.
Ақта қара жоқ,
Қараға шара жоқ.
Ақыл-қайла болмайды тек жарлыда.
Ақылдан асар амал жоқ,
Батылдар алмас қамал жоқ.
Ақылсыз жігіт аптығар,
Арыс жауды жеңгендей.
Айласыз келін шаптығар,
Айғыр бол деп бергендей.
Ақымаққа айла жоқ,
Айтқанменен пайда жоқ.
Ақырын жүрсең – малаяқ,
Қатты жүрсең – қу аяқ.
Ақырын сөйлегеннің амалы көп.
Алдамасаң – базар жоқ.
Алдамшыда ар болмас.
Алданғанның алды жар,
Оған қылар не лаж бар.
Алдау – зұлымдық, алдану – ақымақтық.
Алыс-беріс адал істе епшіл бол,
Жол ашылар, әр кезде де көпшіл бол.
Алыспақ керек пе,
Шалыспақ керек пе?
Амалы таусылған дұшпан
Шын достыққа көшеді.
Амалын тапқан арыстанды соңынан ертеді.
Аман адам амалымен пәрменді,
Өткереді талай мақсат, арманды.
Аңға айла,
Жылқыға құрық.
Аңшы қанша айла білсе,
Аю сонша жол білер.
Арамзалық ата ұлына пайда емес.
Арзан алдайды.
Арыстан ауыздағысын алдырмас.
Арыстан болсаң жауың үшін,
Түлкіден болсын әдісің.
Арыстанға түлкі айласы жараспас.
Арыстандай жау үшін,
Түлкідей болсын әдісің.
Арыстандай күшің болса,
Түлкідей әдісің болсын.
Асқақтаған амалшыдан
Аяңдаған адал озар.
Аурудың жаманы да тамақтан өтеді,
Амалы да тамақтан өтеді.
Ауыз – дарбаза, сөз – самал,
Құдай ұрғанға не амал.
Аянбаған жауды алар,
Абайлаған дауды алар.
maqal-matel.kz
