Базардың иті ауылдың итін қаламайды.
***
Бай болмаған бай болса,
Жайламаған сай қоймас.
Би болмаған би болса,
Сөйлемеген сөз қалмас.
***
Бай болмаған бай болса,
Қонбаған сай қалмайды.
Би болмаған би болса,
Ақылы оның толмайды.
***
Бай қасына көшіп бар да,
Байымасаң, маған кел.
Қу қасына көшіп бар да,
Қурамасаң, маған кел.
***
Байдың қорасынан
Жарлының жалғызы жоғалыпты.
***
Байменен бастас қыл,
Еншісіменен қоңсылас қыл.
***
Баласы көп болса,
Ұрыс бастайды.
Жылқысы көп болса,
Қоныс бастайды.
***
Басшысыз ауылдың баласы бассыз.
***
Бауыр болмай, тәуір болмас,
Ұру болмай, бұру болмас,
Сәуір болмай, жауын болмас,
Екі даугер ауыл болмас,
Ит баласы сауын болмас.
***
Берекелі ауылдың бейнеті – мейрам.
***
Берекелі ауылдың белгісін
Абысынның ас бергенінен байқа.
***
Берекелі болса ел – жағасы жайлау ол бір көл,
Берекесі кеткен ел – суы ашыған бетпақ көл.
***
Берекелі тоғайда
Басын иіп тал тұрар.
Берекелі ауылда
Ақылы дана шал тұрар.
***
Берекесіз ауыл – мерекесіз.
***
Би жоқта құл жүреді жораға,
Ит жоқта шошқа үреді қораға.
***
Бие қоста жүріп терлесе,
Құлын босқа жүріп терлейді.
***
Бие құлын тастаса,
Құйрығы шолақ ту келеді.
Қырсық шалған ауылға
Өзінен-өзі шу келеді.
***
Боларында болып өт,
Боз жорға аттай желіп өт.
Болмасыңды білген соң,
Болған ердің қосын жек.
***
Боларыңда болып өт,
Боз жорғадай желіп өт.
Боларыңды білмесең,
Болған ердің қосын жек.
***
Бөрі көргенде бірігетін
Ауыл итінің мінезіндей.
***
Бөрі қоңсысын жемейді.
***
Бөрі қораға шапқанда,
Аңғал далаға шауыпты.
***
Бөтен ауылдың аты озғанша,
Өз ауылыңның тайы озсын.
***
Бұзаудың жүгіргені қораға шейін.
***
Бұрқаған бораннан қорықпа,
Бүтінделмеген қораңнан қорық.
***
Бұрын қонған қоныс алады,
Кейін қонған өріс алады.
***
Бұрын қонғаннан қоныс сұра,
Бұрын туғаннан ақыл сұра.
***
Бұрынғы туғаннан ақыл сұра,
Бұрынғы қонғаннан қоныс сұра.
Көрегенді көнеден сұра,
Көне білмесе, көп жүргеннен сұра.
***
Бір ауылда бір үй аш болса,
Бар үй аш болады.
***
Бір ауылдың иті бір ауылға үрмейді.
***
Бір ауылдың малын бақпасаң,
Мың ауылдың малын бағарсың.
***
Бір байдың жұртына екі тышқан таласады.
***
Бір қора қасқырды бір қойға бақтырса,
Бәрі қой болып кетеді.
Бір қора қойды бір қасқырға бақтырса,
Бәрі қасқыр болып кетеді.
***
Бір тауды жайлаған бір киік аш болмайды.
***
Бір түп шеңгелді мың жыл қоралағанмен бау болмас.
***
Бір үй аш болса, ауыл аш,
Ауыл аш болса, аймақ аш.
maqal-matel.kz
