Бағасы жоқ қазына,
Алтыннан артық әдеп бар.
***
Базары жақын байымайды.
***
Базары жақын байымас.
***
Базары жақын байымас,
Еш нәрсеге жарымас.
***
Бай аз, кедей көп.
***
Бай ат мінсе,
«Қайырлы болсын!» дейді.
Жарлы ат мінсе,
«Қайдан алдың?» дейді.
***
Бай аузында семіз сөз.
***
Бай әйел алған өмір бойы құл болып өтеді.
***
Бай бай емес, бірлік бай,
Көп көп емес, бірлік көп.
***
Бай байға жетем дейді,
Бай Құдайға жетем дейді.
***
Бай байға құда болса,
арасында жорға жүреді,
Кедей кедейге құда болса,
арасында дорба жүреді,
Бір бай бір кедейге құда болса,
«қайдан болдым» деп зорға жүреді.
***
Бай байға құяды,
Сай сайға құяды,
Көл көлге құяды.
***
Бай байға құяр,
Сай сайға құяр.
***
Бай байға құят, су суға құят.
***
Бай бақал болса,
Бәйбішесі тоқал болады.
***
Бай баласы мақпалын киер,
Кедей баласы тапқанын киер.
***
Бай баласы мақтанса,
«Жылқыдан жорға міндім» дейді.
Би баласы мақтанса,
«Парадан шапан кидім» дейді.
***
Бай – балпаң, кедей – жалпаң.
***
Бай барын бермес,
Жоқ қарап тұрмас.
***
Бай бастас, батыр қандас, би құлақтас.
***
Бай бастас,
Батыр құлақтас.
***
Бай бастас, кедей мұңдас.
***
Бай бауырын танымас.
Сауда досқа қарамас.
***
Бай баю үшін тырысады,
Кедей кедейіне болысады.
***
Бай болайын деген жігіт
Айырбасшыл келеді.
Адам болайын деген жігіт
Қарындасшыл келеді.
***
Бай болған кісі бақырып бола ма.
***
Бай болған кісі мырза бола бермес.
***
Бай болғанда барын бермес,
Жарлы кісі қарап тұрмас.
***
Бай болдым деп шашпа,
Патша болдым деп аспа.
***
Бай болмаған бай болса,
Жайламаған сай қоймас.
Би болмаған би болса,
Сөйлемеген сөз қалмас.
***
Бай болмаған бай болса,
Қонбаған сай қалмайды.
Би болмаған би болса,
Ақылы оның толмайды.
***
Бай болмақ, жарлы болмақ жалғыз Хақтан.
***
Бай болмасаң, бай болма,
Білім, өнерге сай бол.
***
Бай болсаң, балпаң бол,
Жарлы болсаң, қалтаң бол.
***
Бай болсаң, жай болма,
Білім, өнерге сай бол.
***
Бай болсаң, баршаменен бетіңді сүрт,
Жарлы болсаң, жаныңменен көтіңді сүрт.
***
Бай болсаң, бәсең бол,
Жүйрік болсаң, тосаң бол.
***
Бай болсаң, жарлылығыңды айтпа.
Жарлы болсаң, байлығыңды айтпа.
***
Бай болсаң, паршаменен бетіңді сүрт,
Жарлы болсаң, жаныңменен етіңді сүрт.
***
Бай болсаң, торғын орамалмен бетің сүрт,
Кедей болсаң, жаныңменен көтің сүрт.
***
Бай болсаң, торғынменен бетіңді сүрт,
Жарлы болсаң, жаныңменен көтіңді сүрт.
***
Бай болып көргем жоқ,
Жарлы болып өлгем жоқ.
***
Бай бір борандық,
Батыр бір оқтық.
***
Бай бір жұттық,
Батыр бір оқтық.
***
Бай дегенге мерейіп,
Мұрт-сақалы серейіп.
***
Бай – жарлылық бақташысы.
***
Бай – жарлының азығы,
Жарлы – байдың қазығы.
Қиянатсыз бір-бірі,
Болыспас па жазығы.
***
Бай кедей болса да, мақтанғанын қоймайды.
***
Бай киім кисе, құтты болсын дер,
Кедей киім кисе, қайдан алдың дер.
***
Бай күйігі етекте,
Бала күйігі жүректе.
***
Бай күндіз бәйбішені жақсы көреді,
Түнде тоқалды жақсы көреді.
***
Бай кісі базарға барса,
Сұм хабар табады.
***
Бай кісі балпаң келер,
Жарлы кісі жалтаң келер.
***
Бай кісі жарлыны,
Тілді кісі тілсізді,
Жас кісі кәріні керексіз қылады.
***
Бай кісіде ақша көп болғанмен,
Ізгі ниет жоқ болады.
***
Бай қайырлы болмаса,
Бар малынан айрылар.
Мал бетіне қараған
Жарынан айрылар.
***
Бай қараса, бақ қарайды.
***
Бай қасына барып көр,
Пақыр болмасаң, маған кел.
Хан қасына барып көр,
Басың кетпесе, маған кел.
***
Бай қасына барып қон,
Байымасаң, маған кел.
Жоқ қасына барып қон,
Жоғалмасаң, маған кел.
***
Бай қасына көшіп бар да,
Байымасаң, маған кел.
Қу қасына көшіп бар да,
Қурамасаң, маған кел.
***
Бай мақтанса, бір жұттық.
***
Бай мақтанса, бір жұттық,
Батыр мақтанса, бір оқтық.
***
Бай мақтанса, май табылар,
Жоқ мақтанса, не табылар.
***
Бай мақтанса, мақтансын,
Сабасының қоры бар.
Жарлы неге мақтансын,
Маңдайының соры бар.
***
Бай мақтанса, табылар,
Әрнәрсенің, қоры бар.
Жоқ мақтанса, шабылар,
Маңдайының соры бар.
***
Бай мақтанса табылар,
Жоқ мақтанса шабылар.
***
Бай мақтанса – табылғаны,
Қыстық қоры болады.
Жоқ мақтанса – шабылғаны,
Маңдайының соры болады.
***
Бай малымен күн көрер,
Жарлы жаныменен күн көрер.
***
Бай малына сенеді, кедей несіне сенеді.
***
Бай малының ағымен бұлданады,
Ағы үшін жарлылар құлданады.
***
Бай мейірімінен күн мейірімі жақсы.
***
Бай мен бай құда болса,
Арасына жорға жүреді.
Кедей мен кедей құда болса,
Арасында дорба жүреді.
***
Бай мен бай құда болса, жорға жүрер,
Жарлы мен жарлы құда болса, дорба жүрер,
Бай мен кедей құда болса, зорға жүрер.
***
Бай мен жарлы көмгенде теңелер,
Қорқақ пен батыр өлгенде теңелер.
***
Бай менен жарлының арасы ауа менен жердей.
***
Бай мінеді бір ат,
Жарлы мінеді бір ат.
Жазғытұры болғанда,
Бай мінеді құр ат.
***
Бай өлсе, ескісін дайындайды,
Кедей өлсе, ешкісін дайындайды.
***
Бай пайдақор, аңшы айлакер болады.
***
Бай – тамырлас,
Би – құлақтас.
***
Бай – теңіз,
Оны жей алмаған – доңыз.
***
Бай тойғаннан секіреді,
Кедей аштықтан секіреді.
***
Бай тойып секіреді,
Кедей тоңып секіреді.
***
Бай тоқтығынан кекіреді,
Кедей аштығынан секіреді.
***
Бай төсегі темір піс,
Кедей төсегі қара кіс.
***
Бай – шешен,
Балуан – албат батыр.
***
Байға бақ қонса, бұқа да бұзаулайды.
***
Байға бар, қырға бар,
Әкең салған жолға бар.
***
Байға барсаң, жорға береді,
Кедей атын зорға береді.
***
Байға жалынамын деп,
Жарлының тоқтылы қой зықысы шығыпты.
***
Байға жалыншақ болма,
Ханға табыншақ болма.
***
Байға жарамсақтанып,
Жарлының тоқты қойлық ақысы шығыпты.
***
Байға келін болғанша,
Кедейге қыз бол.
***
Байға құл болғанша,
Байқұсқа ұл бол.
***
Байғұстың асын бісмілда құртады.
***
Байдан би шықса,
Кедейден дана шығады.
***
Байдан жұғар, балдан тамар.
***
Байдан күткенше,
Құдайдан күт.
***
Байдан мейір кетсе,
Кедейден пейіл кетеді.
***
Байдан сыралғы, батырдан сауға.
***
Байдан табылар,
Балдан тамар.
***
Байды Құдай атайын десе,
Байталын атқа сатады.
Жақсыны Құдай атайын десе,
Өз елін жатқа сатады.
***
Байды Құдай қарғайын десе,
Жортуыл бастар.
Биені қарғайын десе,
Құлын тастар.
***
Байды Құдай ұрайын десе, жортуыл бастайды.
***
Байды Құдай ұрарында барымтаны бастайды,
Кедейді Құдай ұрарында пісіп тұрған
егінін ормай тастайды,
Биені Құдай ұрарында құлын тастайды.
***
Байды мал басар,
Жарлыны бала басар.
***
Байдың асын байғұс қызғанар.
***
Байдың атын қатын шығарады.
***
Байдың атын қатын шығарады,
Қатынның атын жетім шығарады.
***
Байдың әйелі өлсе, төсегі жаңғырар.
Кедейдің әйелі өлсе, басы қаңғырар.
***
Байдың байлығы, кедейдің шайлығы.
***
Байдың баласы жатық, малшысы қодаң.
***
Байдың баласы шауып-шауып,
Ақылы түстен кейін есіне түседі.
***
Байдың барлығы кетпейді,
Жоқтың зарлығы кетпейді.
***
Байдың бұзауы да қобыз ойнайды.
***
Байдың бір жоқтығы бар,
Аштың бір тоқтығы бар.
***
Байдың жаманы – сараң,
Жарлының жаманы – жалқау.
***
Байдың жаны кейісе,
Құдайын қарғайды.
Кедейдің жаны кейісе,
Құралайын қармайды.
***
Байдың жанына барсаң,
Байымасаң, маған кел.
Қудың жанына барсаң,
Құрымасаң, маған кел.
***
Байдың күйігі етекте,
Бала күйігі өзекте.
***
Байдың күні пәрменімен,
Кедейдің күні арманымен.
***
Байдың қатыны өлсе, төсегі жаңғырады,
Кедейдің қатыны өлсе, басы қаңғырады.
***
Байдың қатыны өлсе, төсек жаңғырар,
Жарлының қатыны өлсе, басы қаңғырар.
***
Байдың қойы желігіп қасқырға
соқтықса да, аман қалады.
***
Байдың қорасынан
Жарлының жалғызы жоғалыпты.
***
Байдың малы ардақты,
Жарлының баласы ардақты.
***
Байдың малы ардақты,
Кедейдің баласы ардақты.
***
Байдың малы – жаудың малы.
***
Байдың малы қадірлі,
Жарлының жаны қадірлі.
***
Байдың малы теңіз,
Ептеп жемеген доңыз.
***
Байдың малы төрт тісімен оттайды,
Жарлының малы екі тісімен оттайды.
***
Байдың малын аяма,
Өлсе менің қа…ма.
***
Байдың мейіріміне телміргенше,
Кедейдің бейіліне мейман бол.
***
Байдың мың қойының ішінде
Жарлының жалғыз қара тоқтысын көреді.
***
Байдың сөзі адал,
Биі әділ.
***
Байдың ісі пәрменменен,
Жарлының ісі дәрменменен.
***
Байдың ісі пәрменмен билән,
Жоқтың ісі дәрмен билән.
***
Байимын десең, саудагершілік қыл.
***
Байлар ашты тоқ санар,
Аш жаманын жоқ санар.
***
Байлар ашты тоқ санар,
Аш жаһанда нан жоқ санар.
***
Байларда ақымақ көп болар,
Байлығымен білінбес.
***
Байлардың сыйлығынан
Кедейдің сабыр еткені артық.
***
Байларменен алысып болмас,
Терекпенен күресіп болмас.
***
Байлығы тайған бек
Жұртсыз күн көре алмайды.
***
Байлығыңа сенбе, ақылыңа сен.
***
Байлық байлық емес, бірлік – байлық.
***
Байлық – байлық емес,
Денсаулық – байлық.
***
Байлық – басқа машақат,
Ашкөздік – жаман әдет, серті қатты,
Өкініш артында оның қайғы жатты.
Бай болу, кедей болу – тағдыр ісі,
Мал іздеу – ерге әшейін машақат-ты.
***
Байлық басыңнан кетсе,
Өзіңді сабанханада көр.
***
Байлық – бір айлық.
***
Байлық жарастырар,
Жоқтық таластырар.
***
Байлық қашады, еңбек қуады.
***
Байлық қолда ұстауға мұз:
Қатты ұстасаң, сынып кетеді,
Бос ұстасаң, еріп кетеді.
***
Байлық – қолдың кірі.
***
Байлық мирас емес,
Жоқтық ұят емес.
***
Байлық – мұзға жазылған сөз,
Білім – тасқа жазылған сөз.
***
Байлық мұрат емес,
Жарлылық ұят емес.
***
Байлық мұрат емес,
Жоқтық ұят емес.
***
Байлық мұрат емес,
Кедейлік ұят емес.
***
Байлық – нағыз дұшпан.
***
Байлық не дегізбейді,
Аштық не жегізбейді.
***
Байлық не дегізбес,
Жоқтық не жегізбес.
***
Байлық үшін отқа түспе, таспағын,
Құмарлықтың мойнын жұлып тастағын.
***
Байлық іздеп, мақтан тілеп жортқан да,
Жарасады кісілігі артқанға.
***
Байлыққа берілмеген адам –
Кедейлікке тебіренбейді.
***
Байлыққа жомарттық жарасады.
***
Байлықтың алды – денсаулық.
***
Байлықтың атасы – еңбек,
Анасы – жер.
***
Байлықтың басы – денсаулық.
***
Байлықтың керегі не, қайыры болмаса,
Биліктің керегі не, әділдігі болмаса.
***
Байлықтың кілті – ғылым.
***
Баймен айтыспа, палуанмен күреспе.
***
Баймен күреспе,
Батырмен тіреспе.
***
Баймен құда болсаң, шіренер,
Жарлымен құда болсаң, тіленер.
***
Байменен алысып болмас,
Терекпенен күресіп болмас.
***
Байменен бастас қыл,
Еншісіменен қоңсылас қыл.
***
Баймын деп мақтанба, жарлылық бар.
Көппін деп сұқтанба, жалғыздық бар.
***
Байы бар таяқ жейді,
Қойы бар құйрық жейді.
***
Байығанда бас имес, ол – адамның әлсізі.
***
Байыдым деме,
Кедейлік сіңіріңе жетер.
Жетістім деме,
Қара жер түбіріңе жетер.
***
Байысаң да өлетұғын кез жетер,
Сонда саған екі-ақ құлаш бөз жетер.
***
Бақ-дәулетке мақтанба.
***
Бақ қайтса, басқа дәулет құралмас.
***
Бақ пен дәулет көшпелі.
***
Бақыл байға барғанша,
Қаратауға бар.
***
Бақыл тоймас,
Ұры байымас.
***
Бақыт берсе Құдайым, көргенде білерсің,
Дәулет берсе басыңа, ақ тұйғындай түлерсің,
Оныменен кетпессің, ақырында өлерсің.
***
Бақыт кетсе қолыңнан,
Әуелі досың менен құдаң кетер,
Бидай еккен жеріңе тікен бітер.
Бақыт, дәулет басыңа қайта қонса,
Әр жерден дұшпандарың жылт-жылт етер.
***
Бақыт қолға қонған құс,
Байлық қолға ұстаған мұз.
***
Бақыт пен дәулетте көз жоқ.
***
Бақыттың тамыры – еңбек,
Пақырлықтың тамыры – еріншек.
***
Бақытың өскенде, барыңа берен бол,
Бақытың қайтқанда, сырыңа терең бол.
***
Балта басқан байымас,
Байыса да, жарымас.
***
Балық байлығы – етек-жеңің кепкенше.
***
Балықшының байлығы – етек-жеңі кепкенше.
***
Бапсыз қыран түйілмес,
Құтсыз дәулет үйілмес.
Бап пен бақ екеуі де,
Ақылменен үйірлес.
***
Бар аз білгеннен де өтер,
Білмегеннен де өтер.
***
Бар байлықты жинауға тырысқан адам бақытсыз.
***
Бар барын айтады,
Бақа бұтын тырбайтады.
Көрген адам көргенді айтады,
Көтерген әркім өтпегін сатады.
***
Бар барын айтады,
Жоқ зарын айтады.
***
Бар болса, баршаменен көтіңді сүрт,
Жоқ болса, жаныңменен көтіңді сүрт.
***
Бар болсаң, бармын деме,
Жоқ болсаң, жоқпын деме.
***
Бар болсаң, бергеніңді айтпа,
Ер болсаң, жеңгеніңді айтпа.
***
Бар болсаң, жаныңды сыйла,
Жан кеудеңе қонақ.
Жоқ болсаң, жаныңды қина,
Жан кеудеңе азық.
***
Бар болсаң, жоқтың ісін істеме,
Жоқ болсаң, бардың ісін істеме.
***
Бар болсаң, таспа,
Жоқ болсаң, саспа.
***
Бар болып, жоқтық ісін қылма,
Жоқ болып, бардың ісін қылма.
***
Бар болып, жоқтың ісін істегеннен без,
Жоқ болып, бардың ісін істегеннен без.
***
Бар қасына барғанда
Байымасаң, маған кел.
***
Бар мақтанса, табылар,
Жоқ мақтанса, шабылар.
***
Бар малына сенеді,
Жоқ қарнына сенеді.
***
Бар – мәзір, жоқ – нәзір.
***
Бардан ауысады,
Балдан жұғысады.
***
Бардан дәметпеген,
Құдайдан дәметпейді.
***
Бардан жұғады,
Балдан тамады.
***
Барды балама,
Жоқты санама.
***
Бардың базары жанында.
***
Бардың баласы би болар,
Жоқтың баласы қамшы астында ит болар.
***
Бардың мәйегі тиер,
Жоқтың таяғы тиер.
***
Бардың пайдасы тиеді,
Жоқтың найзасы тиеді.
***
Барлардікі жорға-жорға,
Жоқтардікі зорға-зорға.
***
Барлық әрне дегізер,
Жоқтық арам жегізер.
***
Барлық-байлық не жегізбес,
Жоқтық не дегізбес.
***
Барлық жарастырады,
Жоқтық таластырады.
***
Барлық не дегізбейді,
Жоқтық не жегізбейді.
***
Баршылық не дегізбейді,
Жоқшылық не жегізбейді.
***
Барыменен – базар,
Жоқты қайдан қазар.
***
Барын жемей бай өледі.
***
Барын жемей бай өледі,
Бірін жемей жарлы өледі.
***
Барында батып іш,
Жоғында сатып іш.
***
Бас аманда мал тәтті,
Бас ауырса, жан тәтті.
***
Бас тілеуін тілеген жарлы оңбайды.
***
Батыр аңғал, жоқ жомарт.
***
Батыр аңғырт, бай салғырт.
***
Батыр болып, бай болсаң,
Патшадан нең кем?
Жарлы болып, бек болсаң,
Келекеден нең кем?
***
Батыр бір оқтық, бай бір жұттық.
***
Батыр ортақ, бай ортақ,
Төресі әділ хан ортақ.
Қараңғы үйдің ішінде
Шалқымай жанған шам ортақ.
***
Батыр туса, ел ырысы,
Жаңбыр жауса, жер ырысы.
***
Батырды жауда,
Данышпанды ашуланғанда,
Досты жоқтықта сына.
***
Бәлеқорды байытпа,
Тәкәппарды көтерме.
***
Беделің – сәулетің,
Еңбегің – дәулетің.
***
Бейбітшілік – өмір тынысы,
Байлық – ел ырысы.
***
Бейнетсіз дәулеттің рахаты жоқ.
***
Берекелі дәулет кеш келер.
***
Бермесе де, бар жақсы,
Жемесе де, май жақсы.
***
Би баласы биге ұқсар,
Биік-биік тауға ұқсар.
Хан баласы ханға ұқсар,
Қанатын жайған қазға ұқсар.
Бай баласы байға ұқсар,
Байланбаған тайға ұқсар.
***
Билік, байлық, даналық бір өзіңе байланысты.
***
Болса, данам, көңіл тура, тіл майда,
Ризығың таусылмайды ондайда.
***
Бос кеуделер көрсе дәулет шіркінді,
Тістей қатар бос жібермей бір күнді.
***
Бота ойнақтаса
Молшылыққа.
Тайлақ ойнақтаса
Тоқшылыққа.
Кәрі түйе ойнақтаса
Жоқшылыққа.
***
Бұ дүние байлығы – шашылған жем.
***
Білек жуысады,
Ырыс ауысады.
***
Білек жұғысады,
Ырыс ауысады.
***
Біліксіз биік болса дәулетімен,
Білікті биігірек сәулетімен
***
Білім – адам баласының ортақ қазынасы.
***
Білім – адамның байлығы.
***
Білім ауысады,
Ырыс жұғысады.
***
Білім – байлық таусылмайтын, бітпейтін,
Ұры-қары, қу жоқ оны үптейтін.
***
Білім – ердің дәулеті.
***
Білім – иесінің дәулеті, білімді қайда барса да,
Алдына алтын тартылады.
***
Білім – таусылмайтын байлық.
***
Бір аштың бір тоқтығы болады,
Бір тоқтың бір жоқтығы болады.
***
Бір байдың жұртына екі тышқан таласады.
***
Бір білімдар айтқан екен солайша:
«Дәмі кетер ас-ауқатың молайса».
***
Бір ердің дәулетіне қырық адам мас болады.
***
Бір күн қонса – құт,
Екі күн қонса – жұт.
***
Бір түлікке бай болғанша,
Әр түлікке сай бол.
***
Біреудің жер көтермес малы бар,
Біреудің ат көтермес дәні бар.
***
Бірлік, ынтымақ – байлық, бақ.
***
Бірін жемей кедей өледі,
Мыңын жемей бай өледі.
***
Бірінші байлық – денсаулық,
Екінші байлық – ақ жаулық,
Үшінші байлық – он саулық.
maqal-matel.kz
