Б

Баба бүркіт барлап ұшады,
Бала бүркіт парлап ұшады.
***
Баба бүркіт барлап ұшар,
балапан бүркіт шарлап ұшар.
***
Бабаңнан жүз жас үлкен бол,
Балаңнан жүз жас кіші бол.
***
Бағуыңа қарай мал өседі,
Тәрбиеңе қарай бала өседі.
***
Бай баласы мақпалын киер,
Кедей баласы тапқанын киер.
***
Бай баласы мақтанса,
«Жылқыдан жорға міндім» дейді.
Би баласы мақтанса,
«Парадан шапан кидім» дейді.
***
Бай күйігі етекте,
Бала күйігі жүректе.
***
Байға құл болғанша,
Байқұсқа ұл бол.
***
Байды мал басар,
Жарлыны бала басар.
***
Байдың баласы жатық, малшысы қодаң.
***
Байдың баласы шауып-шауып,
Ақылы түстен кейін есіне түседі.
***
Байдың күйігі етекте,
Бала күйігі өзекте.
***
Байдың малы ардақты,
Жарлының баласы ардақты.
***
Байдың малы ардақты,
Кедейдің баласы ардақты.
***
Бақ қонатын адамның ұлы епті, қызы көрікті болады.
***
Баққан ұлдан сәл тайса егер назарың,
Түбі соның тарттым дей бер азарын.
***
Бақпен асқан хандардан,
Баспен асқан қара артық.
Сақалын сатқан кәріден,
Еңбегін сатқан бала артық.
***
Бақытты адамның маңайы
Мұз үстінен қар жанар.
Жақсы туған баланың
Атасы төрде сөз табар.
Жаман туса баласы,
Түйе үстінен ит қабар.
***
Бала – адамның бауыр еті.
***
Бала ақылды болса,
Ата-ананы оздырады.
Желбуаз, жетесіз болса,
Жерге қаратып, тоздырады.
***
Бала ана болғанша – ана мола болар.
***
Бала – ананың бауыр еті.
***
Бала анасына қарайды,
Аң панасына қарайды.
***
Бала – артта қалған із,
Бақыт – ұзатылған қыз.
***
Бала ата-анасына тартпай, заманына тартады.
***
Бала атадан батпан артық туады.
***
Бала атадан туады,
Ақыл өзінен туады.
***
Бала әкеге бес жыл жұмбақ,
Әке балаға өмір бойы жұмбақ.
***
Бала баққанша ара бақ.
***
Бала! Баланың қылған ісі шала.
***
Бала, баланың ісі шала.
***
Бала болса да, әркім өз теңімен ойнар.
***
Бала болу парыз емес,
Әке болу – парыз.
***
Бала бүркіт түлкіден аянбайды.
***
Бала деген – қолғанат.
***
Бала – жаман қатынның екі қолын байлайды,
Жақсы қатынның бір қолын байлайды.
***
Бала жасындағыны ұмытпайды,
Таз басындағысын ұмытпайды.
***
Бала жұмсағыштың жаны тынса да, жағы тынбайды.
***
Бала жүгірсе, қарттың қарап отырып аяғы ауырады.
***
Бала – жүрек, бала – бал.
***
Бала – жүрек ортасы,
Бала – ананың қолқасы.
***
Бала жүруді жығылудан үйренеді.
***
Бала – көңілдің гүлі, көздің нұры.
***
Бала күлкіге тоймас,
Жаман ұйқыға тоймас.
***
Бала қадірін балалы болғанда білерсің.
***
Бала қорыған жерге өш.
***
Бала қырық күнде шешесін танып емеді.
***
Бала нені білсе жастан, ұядан,
Өле өлгенше соны таныр қиядан.
***
Бала ойнамай күн көрмейді,
Сиыр жаланбай күн көрмейді.
***
Бала оқытқан мұғалім балаларша ойлайды.
***
Бала өз нәпақасын өзі ала туады.
***
Бала соққан кездіктің басы жарық.
***
Бала соққан пышақтың сабы жарық.
***
Бала таппаған қатыннан,
Лақтаған ешкі артық.
***
Бала таппайтын әйелдің тұрары жоғын айт,
Мал таппайтын еркектің құрары жоғын айт.
***
Бала тәрбиесі бесіктен.
***
Бала теңіне қарап өседі.
***
Бала – ханнан үлкен,
Ашамай – нардан үлкен.
***
Балаға атаның қарғысы – атқан оқ,
Ананікі – сөнген шоқ.
***
Балаға байқап сөйлесең,
Ақылыңа көнер,
Байқамай шайқап сөйлесең,
Көрсетер бір «өнер».
***
Балаға жақын жүрме,
Бәлесі жұғады.
***
Балаға жанның ашуы бірдей,
Қай қолыңды кессең де,
Жанға батуы бірдей.
***
Балаға жуыссаң, пәлесі жұғады,
Қатынға жуыссаң, қарасы жұғады.
***
Балаға мұрнының сіңбіргені де ас.
***
Балаға пышақ бермесең, бір жылар,
Пышақ берсең, екі жылар.
***
Балаға сенген пәлеге қалады,
Жаманға сенген далада қалады.
***
Балаға тиме, бәлесі жұғар.
Қатынға тиме, қарасы жұғар.
***
Баладағы мал – даладағы мал.
Інідегі мал – індегі мал.
***
Балажанды биелер құлындарын теппейді,
Балажанды адамды бала айналып кетпейді.
***
Балалар ойнап жүріп су төгеді,
Қарттар тайып жамбасын сындырады.
***
Балаларға өнер білім берілсін,
Сұлу мінез әр өнермен өрілсін.
***
Балалы үй – базар,
Баласыз үй – мазар.
***
Балалы үй – гүлстан,
Баласыз үй – көрстан.
***
Балалы үй – жұмақ.
***
Балалы үйдің сыры жатпайды.
***
Балалы үйдің ұрлығы жатпас.
***
Балалы үйрек көлден кетпес,
Баласы жас елден кетпес.
***
Балалық мәңгі жас емес.
***
Балалық өтті дегенше,
Жігіттік кетті десейші.
***
Балалық шағы – патшаның тағы.
***
Балам, балалы болғанда білерсің.
***
Балам – балым,
Баланың баласы – жаным.
***
Балам бол, басқа бол – бәріңе заң біреу-ақ.
***
«Балам» деген жұрт болмаса,
«Жұртым» дейтін бала қайдан шықсын.
***
Балам, жыланнан қашқандай,
Жазықтан да қаш.
***
Балам өсті дегенше,
Батыр өсті десейші.
Батыр өнер білмесе,
Қапыл өсті десейші.
***
Балам үшін барамын,
Күнім үшін келемін.
***
Баламен жолдас болсаң,
Бала боларсың,
Қариямен жолдас болсаң,
Дана боларсың.
***
Баламен ойнама, шаршайсың,
Шаламен ойнама, күйерсің.
***
Баламның баласы,
Ала күшік анасы.
***
Баламның баласы,
Балдан тәтті анасы.
***
Баланы асырай алмасын деп күңге береді,
Ұялтайын деп қызға береді.
***
Баланы аяғаның – аямағаның,
Аямағаның – аяғаның.
***
Баланы аясаң, еңбекке үйрет,
Аямасаң, аса ерке қыл.
***
Баланы бала деме,
Арыстанның баласы болып шығар.
***
Баланы барлық ана таба да, баға да біледі,
Ананы кімдер баптап баға біледі.
***
Баланы бастан жаттықтыра алсаң,
Өскен соң бастықтыра аласың.
***
Баланы бесікте түзет.
***
Баланы жастан, әйелді бастан.
***
Баланы жастан, қатынды бастан.
***
Баланы жастан үйрет,
Қатынды бастан үйрет.
***
Баланы жеріне бер,
Жер ыңғайы келмесе, еріне бер.
***
Баланы жұмсағаның білінбес,
Тайды мінгенің білінбес.
***
Баланы зардан,
Әкені бардан.
***
Баланы зордан,
Ананы бордан.
***
Баланы кім асыраса, сол – ана.
***
Баланы Құдай асырай алмасын деп күңге берер,
Масқара болсын деп қызға берер.
***
Баланы Құдай берсін,
Алалынан бермесе, ала берсін.
***
Баланы сылау өсіреді,
Қарды қырау өсіреді.
***
Баланы іске бұйыр,
Соңынан бірге жүгір.
***
Баланың айтқанын қыла берме, апатпен тең.
***
Баланың баласы балдан тәтті.
***
Баланың баласы бар әкеден асқан,
Баланың пәлесі бар албасты басқан.
***
Баланың бір көзі жоқ,
Малайдың екі көзі жоқ.
***
Баланың ең жақын ұстазы – ата-анасы.
***
Баланың жақсысы – қызық,
Жаманы – күйік.
***
Баланың қылғаны білінбейді,
Тайдың мінгені білінбейді.
***
Баланың өзі туғандай,
Келіннің өзі келгендей.
***
Баланың өнерлісі – ұжмақ,
Өнерсізі – тозақ.
***
Баланың өскен бесігі – кең дүниенің есігі.
***
Баланың сегізінде тісі түседі,
Сексенінде ердің елге ісі түседі.
***
Баланың сотқары – бәленің шоқпары.
***
Баланың сөзі батпандай,
Қатынның сөзі кетпендей.
***
Баланың тентек болғаны үйінен,
Жігіттің тентек болғаны биінен.
***
Баланың тууын айтпа, тұруын айт.
***
Баланың шешесі өгей болса,
Әкесі де өгей болып кетер.
***
Баланың істегені білінбейді,
Тайдың мінгені білінбейді.
***
Баланың істегені көзге көрінбейді.
***
Баланың ісі іс болмас,
Лақ мүйізі (пышаққа) сап болмас.
***
Балаң болса, шоқ болсын,
Шоқ болмаса, жоқ болсын.
***
Балаң жаман болса да, аман болсын.
***
Балаң жаман болса да, келінің жақсы болсын.
***
Балаң жаман болса,
Көрінгеннің мазағы.
***
Балаң қайқы сері болса,
Жалғыз атқа жал бітпес.
Қатының қайқы сері болса,
Маңдайыңа мал бітпес.
***
Балаң текті болмаса, нәсілің құрыр.
***
Балаңа байқап сөйлесең, ақылыңа көнер,
Байқамай көп сөйлеген, жұрт ішінде өлер.
***
Балаңа байқап сөйлесең, ақылыңа көнер,
Байқамай көп сөйлесең, көрсетер өнер.
***
Балаңды иә молдаға бер, иә ордаға бер.
***
Балаңды жасыңда жақсы тәрбиелесең,
Өскенде баласынан ұялмас.
***
Балаңды жұрт мақтаса,
Бәрінен де сол сүйгі.
***
Балаңды көр де, жаныңды көр.
***
Балаңды ордаға бер немесе молдаға бер.
***
Баласы атқа шапса,
Шешесі үйде отырып, тақымын қысады.
***
Баласы әкесін үйретпес.
***
Баласы бардың өзі ойнар,
Баласыздың көзі ойнар.
***
Баласы жақсының әкесін ат үстінен көтеріп алады,
Баласы жаманның әкесін ат үстінен ит қабады.
***
Баласы жалқаудың қозысы маңырауық.
***
Баласы жоқ ханым – тұл,
Баяны жоқ ғалым – тұл.
***
Баласы жыламай,
Шешесі емшек бермес.
***
Баласы көп болса,
Ұрыс бастайды.
Жылқысы көп болса,
Қоныс бастайды.
***
Баласы өлген тобаға тоймайды,
Жоқ қараған обаға тоймайды.
***
Баласы тәуше жесе,
Анасының тісі қамасады.
***
Баласыз үйде бақыт болмайды.
***
Баласын мақтар бас жаман,
Қатынын мақтар қас жаман.
***
Балықта сүт жоқ,
Баласын су асырайды.
***
Бардың баласы би болар,
Жоқтың баласы қамшы астында ит болар.
***
Бас тентек баласын мақтар,
Қас тентек қатынын мақтар.
***
Басқа келген бақытты
Қырсықты келін, кесірлі бала қашырады.
***
Басшысыз ауылдың баласы бассыз.
***
Басы қараның бары игі,
Ұлсыздан да қызды игі.
***
Басы сау балаға бөрік табылады.
***
Бата алған ұл арымас,
Батасыз ұл жарымас.
***
Баталы сөз – балаға азық.
***
Батыр ұлды жауыр етпе,
Жүйрік арқасын жара етпе.
***
Бәйбішенің көркі – саба,
Келіншектің көркі – бала.
***
Бел астындағыдан бесіктегі бала үміттенеді.
***
Берекелі елдің баласы –
Бірі қанат, бірі құйрық,
Берекесіз елдің баласы –
Бірі аманат, бірі күйік.
***
Берсең, балаға бер.
***
Бесік баласы бес түлейді.
***
Би баласы биге ұқсар,
Биік-биік тауға ұқсар.
Хан баласы ханға ұқсар,
Қанатын жайған қазға ұқсар.
Бай баласы байға ұқсар,
Байланбаған тайға ұқсар.
***
Би болмақ ініден,
Белге шықпақ баладан.
***
Би болмақ ініден,
Билікке шықпақ баладан.
***
Болар бала атадан өте туады,
Болмас бала кейін қарай кете туады.
***
Болар бала бесігінде бұлқынар,
Болар құлын желісінде жұлқынар.
***
Болар бала бесікте бұлқынады.
***
Болар бала боғынан.
***
Болар ұлан боғынан.
***
Болар ұлдың пішінінен белгілі.
***
Болатын бала бесікте белгілі.
***
Болатын елдің баласы,
Бірін-бірі «батыр» дейді.
Болмайтын елдің баласы,
Бірін-бірі «қатын» дейді.
***
Болымдының баласы
Он бесінде баспын дейді.
Болымсыз елдің баласы
Отызында жаспын дейді.
***
Боранды күні бала құтырады,
Жұт жылы ит құтырады.
***
Боранды күні ит пен бала құтырар.
***
Борышты тағам ас болмас,
Болар бала жас болмас.
***
Ботасыз інген боздаса,
Баласы өлген ананың
Қайғы шерін қозғайды.
***
Ботқаға қазан толмас,
Пұттаған сөзді қолдаған ұл,
Мұхамметке үммет болмас.
***
Бөрішіктің баласы бөрі алмаса да, түлкі алады.
***
Бұлттан шыққан күн ыстық,
Күңнен туған ұл ыстық.
***
Бүгін анасы ішкенді ертең баласы ішеді.
***
Біздің балада кеміс жоқ,
Қалып тұрғаны – үйлену тойы.
***
Білмегеніңді бес жасар баладан сұра.
***
Білімсіз туған көп ұлдан,
Білімді туған қыз артық.
Білімсіз көп наданнан,
Білімді бір ер жүз артық.
***
Бір анадан бала да туады, пәле де туады.
***
Бір бала бар, атаға жете туады,
Бір бала бар, атадан кете туады,
Бір бала бар, көтінен кейін қарай кете туады.
***
Бір бала бар әкеден өте туады,
Бір бала бар әкеге жете туады,
Бір бала бар әкеден кейін кете туады.
***
Бір баланы тәрбиелеп өсіргенше,
Үлкен қала құрылады.
***
Бір баласы бардың
Шығар-шықпас жаны бар.
Екі баласы бардың
Жүрегінде жалы бар.
***
Бір жақсы қыз екі жаман ұлға татиды.
***
Біреудің баласын бағып бала қыла алмайсың.
***
Біреудің сырын білгің келсе,
Балаларынан сұра.

maqal-matel.kz