Б

Баға берме жүзіне қарап адамның,
Дана деме сөзіне қарап адамның,
Жолдас айырар оның жақсы-жаманын.
***
Бай мейірімінен күн мейірімі жақсы.
***
Байдан бұзылған қатынның қабағы ашылмайды,
Жақсының сыры шашылмайды.
***
Байды Құдай атайын десе,
Байталын атқа сатады.
Жақсыны Құдай атайын десе,
Өз елін жатқа сатады.
***
Байдың жаманы – сараң,
Жарлының жаманы – жалқау.
***
Байлар ашты тоқ санар,
Аш жаманын жоқ санар.
***
Байлық – басқа машақат,
Ашкөздік – жаман әдет, серті қатты,
Өкініш артында оның қайғы жатты.
Бай болу, кедей болу – тағдыр ісі,
Мал іздеу – ерге әшейін машақат-ты.
***
Бақ қарап тұр алдыңда,
Талаппенен көрінсең.
Сор қарап тұр алдыңда,
Жамандыққа берілсең.
***
Бақа сисе, көлге сеп,
Жақсы қатын малға сеп.
***
Бақсы бақсыны көре алмайды,
Жақсы жақсыны көре алмайды.
***
Бақсы бар жерде жақсы бар.
***
Бақсының жақсысы – ауруға ауру қоспағаны.
***
Бақытта көз болмайды,
Шын жақсы сыйымсыз сөз болмайды.
Дүниеде бас-аяқ тегіс емес,
Екі жақсы бір жерде кез болмайды.
***
Бақытты адамның маңайы
Мұз үстінен қар жанар.
Жақсы туған баланың
Атасы төрде сөз табар.
Жаман туса баласы,
Түйе үстінен ит қабар.
***
Бақытыңды қорғасаң,
Жаман сөзді қолданба.
***
Бала – жаман қатынның екі қолын байлайды,
Жақсы қатынның бір қолын байлайды.
***
Бала күлкіге тоймас,
Жаман ұйқыға тоймас.
***
Балаға сенген пәлеге қалады,
Жаманға сенген далада қалады.
***
Баланың жақсысы – қызық,
Жаманы – күйік.
***
Балаң жаман болса да, аман болсын.
***
Балаң жаман болса да, келінің жақсы болсын.
***
Балаң жаман болса,
Көрінгеннің мазағы.
***
Балаңды жасыңда жақсы тәрбиелесең,
Өскенде баласынан ұялмас.
***
Баласын мақтар бас жаман,
Қатынын мақтар қас жаман.
***
Балуанның жаманы – жығылған соң қалтияр,
Күзетшінің жаманы – жау кеткен соң қалтияр.
***
Балық басынан, жаман аяғынан сасиды.
***
Бар бәледен ұят сақтайды,
Барлық жақсы істің байламы да ұятта.
***
Басы ауырған бақсыға барады,
Даулы кісі жақсыға барады.
***
Басыңа пәле келсе,
Жақсыға ісің түседі.
Басыңа кесел келсе,
Бақсыға ісің түседі.
***
Басыңа іс түскенде жақсы көмек етер,
Жаман күліп өтер.
***
Басыңа іс түссе:
Жақсы көмек етеді,
Жаман күліп өтеді.
***
Батыр майданда мықты,
Жаман үйде мықты.
***
Бауырласың болмаса, жолдас ізде,
Жақсы жолдас – бауырлас.
***
Бәле іздеп келме, ізгілік іздеп кел.
***
Бекзаттан би қойсаң, ойлар тамағын.
Бейзаттан би қойсаң, білмес бабағын,
Жақсыдан би қойсаң, ашпас қабағын.
***
Бектер сөзін айта берме (басқа сын!),
Қайталама жақсы сөзден басқасын.
***
Бектің асы қанша дәмді болса да,
Жоқ-жітіктің қатқан наны жақсырақ.
***
Белгілі дұшпаннан белдеудегі жау жаман.
***
Берері жоқ туғаннан,
Тік сөйлескен жат жақсы.
Бүйірі жоқ қамқадан,
Бек тоқыған бөз жақсы.
***
Бермесе де, бай жақсы,
Жемесе де, май жақсы.
***
Бермесе де, бар жақсы,
Жемесе де, май жақсы.
***
Бетім жаман болса да, ниетім жақсы.
***
Биі әділ болса, елінде бір дау болмас,
Жаман биге барған адам сау болмас.
***
Биік тауға шыққанның
Алысқа көзі ашылар.
Жақсыменен сөйлескен
Көңіл көзі ашылар.
***
Биік таудың төбесін көріп, түбіне барма,
Жақсының атын естіп, үйіне барма.
***
Биік төбеге шықсаң,
Көзің ашылады.
Жақсыменен сөйлессең,
Көңілің ашылады.
***
Биікке шықсаң, көңілің ашылар,
Жақсымен тілдессең, зейінің ашылар.
***
Боқ жаман,
Бәрінен де жоқ жаман.
***
Боқ жаман емес, жоқ жаман.
***
Болар істің біткені жақсы.
***
Боларыңда болып өт,
Бозторғайдай желіп өт.
Болмас күнге келгенде,
Боз шолақты тағала,
Жақсыларды жағала.
***
Болат кездік қап түбінде жатпайды,
Ақылы жоқ жаманды егеулеп тұрсаң, батпайды.
***
Борай-борай қар жауса,
Бұ боран атты өлтірер.
Аз кісіні көп кісі
Жаман да болса, біреуіне келтірер.
***
Бұқадан өгіз жаман қуаларға,
Ағайын жақсы болар жұбанарға.
***
Бұқаның мойны жаман,
Жаманның ойыны жаман.
***
Бұқаның өзі қартайса да, мұрны қартаймайды.
Жақсының өзі қартайса да, көңілі қартаймайды.
***
Бұл өмірге келген соң, жақсылық қыл,
Жаман істі жамандарға ғана қалдыр.
***
Бұлбұлға бау жақсы,
Кекілікке – тау.
***
Бұлттан шыққан күн ащы,
Жаман әйелдің тілі ащы.
***
Бұлттан шыққан күн ашты,
Жаманнан шыққан сөз ашты.
***
Бұра сөйлеген күлкіге жақсы,
Бұра қашқан түлкіге жақсы.
***
Бұра сөйлеген күлуге жақсы.
***
Бұралқы мал мінуге жақсы,
бұралқы сөз күлуге жақсы.
***
Бұралқы сөз күлуге жақсы,
Бұралқы ат мінуге жақсы.
***
Бұрма сөз күлуге жақсы.
***
Бұру да болса, жол жақсы,
Соқыр да болса, қыз жақсы.
***
Бұтағы көп ағашқа құс қонады,
Атағы жақсы адамға сөз ереді.
Ағаш басына жел үйір,
Жақсы адамға сөз үйір.
***
Білсең, халықтан озасың,
Білмеген жамандар, мойның неге созасың.
***
Білім болса, бектер биік заңғар-ды,
Жақсы атанып, ашар ізгі заңдарды.
***
Бір ел өңкей жақсы болмас,
Жыны жоқ адам бақсы болмас.
***
Бір жақсы бір жаманмен қас болмас,
Есебін тауып дос болмас.
***
Бір жақсы қыз екі жаман ұлға татиды.
***
Бір жақсы менен бір жақсы мұрат қылады.
***
Бір жақсы мың қолды ерітер.
***
Бір жақсы халыққа тұлға,
Мың жаман тұрмайды пұлға.
***
Бір жақсының шарапаты мыңға тиеді,
Бір жаманның кесапаты мыңға тиеді.
***
Бір жақсыңды төреден аяма,
Арқаңды іргесіне таяма.
***
Бір жаманның кесапатынан аққан дария құриды.
***
Бір жаманның кесірі мыңға тиеді.
***
Бір күлкі денсаулыққа жақсы.
***
Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді,
Бір бөлек елді бір жаман ірітеді.
***
Бір құмалақ бір қарын майды шірітер,
Бір жаман мың қойды ірітер.
***
Бір құмалақ бір қарын майды шірітер,
Бір жаман мың қолды ірітер.
***
Бір сапар ат арытпас,
Жаман жолдасын жарытпас.
***
Бір тау бір тауға қосылды десе, сен,
Жаманнан жаман әдеті қалды десе, сенбе.
***
Бір тәуекел болады,
Мың қайғыңнан қаласың.
Бір жақсы сөз бітірер
Мың көңілдің жарасын.
***
Бір іс қылса, ақысын бер тіленбей:
Ішкіз, жегіз, үлестіріп шүлендей.
Ел ішінде сәл нәрседен пышырап,
Атың жүрер жаман сөзге ұшырап.
***
Бірге туған жаманды – өзім деме,
Жақсыдан жат жаманды – көзім деме.
***
Бірге туған жаманды өзім деме,
Жат жаманды көзім деме.
***
Бірді өзіңе жамандай келген,
Мыңға өзіңді жамандай барады.
***
Біреу күле қараса, жылы жүзбен таста көз,
Сақта тілді жаманнан, жақсы тілеп баста сөз.
***
Біреуден алсаң аманат,
Берсең, жақсы саламат.
Жанжал қылсаң, бақ кетер,
Ақыры болар жаман ат.
***
Біреуді жамандаған, сені де жамандар.
***
Біреудің өзі жақсы,
Біреудің көзі жақсы.
***
Бітер істің басына
Жақсы келер қасына.
***
Бітуі жаман қамысты
Су ішінде өрт алар.
Жаман туған жігітті
Түйе үстінен ит қабар.
***
Бітуі жаман қамысты
Су ішінде өрт алар.
Жүрісі жаман адамды
Ел ішінде жау алар.
***
Бітісі жаман қамысты су ішінде өрт алады,
Жетесі жаман жігітті ажалдан бұрын дерт алады.
***
Бітісі жаман қамысты
Су ішінде өрт алады.
Туысы жаман жігітті
Түйе үстінен ит қабады.
***
Бітуі жаман қамысты су ішінде өрт шалар.

maqal-matel.kz