А

Абылайдан басқа төре – ас еңбегі,
Түлкі алмайтын жаман бүркіт – ат еңбегі.
***
Абырой қонар жігітке
Ажалды қоян тап келер.
***
Абыройлы жігітке
Ажалды қоян жолығады.
***
«Ағайын!» десе, аң қарадық,
«Қайын» десе, тез қарадық.
***
Адам сөйлесіп танысады,
Аю иіскесіп танысады.
***
Адамға шабатын арыстаннан
Жүк таситын есек артық.
***
Ажалды киік адырға қашады.
***
Ажалды киік құлағын қасиды
***
Ажалды тышқанға аш мысық тап болар.
***
Ажалды шошқа орда оттайды.
***
Ай жарық, қоян арық.
***
Ай жарықта қоян арық.
***
Айға шапқан арыстан, ашуына болайын,
жауға шапқан батырдың, тасуына болайын,
үйде қалған қорқақтың, сасуына болайын.
***
Айдаһар айға шапшиды.
***
Айдындағы аққуды
Ақылды мерген атпайды.
Ақ еркесін айдынның
Атуға қолы батпайды.
***
Айлалы түлкі алдырмас.
***
Айламен арыстан ұстаған,
Күшпен тышқан ұстай алмайды.
***
Айламен арыстан ұстар,
Қара күшпен тышқан да ұстай алмас.
***
Айласын білген кісіге
Арыстан да бастығар.
***
Айрылған аюға жем,
Бөлінген бөріге жем.
***
Айырылғанды аю асайды,
Бөлінгенді бөрі асайды.
***
Ақ қоян алдырмайды өрде болса,
Ақсақал бас мүжиді төрде болса.
***
Ақ сұңқар, ұшқырмын деп мақтанба,
Алдыңда құрулы тор бар.
***
Ақшаға арыстан сүті де табылар.
***
Ақылмен арыстан ұстауға болады.
***
Ақылы асқан жақсыны «алысым» деп ойлама,
Ақылы жоқ жаманды «жақыным» деп ойлама,
Бір сынаған жаманды екінші қайтып қинама,
Ашуланса мерт қылар, жолбарыспен ойнама.
***
Ақылың ағаңда болса,
Құндызың жағаңда болсын.
***
Ақымақтың атқан оғы ауға тимейді, тауға тиеді.
***
Ақымақтың оғы аңға тимейді, тауға тиеді.
***
Аларман – арыстан,
Берермен – тышқан.
***
Алжыған арыстанның сақалын қоян жұлар.
***
Алса – құсым,
Алмаса – желпуішім.
***
Алпыс қарсақ ат болмас.
***
Алпыс құлақ ат болмады, атасына нәлет аңшылық.
***
Алпыс құлан ат болмас,
Атасына нәлет аңшының.
***
Алушы – арыстан,
Төлеуші – тышқан.
***
Амалын тапқан арыстанды соңынан ертеді.
***
Ант қылыштан да өткір,
Сөз қояннан да жүйрік.
***
Аң бар жерде ашуы да болады.
***
Аң жаманы інінде,
Ер жаманы үйінде болады.
***
Аң кезеңге, су төменге ұмтылады.
***
Аң – көздің құрты.
***
Аң қызығы алғанша,
Жан қызығы өлгенше.
***
Аң таппаған атынан көреді,
Ата алмаған оғынан көреді.
***
Аң таппаған атынан көреді,
Ата алмаған мылтығынан көреді.
***
Аңға айла,
Жылқыға құрық.
***
Аңғарғыш аңшы ауды алыстан бастайды.
***
Аңды ерінбеген атады,
Я көрінбеген атады.
***
Аңды иә көрінбеген атады,
Иә ерінбеген атады.
***
Аңды не көрінбеген атады, не ерінбеген атады.
***
Аңқау теке сұрмергенге жолығар.
***
Аңқауға қырғауыл қайда.
***
Аңшы аңына қарап шығады,
Арыстан көргенін жығады.
***
Аңшы қанша айла білсе,
Аю сонша жол білер.
***
Аңшы мүшелес, бай кіселес.
***
Аңшыдан сыралқы,
Батырдан олжа.
***
Аңшылық жан семіртеді.
***
Аңшының ажалы аңынан.
***
Аңшының ауы жүрмейді.
***
Аңшының кешіккенінен дәмет.
***
Аңшының кешіккеніне сүйін.
***
Аңшының кешіккенінен сүйін.
Жолаушының кешіккенінен күйін.
***
Аңшының өлімі ауда,
Сушының өлімі суда.
***
Аңшының қаршығасы болса,
Қоянның Тәңірісі бар.
***
Аңның жайын мергеннен сұра,
Адамның жайын көргеннен сұра.
***
Араны ашылған қыран не аңды алады,
Не аңшының өзін алады.
***
Артта қалғанды аю жер,
Бөлек кеткенді бөрі жер.
***
Арыстан айға шабамын деп мерт болыпты.
***
Арыстан айға шабамын деп,
Артқы аяғы мерт болды.
***
Арыстан айға шапса,
Артқы аяғы сынады.
***
Арыстан ақырса, ат аяғы қалтырайды.
***
Арыстан ақырса, ат аяғы тұсалар.
***
Арыстан – аң патшасы,
Жылқы – мал патшасы.
***
Арыстан ауыздағысын алдырмас.
***
Арыстан асқынса, айға шабар,
Ақымақ асқынса, анасын сабар.
***
Арыстан асқынса, айға шабады.
***
Арыстан аш болады,
Доңыз тоқ болады.
***
Арыстан аш, доңыз тоқ.
***
Арыстан болсаң жау үшін,
түлкідей болсын әдісің.
***
Арыстан болсаң жауың үшін,
Түлкіден болсын әдісің.
***
Арыстан екен демей,
Алысып әліңді көр.
***
Арыстан жемін бас салса,
Ит үргеннен не пайда.
***
Арыстан күшігін тістеп сүйеді.
***
Арыстан қартайса, тышқаншыл.
***
Арыстан қартайса, тышқан аулайды.
***
Арыстан тісін «мамықтай жұмсақ» деме.
***
Арыстанға темір тор ар емес.
***
Арыстанға темір тор ар да емес, қор да емес.
***
Арыстанға темір шынжыр ар емес.
***
Арыстанға түлкі айласы жараспас.
***
Арыстанда бір жігіттің күші,
Қырық жігіттің жүрегі бар.
***
Арыстанда қырық кісінің күші бар,
Бір кісінің жүрегі бар.
***
Арыстандай атаны ұл қайырды,
Ақмаралдай шешені қыз қайырды.
***
Арыстандай жау үшін,
Түлкідей болсын әдісің.
***
Арыстандай жігітте
Алатаудай үміт бар.
***
Арыстандай күшің болса,
Түлкідей әдісің болсын.
***
Арыстанды арыстандай жігіт алар.
***
Арыстанды тырнағынан танимын,
Көк есекті құлағынан танимын.
***
Арыстанды тырнағынан танимын,
Көк есекті тұяғынан танимын.
***
«Арыстанмын» дегендер
Әдетте кесіртке болады.
***
Арыстанның айбатынан асқан күшті емес,
Өз ашуын баса білген адам күшті.
***
Арыстанның белгісі –
артына қайырылып ақырмайды,
қас батырдың белгісі –
қос өкпеден оқ тисе,
дұшпанына сыр беріп бақырмайды.
***
Арыстанның құйрығы болғанша,
Арлан иттің басы бол.
***
Арыстанның құйрығы болғанша,
Әтештің айдары бол.
***
Арыстанның ойнынан
Түлкінің мойны үзіледі.
***
Арыстанның ойынынан түлкінің мойны үзілер.
***
Асыққан кісі зиянға келер,
асықпаған арбамен қоян алар.
***
Асықпаған арбамен қоянға жетеді.
***
Ат адаммен – ат,
Адамсыз – аң.
***
Ат жүйрігін түлкі сүймес.
***
Ат жүйрігін түлкі сүймес,
Ауру адам күлкі сүймес.
***
Ата алмаған атынан көреді,
Қайтып келіп қатынынан көреді.
***
Ата алмағанның оғы алты құлаш.
***
Ата алмай атынан, қайтып келіп қатынынан көреді.
***
Атадан туған алты болса да,
Абаданы бір-дүр.
***
Атан өлсе, сойылар,
Атаң өлсе, қойылар,
Қансонар қайдан табылар.
***
Атан түйеге ауыр жүктің қорлығы жоқ,
арыстанға темір шынжырдың арлығы жоқ.
Атадан алтау туса да,
жауға шаппаған ұлдың барлығы жоқ.
***
Атасы басқамен аң аулама,
Атар да, жанына байлар.
***
Атасы басқамен жолдас болсаң,
Атар да, жанына байланар.
***
Атасы басқаменен қоян аулама,
Алар да, қойнына салар.
***
Атасы басқаменен қоян аулама,
Атар да, жанына байлар.
***
Атасы доңыз атпағанның
Баласы қоңыз атпайды.
***
Атасы бұлан атпаған,
Баласы құлан атпас.
***
Атасы бұлан атпағанның,
баласы құлан атпайды.
***
Атасы затсыз болса, баласы ауға шықса,
Қазы алатын құсын қарғаға салады дейді.
***
Атасы мылтық атқан оқ жонады.
***
Атқан жерде оқ қалады,
Тышқан жерде боқ қалады.
***
Атқан мерген емес, тигізген мерген.
***
Атқанның құсын, жатқан байланар.
***
Атып әкелген аң сыйлыққа жатпайды.
***
Аузымен айды алады,
Қолымен қосаяқ соғады.
***
Ауру кісі күлкі сүймейді,
Ит жүйрігін түлкі сүймейді.
***
Аушы кеткенде,
Қарға тордағы жемге қарайды.
***
Аштың аңы жүрмейді,
Тоқтың тәубесі жүрмейді.
***
Аю – аңғал,
Түлкі – айлакер.
***
Аю баласын «аппағым» дер,
Кірпікшешен баласын «жұмсағым» дер.
***
Аю баласын жұмсағым дер,
Қарға баласын аппағым дер.
***
Аю – иісшіл,
Арқар – дыбысшыл.
***
Аю табанын жалап қоректенеді.
***
Аюға намаз үйреткен – таяқ,
Молдаға намаз үйреткен – тамақ.
***
Аюдан қорыққан орманға бармас.
***
Аюдан қорыққан тоғайға бармас.
***
Аюдан қорықсаң,
Тоғайға отынға барма.
***
Аюды ноқталап мініп,
Қойдың қозысынан шошыпты.
***
Аюдың алжығаны тасқа шығып ұлиды.
***
Аюдың өз майын өзіне жақ.
***
Аюмен жолдас болсаң,
айбалтаң жаныңда болсын.

maqal-matel.kz