Бабаңнан жүз жас үлкен бол,
Балаңнан жүз жас кіші бол.
***
Базардан қалған бір күн қалар,
Егістен қалған бір жыл қалар.
***
Бай күндіз бәйбішені жақсы көреді,
Түнде тоқалды жақсы көреді.
***
Бай мақтанса – табылғаны,
Қыстық қоры болады.
Жоқ мақтанса – шабылғаны,
Маңдайының соры болады.
***
Байдың баласы шауып-шауып,
Ақылы түстен кейін есіне түседі.
***
Байдың күні пәрменімен,
Кедейдің күні арманымен.
***
Байлық – бір айлық.
***
Байысаң да өлетұғын кез жетер,
Сонда саған екі-ақ құлаш бөз жетер.
***
Бақ-бақ еткен текені
Қыс түскенде көріңіз.
Батырсынған көкені
Іс түскенде көріңіз.
***
Бақаға күнде той.
***
Бақыт көктемгі бұлт сияқты,
Ол көрген түстей, ұшқан құстай өте шығады.
***
Бақытсыз күн де өтер,
Молшылық та жетер.
***
Бақыттың да басы айналар кез келер,
Мінезі айнып, құлқы сонда өзгерер.
***
Бақытың артқан шағыңда,
Жапалақ салсаң, қу ілер.
Бақытың тайған шағыңда,
Сұңқар салсаң, аз ілер.
***
Бала әкеге бес жыл жұмбақ,
Әке балаға өмір бойы жұмбақ.
***
Бала қырық күнде шешесін танып емеді.
***
Балалық мәңгі жас емес.
***
Балапан басымен, тұрымтай тұсымен.
***
Батар күннің атар таңы бар.
***
Батыр деген Барақ ит болар,
Екі қатынның бірі табатұғын.
Би деген ақсары ат болар,
Айында біреу табатұғын.
***
Бауыр болмай, тәуір болмас,
Ұру болмай, бұру болмас,
Сәуір болмай, жауын болмас,
Екі даугер ауыл болмас,
Ит баласы сауын болмас.
***
Бедеу мінсең, бел асасың,
Алғыс алсаң, көп жасайсың.
***
Бектің бүгінгі қуанышы ертеңгі табысында.
***
Берген ердің аты шығады,
Аты шыққан мәңгі жасайды.
***
Бердім бір ай,
Келдім сұрай.
***
Берекелі дәулет кеш келер.
***
Бес күндігін ойламаған әйелден без,
Бес жылдығын ойламаған еркектен без.
***
Би жылында жейді,
Молда күнінде жейді.
***
Бидай күзде пісер,
Пайдасы сонда түсер.
***
Бидің айтқан сөзінің бәрі кеңес,
Кісі ақылы кісіге ақыл емес.
Түнде ұры халықтың малын жесе,
Ертең жиын-тойға тіпті кірмес.
***
Бие – кәрі,
Құлын – жас.
Келер жолы қолың бос.
***
Биліктен білік бір жасы үлкен.
***
Биыл ізі болса, келер жылы өзі болар.
***
Биылғы жыл қоян емес, көжек екен,
Мақаттың қыз алатын кезегі екен.
***
Боз көйлектің қырық күндік мастығы бар.
***
Боз қырауда бойыңды көрсет,
Көктем шыға қойыңды көрсет.
***
Бойдақ қыздың екі күн есі бар да, бір күн есі жоқ.
***
Бойына сеніп түйе жылдан құр қалады.
***
Боларыңда болып өт,
Бозторғайдай желіп өт.
Болмас күнге келгенде,
Боз шолақты тағала,
Жақсыларды жағала.
***
Болжалсыз таң атпайды,
Ажалсыз жан шықпайды.
Құдайдың бұйрығынан басқа
Құмырысқаның аяғы сынбайды.
***
Болымсызға бақ қонса,
Сол күні жоғалтады.
***
Боранға бойы үйір ақпанның аязынан қорықпас.
***
Боранды күн боқ қыстайды.
***
Боранды күн бөрі жатпайды.
***
Боранды күннің райы басқа,
Ауыратын адамның шырайы басқа.
***
Боранды күні бала құтырады,
Жұт жылы ит құтырады.
***
Боранды күні ит пен бала құтырар.
***
Бос жүріп, босқа уақыт жіберме.
***
Бос жіберме өміріңді, шалып қал,
Кетер күннен керегіңді алып қал.
***
Бос кеуделер көрсе дәулет шіркінді,
Тістей қатар бос жібермей бір күнді.
***
Бөктерді қыстаған жылы жұт болады,
Тауды қыстаған жылы құт болады.
***
Бөріден бөлтірік қанша асырасаң да, бір күні қанға бояйды.
***
Бура өле ме, бота өле ме?
Кәрі өле ме, жас өле ме?
Айы жеткен айда өлер,
Күні жеткен күнде өлер.
***
Бұ дүниеге еш уақытта да сеніп болмайды.
***
Бұйырған асқа тіс тиер,
Жаз тимесе, қыс тиер.
***
Бұрын айтылмаған білімді
Жұрт сөзіңнен таниды.
***
Бұрын боқ жейтін ала қарға
Бүгінде жыл құсы болған екен-ау!
***
Бұрын қонған қоныс алады,
Кейін қонған өріс алады.
***
Бұрын қонғаннан қоныс сұра,
Бұрын туғаннан ақыл сұра.
***
Бұрын шыққан құлақтан,
Кейін шыққан мүйіз озады.
***
Бұрынғы – бүгіннің айнасы.
***
Бұрынғы жалақ болған жерге ер батқыш.
***
Бұрынғы жеңешем
Кейінгі келінге жөн айтады.
Бұрынғы пұшық
Кейінгі пұшыққа ем айтады.
***
Бұрынғы күнім жыр болса,
Қазіргі күнім күн болды.
***
Бұрынғы күнім қара түн,
Ендігі атқан күн.
***
Бұрынғы қонақ соңғы қонаққа орын берер.
***
Бұрынғы қонақ соңғы қонақты ұрып жығады.
***
Бұрынғы туғаннан ақыл сұра,
Бұрынғы қонғаннан қоныс сұра.
Көрегенді көнеден сұра,
Көне білмесе, көп жүргеннен сұра.
***
Бұрынғы ханның билігі жүрмес,
Кейінгі ханның ақылы жүрмес.
***
Бұрынғы істің басында болмасаң,
Соңғы істің қасында бол.
***
Бұрынғы істің басында болсаң,
Кейінгі істің қасында бол.
***
Бұрынғыны айтпай, соңғы еске түспейді.
***
Бұрынғының айтқаны бұрыс кетпес.
***
Бұрынғының айтқаны
Бұрыс кетпес, сірә да.
***
Бұрынғының кішісі –
Бүгінгімнің кішісі.
***
Бұрынғының кісісі –
Осы күнгінің кішісі.
***
Бұрынғының қыздары
Қырмызы қызыл жібектей.
Ендігінің қыздары
Түбі түскен шелектей.
***
Бұтамасаң, миуа аз,
Бұтасаң, жейсің қысы-жаз.
***
Бүгін анасы ішкенді ертең баласы ішеді.
***
Бүгін атар оғың болса,
Ертең жауың оқ ата алмайтындай қыл.
***
Бүгін бар дүние ертең жоқ,
«Өзімдікі» дегенің өзгеге кетеді.
***
Бүгін дүниенің үсті, ертең асты.
***
Бүгін жер үстінде,
Ертең жер астында.
***
Бүгін күлерсің, ертең жыларсың.
***
Бүгінгі ұстаз – кешегі шәкірт.
***
Бүгінгі істі ертеңге қалдырғанның ісі бітпейді.
***
Бүгінгінің ертеңі бар.
***
Бүгінгісін ертеңге қалдырған ешқандай істі бітірмейді.
***
Бүрлі қара терек
Бір күнде керек.
***
Былтыр күйіп еді,
Биыл исі шықты.
***
Былтыр өліпті,
Биыл исі шығыпты.
***
Біздің елде боқ жейтін қарғалар
Бөтен елге келіп жыл құсы бола қалыпты.
***
Білсе білім, күнде бақыт кісіге,
Үлкен атақ содан келер кішіге.
***
Білімдіге дүние жарық,
Білімсіздің күні ғарып.
***
Бір ауыздан сөз шықса, ағайынның бірлігі,
Бір төсектен бас шықса, адамның аз күн тірлігі.
***
Бір жыл тұт еккен кісі,
Мың жыл гауһар тереді.
***
Бір жылға қоян терісі де шыдайды.
***
Бір жылы сөз бір күнгі азық.
***
Бір күн ашыққаннан
Қырық күн ақыл сұрама.
***
Бір күн дәм татқанға,
Қырық күн сәлем бер.
***
Бір күн күлер, сорасы ағып жылаған,
Қасіреттің құрдымына құлаған.
***
Бір күн қарны ашқаннан қырық күн ақыл сұрама.
***
Бір күн қонса – құт,
Екі күн қонса – жұт.
***
Бір күн тусаң, бір күн өлерсің.
***
Бір күн тұз-дәм татқанға қырық күн сәлем бер.
***
Бір күн ұрыс болса,
Қырық күн береке кетеді.
***
Бір күн ұрысқан үйде
Қырық күн береке болмайды.
***
Бір күн ұрысқанның
Қырық күн нәсібі төгіледі.
***
Бір күнгі ұрыстың
Қырық күндік қырсығы бар.
***
Бір күнде болса серік боп,
Өзімен бірге қайғы жеп,
Тоқал ашар түндікті.
***
Бір күндік жолға шықсаң,
Үш күндік жол азық ал.
***
Бір күндік өмірің қалса да,
Жортақ мінбе, жорға мін.
***
Бір күндік ұрыстың
Қырық күндік кесірі бар.
***
Бір қарғамен қыс келмес.
***
Бір қарлығаш келгенмен жаз болмайды,
Бір сауысқан келгенмен қыс болмайды.
***
Бір тойған екі күн тоқ жүреді.
***
Бір түп шеңгелді мың жыл қоралағанмен бау болмас.
***
Бірдің айы – бір ішек,
Көкек айы – көк ішек,
Мамыр айы – майлы ішек.
***
Бірдің айында малға көлденең шөп ас болады.
***
Біреуге бес күн алдын келсе,
Біреуге бес күн кейін келеді.
maqal-matel.kz
