Б

Байлығы тайған бек
Жұртсыз күн көре алмайды.
***
Байлықтың керегі не, қайыры болмаса,
Биліктің керегі не, әділдігі болмаса.
***
Балаға пышақ берме,
Ақымаққа билік берме.
***
Балықты терең билейді,
Адамды тұрмыс билейді.
***
Барақ жүнді батырды
Екі қатынның бірі табады.
Ел билейтін асылды
Мың қатынның бірі табады.
***
Барма ханға,
Өзі келер малға.
Барма биге,
Өзі келер үйге.
***
Барша бекке ас қатер.
***
Бас-басыңа би болсаң,
Мына тауға сыймассың.
***
Бас болмақ оңай, басқармақ қиын.
***
Бассыз – ел жетім.
Балықсыз – көл жетім.
***
Бассыз жерге жалшы айғыр,
Балықсыз көлге бақа айғыр.
***
Бассыз үйдің иті осырақ.
***
Бастаушы болса, қостаушы болар.
***
Бастаушы болса, қостаушы табылар.
***
Бастығы бар әскердің астығы бар.
***
Бастығы парақор болса,
Бағынған елі пәлеқор болады.
***
Бастықтарға қарсылық етуші
Құдайдың бұйрығына қарсылық етеді.
***
Басшы халқымен ұлық.
***
Басшысыз ауылдың баласы бассыз.
***
Басшысыз жұрт болмайды,
Қолбасшысыз әскер болмайды.
***
Басшысын таппаған ел азады,
Жолдасын таппаған ер азады.
***
Басына тұрымтайдың бақыт қонса,
Самұрық қызмет етер панасында.
***
Басыңа дау келсе,
Билігің кетер.
***
Басыңа іс түссе, билігің зая,
Үстіңнен жау түссе, ерлігің зая.
***
Батыр болып, бай болсаң,
Патшадан нең кем?
Жарлы болып, бек болсаң,
Келекеден нең кем?
***
Бегің соқыр болса,
Бір көзіңді қысып отыр.
***
Бек алдында иіліп, көкірегін басқан қолдан,
Темір илеген білек мың есе артық.
***
Бек бергенімен биіктер.
***
Бек берсе, бетке қарама.
***
Бек болмаған бек болса,
Бұрыш сайын белгі салады.
***
Бек болмаған бек болса,
Таяқ кетпес басыңнан.
***
Бек деген – от,
Жақын жүрме, күйесің.
***
Бек қайда барса, құлы сонда.
***
Бек қараса, назарынан қорық.
***
Бек тәтті өмірді сүйсе,
Елдің күні қараңғы.
***
Бек тілесе,
Бәрін де тегін алады.
***
Бекке жеткенше, белің сынар.
***
Бекпен алысып болмас,
Терекпен күресіп болмас.
***
Бектер болса ессіз,
Бұзылады ескі із.
***
Бектер сөзін айта берме (басқа сын!),
Қайталама жақсы сөзден басқасын.
***
Бектіктен бекер қалғанның дауасы қабыл.
***
Бектің бұлағынан су ішпе.
***
Бектің бүгінгі қуанышы ертеңгі табысында.
***
Берген бекке жағады,
Бермеген кімге жағады.
***
Би болмаған би болса,
Билемеген ел қоймас.
Тобыршықтан би қойсаң,
Бақайшықта май қоймас.
***
Би болмақ ініден,
Билікке шықпақ баладан.
***
Билеуші көркі – саясат.
***
Билік, байлық, даналық бір өзіңе байланысты.
***
Билік пейілі тар мансапқорға берілмесін,
Пейілі кең жарасқанға берілсін.
***
Биліктен білік бір жасы үлкен.
***
Бозбаланың бастаған елі оңбайды,
Құралай бастаған киік оңбайды.
***
Болар адам он бесінде бас болар,
Болмас адам қырығында жас болар.
***
Болар адам он бесінде бас болар,
Болмас адам қырыққа кірсе де, жас болар.
***
Бөлшекте де, билік ет.
***
Буып ашу, кім қаһарын жаяды,
Содан бектік қасиет те таяды.
***
Бұлбұл гүлінде сайрайды,
Адал басшы ел-жұртын ойлайды.
***
Бұрынғы ханның билігі жүрмес,
Кейінгі ханның ақылы жүрмес.
***
Білім болса, бектер биік заңғар-ды,
Жақсы атанып, ашар ізгі заңдарды.
***
Білімді жігіт жұртқа әрі басшы, әрі құл.
***
Білімділер халыққа бас, ес еді,
Білімсіздер қылышпен іс шешеді.
***
Біліміңе билетпесең, білгенің зая,
Серігіңді сендірмесең, көргенің зая.

maqal-matel.kz