Бақыт кетсе қолыңнан,
Әуелі досың менен құдаң кетер,
Бидай еккен жеріңе тікен бітер.
Бақыт, дәулет басыңа қайта қонса,
Әр жерден дұшпандарың жылт-жылт етер.
***
Балығы бар өзеннің балдырынан шошыма.
***
Балықты көлде балдыр көп,
Балдырды құртсаң, балық жоқ.
***
Басқан шөбің – басыңа ем.
***
Басын шалған шөптің тамыры қалады,
Арлының малы кетеді, ары қалады.
***
Батамен ер көгереді,
Жаңбырмен жер көгереді.
***
Батыр – елдің сәулеті,
Бал құрақ – жердің сәулеті.
***
Батырды намыс өлтірер,
Қоянды қамыс өлтірер.
***
Беде ексең, мал семіз,
Егін ексең, ел семіз.
***
Бетегеден биік, жусаннан аласа.
***
Бетегеден биік бол,
Жусаннан аласа бол.
***
Бетегелі жерге мал тоқтайды,
Берекелі елге бақ тоқтайды.
***
Бидай арқасында бидайық су ішеді.
***
Бидайдың арқасында қарамық су ішеді.
***
Бидайықтың дәні болғанша,
Бидайдың сабағы бол.
***
Ботасы бар түйелер,
Боздамай от жемейді.
***
Бұланға ерген шөпке аунар,
Доңызға ерген боққа аунар.
***
Білім – бұлақ,
Ақыл – жағалай өскен құрақ.
***
Бір ауыз өсек ел өртейді,
Бір шағым қу жер өртейді.
***
Бір қой қоздаса,
Бір түп шөп артық шығады.
***
Бір түп шеңгелді мың жыл қоралағанмен бау болмас.
***
Бірдің айында малға көлденең шөп ас болады.
***
Бітуі жаман қамысты
Су ішінде өрт алар.
Жаман туған жігітті
Түйе үстінен ит қабар.
***
Бітуі жаман қамысты
Су ішінде өрт алар.
Жүрісі жаман адамды
Ел ішінде жау алар.
***
Бітуі жаман қамысты су ішінде өрт шалар.
***
Бітісі жаман қамысты су ішінде өрт алады,
Жетесі жаман жігітті ажалдан бұрын дерт алады.
***
Бітісі жаман қамысты
Су ішінде өрт алады.
Туысы жаман жігітті
Түйе үстінен ит қабады.
maqal-matel.kz
