Д

Даналар да көп білем деп айтпаған,
Олар да дамылсыз көптен оқыған.
***
Дананы қатты сыйлап, сөзін сүйгін,
Білімін аз-көп болсын ойға түйгін.
***
Дауды азсынба,
Көздей іс көлдей болуы оңай,
Көлдің суалмағы қиын.
Тарыдай іс таудай болмағы оңай,
Таудың таусылмағы қиын.
***
Даяр астың атасы көп,
Қырт сөздің қатесі көп.
Далаға түнеген малдың иесі көп.
***
Дәрі шөптен шығады,
Ақын көптен шығады.
***
Делдалы көп базардан құт қашады,
Жігіті көп ауылдан жұт қашады.
***
Денім сау болсын десең, көп жемегін,
Құрмет тұт, лепіріп көп сөйлемегін.
***
Дос көбейсе, дұшпан аяқ астында.
***
Достарың мың болса да «аз» деп біл,
Дұшпаның біреу болса да сақтан.
***
Досы жоқпен сырлас,
Досы көппен сыйлас.
***
Досы көппен сыйлас бол,
Досы жоқпен сырлас бол.
***
Досы көпті жау алмайды.
Ақылы көпті дау алмайды.
***
Досы көптің қосы көп.
***
Досың аз, дұшпаның көп болса,
Жер боларсың.
Ақылың аз, ашуың көп болса,
Қор боларсың.
***
Досыңмен көп сөйлеспе, жолынан қалар,
Дұшпаныңмен көп сөйлеспе, сырыңды алар.
***
Дұшпан біреу болса да, көптік етер,
Досың мың болса да, аздық етер.
***
Дұшпаныңмен көп сөйлеспе, сырыңды алар.
***
Дүние, қапаң да көп, жапаң да көп,
Қисайып қыңырайған соң қапаңда көп.
Дәулет кетіп қолыңнан қайта қонса,
Дұшпандарың қызмет қылар апаңдай боп.
***
Дүниеде жақсы аз,
Оның жақсылығы – аздығында.

maqal-matel.kz