Аз ғана асым,
Даусыз басым.
***
Азымтал болса, атың – жау,
Тіл алмаса, қатын – жау,
Ұрысқақ болса, ұлың – жау,
Керіскек болса, келін – жау,
Қылықсыз болса, қызың – жау.
***
Айға шапқан арыстан, ашуына болайын,
жауға шапқан батырдың, тасуына болайын,
үйде қалған қорқақтың, сасуына болайын.
***
Айт аттынікі,
Той тондынікі.
Дау дәудікі,
Айт, айт!
***
Айтысқан соң – дау,
Алысқан соң – жау.
***
Айтысқан соң дау болады,
Атысқан соң жау болады.
***
Айтысқан соң дау емес пе,
Алысқан соң жау емес пе.
***
Айтыспақ болсын,
Ашуланыспақ болмасын.
***
Ақылды ер әр адамның көңілін аулар,
Күйзеліп күнде күншіл жоқты даулар.
***
Ақын жігіт той бастар,
Батыр жігіт қол бастар,
Шешен жігіт дау бастар.
***
Ақынның жауға септігі жоқ,
Палуанның дауға септігі жоқ.
***
Ала жібін алмасам,
даудың менде не ісі бар,
ел ішінде қонбасам,
жаудың менде не ісі бар.
***
Ала жібін аттамасам,
Даудың менде несі бар.
Ел шетіне түнемесем,
Жаудың менде несі бар.
***
Алпыста ақылшың болса,
Басыңа дау қонбайды.
***
Алтын ақпайды,
Дау шірімейді.
***
Алтын шірімес, дау арымас.
***
Алтын шірімес, дау қалмас, жан сасымас.
***
Алтын шірімес, дау қартаймас.
***
Алтын шірімес, жанжал бітпес, жаннан иіс шықпас.
***
Алып жауда көрінер,
Байсалды дауда көрінер.
***
Арашаға қоймасаң,
арашашыға зар боларсың.
***
Арзан би ғиллат болмайды,
Қымбат би хикмат болмайды.
***
Арпалыссаң, ар кетер,
Жанжалдассаң, жан кетер.
***
Арық малға суық өш,
Даулы кісіге әкім өш.
***
Арық қой – тырысқақ,
Аш адам – ұрысқақ.
***
Аса пысық болсаң, дарға асыларсың,
Аса жасық болсаң, аяққа басыларсың.
Жұрттың жуан ортасы болсаң,
Ақылыңды асырарсың.
***
Аталы айғыр үйірін
Жауға алдырмас.
Ата көрген жігіт
Ауылын дауға алдырмас.
***
Атаның өспес ұлы
Өнбес дауды даулайды.
***
Ауру аспен болады дүр,
Дау қарындастан болады дүр.
***
Ауру – астан,
Дау – қарындастан.
***
Ауру елемеген – өлер,
Дау төлемеген – төлер.
***
Ауруда өлесің деген жаман,
Дауда бересің деген жаман.
***
Ауруды елемеген өледі,
Дауды елемеген төлейді.
***
Ауыз тамыр – айтысар,
Сүйек тамыр – табысар.
***
Аш адам ұрысқақ,
Арық қой тырысқақ.
***
Аш адам ұрысқақ, ауру адам тырысқақ.
***
Аш кісі ұрысқақ,
Ауру кісі тырысқақ.
***
Аш кісі ұрысқақ келер,
Арық қой тырысқақ келер.
***
Ашыққан ұры, ашынған долы келеді.
***
Аянбаған жауды алар,
Абайлаған дауды алар.
maqal-matel.kz
