А

Адал биде ата жоқ,
Тура биде туған жоқ,
Туғанына бұрған биде иман жоқ.

***

Адам ақымағы – молда,
Жылқы ақымағы – жорға.

***

Адам жүрген жерде әруақ жүреді.

***

Адам қызығып өлетін мола жоқ.

***

Адамның бала – жаны, мал – иманы.

***

Аз ассаң, аз пысады,
Көп ассаң, көп пысады,
Бисмилла кө..н қысады.

***

Азан айтпақ молдаға сый.

***

Азан айтпақ – молданың ісі.

***

Азансыз молла болса да,
Қазансыз қатын болмайды.

***

Азаншыдан
Қазаншы игі.

***

Азаныңа келмеймін,
Қазаныңа келемін.

***

Аздың азаншысы болғанша,
Көптің қазаншысы бол.

***

Азығың, наның көп болса,
Ағаштың түбі бейістей.
Бір тістем наның жоқ болса,
Шаттықтың өзі кейістей.

***

Азын-шоғын ағалық,
Аз оқыған молдалық,
Ата ұлына керек-ті.

***

Айт аттынікі,
Той тондынікі.

***

Айт-арапада өтірік сөйлегеннің
Намаз күні жүзі қара.

***

Айтқанмен жарамазан тоямыз ба,
Бұрынғының кәдесін қоямыз ба?

***

Айтсам тілім күйеді,
Айтпасам дінім күйеді.

***

Ақ сәлделі қожадан
Ақ жаулықты қатын артық.

***

Ақжалау барда «малым бар» деме,
Әзірейіл барда «жаным бар» деме.

***

Ақшасыз базарға барғанша,
Кебінсіз көрге кір.

***

Ақшасыз базарға барғанша,
Кепен алып мазарға бар.

***

Ақырепте ұрмаса,
Ақыретте ұрмайды.

***

Ақыретке жағымды боламын десең, азанды бол,
Дүнияға жағымды боламын десең, қазанды бол.

***

Ақыреттің мың күнінен,
Жалғанның бір күні артық.

***

Ақырзаман келгенде пір мүриттерін іздейді.

***

Ала қарға – азаншы,
Қара қарға – қазаншы.

***

Алдыға қарап, пікір ет,
Артқа қарап, шүкір ет.

***

Алғанда биссмилла,
Қайтарғанда астағпұралла.

***

Алла бермегенді
Молла бермейді.

***

«Алла» деген – ойын сөз,
Қияметте қиын сөз.

***

Аллаға жағайын десең,
Азаның болсын.
Қазыға жағайын десең,
Қазаның болсын.

***

Аллаға жағамын десең, азаның болсын,
Пендеге жағамын десең, қазаның болсын.

***

Аллаға жағамын десең, азаның болсын,
Халыққа жағамын десең, қазаның болсын.

***

Алтын көріп періште жолдан шығыпты.

***

Алтын көрсе, періште жолдан таяр.

***

Алшаңдап басар ат аз ба,
Аяңы жорғаға бергісіз.
Көкірегі сара қарт аз ба,
Білімі молдаға бергісіз.
Құт-берекелі үй аз ба,
Хан ордасына бергісіз.

***

Анаңды Меккеге үш арқалап барсаң да,
Қарызынан құтыла алмайсың.

***

Ант-уәде жоқ кәпірден.

***

Аңқау елге арамза молда.

***

Аңқау елге арамза молда деген.

***

Аңқау елге арамза молда кезігер.

***

Арам молда аңқау елді алдап жер.

***

Арзан менен қымбатты
Базардағы біледі.
Қожа менен молданы
Мазардағы біледі.

***

Арсыздың айты алты күн.

***

Аруаққа Құран оқи берсең,
Түсіңнен шықпайды,
Қайыршыға садақа бере берсең,
Үйіңнен шықпайды.

***

Аруақты жерден ат үркеді.

***

Аруақтың арты жын болар.

***

Астыңда атың болса,
Арғымақ не керек?
Жақсы қатының болса
Ұжмақ не керек!

***

Атадан жалғап болған би
Шариғатпен жұртын жер.
Кенеттен болған би
Сақалы менен мұртын жер.

***

Атаның жаман ұлы малға ортақ,
Әзірейіл жанға ортақ.

***

Ауылдағы молданың аузы сасық.

***

Аштан өлген кісінің моласы жоқ.

***

Ашу – ақылдының дұшпаны,
Нәпсі – иманның дұшпаны.

***

Аюға намаз үйреткен таяқ.

***

Аюға намаз үйреткен – таяқ,
Молдаға намаз үйреткен – тамақ.

***

Аяғыңдағы етігің кең болғаннан не пайда,
Ақыреттегі көрің тар болса.

Ә

Әлекпеден қорыққан сиыр жимас,
Ақыреттен қорыққан күнә қылмас.

maqal-matel.kz