А

Аға інім демесе, інісі досым демейді.
***
Аға-інің болса, дұшпаным жоқ деме,
Абысының болса, күндесім жоқ деме.
***
Ағайынның өкпесі айтуменен кетеді,
Дұшманның өкпесі кек алумен бітеді.
***
Ағайыным барда, дұшпаным жоқ деме.
Абысыным барда, күндесім жоқ деме.
***
Ағайының барда дұшпаным жоқ деме,
Абысының барда күндесім жоқ деме.
***
Ағайының есейіп жау болады,
Жауың кәртейіп дос болады.
***
Ағаш тамырымен, адам досымен мықты.
***
Ағаш тамырымен мықты,
Адам дос-жарымен мықты.
***
Ағаштың басы сынса, түбі қалар,
Екеудің біреуі өлсе, бірі қалар.
Жалғыздың өзі өлсе несі қалар?
Киген киім, мінген ат жауда қалар.
***
Ағаштың тірегі – тамырын терең тартқаны.
Адамның тірегі – достарын тең тапқаны.
***
Адал дос алтыннан қымбат.
***
Адал еңбек, алғыр ой –
анық досың біліп қой.
***
Адал жанға мың дос аздық етеді.
***
Адалдық жанған өртін сөндірер,
Арамдық жауды үйіңе төндірер.
***
Адам болар баланы толықпаған жас деме,
Жамандығын көргенше, жолдасыңды қас деме.
***
Адам қадірі достықта,
Ат қадірі жорықта.
***
Адам қадірі достықта білінер,
Ат қадірі жорықта білінер.
***
Адамға әйел деген өмір жолдас,
Әйелсіз жалғыз жүріп өмір болмас.
Әйелдің дос өмірін бағаламай,
Жолдасын жат санаған адам оңбас.
***
Адамда болса достық махаббаты,
Олардың болмас бір-біріне жаттығы.
***
Адамдықтың белгісі – иіліп сәлем бергені.
Шын достықтың белгісі – көп кешікпей келгені.
***
Адамдықтың белгісі –
Иіліп сәлем бергенің.
Шын достықтың белгісі –
Шынайы көмек бергенің.
***
Адамның ары – оның досы.
***
Адамның досы да, дұшпаны да –
Қатын-бала мен мал.
***
Аз бергенді көп көріп,
Көп бергенді көргенмін.
Қарындасты қас көріп,
Топ көргенді көргенмін.
***
Аз деп жауды аяма.
***
«Аз екен» деп жауыңа мұрсат берме.
***
Аз қайғыны ас басады,
Көп қайғыны дос басады.
***
Аз қайғыны ас басар,
Көп қайғыны дос басар.
***
Азамат таңдап дос жидым, туған бола алмады.
Арғымақ таңдап ат жидым, будан бола алмады.
***
Азған жанға жын жолдас.
***
Азған елдің белгісі –
бір-біріне қас болар.
***
Азымтал болса, атың – жау,
Тіл алмаса, қатын – жау,
Ұрысқақ болса, ұлың – жау,
Керіскек болса, келін – жау,
Қылықсыз болса, қызың – жау.
***
Ай көрмесең туысың жат,
Жыл көрмесең жолдасың жат.
***
Айбынды батырдың еліне батып жау келмес,
Аңғырт батыр жауға шапса, сау келмес.
***
Айнымас жүрек, ер көңіл,
Ер жігіттің серігі.
***
Айтулы достың жаны бір.
***
Айтулы достың малы бір.
***
Айтулы достың малы бір,
Кемедегінің жаны бір.
***
Айтысқан соң – дау,
Алысқан соң – жау.
***
Айтысқан соң дау болады,
Атысқан соң жау болады.
***
Айтысқан соң дау емес пе,
Алысқан соң жау емес пе.
***
Айыр етекті шапанға ит өш.
***
Айрылайын деген дос
Ердің артқы қасын сұрайды.
***
Айырылар дос аяулыңды сұрайды.
***
Айырылар дос ердің артқы қасын сұрайды.
***
Айрылар дос ердің артқы қасын сұрар.
***
Айырылар тамыр ердің артқы қасын сұрайды.
***
Айырылатын тамыр
Ердің артқы қасын сұрайды.
***
Айырылмастай досыңа
Қайырылмастай сөз айтпа.
***
Ақ үйге бермейтін қос бар,
Туысқа бермейтін дос бар.
***
Ақпанға алданған малынан айырылар,
Дұшпанға алданған жанынан айырылар.
***
Ақыл – адам көркі,
Ақылдың сабыр – серігі.
***
Ақыл – дос, ашу – дұшпан.
***
Ақыл – саған ізгі дос, әділ жолдас.
***
Ақылдан жақын дос бар ма?
***
Ақылдан жақын дос болмас,
Ашудан жаман қас болмас.
***
Ақылды досың болса, адаспайсың.
***
Ақылды дұшпан тентек достан артық.
***
Ақылды жауыңнан қорықпа,
Жарымес досыңнан қорық.
***
Ақылды қасыңнан қорықпа,
Жарымес досыңнан қорық.
***
Ақылды сөз – ауыртпалықты көтерісер ақ ниет дос.
***
Ақылдыға бақ қонса,
Көбейтеді достарын.
Ақымаққа бақ қонса,
Күйретеді достарын.
***
Ақылдыдан құрдасың болса,
Құдаңнан артық жоқтасар.
Ақымақтан құрдасың болса,
Кезіккен жерде боқтасар.
***
Ақылсыз достан ақылды дұшпан артық.
***
Ақылсыз достан мың сақтан,
Ақылсыз дұшпаннан жүз сақтан.
***
Ақылсыз жігіт аптығар,
Арыс жауды жеңгендей.
Айласыз келін шаптығар,
Айғыр бол деп бергендей.
***
Ақылсыз туыстан ақылды дұшпан артық.
***
Ақылың парасатты, жаның жайлы болса,
Достарыңның өзі іздеп табады.
***
Ақымақ әкесін өлтіргенменен дос болады.
***
Ақымақ болса да, серік жақсы,
Қисық болса да, жол жақсы.
***
Ақымақ болса туысың,
Ақы беріп, бауыр қыл.
Ақылын тауып, Алашты
Араз қылма, ауыл қыл.
***
Ақымақ достан ақылды дұшпан артық.
***
Ақымақпен астаспа
Ақылдымен қастаспа.
***
Ақымақпен дос болма.
***
Ақымақпен жолдас болсаң,
Ағып суға кетерсің.
Ақылдымен жолдас болсаң,
Арманыңа жетерсің.
***
Ақымақтық аңқаулықпен дос,
Жаңғалақтық жалқаулықпен дос.
***
Ақымақтың достығы,
Шекпенің жыртылып, шенің алынғанша,
Немесе асың таусылып, атың арығанша.
***
Ақымақтың досы көп.
***
Ақынның жауға септігі жоқ,
Палуанның дауға септігі жоқ.
***
Ала ауыз болса ауылың,
Жау шабуылын баса алмас.
***
Ала болған елді дұшпан аралар.
***
Ала жібін аттамасам,
Даудың менде несі бар.
Ел шетіне түнемесем,
Жаудың менде несі бар.
***
Ала жібін алмасам,
даудың менде не ісі бар,
ел ішінде қонбасам,
жаудың менде не ісі бар.
***
Алдында тұрса, жуас қойдай сені «дос» деп біледі,
Артында тұрса, қас бөрідей теріңді тіледі.
***
Алдыңдағы ауды көрмесең де,
Ұзақтағы жауды көре біл.
***
Алмас қылыш майданда серік,
Асыл сөз майданда да, сайранда да серік.
***
Алмастың жауы – қорғасын.
***
Алмастың жауы – құр тас.
***
Алмасың болса – мойным бар,
Асылың болса – қойным бар.
***
Алып жауда көрінер,
Байсалды дауда көрінер.
***
Алыс жолға шығар болсаң,
Алдымен жолдасыңды сайла.
Жаудың алдын алар болсаң,
Алдымен қолбасыңды сайла.
***
Алысқан жауға арқаңды көрсетпе.
***
Алыспақ бар,
Атыспақ жоқ.
***
Алыста жүрген дұшпаннан,
Жаныңнан аңдыған дос жаман.
***
Алыстағы досыңа
Ат берсең де жарасар,
Үйіне мініп барсын деп.
Жақындағы досыңа,
Хат берсең де жарасар,
Ұмытса есіне алсын деп.
***
Алыстағы дұспаннан
Аңдып тұрған дос жаман.
***
Алыстағы дұспаннан
Атып тұрған дос жаман.
***
Алыстағы дұшпаннан
Аңдып жүрген дос жаман.
***
Алыстағы жаудан
Аяқ астындағы дұшпан жаман.
***
Алыстағы дұшпаннан
Қасыңдағы қас жаман.
***
Алыстағы жаудан, аяқ астындағы дұшпан жаман.
***
Алыстағы жаудың дүбірінен қорықпа,
Қасыңдағы жаудың күбірінен қорық.
***
Алыстағы жауыңнан
Айнып кеткен дос жаман.
***
Алыстан көрсең алдырмайсың,
Досыңды жауға қалдырмайсың.
***
Алыстағы досыңа
Ат берсең де жарасар,
Үйіне мініп барсын деп.
Жақындағы досыңа
Хат берсең де жарасар
Ұмытса есіне салсын деп.
***
Алысты жақын қылған ат,
Алысты дос еткен әйел.
***
Алысып ойнар теңің болсын,
Сүңгіп бойлар көлің болсын.
***
Амалы таусылған дұшпан
Шын достыққа көшеді.
***
Анадан артық дос бар ма?
Ашудан жаман қас бар ма?
Жиырма бестен жақсы жас бар ма?
Қымыздан тәтті ас бар ма?
***
Аңдыған жау алмай қоймас.
***
Аңдысқан жау алмай қоймас.
***
Аңдысқан ауыл болмайды,
Есептескен дос болмайды.
***
Аптада бір суға түспесең,
Тәніңді кір басады.
Аптада бір досыңмен сырласпасаң,
Жаныңды кір басады.
***
Ар, намысы бар жігіттің
Жолдасы бар жолында.
Ар, намысы жоқ жігіттің
Ұяты бар қолында.
***
Арбалыға жолдас болма,
Жорғалыға жолдас бол.
***
Арбалыға жорғалы
Жолдас болмас.
***
Арғымақ атқа көп міндім,
Садаға кетсін буданнан.
Ер жігітпен дос болдым,
Садаға кетсін туғаннан.
***
Арғымақтың баласы,
Арыса, сыны қайтар ма!
Асыл заттың баласы
Дұшпанға сырын айтар ма!
***
Арзан сатқан жолдасынан көреді.
***
Арқа сүйер елің болсын,
Аунап жатар жерің болсын.
Алысып ойнар теңің болсын,
Сүңгіп бойлар көлің болсын.
***
Арпасыз ат бел аса алмайды,
Арқаусыз батыр жау ала алмайды.
***
Арпасыз ат қыр аспас,
Жәрдемсіз алып жау жеңбес.
***
Арпасыз ат шаппас,
Тірексіз ер жау алмас.
***
Артық қайрат жанға қас,
Артық қиял миға қас.
***
Арық атқа қамшы жау,
Жыртық үйге тамшы жау.
***
Аруақтан басқа ес жоқ,
Көлеңкеден басқа дос жоқ.
***
Арыстан болсаң жауың үшін,
Түлкіден болсын әдісің.
***
Арыстандай жау үшін,
Түлкідей болсын әдісің.
***
Арыстанның белгісі –
артына қайырылып ақырмайды,
қас батырдың белгісі –
қос өкпеден оқ тисе,
дұшпанына сыр беріп бақырмайды.
***
Ас барында – дос жоқ,
Ат барында – той жоқ.
***
Ас табылмайды, ас табылса,
беруге дос табылмайды.
***
Аспанға бұлт үйірілсе, жауын көп.
Басыңа бұлт үйірілсе, жауың көп.
***
Асты ас сақтайды,
Досты дос сақтайды.
***
Асты көрсең, қадір тұт,
Досты көрсең, әділ тұт.
***
Асу-асу белдер бар,
аса алмай жаудың аты өлсін,
ағайынмен тату бол,
айыра алмай жат өлсін.
***

Асы бар қазан сүйкімді,
Досы бар адам сүйкімді.
***
Асың болса, дос көп,
Атың болса, той көп.
***
Асың болса досың көп.
***
Ат, атаның сай болса,
Қашсаң, жаудан кетерсің.
Кетпен, шотың сай болса,
Қазсаң, суға жетерсің.
***
Ат әрі көлік, әрі жолдас,
Әрі мүлік, әрі ас.
***
Ат барда, есекке жол болсын,
Дос барда, есепке жол болсын.
***
Ат-атаның сай болса,
Қашсаң, жаудан кетерсің,
Қусаң, жауға жетерсің.
***
Ат жаманы жолда қалдырады,
Жолдас жаманы қолда қалдырады.
***
Ат қартайса,
Есекпен достасады.
Адам қартайса,
Төсекпен достасады.
***
Ат кекілін кесіп өш болады,
Ат кекілін сипасып дос болады.
***
Ат тұсаусыз болмас,
Адам дұспансыз болмас.
***
Ата ұлы аталықтың сөзін айтар,
Асылсыз жолдас болса, кері қайтар.
Қасыңа жолдас болып ере қалса,
Дұспанға құпиялап сырыңды айтар.
***
Ата-ананың қадірін
Балалы болғанда білерсің.
Анық достың қадірін
Жалалы болғанда білерсің.
***
Аталы айғыр үйірін
Жауға алдырмас.
Ата көрген жігіт
Ауылын дауға алдырмас.
***
Аталы жау дос болмас.
***
Атан түйеге ауыр жүктің қорлығы жоқ,
арыстанға темір шынжырдың арлығы жоқ.
Атадан алтау туса да,
жауға шаппаған ұлдың барлығы жоқ.
***
Атаным сай, атым сай,
Қашсам, жаудан кетермін.
Кетпенім сай, шотым сай,
Қазсам, суға жетермін.
***
Атаның малын жау шапса, бірге шап.
***
Атаңда болса бір жолдас.
***
Атаңды жау шапса, бірге шап.
***
Атар таңның алыстығы жоқ,
Алыстаға достың қалыстығы жоқ.
***
Атасы басқамен жолдас болсаң,
Атар да, жанына байланар.
***
Аттанған жау атасын танымайды.
***
Атты жол,
Адамды жолдастық сынайды.
***
Атты жолдас болмайды
Арбалымен.
Жортақ жолдас болмайды
Жорғалымен.
***
Аттыға жаяу жолдас болмас.
***
Аты жақсымен жолдас болсаң,
Мұратқа жетерсің.
Жаманмен жолдас болсаң,
Ұятқа кетерсің.
Өзің көріп, ойланғын,
Көрсеттім жолдың төтесін.
***
Атың шабандаса, бабына қара,
Досың жамандаса, ағына қара.
***
Аузың тола қан болса да,
Дұшпан алдында түкірме.
***
Аузың толған қан болса да,
Дұшпанның алдына төкпе.
***
Аузың толған қан болса да,
Жау алдында түкірме.
***
Аузың толған түк болса да,
Дұшпан алдында түкке жарамайды.
***
Ауыз тамыр айтысып ауысқанын алар,
сүйек тамыр сүйеніп күнелтер.
***
Ауыз тамыр – айтысар,
Сүйек тамыр – табысар.
***
Ауыл итінің достығы
Сүйек тастағанша.
***
Ауыр сөз айтқан дос емес.
***
Ашаршылықта туған баланың екі көзі аста болады,
Жауда туған баланың екі көзі таста болады.
***
Ашу – ақылдының дұшпаны,
Нәпсі – иманның дұшпаны.
***
Ашу ақылмен өш,
Ақылсыз жақынмен өш.
***
Ашу – дұшпан,
Ақыл – дос.
***
Ашу – дұшпан, ақыл – дос,
Ақылыңа ақыл қос.
***
Ашу – кәпір, ақыл – дос,
Ақылыңа ақыл қос.
***
Аюмен жолдас болсаң,
айбалтаң жаныңда болсын.
***
Аюмен жолдас болсаң,
Балтаңды тастама.
***
Аяз арыққа жау.
***
Аянбаған жауды алар,
Абайлаған дауды алар.

maqal-matel.kz