Ағашы аласа, алмасы тамаша.
***
Ағашы аласа болса да, алмасы тамаша.
***
Ағашты жемісінен таниды,
Адамды ісінен таниды.
***
Ағаштың жемісін жеймін десең,
Түбіне балта шаппа.
***
Ағаштың жемісіне қара,
Адамның жеңісіне қара.
***
Адам өміріндегі аяулы жемісі – абыройлы аты.
***
Адамды еңбек көркейтеді,
Ағашты – миуасы.
***
Айтқаныңды қайталама,
Алуаны да бір-ақ рет жейді.
***
Ақыл ащы, жеміс тәтті.
***
Ақылсыз адам мәуесіз ағаш секілді.
***
Ақымақты сөзге сал,
Қам дарбызды шертіп ал.
***
Алғаш теріп жегенде
Жүзім де қышқыл көрінеді.
***
Алма ағаш жемісімен тәтті,
Сүйгенің ақыл, жұмысымен тәтті.
***
Алма ағашынан алыс түспейді.
***
Алма алмадан реңдік алады.
***
Алма же де, су ішкін,
Ауырмасаң, маған кел.
Жиде же де, су ішкін,
Семірмесең, маған кел.
***
Алма жеп ауырғанша,
Өрік же де, өле қал.
***
Алма қасында аузыңды тый.
***
Алма піс, аузыма түс.
***
Алмада бадам піспейді.
***
Алманы уағында жемесең, шіриді,
Сүтті уағында ішпесең, іриді.
***
Алманы шөлге ек, салды көлге сал.
***
Алманың асылын аю жер.
***
Алуа дегенмен ауыз тұшымас.
***
Алуа же, тары же,
Тояды қарын бәріне.
***
Алуа қанша тәтті болса,
Запыраны сонша ащы болады.
***
Алысқа шабар айғырды,
Сағағынан байқарсың.
Жеміс салар ағашты,
Сабағынан байқарсың.
Ықыласын жақсының,
Қабағынан байқарсың.
***
Арпа, бидай ас болады,
Сары қауын қақ болады.
Сарымайға жаншыған
Сөктің дәмі көп болады.
***
Асқабақ жеген үйге сүйкеніп өт.
***
Асқабақпен семірген малың құрсын,
Жөмелекпен ұзарған шашың құрсын.
***
Асқақтаған ұлық болмайды,
Жемісті ағаш биік болмайды.
***
Аспаннан Әбілхаят суы жауса да,
Тал ағаш жеміс бермейді.
***
Атасы ащы алма жесе, ұлының тісін қамар,
Атасы мен анасы ащы алма жесе,
Ұлы мен қызының тісін қамар.
***
Ашылмаған қауындай,
Жарылмаған жұмыртқадай.
maqal-matel.kz
