Ағаштың жемісіне қара,
Адамның жеңісіне қара.
***
Адыраңбай жеңілгенін де, жеңгенін де білмейді.
***
Ажалды ана жеңеді,
Ана жеңбесе, бала жеңеді.
***
Ақылдасқан адам қашан да жеңіске жетеді.
***
Ақылды жеңілсе, таласа бермейді,
Ақылсыз жеңілсе, араша бермейді.
***
Ақылды көндім десе,
Ақымақ жеңдім дейді.
***
Алдағы бөгетте,
Қайратыңа сен.
Асқар тауда,
Атыңа сен.
Қайрат болса,
Қайғыны да жеңесің.
***
Алушыны аңдушы жеңеді.
***
Ананың махаббаты ажалды да жеңеді.
***
Аңдушыны алушы жеңер.
***
Арғымақ ат деп айтпайды,
Атты басып озбаса.
Ер екен деп айтпайды,
Ерегескенді жеңбесе.
***
Арлы арына қараса,
Арсыз жеңдім дейді.
***
Арпасыз ат жүрмес,
Арқасыз алып жеңбес.
***
Арпасыз ат қыр аспас,
Жәрдемсіз алып жау жеңбес.
***
Асықпа, тойға барарсың,
Өлеңші болсаң, жеңерсің,
Палуан болсаң, жығарсың.
***
Ауруға жеңілсең де,
Қаруға жеңілме.
***
Ашуды жеңсең, ақыл толады.
***
Аюды жеңген – жарты ер,
Ашуды жеңген – бүтін ер.
maqal-matel.kz
