Абысын-ажын не керек.
Аңдысып күні өткен соң.
Алмауыт ұстап не керек,
Артынан жабы жеткен соң.
***
Ағайынға менменсу –
Ағат емей немене?!
Ақылдылар айтқан сөз –
Сағат емей немене?!
***
Ағаш жаз болса толады,
Күз болса солады.
***
Ағаш қамшы көп болар,
Аттанар күні жоқ болар.
***
Ағаш он жылда, адам жүз жылда жетіледі.
***
Адам емес, мәңгі өлмейтін – атағы,
Өмір-бақи жасайды ғой ол тағы.
***
Адам жылқы мінезді:
Бір күнде түлейді,
Бір күнде жүдейді.
***
Адам мәңгі атағымен селбесер,
Аты қалса, бұ жалғанда өлмес ер.
***
Адам мәңгі жасамас,
Көрге кірген кері қайтпас.
***
Адам өз қалпынан асқан күні –
Пәлекеттің басқан күні.
***
Адам өлген күні өлмейді,
Ұмыт болған күні өледі.
***
Адамды жынды десе,
Күнінде бір жапырақ еті жынды болады.
***
Адамның жаманы бар,
Күннің жаманы жоқ.
***
Адамның жаманы кетпес,
Күннің жаманы кетер.
***
Адаспайым деген адам
Тал түсте адасады.
***
Ажал айтып келмес,
Өткен қайтып келмес.
***
Ажал анық болса да,
Мезгілі жетпей ер өлмес.
***
Ажал жетсе, ай да өледі,
Күні туса, күн де өледі.
***
Аз болмай – жазболмайды,
Жазболмай – мәз болмайды.
***
Азанда келген мал (байлық) кешке ізін табады.
***
Ай-айдың аты басқа,
Аяқты малдың өрісі басқа.
***
Ай-айдың аты басқа,
Әр айдың аты басқа.
***
Ай-айдың жұмысы айға қалмасын,
Аттың жұмысы тайға қалмасын.
***
Ай-айдың оты басқа.
***
Ай артынан ай өтер,
Атпен қусаң жеткізбес.
Жыл артынан жыл өтер,
Желмен қусаң жеткізбес.
***
Ай артынан ай туады,
Атқа мінсе, жеткізбес.
Жыл артынан жыл туады,
Желге мінсе, жеткізбес.
***
Ай артынан ай туады,
Атқа мініп қусаң жетпейсің.
Жыл артынан жыл туады,
Желге мініп қусаң жетпейсің.
***
Ай астында жаңа жоқ.
***
Ай ат басын бұрғанша,
Жыл жылқы аунап тұрғанша.
***
Ай деген ат басын бұрғанша,
Жыл деген жылқы аунап тұрғанша.
***
Ай деген немене?
Ат басын бұрғанша.
Жыл деген немене?
Жылқы аунап тұрғанша.
***
Ай жүрсең де, аман жүр.
***
Ай көрмесе, ағайын жат,
Жыл көрмесе, жегжат жат.
***
Ай көрмесең туысың жат,
Жыл көрмесең жолдасың жат.
***
Ай қамын алты рет ойласаң,
Жыл қамын он рет ойла.
***
Ай қораланса, арысыңды сайла,
Көктемде қонысыңды сайла.
***
Ай қораланса арысыңды сайла,
күн қораланса күрегіңді сайла.
***
Ай мен ай шамалас.
***
Ай менен ай шамалас.
***
Ай мінбей, атыңды мақтама,
Жыл тұрмай, қатыныңды мақтама.
***
Ай түнде керек,
Ақыл күнде керек.
***
Ай шалқасынан туса, ай бойы аяз.
***
Айға жетпес асыңды
Ауылдастан аяма.
***
Айға жетпес асыңды,
Ауылдастан аяма.
Астыңдағы тайыңды,
Бауырластан аяма.
***
Айда келген сөк жер,
Күнде келген – сөгіс.
***
Айдың басынан қорықпа,
Бесінен қорық.
***
Айдың жұмысы айға қалмас,
Аттың жүрісі тайға қалмас.
***
Айдың он бесі жарық, он бесі қараңғы.
***
Айдың ізін ай басар,
Аттың ізін тай басар.
***
Айлас қатын – мұңдас.
***
Айранша ұйып, тостағанша толатын кез болады.
***
Айт-арапада өтірік сөйлегеннің
Намаз күні жүзі қара.
***
Айтады екен алуа, бал татқандар:
«Азанда аш қой түнде тойып жатқандар».
***
Айында келгенге аяқ,
Күнінде келгенге таяқ.
***
Айсыз түнде аспан қараңғы,
Ақылсыз бас қараңғы.
***
Айы біткен айда өтер,
Күні біткен күнде өтер.
Күні өтерін білмеген,
Бейілі кетіп, пір кетер.
***
Айында ат құлындайды,
Жылында бие құлындайды.
***
Ақ бидайдың қадірін
Ашыққанда білерсің.
Ағарғанның қадірін
Қыс шыққанда білерсің
***
Ақ қошқар бүгін сойылар,
Алдыңа басы қойылар,
Ашыққан қарын тойынар.
***
Ақ үйдің жаппа болуы да сәт,
Жаппаның ақ үй болуы да сәт.
***
Ақбозат пен Көкбозатты Жетіқарақшы
ұстаған күні ақырзаман болады.
***
Ақпан-тоқпан алты күн,
Айғайласа, қатты күн.
***
Ақпанға алданған малынан айырылар,
Дұшпанға алданған жанынан айырылар.
***
Ақпанда күн –
Ат адым ұзарады.
***
Ақпанның аязындай,
Ел билеген оязындай.
***
Ақсақ қой түстен кейін маңырайды.
***
Ақтан жабысқан пәледен сақтан,
Аяқ астынан шыққан жаладан сақтан.
***
Ақтың көңілі – жарық, күні – жаз.
***
Ақша қарда көп жүрсең,
Көзің бір күн қарығар.
Ағайыннан шет жүрсең,
Көңілің бір күн тарығар.
***
Ақша қарда көп жүрсең,
Көзің бір күн қарығар.
Алыс жерде көп жүрсең,
Көңілің бір күн тарығар.
***
Ақыл тауып бермесең,
Ер туғаныңды қайтейін.
Арқандаулы атты көрмесең,
Ерте тұрғаныңды қайтейін?
***
Ақыл тауып бермесең,
Ер туғаныңды ұрайын.
Арқандаулы атты көрмесең,
Ерте тұрғаныңды ұрайын.
***
Ақыл – шам-шырағың түндегі,
Білімділік – жарық көзі күндегі.
***
Ақылды жылдығын,
Ақылсыз күндігін ойлайды.
***
Ақылың болса, арыңды сақта,
Ар, ұят керек әр уақытта.
***
Ақымақ жауынды күні суға түсер.
***
Ақымақ күндіз шам жағады.
***
Ақымаққа күнде той.
***
Ақымақтың ақылы
Түстен кейін кіреді.
***
Ақымақтың ақылы түстен кейін кіреді,
Ырысы қайтқанның иті ұры кеткен соң үреді.
***
Ақырап, қауыс,
Кәрі-құртаңды тауыс.
***
Ақырепте ұрмаса,
Ақыретте ұрмайды.
***
Ақыреттің мың күнінен,
Жалғанның бір күні артық.
***
Ақырын жүрген күні-түні жүрсе де, талмайды.
***
Алаңғасар астындағы атын алты ай іздейді.
***
Алдырар күні жаздырар.
***
Алла бар деп аш қалма,
Атым бар деп кеш қалма.
***
Алманы уағында жемесең, шіриді,
Сүтті уағында ішпесең, іриді.
***
Алпыс күн атан болғанша,
Алты күн бура бол.
***
Алпыс күн аспанға қарағанша,
Алты көш те айдынға құла.
***
Алпыс күн тасыған су
Алты күнде қайтар.
***
Алтау ала болса, ауыздағы кетеді,
Төртеу түгел болса, төбедегі келеді,
Күні келген уақытта жігіт аттай желеді.
***
Алты ай баққан арықты
Бір күн ұрындырған өлтірер.
***
Алты ай жаздай мен міндім қайыққа,
Не жазығым бар екен осы аяққа.
***
Алты ай мінсе арымайтын.
***
Алты ай от болып,
Айырылар күні боқ болма.
***
Алты жыл апат келсе де, ажалды өледі.
***
Алты жыл аш болсаң да,
Атаңның салтын ұмытпа.
***
Алты жыл атан болып алшаңдағанша,
Алты күн бура болып сақылда.
***
Алты күн аш қалсаң да атыңды сайла
***
Алты күндігін ойламаған ерден без.
***
Алты ай баққан арықты
Бір күн орындаған өлтірер.
***
Алты күн атан болғанша,
Бір күн бура бол.
***
Алты күн аш болсаң, атаңнан безерсің.
***
Алты күн аш болсаң да,
Ата әдетін қойма.
***
Алтын тонды шенің болғанша,
Алақандай жерің болсын.
***
Алып ел дүрліккенде көрінеді,
Данышпан жай тірлік күнде көрінеді.
***
Ана – көктемдегі таңға да көркемдік алып береді.
***
Ана – күн, оның шүлен шұғыласы ешқашан тусылмайды.
***
Аңшының кешіккенінен дәмет.
***
Аңқау астындағы атын алты ай іздепті.
***
Апайының кигенін сіңілісі де киеді,
Екеуінің тойы бір күнде болмайды.
***
Апрель болмай ат тоймас,
Сәуір болмай тәуір болмас.
***
Аптада бір суға түспесең,
Тәніңді кір басады.
Аптада бір досыңмен сырласпасаң,
Жаныңды кір басады.
***
Арғымақ, сені сақтадым –
Құлағың сенің серек деп.
Азамат, сені сақтадым,
Бір күніме керек деп.
***
Арғымаққа мінген байлардың,
Тайға мұқтаж күні бар.
Май шайнаған билердің,
Нанға мұқтаж күні бар.
Елден безген залымның,
Елге мұқтаж күні бар.
***
Арқардың ойға көшкені,
Қыстың тауға түскені.
***
Арқада жыл жақсы болса,
Арқар ауып несі бар.
***
Арсыздың айты алты күн.
***
Арсызға алты күн мейрам.
***
Арша жаққанның айлығы кетеді,
Тал жаққанның тайлығы кетеді.
***
Арық деген жаман тай,
Жазға шығып ат болар.
Жамандығың сезілсе,
Жақын кісің жат болар.
***
Ас болса, іс болмаса,
Жаз болса, қыс болмаса.
***
Аса диқан ішінде ас жатады,
Аса жалқау күнара аш жатады.
***
Асқа тартқан кешке тартады.
***
Астық жоқ жылы тіленші қыстайды.
***
Астық жоқ тіленші қыстайды.
***
Астындағы атын алты ай іздейді.
***
Астындағыны алты ай іздеген.
***
Асыққан айына жетпес.
***
Ат алсаң, ай кеңес,
Қатын алсаң, жыл кеңес.
***
Ат айлығын ойлайды,
Түйе жылдығын ойлайды.
Есек екі аяғының астын ойлайды.
***
Ат ариды, тон тозады,
Уақытында аянбаған
Алысқа қолын созады.
Атамай алғанның
Біреуге арқасы тозады.
***
Ат айында құлындайды,
Бие жылында құлындайды.
***
Ат айында, бие жылында құлындайды.
***
Ат айында туады,
Інген жылында туады.
***
Ат алсаң, алты күннің аулына тартар.
***
Ат арыса, айшылық жер мұң болар.
***
Ат басына күн туса,
Ауыздықпен су ішер.
Ер басына күн туса,
Етігімен су кешер.
***
Аталастың саудасы айында қайтады.
***
Атар таңға жүрсең де,
Батар күнге жүрме.
***
Атар таңның алыстығы жоқ,
Алыстаға достың қалыстығы жоқ.
***
Атты күнде мінсең – тулақ,
Аптада мінсең – қунақ.
***
Атты күнде мінсең – тулақ,
Аптада мінсең – қунақ,
Айына мінсең – ат,
Жылына мінсең – тұлпар.
***
Аттың апта жүргенін өгіз ай жүреді.
***
Атты айында мінсең, ат,
Жылында мінсең, тұлпар.
***
Ауруға ең қиыны – түн.
***
Ауруың тұмау болсын,
Жылың тұман болсын.
***
Ауыз толым ас,
Айшылық жолға жүгіртеді.
***
Ауыл үйдің қонағы,
Айында-жылында бір келер.
***
Ауыл үйдің моншағын күндіз ұрлап,
түнде тақпа.
***
Ауылдан шыққан күнде,
Байға қонба, сайға қон.
***
Ауылдың қонағы айда-жылда бір қонар.
***
Ауырғаның кеше, ас ішкенің бүгін.
***
Ауырды күндіз мен көтерейін,
Түнде сен көтер.
***
Ашқа тартқан кешке тартады.
***
Ашылатын күн айқұлақтанып батады.
***
Аяз болады, бұлт болады,
Өткен күндер ұмыт болады.
***
Аямейіз алты күн,
Алты ай қыстан қатты күн.
maqal-matel.kz
