Ағаш мықтысы дауылда сыналады,
Адам мықтысы ауырда сыналады.
***
Ағаш тамырымен, адам досымен мықты.
***
Ағаш тамырымен мықты,
Адам дос-жарымен мықты.
***
Адам ақылымен алып.
***
Адам күш жұмсап бай бола алмайды,
Арыз айтып бек бола алмайды.
***
Адамды арман қосады,
Алшақты дәрмен қосады.
***
Азулыға бар заман,
Азусызға тар заман.
***
Азы-көбі күшіңнің белдескенде білінер,
Азы-көбі түйеңнің ел көшкенде білінер.
***
Айбар керек, әл керек,
Әлсіз айбар не керек.
***
Айламен арыстан ұстаған,
Күшпен тышқан ұстай алмайды.
***
Айламен арыстан ұстар,
Қара күшпен тышқан да ұстай алмас.
***
Айтпаса, жүректен кетеді,
Тартпаса, білектен кетеді.
***
Айрылған болсаң еліңнен,
Қуатың кетер беліңнен.
***
Ақ білектің күшімен,
Ақ найзаның ұшымен.
***
Аққан суға да бір тосу болар.
***
Ақшадан уәде күшті.
***
Ақыл аста, қайрат жаста, асыл таста.
***
Ақыл, қайрат, білімді
Тең ұстаған зор болар.
***
Ақылды адам ерінбейді,
Қуатты адам сүрінбейді.
***
Ақылды ісіне сенеді,
Ақымақ күшіне сенеді.
Әңгүдік түсіне сенеді.
***
Ақымақ мың батпан тасты көтереді,
Бір ауыз сөзді көтере алмайды.
***
Ақымақтан күшті жоқ.
***
Ақынның жауға септігі жоқ,
Палуанның дауға септігі жоқ.
***
Алдағы бөгетте,
Қайратыңа сен.
Асқар тауда,
Атыңа сен.
Қайрат болса,
Қайғыны да жеңесің.
***
Алпыс батпан көтерген кісі
Бес батпан қосқаннан қорықпайды.
***
Алуан-алуан жүйрік бар,
Әліне қарай жүгіреді.
***
Алуан-алуан жүйрік бар,
Шамасына қарай шабады.
***
Алып анадан, ат биеден туады.
***
Алып – анадан туады,
Тұлпар – биеден туады.
***
Алып анадан туады,
Ат биеден туады.
***
Алып ел дүрліккенде көрінеді,
Данышпан жай тірлік күнде көрінеді.
***
Алып жауда көрінер,
Байсалды дауда көрінер.
***
Алып – майданда,
Дана – тірлікте.
***
Алып күштен де ар күшті,
Арды сақтай білу одан да күшті.
***
Алып ұр да, астына түс.
***
Алыптармен алыспа,
Бектерменен айтыспа.
***
Алыптармен ұрыспа,
Беріктермен тіреспе.
***
Алыс та, атаңды жық,
Аясаң, тұрғызып жібер.
***
Алыстан шабынған бураның күші қайтар.
***
Алыстан шабынған ердің күші қайтар.
***
Алыспақ бар,
Атыспақ жоқ.
***
Алыспақ керек пе,
Шалыспақ керек пе?
***
Алысса, екі ердің бірі өледі.
***
Алыссаң, атаң да болса жық,
Аясаң, көтеріп жібер.
***
Алыссаң, атаңды жық,
Аясаң, қоя бер.
***
Аман адам амалымен пәрменді,
Өткереді талай мақсат, арманды.
***
«Ар ма» деген әлге қуат,
«Бар бол» деген бәрінен зият.
***
Арғымақ атқа жал бітпей, сән бітпейді.
Азамат ерге әл бітпей, мал бітпейді.
***
Арғымаққа жал бітпей, сән бітпейді,
Ер жігітке мал бітпей, әл бітпейді.
***
Арқансыз алып жау алмас.
***
Арқасыз ат қыр аса алмайды,
Арқасыз ер бір баса алмайды.
***
Арлы арына қараса,
Арсыз күшке келер.
***
Арманы бар адамның
Бойында қайнар қуаты,
Алдында жанар мұраты.
***
Арманы жоқ жігіттің дәрмені жоқ.
***
Арманы жоқ жігіттің,
Пәрмені жоқ.
***
Арпасыз ат жүрмес,
Арқасыз алып жеңбес.
***
Арпасыз ат қыр аспас,
Жәрдемсіз алып жау жеңбес.
***
Артқан түйеңнен
сиынған иең күшті болсын.
***
Артық қайрат жанға қас,
Артық қиял миға қас.
***
Арсызбен алысқанша,
Арлымен таныс.
***
Арықтағанның күші бар,
Семізде көптің көзі бар.
***
Арың үшін алыссаң, өлмейсің.
***
Арыстан екен демей,
Алысып әліңді көр.
***
Арыстанда бір жігіттің күші,
Қырық жігіттің жүрегі бар.
***
Арыстанда қырық кісінің күші бар,
Бір кісінің жүрегі бар.
***
Арыстандай күшің болса,
Түлкідей әдісің болсын.
***
Арыстанның айбатынан асқан күшті емес,
Өз ашуын баса білген адам күшті.
***
Арысқа түссең, атаң болса да, аяма.
***
Ас – адамның арқауы.
***
Ас – әлдің қуаты.
***
Ас иесінің әлі біледі,
Асатушының қолы біледі.
***
Асықпа, тойға барарсың,
Өлеңші болсаң, жеңерсің,
Палуан болсаң, жығарсың.
***
Ат – адамның қанаты,
Ас – адамның арқауы.
***
Ат – адамның қанаты,
ас – адамның қуаты.
***
Атаңды Алатауда бір жықтым демен.
***
Атаңды Қаратауда бір жығып ем.
***
Аты жауырдың аяғына күш түсер.
***
Ат құлыны күшінде,
Бие құлыны ішінде.
***
Аты жаманның арманы кетер,
Баласы жаманның дәрмені кетер.
***
Аты-тоны бар кісіде Әзірет Әлінің күші бар.
***
Атың жақсы болса, жолдың пырағы,
Балаң жақсы болса, көңіліңнің шырағы.
Атың жаман болса, арманың кетеді,
Балаң жаман болса, дарманың кетеді.
Қатының жаман болса, үйіңнен мейманың кетеді,
Үйге мейман келгенде бұға-бұға кетерсің.
***
Атың жаман болса, дәрменің кетеді.
Әйелің жаман болса, мейманың кетеді.
***
Атың жаман болса, арманың кетер.
Балаң жаман болса, дәрменің кетер.
Алғаның жаман болса, келгенің кетер.
***
Атың жаман болса,
Арманың кетер.
Балаң жаман болса,
Пәрменің кетер.
Жылай-жылай өмірің өтер.
***
Атың шабан болса,
Дәрменің кетер.
Әйелің жаман болса,
Мейманың кетер.
***
Аузына әлі жетпегеннің
Қолында масқарасы бар.
***
Ауырды нар көтерер күшті болса,
Әзілді жар көтерер ішті болса.
***
Аяз, әліңді біл,
Құмырсқа, жолыңды біл.
maqal-matel.kz
