Айбынды салтын ел бұзбас,
Адамдық антын ер бұзбас.
***
Ағаш аралаған – үйші,
Ел аралаған – сыншы.
***
Адал бидің үйін дау араламайды,
Адал жанның елін жау араламайды.
***
Адал еңбек елге жеткізер,
арам қулық елден кеткізер.
***
Адам ақылымен көрікті,
Ер халқымен даңқты.
***
Адам бақытты өз елі мен жерінен табады.
***
Адам елінде, қоға көлінде көгерер.
***
Адам жақсысы елін іздейді,
Ат жақсысы жерін іздейді.
***
Адам жақсысы елінен кетпейді,
Ат жақсысы жерінен кетпейді.
***
Адассаң, елмен адас.
***
Адассаң,
Еліңмен адас.
***
Аз ғана елге хакім болма,
Аз ғана асқа бөгеуіл болма.
***
Аз елге бақауыл болма,
Аз елге бек болма.
***
Аз қойда айран бар, өре жоқ,
Аз елде азар бар, төре жоқ.
***
Азамат сыны – ерлік,
Ерлік – өзі елдің сыны.
***
Азаматтың ақысын,
Азамат қайырар,
Жаман сөз жалпақ
Жұртқа жайылар.
***
Азған елге бастық болма,
Аз ғана асқа аспазшы болма.
***
Азған елге би болма,
Арыған атқа басаубіл болма.
***
Азған елдің баласы –
Бірін бірі жамандар.
Қақпан құрып алдына
Құлатуға амалдар.
Озған елдің баласы –
Бірін-бірі «батыр» дер
Қойны-қоншы құйылып,
Толып тұрған ақыл дер.
***
Азған елдің белгісі –
бір-біріне қас болар.
***
Азғын заман кезіксе,
Ер басынан күн кетер.
Шайтан патша билесе,
Қауымы елді жын етер.
***
Азы-көбі күшіңнің белдескенде білінер,
Азы-көбі түйеңнің ел көшкенде білінер.
***
Айбынды батырдың еліне батып жау келмес,
Аңғырт батыр жауға шапса, сау келмес.
***
Айбынды салтын ел бұзбас,
Адамдық антын ер бұзбас.
***
Айна, айна емес, халық айна.
***
Айрылған болсаң еліңнен,
Қуатың кетер беліңнен.
***
Айрылған ел – азады,
Қосылған ел – озады.
***
Айырылма, жұртым, үйіріңнен,
Айырылсаң үйіріңнен,
Екі қолың кетпес бүйіріңнен.
***
Ақ бөкенді жатыр деме,
Көшпенді елді отыр деме.
***
Аққу көлге, ер елге паналайды.
***
Ақпанның аязындай,
Ел билеген оязындай.
***
Ақпейіл еліне ерке,
Аққу көліне ерке.
***
Ақсұңқар ұшар жем үшін,
Ер жігіт жортар ел үшін.
***
Ақсұңқар ұшар жем үшін,
Ер жігіт туар ел үшін.
***
Ақыл таптым аяққа,
Не айтамын қазаққа.
***
Ақылды адам елдің бейбітшілігін тілер.
***
Ақылды басшың болса,
Елдің алды боларсың.
Ақылсыз басшың болса,
Елдің азы боларсың.
***
Ақылды елден сұра,
Дақылды жерден сұра.
***
Ақылдыға билік тисе, мінді түзейді,
Ақылсызға билік тисе, елді бұзады.
***
Ақылменен көп елді қаратып алуға болады.
***
Ақылы елден артылған,
Ақылың болса, бір мақтан.
Жұрттығы жұрттан артылған
Жақының болса, бір мақтан.
***
Ақын елдің еркесі,
Батыр елдің серкесі.
***
Ақын – ұлттың жүрегі,
Шешен – көптің тірегі,
Батыр – көптің білегі.
***
Ала болған елді дұшман аралар,
Туысқаның жаман болса, басын қаралар.
***
Ала болған елді дұшпан аралар.
***
Ала жібін алмасам,
даудың менде не ісі бар,
ел ішінде қонбасам,
жаудың менде не ісі бар.
***
Ала сөйлеп, ұлыққа жаққанша,
Адал сөйлеп, жұртқа жақ.
***
Аллаға жағамын десең, азаның болсын,
Халыққа жағамын десең, қазаның болсын.
***
Алтын алма, алғыс ал,
Алтын деген – жер сыйы,
Алғыс деген – ел сыйы.
***
Алтын белдік – бел сәні,
Асы жігіт – ел сәні.
***
Алтын бесікке ашқан есік –
Елдің ері емес пе.
***
Анадан алтау туғанша,
Жалғыз туса нетеді,
Елге тұлға болғалы;
Қарағайға қарсы бұтақ біткенше,
Еменге айыр бұтақ бітсе, нетеді,
Құсқа тұғыр болғалы.
***
Аңдысқан ауыл,
Есептескен ел болмайды.
***
Аңдысқан ауыл болмас,
Ерегескен ел болмас.
***
Аңқау бөрі қой үркітеді,
Ақылсыз адам ел үркітеді.
***
Аңқау елге арамза молда.
***
Аңқау елге арамза молда деген.
***
Аңқау елге арамза молда кезігер.
***
Арам қулық елден кеткізер,
Адал еңбек елге жеткізер.
***
Арам молда аңқау елді алдап жер.
***
Арамдық
Адамның ажарын бұзады.
Ант ұрған
Халықтың базарын бұзады.
***
Арамза туған мал өспес,
Араздық қылған ел өспес.
***
Арғымаққа мінген байлардың,
Тайға мұқтаж күні бар.
Май шайнаған билердің,
Нанға мұқтаж күні бар.
Елден безген залымның,
Елге мұқтаж күні бар.
***
Арқа сүйер елің болсын,
Аунап жатар жерің болсын.
***
Арқа сүйер елің болсын,
Аунап жатар жерің болсын.
Алысып ойнар теңің болсын,
Сүңгіп бойлар көлің болсын.
***
Арша өскен жерінде,
Азамат өскен елінде.
***
Арық пенен семіздің
Бір-бірінен несі артық?
Қол басындай еті артық.
Ерден ердің несі артық,
Ел сыйлайтын беті артық.
***
Ас берсең, алысқа бер, айта кетер еліне.
***
Ас – елдің құты.
***
Асқар таусыз жер жетім,
Асыл ойсыз ел жетім.
***
Аспанға ай мен күн екеуі де сияды,
Жердегі бір елге екі әкім сыймайды.
***
Аспандай берме,
Жерден ұзап кетерсің,
Жерден ұзап кетсең –
Елден ұзап кетерсің.
Елден ұзап кетсең,
Барса келмеске жетерсің.
***
Аспанның жолын бұлт бөгейді,
Асқанның жолын жұрт бөгейді.
***
Асың барда ел таны,
Атың барда жер таны.
***
Асың барда ел таны, беріп жүріп,
Атың барда жер таны, желіп жүріп.
***
Ат алсаң, ауылыңменен ақылдас,
Қатын алсаң, қауымыңменен ақылдас.
***
Ат сүрінбей, жер танымас,
Ер сүрінбей, ел танымас.
***
Атадан жақсы ұл туса,
Елінің қамын жейді.
Атадан жаман ұл туса,
Елінің малын жейді.
***
Атадан жалғап болған би
Шариғатпен жұртын жер.
Кенеттен болған би
Сақалы менен мұртын жер.
***
Ата салтың – халықтық қалпың.
***
Атаққұмарлықтан аулақ бол,
Халықтың перзентінен талабы сол.
***
Аталы құл тозбайды,
Ынтымақты ел азбайды.
***
Ататекке қарамай,
Ақшаға қазақ сатылар.
Тексізден қойған биіңіз
Жұртқа тырнақ батырар.
***
Атауы кеткен елдің матауы кетеді.
***
Атты кісі жаяудың ақын жемейді,
Ақын жесе, оны жұрт «мақұл» демейді.
***
Атымтай кеткенімен, халықта аты қалды.
***
Атын бергісі келмеген
Елге қарайды,
Құсын бергісі келмеген
Жерге қарайды.
***
Атың барда жер таны желіп жүріп,
Асың барда ел таны беріп жүріп.
***
Атыңнан айрылсаң да,
Ер-тоқымыңнан айрылма.
Қатыныңнан айрылсаң да,
Қазан-ошағыңнан айрылма.
Қазан-ошағыңнан айрылсаң да,
Халқыңнан айрылма!
***
Ауған елге құрыған құдық кезігеді.
***
Аузы жаман елді бүлдірер,
Аяғы жаман төрді бүлдірер.
***
Аузы жаман елді былғар,
Аяғы жаман жерді былғар.
***
Аузы жаман елді былғар,
Аяғы жаман көлді былғар.
***
Аузы жаман елді былғайды,
Аяғы жаман төрді былғайды.
***
Ауыл болсаң, қауым бол.
***
Ауылда болса, ауызға тиеді,
Елде болса, ерніңе тиеді.
***
Ауылды келіншек бұзар,
Елді келімсек бұзар.
***
Ауылы бүтінді аман де,
Елі бүтінді есен де.
***
Ауылыңнан алғыр шықса, атың озады,
Ауылыңнан жаман шықса, елің тозады.
***
Аяғы жаман көлді былғайды,
Сөзі жаман елді былғайды.
***
Аяғы жаман төрді былғар,
Аузы жаман елді былғар.
***
Аяқтың жаза басқаны үшін бастан сұрайды,
Баланың қатесі үшін әкеден сұрайды,
Жай халықтың қатесі үшін ханнан сұрайды.
Ә
Әлем билеу үшін зерде тірек қой,
Ел билеуге керек ақыл, жүрек, ой.
maqal-matel.kz
