Абылайдан басқа төре – ас еңбегі,
Түлкі алмайтын жаман бүркіт – ат еңбегі.
***
Адамның балалық шағы – патшаның тағы.
***
Азғын заман кезіксе,
Ер басынан күн кетер.
Шайтан патша билесе,
Қауымы елді жын етер.
***
Ай, Күн ғаламға бірдей,
Патша адамға бірдей.
***
Айдап жүрген мал жақсы,
Мал жақсы емес-ау,
Арыз тыңдаған хан жақсы.
Бәрін айт та, бірін айт,
Аман тұрған жан жақсы.
***
Айырдан туған жампоз бар,
Нар емес десең нанғысыз,
Қарадан туған жігіт бар,
Ханға күнін салғысыз.
***
Ақылды жігіт атқа да қонар, таққа да қонар.
***
Ақылды жігіт атқа да отырар,
таққа да отырар.
***
Ақылды жігіт атқа да мінер,
таққа да мінер.
***
Ақылды құл ақымақ патшадан артық.
***
Ақылсыз сұлу ханымнан,
Ақылды, көріксіз күң артық.
Ақылмен іс қылған соң,
Болады онан кім артық.
***
Ақылсыз топас хандардан,
Ақылы көп дана артық.
***
Алланың атын сатып, молла семіреді,
Ханның атын сатып, қазы семіреді.
***
Алты ұл тапқан әйелді «ханым» десең болмас па,
Ата деген жігітті «жаным» десең болмас па.
***
Алты ұл туған ананы
Ханым десе болады.
Кезек сыйласқан ағайынды
Жаным десе болады.
***
Алшаңдап басар ат аз ба,
Аяңы жорғаға бергісіз.
Көкірегі сара қарт аз ба,
Білімі молдаға бергісіз.
Құт-берекелі үй аз ба,
Хан ордасына бергісіз.
***
Арғымақтың баласы
Аз оттап, көп жусайды.
Хан-төренің баласы
Аз сөйлеп, көп тыңдайды.
***
Арыстан – аң патшасы,
Жылқы – мал патшасы
***
Аспандағы айдан не пайда,
Жылынуға қолың жетпесе,
Хиуадағы ханнан не пайда,
Барсаң арызың өтпесе.
***
Ата деген баланы
Жаным десе, жарасар.
Алты ұл тапқан ананы
Ханым десе, жарасар.
***
Атасы бек болғанның баласы тек болмайды.
***
Аяқтың жаза басқаны үшін бастан сұрайды,
Баланың қатесі үшін әкеден сұрайды,
Жай халықтың қатесі үшін ханнан сұрайды.
maqal-matel.kz
