А

Адам өз қалпынан асқан күні –
Пәлекеттің басқан күні.
***
Адамзаттың тілін әбілет қана ұқпас.
***
Адым жерде олжа бар,
Адам бар жерде пәле бар.
***
Азған жанға жын жолдас.
***
Азғын заман кезіксе,
Ер басынан күн кетер.
Шайтан патша билесе,
Қауымы елді жын етер.
***
Азғыруға адамның шайтаны жаман.
***
Айтқан жерде пәле жоқ.
***
Айыбы бар адам жыннан қалмайды.
***
Ақсақ ақыл,
Таз бақыл,
Ала бәле соқырдан сақтан.
***
Ақтан жабысқан пәледен сақтан,
Аяқ астынан шыққан жаладан сақтан.
***
Алланың сайтанынан адам сайтаны жаман.
***
Алла сайтаны көрінбей жазғырады,
Адам сайтаны көрініп азғырады.
***
Арғымақты байтал бастайды,
Аруақты шайтан бастайды.
***
Аруақтың арты жын болар.
***
Арық болайын деген айуанды
Шайтан қуып оттатпайды.
***
Арық болар тоқтыны
Шайтан қуып оттатпайды.
***
Асты шашқанды –
Әбілет басады.
***
Асығып басқан адам шайтан ойнағын басады,
Аңдып басқан адам Қызырдың ізін басады.
***
Асыққан шайтанның ісі.
***
Асыққан іс – шайтанның ісі.
***
Атқа келген пәледен,
Айыл-тұрман садақа.
Басқа келген пәледен,
Бастан құлақ садақа.
***
Ауру емес, жын емес,
Мінезді қайтып жазамыз.
***
Аш ит ет тапса, асай береді:
Иесінің түйесі ме, дажалдың есегі ме, оған бәрібір.
***
Аш пәледен қаш пәле.

maqal-matel.kz