Б

Баға берме жүзіне қарап адамның,
Дана деме сөзіне қарап адамның,
Жолдас айырар оның жақсы-жаманын.
***
Бағы ашылған адам бәріне де ұнайды.
***
Бағы тайған адамды
Түйе үстінен ит қабар.
***
Базарда мың кісі,
Көңілді бір кісі.
***
Базарда мың кісі бар,
Қай сүйгеніңе сәлем берерсің.
***
Базарда мың кісі бар,
Әр кісі сүйгеніне сәлем берер.
***
Бай болайын деген жігіт
Айырбасшыл келеді.
Адам болайын деген жігіт
Қарындасшыл келеді.
***
Бай болған кісі бақырып бола ма.
***
Бай болған кісі мырза бола бермес.
***
Бай болғанда барын бермес,
Жарлы кісі қарап тұрмас.
***
Бай кісі базарға барса,
Сұм хабар табады.
***
Бай кісі балпаң келер,
Жарлы кісі жалтаң келер.
***
Бай кісі жарлыны,
Тілді кісі тілсізді,
Жас кісі кәріні керексіз қылады.
***
Байғұстың асын «биссмилла» тауысар.
***
Байғұстың аузы асқа тисе,
Мұрны қанайды.
***
Байлыққа берілмеген адам –
Кедейлікке тебіренбейді.
***
Байығанда бас имес, ол – адамның әлсізі.
***
Бақ қонатын адамның ұлы епті, қызы көрікті болады.
***
Бақ орнап дәреже біткен адамның арманы бітпес.
***
Бақытты адамның маңайы
Мұз үстінен қар жанар.
Жақсы туған баланың
Атасы төрде сөз табар.
Жаман туса баласы,
Түйе үстінен ит қабар.
***
Бақытты кімге бердің?
Кел деген кісіге.
***
Бала – адамның бауыр еті.
***
Балажанды биелер құлындарын теппейді,
Балажанды адамды бала айналып кетпейді.
***
Балықты терең билейді,
Адамды тұрмыс билейді.
***
Бар байлықты жинауға тырысқан адам бақытсыз.
***
Бар барын айтады,
Бақа бұтын тырбайтады.
Көрген адам көргенді айтады,
Көтерген әркім өтпегін сатады.
***
Бар болса, сойғанның жөні бар,
Бір қойдан он кісінің құны бар.
***
Барлық адам бірдей емес.
***
Барлық адам сендей емес,
Жат пен жуық бірдей емес.
***
Барлық адамның тағдыры бір жерде түйіседі,
Құл да өледі, қожайын да өледі.
***
Басы ауырған бақсыға барады,
Даулы кісі жақсыға барады.
***
Басы бос заттың иесі болмас.
***
Басына бәле тілеген адам
Сұлтанның сөзін қайырар.
***
Батпаққа батқан есекке өз иесінен мықты жоқ.
***
Батыр жайшылықта бір адам,
Жауға кірсе, мың адам.
***
Батыр кісі әр қатыннан туады,
Әділ кісі бір қатыннан туады.

Бауыры бүтін пенде жоқ.
***
Бәрі түгел: құт пен бақыт алдаса,
Адам бірақ өзін құртып алмаса.
***
Бейкүнә адамға тіл тигізу –
Сау тамырды қандауырмен осқылаумен бірдей.
***
Бейтаныс кісі – бітеу жаңғақ.
***
Бейтаныс кісіден таныс шайтан артық.
***
Берер кісің келгенде, ылпылда да, жылпылда,
Бермес кісің келгенде, жата қал да, ыңқылда.
***
Беретін кісім келгенде,
Бес қайнайды қазаным.
***
Бидің айтқан сөзінің бәрі кеңес,
Кісі ақылы кісіге ақыл емес.
Түнде ұры халықтың малын жесе,
Ертең жиын-тойға тіпті кірмес.
***
Биі әділ болса, елінде бір дау болмас,
Жаман биге барған адам сау болмас.
***
Болар адам он бесінде бас болар,
Болмас адам қырығында жас болар.
***
Болған кісі болдым демес,
Болдым десе болғаны емес.
***
Болмасыңды білген соң,
Болған ердің қосын жек.
Өзің адам болған соң,
Аударып тастап атпен кет.
***
Борай-борай қар жауса,
Бұ боран атты өлтірер.
Аз кісіні көп кісі
Жаман да болса, біреуіне келтірер.
***
Боранды күннің райы басқа,
Ауыратын адамның шырайы басқа.
***
Бос сөзбен қараңғы адам семіреді,
Сол әдет қара басты кеміреді.
***
Босаң адам болмашыға өкпелейді.
***
Ботаның көркі – көз,
Адамның көркі – сөз.
***
Бөрік – адамға көрік.
***
Бөтен адам сөз береді, бөз бермейді.
***
Бөтен кісінің малы мал болмайды.
***
Бұқа иесіне бұзау жоқ.
***
Бұл дүниені ұстап тұрған – махаббат,
Егер сүю болмаса, адам да болмас еді.
***
Бұл жалғанды бұзатын – арсыз адам.
***
Бұлбұл гүлзарын сүйеді,
Адал адам отанын сүйеді.
***
Бұлт болса, күн жауар,
Ашық болса, жылытар.
Өскен-туған жерлерін
Тентек кісі ұмытар.
***
Бұлттан шыққан күн ашты,
Бұзық адамның тілі ашты.
***
Бұрынғының кісісі –
Осы күнгінің кішісі.
***
Бұта түбі үй болар,
Малы көп кісі би болар.
***
Бұтағы көп ағашқа құс қонады,
Атағы жақсы адамға сөз ереді.
Ағаш басына жел үйір,
Жақсы адамға сөз үйір.
***
Біз де кісі боламыз,
Атқа кісен саламыз.
***
Білген адам білімді өмір бойы іздейді.
***
Білген адам тауып айтады,
Білмеген адам қауып айтады.
***
Білген кісі тауып айтады,
Білмеген кісі қауып айтады.
***
Білген кісінің ісі байыпты.
***
Білгеннің несі кісі,
Білмегенді кешірмесе.
***
Білегі жуан бір кісіні,
Білімі көп мың кісіні жығады.
***
Білмеген нәрсеңді сұрап алуды ар көрме,
Адам сұрап білмесе, ештеңе үйренбейді.
***
Білсе білім, күнде бақыт кісіге,
Үлкен атақ содан келер кішіге.
***
Біліксіз адам майы жоқ жілік сияқты бос қуыс болады.
***
Біліксіз кісі ауру іспетті,
Ауруды емдемесе, тез өледі.
***
Білікті адам жұрт тынғанда сөйлейді.
***
Білікті адам керекті сөзін ғана айтады,
Керек емесін бүгіп қалады.
***
Білікті адам қайда барса да, төрге шығады.
***
Білікті адам сөйлемей-ақ білініп тұрады.
***
Білікті адамның сөзі – таза гүл.
***
Білікті кісі – баға жетпес алтын,
Біліксіз кісі – бес тиын бақыр.
***
Білікті кісі тәнінен ет сыдыртып,
Біліммен жанын семіртер.
***
Білім – адам баласының ортақ қазынасы.
***
Білім – адамның байлығы.
***
Білім ал, ол өмірдің жолын ашар,
Кісіден білім білген бәле қашар.
***
Білімдар жанның ізін кес.
***
Білімдар нәпсі, тілді түзетеді,
Екеуін еркі жетіп күзетеді.
***
Білімді адам тілін билей алады.
***
Білімді бір кісі білімсіз мың кісімен тең.
***
Білімді кісі керекті сөзді ғана айтады.
***
Білімді кісі отырса,
Босаға да төр болады.
***
Білінген із біреудің жүргенін білдіреді.
***
Білініп жатқан із біреудің жүріп өткенін білдіреді.
***
Бір адам қырық адамға олжа салады.
***
Бір адам машақатпен мал жияды,
Біреу оны олжалап, шалжияды.
***
Бір адамда екі жүрек болмас,
Бір көңілде екі тілек болмас.
***
Бір адамның бір адамнан парқы бар,
Ол айырма білімменен жарқырар.
***
Бір ауыздан сөз шықса, ағайынның бірлігі,
Бір төсектен бас шықса, адамның аз күн тірлігі.
***
Бір ақылды кісі айтыпты: «бір ақша жүз елу батпан қара күштен әлдеқайда пайдалы».
***
Бір ауыз киелі сөз
Мың кісінің көңілін жадыратады.
***
Бір ел өңкей жақсы болмас,
Жыны жоқ адам бақсы болмас.
***
Бір ердің дәулетіне қырық адам мас болады.
***
Бір жыл тұт еккен кісі,
Мың жыл гауһар тереді.
***
Бір кісі арық қазады,
Мың кісі су ішеді.
***
Бір кісі мың кісіге олжа салады.
***
Бір кісінің ішіне бір аяқ ас сияды.
***
Бір қойдың қатығы іркіт болмас,
Өзі біліп, сөйлеген адамды іркіп болмас.
***
Бір лақ екі адамды талтаңдатады.
***
Бір мылтықтың аузына мың кісі сияды.
***
Бір осалдық болады екен әр ерде,
Бірер айып болады екен өнерде.
Басын алса соның үшін адамның,
Ешкім тірі қалмас еді о жерде.
***
Бір пайдадан кешіккен,
Мың кісіге дос болады.
***
Бір теңге бие болмайды,
Екі теңге түйе болмайды.
Өзінікін азсынған,
Кісінікін көпсінген
Өз малына ие болмайды.
***
Бір үй толған жансың,
Бір-біріңе меймансың.
***
Бір істі екі адамға тапсырма.
***
Біреу бетінен жазады,
Біреу ниетінен жазады.
***
Біреу білмегенді біреу білер.
***
Біреу еңбек сіңіргенде ес көріп,
Жаның болса жүр ұмытпай ескеріп.
***
Біреу күле қараса, жылы жүзбен таста көз,
Сақта тілді жаманнан, жақсы тілеп баста сөз.
***
Біреу қыз алып қашады,
Біреу қызығына қашады.
***
Біреу қырық жеті беріп қатын айттырады,
Біреу үйде жатып менікі дейді.
***
Біреу өлер қылыш сермеп, қол жиып,
Біреу өлер текке жатып қылжиып.
***
Біреу өлмей, біреу күн көрмейді.
***
Біреу сенің сындырар қазаныңды,
Сен сындырсаң біреудің тағарасын.
«Шырмайынан сақтап бер» деген мақал,
Жеген болсаң біреудің зағырасын.
***
Біреу сөзіңді сөйлесе,
Ауызың қышып бара ма?
Жұмысыңды біреу қылса,
Қолың қышып бара ма?
***
Біреу тойып секіреді,
Біреу тоңып секіреді.
***
Біреу түзер, біреу бұзар.
***
Біреу шөл болса,
Біреу көл болсын.
***
Біреу шынымды айтам деп,
Өзінің мінін айтады.
***
Біреуге алтын-күміс бер,
Біреуге атақ-біліс бер,
Біреуге тек жұмыс бер.
***
Біреуге бас қайғы, біреуге мал қайғы.
***
Біреуге баспана керек,
Біреуге асхана керек.
***
Біреуге деп ор қазсаң, өзің түсерсің.
***
Біреуге елден береді,
Біреуге жерден береді.
***
Біреуге етсең зорлық,
Өзіңе келер қорлық.
***
Біреуге кепіл тұрғанша,
Уысыңмен шоқ ұста.
***
Біреуге күш көрсетем деп,
Өзіңе тамұқ дайындап алма.
***
Біреуге оқ атпа,
Өзіңнің түсер қасыңа.
***
Біреуге ор қазба,
Ор қазсаң да, зор қазба!
***
Біреуге ор қазсаң,
Өзіңе көр қазылар.
***
Біреуге от жақпа, өзің күйерсің.
***
Біреуге пайдасы тимегесін,
Біреуден пайда көре алмайды.
***
Біреуге пышақ оқтама,
Қара пышақ қарыс ұзарады.
***
Біреуді жалғыз деме,
Жалғыз Құдай барлық жанның иесі.
Жалғыз деп біреуді азсынсаң,
Түбінде барып өзіңе тиер киесі.
***
Біреуді жамандаған, сені де жамандар.
***
Біреуді қор тұтпа,
Өзіңді-өзің зор тұтарсың.
***
Біреуді сүйгенді сүйме,
Ол үшін күйме.
***
Біреуді ұрып-ұрып саймен жүргенше,
Біреуге ұрдырып-ұрдырып қырмен жүр.
***
Біреудікі біреуге қыздай көрінер.
***
Біреудікі – күші,
Біреудікі – соты.
***
Біреудің ажалы оттан,
Біреудің ажалы судан.
***
Біреудің асын жесең, ұшаңды сайла.
***
Біреудің баласын бағып бала қыла алмайсың.
***
Біреудің баспағына өлім тілесең,
Өзіңнің өгізің өледі.
***
Біреудің басы кесілсе,
Біреуге құлақ кескендей де болмайды.
***
Біреудің ботасына дегені,
Өзінің бурасына келеді.
***
Біреудің бөркі басыңды бүркемес.
***
Біреудің бурасына дегені
Өзінің ботасына келеді.
***
Біреудің бұзауына деген,
Өзіңнің өгізіңе болар.
***
Біреудің бұзауына дегені өзінің өгізіне тиеді.
***
Біреудің бұзауына дегенің,
Өзіңнің өгізіңе көрінер.
***
Біреудің бұйымына біреу ысқырып қарайды.
***
Біреудің білмегенін біреу білер,
Біреу жылағанға біреу күлер.
***
Біреудің жоғын біреу ән салып жүріп жоқтайды.
***
Біреудің жоғын
Біреу түйе мініп жүріп жоқтамайды.
***
Біреудің көзі соқыр,
Біреудің өзі соқыр.
***
Біреудің көңілін аламын деп,
Өз көңіліңді қалдырма.
***
Біреудің қазын жиғаның,
Үйрегіңді шолып тұр.
***
Біреудің қолымен от көсеме.
***
Біреудің малы болмайды,
Ат көтергісіз дәні бар.
***
Біреудің мұқтажын өтеу өте дұрыс,
Бердім деп міндет етпеу одан да дұрыс.
***
Біреудің мысығын «піш» демейтін жігіт.
***
Біреудің өзі жақсы,
Біреудің көзі жақсы.
***
Біреудің сырын білгің келсе,
Балаларынан сұра.
***
Біреудің талын біреу кеспейді.
***
Біреудің төсін жесең,
Үйіңе келіп ұшаңды сайла.
***
Біреудің ұйқысын бұзсаң, сақтығы артар.
***
Біреуің бас, біреуің аяқ бол,
Біреуің құйрық, біреуің қанат бол.
***
Бірігіп жеу – адамның ісі,
Бермей жеу – иттің ісі.
***
Бірін-бірі түсініп, әркім ойнар өзі қатар теңіне.
***
Бітуі жаман қамысты
Су ішінде өрт алар.
Жүрісі жаман адамды
Ел ішінде жау алар.

maqal-matel.kz