Бабаңнан жүз жас үлкен бол,
Балаңнан жүз жас кіші бол.
***
Бажаны бажа көрсе, басы қышиды.
***
Бажаны көрсе, бас қышиды.
***
Бай бауырын танымас.
Сауда досқа қарамас.
***
Бай болайын деген жігіт
Айырбасшыл келеді.
Адам болайын деген жігіт
Қарындасшыл келеді.
***
Байға келін болғанша,
Кедейге қыз бол.
***
Бақ-бақ еткен текені
Жаңбыр жауғанда көр.
Шақ-шақ еткен келінді
Сиыр сауғанда көр.
***
Баладағы мал – даладағы мал.
Інідегі мал – індегі мал.
***
Баланың өзі туғандай,
Келіннің өзі келгендей.
***
Балаң жаман болса да, келінің жақсы болсын.
***
Балдыз – балдан шырын.
***
Балдыздікі балдан тәтті,
Дәмін татсаң, жалдан қатты.
***
Балта сынса, дөңбек демалады.
***
Балта сынса, дөңке демалады.
***
Бар ағайын асырай алмайды,
Жоқ ағайын көре алмайды.
***
Бар болғанның белгісі – туғандығы.
***
Бар қарындас батуда болмасын,
Жоқ қарындас жолда тұрмасын.
***
Бар қарындас батуда болмасын,
Жоқ қарындас жолда болмасын.
***
Барлық адам сендей емес,
Жат пен жуық бірдей емес.
***
Бармасаң-келмесең, жат боласың.
***
Бармасаң, келмесең, жат боларсың,
Алмасаң, бермесең, сарт боларсың.
***
Басқа келген бақытты
Қырсықты келін, кесірлі бала қашырады.
***
Басты Құдай береді,
Малды еңбек береді.
***
Бауыр болмай, тәуір болмас,
Ұру болмай, бұру болмас,
Сәуір болмай, жауын болмас,
Екі даугер ауыл болмас,
Ит баласы сауын болмас.
***
Бауыр шырын, бас тәтті,
Ағайынмен ішкен ас тәтті.
***
Бауырласың болмаса, жолдас ізде,
Жақсы жолдас – бауырлас.
***
Бауыры бүтін пенде жоқ.
***
Бауыры жоқ бағананы құшақтайды.
***
Берекелі ауылдың белгісін
Абысынның ас бергенінен байқа.
***
Берері жоқ туғаннан,
Тік сөйлескен жат жақсы.
Бүйірі жоқ қамқадан,
Бек тоқыған бөз жақсы.
***
Би болмақ ініден,
Белге шықпақ баладан.
***
Би болмақ ініден,
Билікке шықпақ баладан.
***
Бөлемісің,
Бөлені көре тұра өлемісің.
***
Бұқадан өгіз жаман қуаларға,
Ағайын жақсы болар жұбанарға.
***
Бұрын жеті ағайынды едік,
Өле-өле үшеу қалдық.
***
Бұрынғы жеңешем
Кейінгі келінге жөн айтады.
Бұрынғы пұшық
Кейінгі пұшыққа ем айтады.
***
Бүркіт алсаң, сұрын ал,
Талпынса керегең сиырылсын.
Қатын алсаң, сұлу ал,
Өлгенде ағайының талассын.
***
Бүркітін мақтағанның ұясын сұра,
Жігітін мақтағанның нағашысын сұра.
***
Білім туыс таңдамайды.
***
Бір ауыздан сөз шықса, ағайынның бірлігі,
Бір төсектен бас шықса, адамның аз күн тірлігі.
***
Бірге туған жаманды – өзім деме,
Жақсыдан жат жаманды – көзім деме.
***
Бірге туған жаманды өзім деме,
Жат жаманды көзім деме.
***
Бірге туған жаманды – өзім деме,
Жақсыдан жат жаманды – көзім деме.
***
Бірге туған жаманды өзім деме,
Жат жаманды көзім деме.
***
Бірге тумақ бар,
Бірге өлмек жоқ (бірге көмбек жоқ).
***
Бірге тумақ болса да,
Бірге жүрмек жоқ.
***
Бірге тумақ болса да, бірге өлмек жоқ.
***
Бітісі жаман қамысты
Су ішінде өрт алады.
Туысы жаман жігітті
Түйе үстінен ит қабады.
maqal-matel.kz
