А

Абдыраған анасының қойнын ашыпты.
***
Абырой – ар еңбегі.
***
Абырой табам десең, кемтар бол.
***
Абыройды ақ отау жапты.
***
Адал биде ата жоқ,
Тура биде туған жоқ,
Туғанына бұрған биде иман жоқ.
***
Адалдық – ардың ісі.
***
Адалдық ардың ісі,
Ауырлықты көтеру нардың ісі.
***
Адам арын ойлайды,
Надан дүниеге тоймайды.
***
Адам баста ары таза жаралған.
***
Адам жақсысы – арынан,
Ат жақсысы – жалынан.
***
Адамға тілене беру – ұят:
Тапқан наны көбейгенімен,
Абыройы азады.
***
Адамды алдау –
Арыңның алдында қылмыс.
Ағаңды алдау –
Анаңның алдында қылмыс.
***
Адамның ары – оның досы.
***
Адамның ұяты бетінде,
Адамгершілігі ниетінде.
***
Адамшылықтың жоғарғы сатысы – арын сақтау.
***
Азын-аулақ малың болсын,
Орта ғана халың болсын,
Кіршіксіз арың болсын,
Жүк көтергіш нарың болсын,
Басың аман, денің сау болсын –
Бақыт деген сол.
***
Айтақтай-айтақтай,
Қасқырдан да ұят болды.
***
Ақы – арсыз, бай – қырсыз.
***
Ақыл-санаң барында, кір жуытпа арыңа.
***
Ақылдан аспа, ұятты баспа.
***
Ақымақта ар болмас.
***
Ақыннан тақпақ қалады,
Арсыздан шатпақ қалады.
***
Ақшаның жайын жарлыдан сұра,
Адамның жайын арлыдан сұра.
***
Ақшаңнан айрылсаң,
Өкінерсің, күйінерсің.
Арыңнан айрылсаң,
Қайтып тірі жүрерсің.
***
Алдыраған анасының қойнын ашыпты.
***
Алған мұрат емес,
Қалған ұят емес.
***
Алғаның жақсы болса – абыройыңның тұрағы,
Атың жақсы болса – дүниенің пырағы.
Балаң жақсы болса – екі көздің шам-шырағы!
***
Алдамшыда ар болмас.
***
Алла деген ар болмас,
алла деген пенделер,
еш нәрсеге зар болмас.
***
Алмауыттан ат мінсең,
Жақын болар алысың.
Әдепті, арлы жар сүйсең,
Оңғарылар бар ісің.
***
Алып күштен де ар күшті,
Арды сақтай білу одан да күшті.
***
Аманатқа қиянат – зор ұят.
***
Ар қайда болса,
Ұят сонда.
***
Ар, намысы бар жігіттің
Жолдасы бар жолында.
Ар, намысы жоқ жігіттің
Ұяты бар қолында.
***
Ар сатып алған атақтан,
Тер сатып алған мал артық.
***
Ар сауғанның ары кетеді,
Бағасы қалмайды.
***
Ар төгілгенше, қан төгілсін.
***
Ар-ұжданы жоқ кісіге өкпелеме.
***
Арақ намыс пен арыңды құртар,
Үйіңдегі барыңды құртар.
***
Аран үшін арын сатқан оңбас,
Арам үшін жанын сатқан оңбас.
***
Арғымақ аттың жалын қорға,
Асыл заттың арын қорға.
***
Арда сауғанның ары кетеді.
***
Ардан безген ұяттан
Тағдырдан келген өлім артық.
***
Арзымасқа алдырма,
Аяғыңнан шалдырма.
Арзымасқа алдырып,
Аяғыңнан шалдырып,
Атаңды ұятқа қалдырма.
***
Арланған мен ұялған білімсіз қалар.
***
Арлы адамның белгісі шындыққа жығылады,
Арсыз адамның белгісі құр күлкіге ұрынады.
***
Арлы арына қараса,
Арсыз жеңдім дейді.
***
Арлы арына қараса,
Арсыз күшке келер.
***
Арлы әйелден арсыз дәметеді.
***
Арлы таз бұйығып жүреді,
Арсыз таз құнығып жүреді.
***
Арпалыссаң, ар кетер,
Жанжалдассаң, жан кетер.
***
Арсыз адам қорқақ келеді,
барлауға шорқақ келеді.
***
Арсыз адам – тұзсыз тағам.
***
Арсыз – адамның қоры.
***
Арсыз болса – қыз қорлық,
Ақылсыз болса – ұл қорлық.
***
Арсызбен алысқанша,
Арлымен таныс.
***
Арсызбен сыйлас болғанша,
Арлымен мұңдас бол.
***
Арсызда бет болмайды,
Еріншекте ниет болмайды.
***
Арсызда бет болмайды,
Азғында кек болмайды.
***
Арсыздық – ашыққаннан шығады,
Аңсыздық – асыққаннан шығады,
Пәсміздік масыққаннан шығады.
***
Арсыздың айты алты күн.
***
Арсыздың беті – қансыз.
***
Арсыздың сөзінде тұрақ жоқ,
Көзі бар да, құлақ жоқ.
***
Арсызға алты күн мейрам.
***
Аруана нардан туады,
Қас масқара қарадан туады.
***
Ары жоқ жігіттен намысы бар қыз артық.
***
Арық атқа жал бітер,
Арық қойға май бітер.
Сұғанаққа шыр бітпес,
Ұятсызға ар бітпес.
***
Арын сатқан бәрін сатар.
***
Арын сатқан ер оңбас,
Ажарын сатқан сері оңбас.
***
Арын сатқан кәріден,
Еңбегін сатқан бала артық.
***
Арың үшін алыссаң, өлмейсің.
***
Арыңды ардақтасаң,
Отаныңды сыйла,
Өйткені Отан арыңнан да қымбат.
***
Арыңды сатпа, малың сат.
***
Арыңды сатып мал жима,
Арам өлген артық одан да.
***
Арыңды сатып ішпе,
Теріңді сатып іш.
***
Арыстанға темір тор ар емес.
***
Арыстанға темір тор ар да емес, қор да емес.
***
Арыстанға темір шынжыр ар емес.
***
Аспандағы құсты жердегі жем ұятқа қалдырар.
***
Асыққан қалар ұятқа,
Сақтанған жетер мұратқа.
***
Асыққан ұятқа қалар.
***
Ат атандырып, сүйек сындырма.
***
Атадан ұл туса игі,
Ата жолын қуса игі,
Беліне садақ буса игі.
Бетіне келер ұятын
Өзі біліп жуса игі.
Өзі біліп жумаса,
Бәрінен де жоғы игі.
***
Аталы жетім – арсыз жетім,
Аналы жетім – ерке жетім.
***
Аталы жетім – арсыз жетім,
атасыз жетім – ерке жетім.
***
Аталы сөзге
Арсыз ғана жауап қайырады.
***
Аталы сөзге арсыз жауап қайырар,
Ақ пен қараны шындық айырар.
***
Аталы сөзге арсыз ғана бас имейді.
***
Аталы сөзді арсыз қайырады.
***
Атан түйеге ауыр жүктің қорлығы жоқ,
арыстанға темір шынжырдың арлығы жоқ.
Атадан алтау туса да,
жауға шаппаған ұлдың барлығы жоқ.
***
Аты жақсымен жолдас болсаң,
Мұратқа жетерсің.
Жаманмен жолдас болсаң,
Ұятқа кетерсің.
Өзің көріп, ойланғын,
Көрсеттім жолдың төтесін.
***
Аты жүйрік алдын байқайды,
Ақылы жүйрік арын байқайды.
***
Атың жаман болса, қарың кетеді.
Балаң жаман болса, арың кетеді.
***
Аузына әлі жетпегеннің
Қолында масқарасы бар.
***
Аузына ие болғанның қолында ұяты бар.
***
Аузына ие болмағанның
Қолында ұяты бар.
***
Ауруды жасырма, әшкере қылады,
Өлімді жасырма, масқара қылады.
***
Ауыз асағанда, көз ұялады.
***
Ауыз жесе, көз ұялар.
***
Ашумен басталған іс абыроймен аяқталмайды.
***
Ашуменен іс қылсаң, қалдырады ұятқа,
Ақылменен іс қылсаң, жеткізеді мұратқа.
***
Ашыққан қарын тойынар,
Ашылған етек жабылар.

maqal-matel.kz