Адал еңбекті кім етеді,
Мұратқа сол адам жетеді.
***
Адамды арман қосады,
Алшақты дәрмен қосады.
***
Адамның аяғы жерді шарласа,
Қиялы көкті шарлайды.
***
Азды көпке қосқанның арманы жоқ.
***
Азусыз ат,
Азулы бие мінген жігіттің арманы жоқ.
***
Ақыл мен білім арманыңды іске асырады.
***
Ақылы жоқтың арманы жоқ.
***
Ақымақпен жолдас болсаң,
Ағып суға кетерсің.
Ақылдымен жолдас болсаң,
Арманыңа жетерсің.
***
Ақырын-ақырын мінсе, болар торы атқа,
Ақырындап барып жетсе, болар мұратқа.
***
Алған мұрат емес,
Қалған ұят емес.
***
Алысқа сілтейтін –
Асыл – мұрат.
***
Аман адам амалымен пәрменді,
Өткереді талай мақсат, арманды.
***
Арғымақты армандағанша,
Байталыңа бақ тіле.
***
Арман – адамға қанат.
***
Арманда өлгенше, қармана өл.
***
Армандаған арғымақтан,
Қолыңдағы тай артық.
***
Армансыз адам – алысқа бармас.
***
Арманы бар адамның
Бойында қайнар қуаты,
Алдында жанар мұраты.
***
Арманы жоқ жас –
Қанатсыз қарлығаш.
***
Арманы жоқ жігіттің дәрмені жоқ.
***
Арманы жоқ жігіттің,
Пәрмені жоқ.
***
Артым тұман,
Алдым ашық.
***
Асқа талау түссе,
Ант ұрғанның мұратын береді.
***
Асқа талау түссе, иттің мұратын береді.
***
Асыққан қалар ұятқа,
Сақтанған жетер мұратқа.
***
Ата өліп, бала қалса,
Мұратына жеткені.
Бала өліп, ата қалса,
Арманы іште кеткені.
***
Ата тұрып бала қалса, мұратына жеткені,
бала өліп ата қалса, арманы іште өлгені.
***
Атқа талау тисе, иттің мұраты береді,
Жақсы кісі аттан жығылса, жаман табаға келеді.
***
Аты жақсымен жолдас болсаң,
Мұратқа жетерсің.
Жаманмен жолдас болсаң,
Ұятқа кетерсің.
Өзің көріп, ойланғын,
Көрсеттім жолдың төтесін.
***
Аты жаманның арманы кетер,
Баласы жаманның дәрмені кетер.
***
Атың жақсы болса, жолдың пырағы,
Балаң жақсы болса, көңіліңнің шырағы.
Атың жаман болса, арманың кетеді,
Балаң жаман болса, дарманың кетеді.
Қатының жаман болса, үйіңнен мейманың кетеді,
Үйге мейман келгенде бұға-бұға кетерсің.
***
Атың жаман болса, арманың кетеді,
алғаның жаман болса, мейманың кетеді.
***
Атың жаман болса, арманың кетер.
Балаң жаман болса, дәрменің кетер.
Алғаның жаман болса, келгенің кетер.
***
Атың жаман болса,
Арманың кетер.
Балаң жаман болса,
Пәрменің кетер.
Қатының жаман болса,
Жылай-жылай өмірің өтер.
***
Атың жаман болса, бойыңнан дәрменің кетер,
Перзентің жаман болса, кеуіліңде арманың кетер,
Әйелің жаман болса, үйіңнен мейманың кетер.
***
Ашуменен іс қылсаң, қалдырады ұятқа,
Ақылменен іс қылсаң, жеткізеді мұратқа.
maqal-matel.kz
