Б

Бабаның тал қондырғаны –
Өзіне ат қалдырғаны.
***
Бағың жанса, сордың барын ұмытпа,
Атың шықса, қордың барын ұмытпа.
***
Байдың атын қатын шығарады.
***
Байдың атын қатын шығарады,
Қатынның атын жетім шығарады.
***
Бақ орнап дәреже біткен адамның арманы бітпес.
***
Бақылдың даңқы шықпайды.
***
Бар ізгілік түйсіктіге саяды,
Ер біліммен өсіп, атын жаяды.
***
Батыр даңқы – ел даңқы,
Балық даңқы – көл даңқы.
***
Батыр деген – бір-ақ ат,
Би деген – ақ шариғат.
***
Батырдың ажалы атынан,
Ақынның ажалы қатыннан.
***
Батырдың атын жау шығарады,
Шешеннің атын дау шығарады.
***
Беделің артса, беліңде жүк ауырлар.
***
Беделің – сәулетің,
Еңбегің – дәулетің.
***
Берген ердің аты шығады,
Аты шыққан мәңгі жасайды.
***
Бетсіз болсаң, белгісіз боларсың,
Белгісіз болсаң, елсіз қаларсың.
***
Биік таудың төбесін көріп, түбіне барма,
Жақсының атын естіп, үйіне барма.
***
Биікпін деп созба мойын,
Биік атақ емес мойын.
Жұртыңнан асып жатса ойың,
Сен шығатын дөңес дайын.
***
Боқ жағылған нетеді, жуса кетеді,
Ат таңылған нетеді, сүйегімен кетеді.
***
Бөспе атаққа қызығады,
Бөрі тамаққа қызығады.
***
Бұтағы көп ағашқа құс қонады,
Атағы жақсы адамға сөз ереді.
Ағаш басына жел үйір,
Жақсы адамға сөз үйір.
***
Білсе білім, күнде бақыт кісіге,
Үлкен атақ содан келер кішіге.
***
Білікті біліп айтар, сөзін ұтар,
Ол емес бос сөзіңді бедел тұтар.
Білімсіз не айтса да, білмей айтар
Өз тілі өзінің кеп басын жұтар.
***
Білім болса, бектер биік заңғар-ды,
Жақсы атанып, ашар ізгі заңдарды.
***
Білімді өлсе, қағазда аты қалар,
Ұста өлсе, істеген заты қалар.
***
Білімдінің атағына,
Білімсіздің жатағына жиналады.
***
Біліммен атың шығады,
Өзің өлсең де, атың қалады.
***
Білімі бардың аты өседі,
Білімі жоқтың аты өшеді.
***
Бір жақсы халыққа тұлға,
Мың жаман тұрмайды пұлға.
***
Бір іс қылса, ақысын бер тіленбей:
Ішкіз, жегіз, үлестіріп шүлендей.
Ел ішінде сәл нәрседен пышырап,
Атың жүрер жаман сөзге ұшырап.
***
Біреуге алтын-күміс бер,
Біреуге атақ-біліс бер,
Біреуге тек жұмыс бер.

maqal-matel.kz