Абысын тату болса, ас көп,
Ағайын тату болса, ат көп.
***
Абысын тату болса, ас көп болар,
Ағайын тату болса, ат көп болар.
***
Абысын тату болса, шыж-мыж көбейеді,
Ағайын тату болса, сіз-біз көбейеді.
***
Ағайын ала болса,
Ауыздағысынан айрылар.
***
Ағайын аразынан ақсайды,
Ат тұрасынан ақсайды.
***
Ағайын бар болса, көре алмайды,
Жоқ болса, асырай алмайды.
***
Ағайын бар болсаң, көре алмайды,
Жоқ болсаң, бөліп бере алмайды.
***
Ағайын мен жекжат арасын,
Майына мінген аты айырады,
Немесе оқымаған бата айырады.
***
Ағайын тату болса, ат көп,
Абысын тату болса, ас көп.
***
Ағайын, туған кімде жоқ,
Сыйласпаса, жат жуық.
***
Ағайынды ажын ажыратар,
Ақ жүзіңді әжім ажыратар.
***
Ағайынның азары болса да, безері болмайды.
***
Ағайынның азары көп болса да,
Безері болмас.
***
Ағайынның аразы ауыздың сасығыменен бірдей.
***
Ағайынның аразы болса да, безері болмайды.
***
Ағайынның өкпесі айтуменен кетеді,
Дұшманның өкпесі кек алумен бітеді.
***
Адам ұйымшыл, мал үйіршіл.
***
Адасқан қазды жиылған қарға жейді.
***
Ажыраған бірін-бірі іздейді.
***
Айрылған азады, косылған озады.
***
Айрылған аюға жем,
Бөлінген бөріге жем.
***
Айрылғанды атты мен жаяу да ұрады,
Қосылғанға қол қусырып тұрады.
***
Айрылғанның азары шын,
Қосылғанның озары шын.
***
Айыратын жаман бар,
Қосатұғын жаран бар.
***
Айырылар дос ердің артқы қасын сұрайды.
***
Айырылар тамыр ердің артқы қасын сұрайды.
***
Айырылған азады,
Қосылған озады.
***
Айырылғанды аю асайды,
Бөлінгенді бөрі асайды.
***
Айырылма, жұртым, үйіріңнен,
Айырылсаң үйіріңнен,
Екі қолың кетпес бүйіріңнен.
***
Ақылдасқан азбас,
Жақындасқан тозбас.
***
Ақылды адам елдің бейбітшілігін тілер.
***
Ала ауыз болса ауылың,
Жау шабуылын баса алмас.
***
Ала болған алты кісіні
Ынтымақты болған екі кісі алады.
***
Ала болған елді дұшман аралар,
Туысқаның жаман болса, басын қаралар.
***
Ала болған елді дұшпан аралар.
***
Ала болсаң, азасың,
Ынтымақты болсаң, озасың.
***
Алтау ала болса, ауыздағы кетеді,
Төртеу түгел болса, төбедегі келеді.
***
Алтау ала болса,
Ауыздағы кетеді,
Төртеу түгел болса,
Түстік жерден түсім түседі.
***
Алшаңдап басар ат аз ба,
Аяңы жорғаға бергісіз.
Көкірегі сара қарт аз ба,
Білімі молдаға бергісіз.
Құт-берекелі үй аз ба,
Хан ордасына бергісіз.
***
Аңдысқан ауыл болмас,
Ерегескен ел болмас.
***
Арамдық кірген үйден тыныштық қашады.
***
Арамза туған мал өспес,
Араздық қылған ел өспес.
***
Арашаға бой бермеген
Арашаға зар болар.
***
Арашашы болсаң, алты таяққа шыда.
***
Арғымақтың зықын
Бүгелек шығарады.
Азаматтың зықын
Сүмелек шығарады.
***
Артқы айылым берік болса,
Атым тулап нетерсің.
Ағайында бірлік болса,
Жатым маған нетерсің.
***
Ас жүрген жер – береке,
Жас жүрген жер – мереке.
***
Асу-асу белдер бар,
аса алмай жаудың аты өлсін,
ағайынмен тату бол,
айыра алмай жат өлсін.
***
Ата-анаңды сыйласаң, көп жасарсың,
сыйламасаң жан қинарсың.
***
Ата сыйласаң алдыңа келер.
***
Атқа мінгеспе,
Мінгессең, үндеспе!
***
Аузың бір болса, аспандағыны аласың,
Аузың ала болса, алақандағыны алдырасың.
***
Ауызбірліктің алды – ас.
***
Ауыл ала болса, ауыздағы кетеді,
Ынтымаққа Қырымдағы жетеді.
***
Ауыл болсаң – қауым бол.
***
Ауыл иті ала болса да,
Бөрі келгенде бірігеді.
***
Ауыл иті ала болса да,
Бөрі көргенде бірігеді.
***
Ауыл иті бөріні көрсе, жарасар.
***
Ауыл итінің аузы ала болса да,
Бөрі көргенде бірігеді.
***
Ауылға айтсаң, асар,
Көршіге айтсаң, қосар.
***
Ауылы бүтінді аман де,
Елі бүтінді есен де.
***
Ауылы бірдің – ауызы бір.
***
Ауылың ынтымақты болса,
Суалмас көлдейсің.
Ауылың ынтымақсыз болса,
Су бармас шөлдейсің.
***
Ашу ажыратады,
Ақыл жадыратады.
***
Ашу – шабыстырады,
Ақыл – табыстырады.
maqal-matel.kz
