Б

Бағы қайтқанның малын бақпа,
Іші қараның дауын айтпа.
***
Бақ-бақ еткен текені қар жауғанда көрерміз,
Батырсынған жігітті жау келгенде көрерміз,
Шешенсінген жігітті дау келгенде көрерміз.
***
Баласы көп болса,
Ұрыс бастайды.
Жылқысы көп болса,
Қоныс бастайды.
***
Балықшының баққаны ау,
Даукөстің баққаны дау.
***
Бар бәле әйелден (әйел туралы даудан).
***
Барма ханға, өзі келер малға,
Барма биге, өзі келер дауға.
***
Барымта қайтыс болмай,
Дау айтыс болмас.
***
Барыс-келіс – достың ісі,
Ұрыс-керіс – қастың ісі.
***
Бастықтарға қарсылық етуші
Құдайдың бұйрығына қарсылық етеді.
***
Басы ауырған бақсыға барады,
Даулы кісі жақсыға барады.
***
Басыңа дау келсе, билігің зая,
Үй артына жау келсе, ерлігің зая.
***
Басыңа дау келсе,
Билігің кетер.
***
Басыңда дауың жоқ болса,
Итке кепіл бол.
***
Батыр – жау барда сыйлы,
Би – дау барда сыйлы.
***
Батыр – жауда,
Сабыр – дауда.
***
Батыр жауда көрінеді,
Данышпан дауда көрінеді.
***
Батыр жігіт – жау көркі,
Шешен жігіт – дау көркі.
***
Батырдың атын жау шығарады,
Шешеннің атын дау шығарады.
***
Батырлық жолдасқа пайда, жанға қас,
Мырзалық қонаққа пайда, малға қас,
Өткір сөз дауға пайда, ауруға қас.
***
Бауыр болмай, тәуір болмас,
Ұру болмай, бұру болмас,
Сәуір болмай, жауын болмас,
Екі даугер ауыл болмас,
Ит баласы сауын болмас.
***
Бекер келсе, жұмыстан қаласың,
Арашашы келсе, ұрыстан қаласың.
***
Беті қайтқанның дауын айтпа,
Бағы қайтқанның малын айтпа.
***
Би әділ болса, дауды тындырады,
Залым болса, сөнген дауды жандырады.
***
Би екеу болса, дау төртеу.
***
Би екеу болса, дау төртеу болады.
***
Бие құлын тастаса,
Құйрығы шолақ ту келеді.
Қырсық шалған ауылға
Өзінен-өзі шу келеді.
***
Биі әділ болса, елінде бір дау болмас,
Жаман биге барған адам сау болмас.
***
Боранның алды құйын,
Ұрыстың алды ойын.
***
Бұқа буға семіреді,
Тентек дауға семіреді,
Қайғысыз қара суға семіреді.
***
Бүлік сүріндіре алмағанды,
Білім сүріндіреді.
***
Бүлікке бастар шындықтан,
Салиқалы өтірік артық.
***
Білмес наданнан би қойсаң,
Жұртыңды дауға алдырар.
***
Бір байдың жұртына екі тышқан таласады.
***
Бір дауда екі күмән жоқ,
Бір істе екі жаза жоқ.
***
Бір күн ұрысқан үйде
Қырық күн береке болмайды.
***
Бір тентек бір ақылды таласса,
Атысқан жаудай болар.
Екі тентек дауласса, сап-саудай болар.
***
Біреуден алсаң аманат,
Берсең, жақсы саламат.
Жанжал қылсаң, бақ кетер,
Ақыры болар жаман ат.

maqal-matel.kz