Ағаш еккенге, мал баққанға бітеді.
***
Ағаш еккеннің аты қалар.
***
Адам ақылымен бай,
Жер дақылымен бай.
***
Аз дәлелден көп мағына тәлім болады,
Уыс дәннен бидайдың қасиеті мәлім болады.
***
Ай-айдың оты басқа.
***
Айда келген сөк жер,
Күнде келген – сөгіс.
***
Ақ бидайдың қадірін
Ашыққанда білерсің.
Ағарғанның қадірін
Қыс шыққанда білерсің
***
Ақпа құлаққа айтылған сөз
Сиырдың мүйізіне лақтырылған дәнмен тең.
***
Ақтаған тарың таусылар,
Ақиған көзің басылар.
***
Ақылды елден сұра,
Дақылды жерден сұра.
***
Ала еккен аз алады.
***
Алпысқа келгенде арпаның кебегі алтын көрінеді.
***
Алтын болмаса, зергер қор болар,
Жер болмаса, диқан қор болар.
***
Алтын-күміс тас болған,
Арпа-бидай ас болған.
***
Алтын – тас,
Дақыл ас.
***
Алуа же, тары же,
Тояды қарын бәріне.
***
Алыстағы астықтан
Жақындағы сабан артық.
***
Арам шөп егінді аздырады,
Еріншектік ерді аздырады.
***
Арбаны ат тартпайды,
Арпа тартады.
***
Арпа ас екен,
Алтын тас екен.
***
Арпа берген кісіден есек қашпайды.
***
Арпа берсең атқа бер,
Күтір-күтір шайнасын.
Қызды берсең жатқа бер,
Алыс-жақынды ойласын.
***
Арпа берсең, атқа бер,
Күтір-күтір шайнасын.
Қызды берсең, жасқа бер,
Құшақтасып ойнасын.
***
Арпа берсең атқа бер,
Күтір-күтір шайнасын.
Қызды берсең қартқа бер,
Сақалымен ойнасын.
***
Арпа, бидай ас болады,
Сары қауын қақ болады.
Сарымайға жаншыған
Сөктің дәмі көп болады.
***
Арпа-бидай ас болды,
Алтын-күміс тас болды.
***
Арпа, бидай ас болар.
***
Арпа, бидай –
Ас екен,
Алтын, күміс –
Тас екен.
***
Арпа егіп, бидай орамын деме.
***
Арпа егіп, бидай оруға бола ма?
***
Арпа жеген ат ойнақтар.
***
Арпадан ат арымайды
***
Арпаң болса, атқа қамшының керегі не?
***
Арпасы бардың ат арымас.
***
Арпасыз ат бел аса алмайды,
Арқаусыз батыр жау ала алмайды.
***
Арпасыз ат жол алмас.
***
Арпасыз ат жүрмес,
Арқасыз алып жеңбес.
***
Арпасыз ат қыр аса алмас,
Арқасыз батыр жау ала алмас.
***
Арпасыз ат қыр аспас,
Арқасыз батыр қол жимас.
***
Арпасыз ат қыр аспас,
Жәрдемсіз алып жау жеңбес.
***
Арпасыз ат шаппас,
Тірексіз ер жау алмас.
***
Арпасыз дорбаға ат та жақындамайды.
***
Арпасыз дорбаны ат иіскемейді.
***
Аса диқан ішінде ас жатады,
Аса жалқау күнара аш жатады.
***
Ас атасы – нан,
Нан атасы – дән.
***
Астығы бар аш болмас.
***
Астық жоқ жылы тіленші қыстайды.
***
Ат айналып қазығын табады,
Тиірмен айналып шүмегін табады.
***
Ат мінсең, еріңді сайла,
Егін ексең, келіңді сайла.
***
Атан өгіз мүйізімен де
Соқа сүйрей алады.
***
Атасы жер жырта білмеген,
Баласы тұқым себе білмес.
***
Атты арпамен айда.
***
Атына қарай –
Тұрманы.
Егініне қарай –
Қырманы.
***
Атына қарай тұрманы,
Еңбегіне қарай қырманы.
***
Аударыспақ ойнаса,
Таздың көті қолпылдар.
Қапта астық таусылса,
Қатын көті қолпылдар.
***
Ауызбен орақ орғанның белі ауырмайды.
***
Аштың көңілі ақ ұнда,
Тоқтың көңілі сағымда.
maqal-matel.kz
