Базардан қалған бір күн қалар,
Егістен қалған бір жыл қалар.
***
Байды Құдай ұрарында барымтаны бастайды,
Кедейді Құдай ұрарында пісіп тұрған егінін ормай тастайды,
Биені Құдай ұрарында құлын тастайды.
***
Бақпаса мал өспейді,
Баптамаса егін өспейді.
***
Бақыт кетсе қолыңнан,
Әуелі досың менен құдаң кетер,
Бидай еккен жеріңе тікен бітер.
Бақыт, дәулет басыңа қайта қонса,
Әр жерден дұшпандарың жылт-жылт етер.
***
Балық басын алады,
Егін есесін алады.
***
Балық бәсін алады,
Егін есесін алады.
***
Балықшының үйіне барсаң, қарма жерсің,
Егіншінің үйіне барсаң, жарма жерсің.
***
Барымтадан қорыққан мал жимас,
Судан қорыққан дән жимас.
***
Батырдан кеңес сұрасаң,
Қылыш, мылтық, байрағын айтар.
Шаруадан кеңес сұрасаң,
Соқасы мен тайлағын айтар.
Қасаптан кеңес сұрасаң,
Пышағы мен қайрағын айтар.
***
Беде ексең, мал семіз,
Егін ексең, ел семіз.
***
Берген алар, еккен орар.
***
Берсең, аларсың,
Ексең, орарсың.
***
Берсең – аласың,
Ексең – орасың.
***
Бидай арқасында бидайық су ішеді.
***
Бидай егіп, арпа ормас болар.
***
Бидай көрсетіп, арпа сатады.
***
Бидай күзде пісер,
Пайдасы сонда түсер.
***
Бидай қырда, күріш Сырда,
Жемістердің ғажабы Жетісуда.
***
Бидай наның болмаса да,
Бидай сөзің болсын.
***
Бидайды қуырған,
Қойды шұбырған құртады.
***
Бидайды қуырған құртады,
Қойды шұбырған құртады.
***
Бидайдың арқасында қарамық су ішеді.
***
Бидайдың барар жері тиірмен.
***
Бидайдың баратын жері – диірмен.
***
Бидайдың жамбасы жерге тисе,
Аузың нанға тиеді.
***
Бидайдың кеудесін көтергені –
Дәнінің жоқтығы.
Жігіттің кеудесін көтергені –
Ақылының жоқтығы.
***
Бидайықтың дәні болғанша,
Бидайдың сабағы бол.
***
Бөрене кессең, шыбық ек.
***
Бөріден қорыққан мал жимас,
Тышқаннан қорыққан дән жимас.
***
Бұ сараңнан түк дәметпе, көнбейді,
Сортаң жерге еккен бидай өнбейді.
***
Біз де қатын болармыз,
Қапқа тары салармыз.
***
Білмегенге үйрет,
Жерге соқаны салып сүйрет.
***
Бір бидай көз көрім жерге жеткізеді.
***
Бір жыл тұт еккен кісі,
Мың жыл гауһар тереді.
***
Бір қазанға екі бидай қуырылмас.
***
Бір түйір дәнде бір тамшы тер бар.
***
Бірді сепсең, жерге,
Мыңды берер, елге.
***
Біреудің жер көтермес малы бар,
Біреудің ат көтермес дәні бар.
***
Біреудің малы болмайды,
Ат көтергісіз дәні бар.
maqal-matel.kz
