Б

Бағы бардың иті үреген, аты жүреген болады.
***
Бағы тайған адамды
Түйе үстінен ит қабар.
***
Базардың иті ауылдың итін қаламайды.
***
Бақытты адамның маңайы
Мұз үстінен қар жанар.
Жақсы туған баланың
Атасы төрде сөз табар.
Жаман туса баласы,
Түйе үстінен ит қабар.
***
Баламның баласы,
Ала күшік анасы.
***
Баласы жақсының әкесін ат үстінен көтеріп алады,
Баласы жаманның әкесін ат үстінен ит қабады.
***
Балықтың батасы жоқ,
Иттің атасы жоқ.
***
Барақы да балтырдан алады.
***
Бардың баласы би болар,
Жоқтың баласы қамшы астында ит болар.
***
Бассыз үйдің иті осырақ.
***
Басыңда дауың жоқ болса,
Итке кепіл бол.
***
Батыр деген Барақ ит болар,
Екі қатынның бірі табатұғын.
Би деген ақсары ат болар,
Айында біреу табатұғын.
***
Бауыр болмай, тәуір болмас,
Ұру болмай, бұру болмас,
Сәуір болмай, жауын болмас,
Екі даугер ауыл болмас,
Ит баласы сауын болмас.
***
Бәйбіше – Құдай бұйрығы,
Тоқал иттің құйрығы.
***
Бедеу аттың жорғалағаны айып,
Тазы иттің үргені айып.
***
Би жоқта құл жүреді жораға,
Ит жоқта шошқа үреді қораға.
***
Боранды күні бала құтырады,
Жұт жылы ит құтырады.
***
Боранды күні ит пен бала құтырар.
***
Бөлтірікті асырағанымен ит болмас.
***
Бөрі арығын білдірмес,
Итке жүнін қампайтар.
***
Бөрі баласын асырасаң, ит болмайды.
***
Бөрі баласын бөркіңе салсаң, ит болмас.
***
Бөрі жеген бөксемді
Ит несін аяйды.
***
Бөрі көргенде бірігетін
Ауыл итінің мінезіндей.
***
Бөрі қартайса, итке күлкі болар.
***
Бөрінің тойына барсаң,
Бөрібасарды ерте бар.
***
Бұйдалаған тайлақтай,
Жетелеген мойнақтай.
***
Бұралқы ит үнімен жағады.
***
Бұралқы ит үргеніменен жағады.
***
Бүркіт аш болса, алады,
Тазы тоқ болса, алады.
***
Білмегенім – бит,
Емдемегенім – ит.
***
Бір ауылдың иті бір ауылға үрмейді.
***
Бір бөрінің баласы алты болар, бес болар,
Абзалы оның бір болар.
Абзалынан айрылса,
Әрқайсысы әр далада
Әрбір итке жем болар.
***
Бір ит көріп үрсе,
Екі ит еріп үреді.
***
Бірігіп жеу – адамның ісі,
Бермей жеу – иттің ісі.
***
Бітуі жаман қамысты
Су ішінде өрт алар.
Жаман туған жігітті
Түйе үстінен ит қабар.
***
Бітісі жаман қамысты
Су ішінде өрт алады.
Туысы жаман жігітті
Түйе үстінен ит қабады.

maqal-matel.kz