Б

Базарда мың кісі,
Көңілді бір кісі.
***
Базарда пұлы бардың көңілі тоқ,
Қатындардың, қарасаң, опасы жоқ.
***
Байдың жаны кейісе,
Құдайын қарғайды.
Кедейдің жаны кейісе,
Құралайын қармайды.
***
Бақсаң, қайғы-қуаныштың арты сол,
Мәз боп өссең, мұң басады, шарты сол.
Семіртеді, шат қып көңіл өсірер,
Аздырады сосын қайғы-қасірет.
***
Бала – көңілдің гүлі, көздің нұры.
***
Балуанға түсер жігіттің
Көңілін аулап, сөзін ал.
***
Балық көті жылмағай,
Ұстаған көңілі тынбағай.
***
Басы қараның көңілі жаралы.
***
Бәйгеге қосар атыңның
Ерін алма, терін ал.
Күреске түсер батырдың
Көңілін жайла, шерін ал.
***
Бергенге тұрмайды,
Пейілге тұрады.
***
Бетім жаман болса да, ниетім жақсы.
***
Биік тауға шыққанның
Алысқа көзі ашылар.
Жақсыменен сөйлескен
Көңіл көзі ашылар.
***
Биік төбеге шықсаң,
Көзің ашылады.
Жақсыменен сөйлессең,
Көңілің ашылады.
***
Биікке шықсаң, көңілің ашылар,
Жақсымен тілдессең, зейінің ашылар.
***
Болса, данам, көңіл тура, тіл майда,
Ризығың таусылмайды ондайда.
***
Болымсыздан өнер шықпас,
Көңілсізден күлкі шықпас.
***
Бораған боран басылар,
Бұйыққан көңіл ашылар.
***
Босаң адам болмашыға өкпелейді.
***
Бұқаның өзі қартайса да, мұрны қартаймайды.
Жақсының өзі қартайса да, көңілі қартаймайды.
***
Бұқарда пұлы бардың көңілі тоқ.
***
Бұрқанған боран басылар,
Бұйыққан көңіл ашылар.
***
Бықсыған отта шала бар,
Тымырсықта пәле бар.
***
Білімдімен жолдас болсаң,
Ішіңнен сырың шығады.
Білімсізбен жолдас болсаң,
Көңіліңнен шығын шығады.
***
Бір адамда екі жүрек болмас,
Бір көңілде екі тілек болмас.
***
Бір ауыз киелі сөз
Мың кісінің көңілін жадыратады.
***
Бір тәуекел болады,
Мың қайғыңнан қаласың.
Бір жақсы сөз бітірер
Мың көңілдің жарасын.
***
Біреудің көңілін аламын деп,
Өз көңіліңді қалдырма.

maqal-matel.kz