Ә

(Жалғасы. Басы мына жерде)

Әдемі киім – өзіңе, тәтті асыңды елге бер,
Қонақ күтіп сыйласаң, атың шығып ел кезер. (М.Қашқари)
***
Әдемі сөйлегеннің ісі әйбат. (Ж.Баласағұн)
***
Әдепті сөйле де – тыныш отыр. (Қорқыт)
***
Әдептің басы – байқап сөйлеу. (А.Йүгінеки)
***
Әділ бектің заңы – жоғары. (Ж.Баласағұн)
***
Әділ болып, жүр ұстамды пішінде,
Қуаныш бар әділдіктің ішінде.
Зейнет-рахат күткен кісі ісінен,
Оны іздесін туралықтың ішінен…
Әр ісіңнен әділдік ізде:
Тағдыр жебеп дәулеттен қол үзбегін,
Әр ісіңнен әділдікті іздегін…
Сен тілесең зор биліктің ұшпағын –
Әділет қыл, елді зорлап қыспағын. (Ж.Баласағұн)
***
Әділ жол мақсатқа жеткізеді. (С.Сарайи)
***
Әділ заң – аспан тірегі. (Ж.Баласағұн)
***
Әділ өмірді адал адам ғана сүре алады. (Көне ұйғыр жазу ескерткіші)
***
Әділ патшаның әскері халықтан құралады. (С.Сарайи)
***
Әділ сөз ащы болады. (Ж.Баласағұн)
***
Әділ сөз ірі көрінеді. (Ж.Баласағұн)
***
Әділ туған заң жақсы. (Ж.Баласағұн)
***
Әділдік – әкімдіктен де күшті. (Ж.Баласағұн)
***
Әділдік жолын өзің аш. (Ж.Баласағұн)
***
Әділдік әкімге де, әлсізге де, әркімге де – бірдей. (Ж.Баласағұн)
***
Әділдік келгенше қайыр кете тұрады. (А.Йүгінеки)
***
Әділдік мақсатқа жеткізеді. (Ж.Баласағұн)
***
Әділдіктің өзі кетіп, исі қалды. (Ж.Баласағұн)
***
Әйел де ай сәулесі сияқты: есікті жапсаң, түндіктен түседі. (Құтып)
***
Әйелге күш көрсету – ерлік емес,
Күшіңді өзіңе жұмса. (Құтып)
***
Әйелде де сүйек бар. (М.Әлі)
***
Әйелдің жалғыз жетістігі бар: ол – дақ түспеген ары. (Ж.Баласағұн)
***
Әйелі жаман еркектің жаман аты шығады. (Рашид-әд-дин. Қ.Жалаири)
***
Әке еңбегі ұл бойына сіңіскен,
Көрінеді кейін атқа міністен. (Ж.Баласағұн)
***
Әке мейірімінен ұстаз жәбірі жақсы. (С.Сарайи)
***
Әкеге қарап ұл туар. (М.Қашқари)
***
«Әкеңе игілік етсең, балаңнан соны күт, қартым!» депті біреу. (С.Сарайи)
***
Әкім болған көп тұрмас. («Көне ұйғыр жазу ескерткіші»)
***
Әкім болсаң, қызметші ал, ол – сенің аяғың, аяғыңның айыбына көз боп жүр. (Құтып)
***
Әкім көп беріп, аз алатын болсын. (Ж.Баласағұн)
***
Әкім өзгерсе де, әдет өзгермейді. (М.Қашқари)
***
Әкімдердің ашуынан сақтан. (С.Сарайи)
***
Әкіммен бірге қоңсы отырма,
Таситын судың бойына қонба,
Қамалға таяп келме. (Ж.Баласағұн)
***
Әкімнің ақысы болса,
Қараның қақысы бар. (Ж.Баласағұн)
***
Әкімнің достығына сеніп болмайды. (С.Сарайи)
***
Әкімнің мойны қылшадай, басы таудай. (Ж.Баласағұн)
***
Әкімшіліктен де гөрі әділет қымбат. (Ж.Баласағұн)
***
Әкімі зұлым болса, елі азады. (С.Сарайи)
***
Әл үстінде жатқан адамның аузына мақтамен су тамызады. (Ә.Науаи)
***
Әлем билеу үшін зерде – тірек қой,
Ел билеуге керек – ақыл, жүрек, ой. (Ж.Баласағұн)
***
Әли (пайғамбар) айтыпты: «Кім өзін жұрттан артық санаса, сол – ақымақ». (М.Әлі)
***
Әмірдің алдында сөйлегеннен тыңдаған жақсы. (Рашид-әд-дин)
***
Әр адам білігімен белгілі болады. (А.Йүгінеки)
***
Әр адамға сай келетін бір жұмыс бар,
Әр жұмысқа сай келетін бір адам бар –
Осыдан шығатын бір ғибрат бар:
Әр адам өзі білетін ісімен айналыссын. (С.Сарайи)
***
Әр айып сайын бас кесілсе, дүниеде тірі жан қалмас. (А.Йүгінеки)
***
Әр елдің өз әкімі бар (мұны арабтар айтады),
Әр үйдің өз ханы бар (мұны түріктер айтады). (Әбілғазы)
***
Әр жіліктің өз майы бар. (С.Сарайи)
***
Әр қайсысың өз жүрістеріңмен жүріңдер. (Рашид-әд-дин)
***
Әр қамалдың ақыры – харап болу. (А.Йүгінеки)
***
Әр қамалдың аяғы харап болар. (А.Йүгінеки)
***
Әр қасіреттің соңында қуаныш бар. (А.Йүгінеки)
***
Әр нәрсенің шегі бар. (Ж.Баласағұн)
***
Әр тастың бөлек-бөлек белгісі бар. (Көне ұйғыр жазу ескерткіші)
***
Әр істе сақтық керек. (Рашид-әд-дин, Қ.Жалаири)
***
Әр істі өз мезгілінде істеу керек,
Мезгілімен істелмеген іс құнтсыз. (Бабыр)
***
Әр істің басталуы ғана қиын. (Құтып)
***
Әрбір адам ақылды бола бермейді,
Жат пен жақын бірдей бола бермейді. (М.Қашқари)
***
Әркімнің ойлап жүрген бір тілегі бар. (Р.Хорезми)
***
Әркімнің өз ақылы кемел көрінеді. (С.Сарайи)
***
Әскер – бектің қанаты,
Құс қанатсыз ұша алмайды. (Ж.Баласағұн)
***
Әскерің де, қалың қол да кернейлі,
Алтын, күміс – бәрі пайда бермейді.
Алтын, күміс жинап обыр көзбенен –
Кетесің ғой екі ақ құлаш бөзбенен. (Ж.Баласағұн)
***
Әуелі көздеп ал – сосын ат. (С.Сарайи)
***
Әуелі – көріс, сонан соң – біліс. (Көне қыпшақ ескерткіші)
***
(Жалғасы бар)

maqal-matel.kz