(Жалғасы. Басы мына жерде)
Бағбан еңбектің қиыншылығын көрмесе, жұрт жемістің дәмін татпас еді. (Мажлисий)
***
Бағбан жүзімнің дәмін білмейді. (С.Сарайи)
***
Бағы ашылған адам бәріне де ұнайды. (Ж.Баласағұн)
***
Бағынбаған патшаның басы кетеді. (Құтып)
***
Бағынған елді баға біл:
Баққан елді бұйырма арзан үкімге,
Ас-суын бер, киімін де бүтінде.
Салмағың сал есепке алып күшін де,
Құдай сенен сұрар солар үшін де,
Бейнет беріп, қинама сен оларды,
Содан құдай саған дұшпан болар-ды.
Сен басынба: бәрі құлы алланың,
Өйтсең – өзің тозақ тілеп алғаның. (Ж.Баласағұн)
***
Базардың иті ауылдың итін қаламайды. (С.Сарайи)
***
Бай – аз,
Кедей – көп. (Көне ұйғыр жазу ескерткіші)
***
Бай әйел алған өмір бойы құл болып өтеді. (Ж.Баласағұн)
***
Байдың қойы желігіп қасқырға соқтықса да аман қалады. (Көне ұйғыр жазу ескерткіші)
***
Байқасаң: бақыт бір жерде тұрмайды. (Құтып)
***
Байлығы тайған бек жұртсыз күн көре алмайды. (М.Қашқари)
***
Байлық – басқа машақат:
Ашкөздік – жаман әдет серті қатты,
Өкініш, артында оның қайғы жатты.
Бай болу, кедей болу – тағдыр ісі,
Мал іздеу – ерге әшейін машақат-ты. (А.Йүгінеки)
***
Байлық үшін отқа түспе, таспағын,
Құмарлықтың мойнын жұлып тастағын. (Ю.Баласағұни)
***
Байлық іздеп, мақтан тілеп жортқанда –
Жарасады кісілігі артқанға. (Ж.Баласағұн)
***
Байлық іздеп отқа түспе түбінде,
Аттамағын жаттың ала жібін де.
Кісі жібін аттама да, қан төкпе –
Бұл екеуден қиналады жан текке. (Ж.Баласағұн)
***
Байлыққа жомарттық жарасады. (Құтып)
***
Байсалды бір мінез керек еленер,
Өмір сонда күн нұрына бөленер.
Барлық істе әрдайым бол ұстамды,
Ажыратып, таңдап, талдап түс-дәмді. (Ж.Баласағұн)
***
Байыдым деме:
Кедейлік сіңіріңе жетер,
Жетістім деме:
Қара жер түбіріңе жетер. (Ж.Баласағұн)
***
Байысаң да өлетұғын кез жетер,
Сонда саған екі-ақ құлаш бөз жетер. (Ж.Баласағұн)
***
Бақ, дәулетке мақтанба. (М.Қашқари)
***
Бақ келсе – бәрі келеді. (Ж.Баласағұн)
***
Бақ пен дәулет көшпелі. (С.Сарайи)
***
Бақ тайса, батырлық пұшаймен жейді. (Рашид-әд-дин)
***
Баққан ұлдан сәл тайса егер назарың –
Түбі соның тарттым дей бер азарын. (Ж.Баласағұн)
***
Бақсаң: қайғы – қуаныштың арты сол,
Мәз боп өссең – мұң басады, шарты сол. (Ж.Баласағұн)
***
Бақсыз балықшы телегей-теңізден де балық ұстай алмайды. (С.Сарайи)
***
Бақтағы гүлдер бір ашылып, бір жабылады. (С.Сарайи)
***
Бақылдық жүрген жерде жомарттық жасап болмайды. (С.Сарайи)
***
Бақыт жолы біліммен табылады. (А.Йүгінеки)
***
Бақыт – көктемгі бұлт сияқты. Ол – көрген түстей, ұшқан құстай өте шығады. (А.Йүгінеки)
***
Бақыт қайда болса, тыныштық сонда. (Ж.Баласағұн)
***
Бақытсыз күн де өтер,
Молшылық та жетер. (Ж.Баласағұн)
***
Бақытта баян жоқ: о да – бір ұшқан құс. (А.Йүгінеки)
***
Бақыттың да басы айналар кез келер,
Мінезі айнып, құлқы сонда өзгерер. (Ж.Баласағұн)
***
Бақыттың шалғайынан басып, күшпен ұстап тұруға болмайды. (С.Сарайи)
***
Бақыттың шалғайынан күшпен ұстап тұра алмайсың. (С.Сарайи)
***
Бақытыңды қорғасаң – жаман сөзді қолданба. (Ж.Баласағұн)
***
Бал қайда болса, ара сонда. (А.Йүгінеки)
***
Бала әкенің бел күшінен жаралып,
Құрсақта айлап жатады ғой нәр алып. (Ж.Баласағұн)
***
Бала қамы – түпсіз теңіз, терең-ді,
Әке-шеше уайымын жер енді.
Болса кімде әйел, қызы, бала да –
Қамкөңіл жан тыныш ұйқы таба ма! (Ж.Баласағұн)
***
Бала нені білсе жастан, ұядан –
Өле өлгенше соны таныр қиядан. (Ж.Баласағұн)
***
Балалар ойнап жүріп су төгеді,
Қарттар тайып жамбасып сындырады. (М.Қашқари)
***
Балаларға өнер білім берілсін,
Сұлу мінез әр өнермен өрілсін. (Ж.Баласағұн)
***
Балам бол, басқа бол – бәріңе заң біреу-ақ. (Ж.Баласағұн)
***
Баланың ісі – іс болмас,
Лақ мүйізі (пышаққа) сап болмас. (М.Қашқари)
***
Балалы үйдің сыры жатпайды. (Ә.Науаи)
***
Бар байлықты жинауға тырысқан адам – бақытсыз. (Рашид-әд-дин)
***
Бар – бақыр,
Жоқ – алтын. (М.Қашқари)
***
Бар бақытты сақта өсектен жұтатар,
Ол кіріссе – жоқтан отты тұтатар. (Ж.Баласағұн)
***
Бар бәле – әйелден (әйел туралы даудан). (Ж.Баласағұн)
***
Бар бәледен ұят сақтайды.
Барлық жақсы істің байламы да ұятта. (Ж.Баласағұн)
***
Бар бәлені туғызатын – шарап. (Рашид-әд-дин)
***
Бар боп тұрса бұрынғы әдет өрнегі –
Білімдіге тиер орын төрдегі. (Ж.Баласағұн)
***
Бар жақсыны ардақ тұтып көтергін,
Бар жаманды қу, алдыңнан кетіргін.
Жаман емес, жақсы әдетті әйбатта,
Туып күнің, жансын бағың – жат жатпа. (Ж.Баласағұн)
***
Барлық адам бірдей емес. (М.Қашқари)
***
Барлық адам сендей емес,
Жат пен жуық бірдей емес. (М.Қашқари)
***
Барлық аурудың дәрісін тауып бере бермейді. (С.Сарайи)
***
Барлық қонақ бірдей емес. (Құтып)
***
Барлық нәрсе тегіне тартады. (Бабыр)
***
Барлық істе де шамаңды біл. (Құтып)
***
Барлық істі де ынсаппен істе. (Ж.Баласағұн)
***
Барлық істің басшысы – білім мен ұғым. (Ж.Баласағұн)
***
Барша бекке ас – қатер. (Ж.Баласағұн)
***
Баршын (жібек) жамауы – баршынға,
Қаршын (жүннен тоқылған мата) жамауы – қаршынға. (М.Қашқари)
***
Барынша бөсіп мақтанғанша, тілді тістеп ұстаған жөн. (Алтын шежіре)
***
Бас аман болса, бөрік табылады. (Қорқыт)
***
Бас пен дене аман болса – тілек кетпейді,
Ер аман болса, тілегіне жетеді. (Ж.Баласағұн)
***
Бас түйенің жетегін әлдеқалай ұстай қалған тышқан, бүкіл керуенді бастайды. (Құтып)
***
Басқа қиын іс түссе, «өтеді» де сіресіп,
Уақыт ісін бөліп тұр, иніне қарай күресіп. (М.Қашқари)
***
Басқа түскен қиындық қатып қалмайды. (М.Қашқари)
***
Басқаның тісі ащы жеп қамалады,
Қазының тісі тәтті жеп қамалады. (С.Сарайи)
***
Басталған істің аяғы да болады. (Құтып)
***
Бастығы бар әскердің астығы бар. (Ж.Баласағұн)
***
Басы бос заттың иесі болмас. (М.Қашқари)
***
Басына бәле тілеген адам сұлтанның сөзін қайырар. (С.Сарайи)
***
Басыңды бұл білімің қорғап, ақтар,
Білмеген өз-өзінен қорғалақтар. (Ж.Баласағұн)
***
Басым көкке жетсін десең армандап,
Әр жұмысты біліп істе, қарма ондап.
Әдіс-айла қолданып жүр қайда да,
Өзі келер сонда құт та, пайда да.
Барлық істі сарапқа сап істегін,
Қисаппенен қазынаңды үстегін. (Ж.Баласағұн)
***
Батыр жауда көрінеді,
Данышпан дауда көрінеді. (М.Қашқари)
***
Батыр – жауда сыналады,
Жуас – жайда сыналады. (М.Қашқари)
***
Батырлардың мықтысы қарушы болады,
Жігіттердің сұлуы бауыршы болады. (Құтып)
***
Бауырласың болмаса, жолдас ізде: жақсы жолдас – бауырлас. (Ж.Баласағұн)
***
Бауырмал адамға бауырыңды бер:
Тауып айтқан зейінділер жөн берген:
«Артық емес бауырмалға жан берген». (Ж.Баласағұн)
***
Бәле әкелер рас сөзден жырақта,
Берекелі жалған сөзге тұрақта. (С.Сарайи)
***
Бәле келсе, «кетер» деп төзімді бол. (М.Қашқари)
***
Бәле іздеп келме,
Ізгілік іздеп кел. (М.Қашқари)
***
Бәлеқор жаныңда болса, бәледен бас алмассың. (Ж.Баласағұн)
***
Бәлеқорды – байытпа,
Тәкаппарды – көтерме. (Ж.Баласағұн)
***
Бейкүнә адамға тіл тигізу – сау тамырды қандауырмен осқылаумен бірдей. (Ә.Науаи)
***
Бейнет көрмеген зейнет көрмейді. (С.Сарайи)
***
Бейтаныс кісіден таныс шайтан артық. (М.Қашқари)
***
Бек алдында иіліп, көкірегін басқан қолдан, темір илеген білек мың есе артық. (С.Сарайи)
***
Бек бергенімен биіктер. (Ж.Баласағұн)
***
Бек болмаған бек болса, бұрыш сайын белгі салады. (Көне ұйғыр жазу ескерткіші)
***
Бек деген – от,
Жақын жүрме – күйесің. (Ж.Баласағұн)
***
Бек қайда барса – құлы сонда. (Ж.Баласағұн)
***
Бек қараса – назарынан қорық. (Ж.Баласағұн)
***
Бек өсер жай халықтың арқасында –
Тізгінді, үзеңгімен тартсаң да! (Ж.Баласағұн)
***
Бек тәтті өмірді сүйсе, елдің күні қараңғы. (Ж.Баласағұн)
***
Бек тілесе – бәрін де тегін алады. (Ж.Баласағұн)
***
Бектер болса ессіз,
Бұзылады ескі із. (Ж.Баласағұн)
***
Бектің бүгінгі қуанышы – ертеңгі табысында. (Ж.Баласағұн)
***
Белгісі болса, жолдан жаңылмас,
Білімі болса, сөзден жаңылмас. (М.Қашқари)
***
Берген ердің аты шығады,
Аты шыққан-мәңгі жасайды. (Ж.Баласағұн)
***
Берместің қолы бермеске берік келер. (А.Йүгінеки)
***
Бес саусақ бірдей емес. (М.Қашқари)
***
Бидай арқасында бидайық су ішеді. (М.Қашқари)
***
Бидай егіп, арпа ормас болар. (Ә.Науаи)
***
«Бидай көрсетіп, арпа сатады» деген бар. (Құтып)
***
Билеуші көркі – саясат. (Ж.Баласағұн)
***
Билік, байлық, даналық – бір өзіңе байланысты. (Көне ұйғыр жазу ескерткіші)
***
Биіктеп кетсең – құлау бар,
Қуанып кетсең – жылау бар,
У ішсең – тәтті ұнау бар. (Ж.Баласағұн)
***
Бойдақ жігітке елу құлаш бөзден де ыстан шықпайды. (М.Қашқари)
***
Бойра тоқыған зергер болмас. (Құтып)
***
«Бойың қисық болса да ақылың түзу болсын» — депті бір дана кісі. (Ж.Баласағұн)
***
Бойың қисық болса да ойың түзу болсын. (Ж.Баласағұн)
***
Бол ұстамды – қатты келсе қаһарың,
Сабыр етсең – келер шаттық баһарың. (Ж.Баласағұн)
***
Болар істің біткені жақсы. (Көне ұйғыр жазу ескерткіші)
***
Болатын бұзау өгіз болмас. (М.Қашқари)
***
Болма босаң, сақта сақтық іргесін,
Төтен бәле иектеп ап жүрмесін. (Ж.Баласағұн)
***
Болмаса бұл әлемде ғалым дана –
Бітпес ед жерге түк те қасақана. (Ж.Баласағұн)
***
Болса, данам, көңіл – тура, тіл – майда,
Ризығың таусылмайды ондайда. (Ж.Баласағұн)
***
Болымсызға бақ қонса, сол күні жоғалтады. (Ж.Баласағұн)
***
Бос жүрме,
Босқа жүгірме. (Ж.Баласағұн)
***
Бос жүріп, босқа уақыт жіберме. (С.Сарайи)
***
Бос қалмайды ізгіліктің сауабы,
Ізгілікке – ізгілік қой жауабы,
Ісіне сай жайсаң менен қасқаның,
Кісілік қыл мәрттігіне басқаның.
Қарым қайтар қызметі асқанға,
Болып әділ атың шықсын аспанға,
Ей, падишам, жақсылықтан жалықпа –
Соған орай ізгі болар халық та.
Ей, падишам, елден еңбек аяма,
Елді сақтап, ақыл-оймен аяла. (Ж.Баласағұн)
***
Бөрі қоңсысын жемейді. (М.Қашқари)
***
Бөріден – бөлтірік: қанша асырасаң да бір күні қанға бояйды. (С.Сарайи)
***
Бөрік орнына бас алар,
Ақша орнына жан алар. (Ә.Науаи)
***
Бөрілікті қойып, қойшылыққа баста. (Құтып)
***
Бөріні шопан қылсаң: «Қойды мен өлтіріп едім, жеуін түлкі жеді» дер. (Құтып)
***
Бөрінің табысы – бөлісте,
Құзғынның табысы – ағаш басында. (М.Қашқари)
***
Бөтендікі – сенікі емес. (М.Қашқари)
***
Буып ашу, кім қаһарын жаяды –
Содан бектік қасиет те таяды. (Ж.Баласағұн)
***
Бұ бақытқа сенбе:
Келер, кетер демде. (Ж.Баласағұн)
***
Бұ дүние байлығы – шашылған жем. (Ж.Баласағұн)
***
Бұ дүние опасыз ғой бәрінен,
Рахаты тез айрылар әрінен.
Қайда балы – сонда арасы бір жүрер:
Балдан бұрын татып көрші зәрінен. (А.Йүгінеки)
***
Бұ дүние – өнерліге өгей-ді,
Қамсыз адам өнері жоқ көбейді.
Өнер дәулет әкелмейді кісіге,
Сол-ақ қиын, сонда кімдер жебейді? (А.Йүгінеки)
***
Бұ дүниенің қайғысы көп. (Құтып)
***
Бұ сараңнан түк дәметпе – көнбейді,
Сотаң жерге еккен бидай өнбейді. (С.Сарайи)
***
«Бұл дүние – ғашықтар дүниесі» деп айтады біліктілер. (Құтып)
***
Бұл дүние – момындардың зынданы. (М.Әлі)
***
Бұл дүниеге сеніп болмайды. (Құтып)
***
«Бұл дүниені ұстап тұрған – махаббат, егер сүю болмаса,
Адам да болмас еді» депті біреу. (Құтып)
***
Бұл жалғанда жазығы жоқ жан бар ма? (Құтып)
***
Бұл жалғанды бұзатын – арсыз адам. (Ж.Баласағұн)
***
Бұл өмірге келген соң – жақсылық қыл,
Жаман істі жамандарға ғана қалдыр. (С.Сарайи)
***
Бұл өмірдің балында ара бар – сақтан. (Құтып)
***
Бұл тіршілік тек қана ішіп-жеу үшін берілмеген. (С.Сарайи)
***
Бұлт көтерілсе, бағбан бағын ойлайды. (Құтып)
***
Бұлт өзеннен су алса ғана жауады. (Құтып)
***
Бұлт та бұйрықпен жауады. (Р.Хорезми)
***
Бұру шықса – ру шығады. (М.Қашқари)
***
Бұрынғы ханның билігі жүрмес,
Кейінгі ханның ақылы жүрмес. (Көне ұйғыр жазу ескерткіші)
***
Бұтағы көп ағашқа құс қонады,
Атағы жақсы адамға сөз ереді,
Ағаш басына жел үйір,
Жақсы адамға сөз үйір. (М.Қашқари)
***
Бүгін атар оғың болса, ертең жауың оқ ата алмайтындай қыл. (С.Сарайи)
***
Бүгін бар дүние – ертең жоқ,
«Өзімдікі» — дегенің өзгеге кетеді. (А.Йүгінеки)
***
Бүгін барың ертең жоқ қой жалғанда,
Игілігің әлдекімге қалғанда.
Көрікті өңір көмір болып өшеді,
Түгел тасып төгіледі толған да. (А.Йүгінеки)
***
Бүгінгі істі ертеңге қалдырғанның ісі бітпейді. (Әбілғазы)
***
Бүгінгісін ертеңге қалдырған – ешқандай істі бітірмейді. (Әбілғазы)
***
Бүлікке бастар шындықтан салиқалы өтірік артық. (С.Сарайи)
***
Бытырай қашса жау оңбас. (Ж.Баласағұн)
***
Бізден бұрынғылар айтыпты:
Бір қынға екі қылыш сыймайды,
Екі еркек бір қатын ала алмайды,
Бір төрге екі төре сыймайды. (Әбілғазы)
***
Білген адам білімді өмір бойы іздейді. (А.Йүгінеки)
***
Білген адам інжуді дариядан іздейді, жер үстінен іздегендер топырақ қана табады. (Құтып)
***
Білген кісінің ісі байыпты. (Ж.Баласағұн)
***
Білгіштің қолы барлық іске жетеді. (Ж.Баласағұн)
***
Білгіші бар – жаңылмас,
Жершілі бар – адаспас. (Көне ұйғыр жазу ескерткіші)
***
Біле бер қанша білсең – тағы тіле:
Жетерсің мақсатыңа біле-біле. (Ж.Баласағұн)
***
Білетіндер төрт адам төрт адамнан тайсақтар дейді:
Қарақшы – сұлтаннан қорқады;
Ұры – қарауылдан қорқады;
Айлакер – өсекшіден қорқады;
Жезекше – тыңшыдан қорқады;
Есебі дұрыс, ісі хақ – неден қорқады?! (С.Сарайи)
***
Білмеген нәрсеңді сұрап алуды ар көрме:
Адам сұрап білмесе, ештеңе үйренбейді. (С.Сарайи)
***
Білмеген у ішеді. (Ж.Баласағұн)
***
Білмегенге алтыннан да пайда жоқ. (Құтып)
***
Білмегендер алтынды бақырдан айыра алмайды. (Құтып)
***
Білмегенді «білем» деген – күпірлік,
Тілді білген мәнін де ұғар, шүкірлік. (Арыслан Қожа Тарханның айтқаны, «Ақиқат сыйы» кітабында)
***
Білмегенді сұрап үйренген – ғалым,
Арланып сұрамаған – өзіне залым. (Ә.Науаи)
***
Білмегеннен түбінде бас ауырар. (Құтып)
***
Білік бағасын білікті біледі. (Ж.Баласағұн)
***
«Білік» деген бір қазық, барлығы соған оралар. (Ж.Баласағұн)
***
Біліксіз биік болса дәулетімен,
Білікті биігірек сәулетімен. (Ж.Баласағұн)
***
Біліксіз кісі ауру іспетті,
Ауруды емдемесе – тез өледі. (Ж.Баласағұн)
***
Біліксіз кісі барабан сияқты; сырты – сұлу, даусы зор, бірақ ішінде түк те жоқ. (С.Сарайи)
***
Біліксіз қайыр әкелмейді. (А.Йүгінеки)
***
Біліксіз қызмет қылса, жақсылық күтпе. (Ж.Баласағұн)
***
Біліксіз сөйлесе – түсінбей-ақ айта береді. (А.Йүгінеки)
***
Біліксіз шарап ішсе, жас бала болады. (Ж.Баласағұн)
***
Біліксізге бәрі де жөн көрінеді. (А.Йүгінеки)
***
Біліксізге төр тисе, «төмен» дейді. (Ж.Баласағұн)
***
Білікті адам жұрт тынғанда сөйлейді. (С.Сарайи)
***
Білікті адам қайда барса да төрге шығады. (С.Сарайи)
***
Білікті адам сөйлемей-ақ білініп тұрады. (С.Сарайи)
***
Білікті – биік тұт,
Ұғымды – ұлы тұт. (Ж.Баласағұн)
***
Білікті білім біліп, зерделі – ұғар,
Жүзеге осы екеуі алып шығар. (Ж.Баласағұн)
***
Білікті біліммен білінеді. (Көне ұйғыр жазу ескерткіші)
***
Біліктіден шыққан сөз – әдеп үлгісі. (Ж.Баласағұн)
***
Біліктінің сөзі – жанып тұрған жас гүл. (С.Сарайи)
***
Білім – адамның байлығы. (С.Сарайи)
***
Білім, ақыл бірге жүрсе – жарайды,
Бүкіл әлем бір-ақ қолға қарайды. (Ж.Баласағұн)
***
Білім ал, ол өмірдің жолын ашар,
Кісіден білім білген бәле қашар. (Ж.Баласағұн)
***
Білім алып іс істемеген адам керіз қазып егін салмаған адамға ұқсайды немесе егін салып, оның дәнін жинап алмаған адамға ұқсайды. (Ә.Науаи)
***
Білім – байлық таусылмайтын, бітпейтін,
Ұры-қары, қу жоқ оны үптейтін. (Ж.Баласағұн)
***
Білім – ел ішінде. (М.Қашқари)
***
Білім – ердің дәулеті. (С.Сарайи)
***
Білім – иесінің дәулеті: білімді қайда барса да алдына алтын тартылады. (С.Сарайи)
***
Білім малы жоққа – түгесілмес мал,
Қаржысы жоққа – таусылмас қаржы. (А.Йүгінеки)
***
Білім өз иесін білдіріп тұрады. (С.Сарайи)
***
Білім – таусылмайтын байлық. (Ж.Баласағұн)
***
Білім – теңіз, түбі де, шегі де жоқ. (Ж.Баласағұн)
***
Білім – шипа:
Ақыл айтса – адам ойын ертетін
Ерлер, игі бектер өтті ерте тым.
Таудай білім насихаты – шипа ғой,
Жанды тербеп, көңіл-күйін шертетін. (М.Қашқари)
***
Білім іздеп, даналарды таңдадым,
Өзім – жеке, бос кетті ақжал саңлағым. (М.Қашқари)
***
Білім болса – бектер биік заңғар-ды,
Жақсы атанып, ашар ізгі заңдарды. (Ж.Баласағұн)
***
Білімдар адам исінен білініп тұратын жұпар сияқты, білім де сондай иесін білдіріп тұрады. (С.Сарайи)
***
Білімдар жанның ізін кес. (А.Йүгінеки)
***
Білімдар жөнді біліп «бекін» дейді,
Ақылмен іс істеген өкінбейді.
Білмеген талай жұмыс істей жүріп,
Амал жоқ, түбінде сол опық жейді. (А.Йүгінеки)
***
Білімдар нәпсі, тілді түзетеді –
Екеуін еркі жетіп күзетеді. (Ж.Баласағұн)
***
Білімдар тірілтеді ақиқатты,
Негізін шын әділет ұстар қатты. (Ж.Баласағұн)
***
Білімді адам өлгенмен, орнын надан баса алмайды. (С.Сарайи)
***
Білімді адам тілін билей алады. (Ж.Баласағұн)
***
Білімді бір кісі білімсіз мың кісімен тең. (А.Йүгінеки)
***
Білімді кісі керекті сөзді ғана айтады. (А.Йүгінеки)
***
Білімді кісі отырса, босаға да төр болады. (Ж.Баласағұн)
***
Білімді қайда да болса іздейсің. (А.Йүгінеки)
***
Білімді шарап ішсе, білгенінен айрылар. (Ж.Баласағұн)
***
Білімдіге – биік орын. (Ж.Баласағұн)
***
Білімділер – халыққа бас, ес еді,
Білімсіздер қылышпен іс шешеді. (Ж.Баласағұн)
***
Білімдіні білімі үшін мақтайды,
Бейшараны «қам көңіл» деп жақтайды. (Р.Хорезми)
***
Білімсізге шын сөз де парықсыз. (А.Йүгінеки)
***
Білімсіздер – көр соқыр ғой танымал,
Ей, соқырым, аздап білім танып ал. (Ж.Баласағұн)
***
Білімсіздік басты қаңғыртады. (Құтып)
***
Білімін сатқан ғалым ізгілікті отқа тастағандай болады. (С.Сарайи)
***
Білінген із біреудің жүргенін білдіреді. (М.Қашқари)
***
Білініп жатқан із, біреудің жүріп өткенін білдіреді. (М.Қашқари)
***
Біліп айтса – «дана» дейміз озғасын,
Білімсіздің сөзі жейді өз басын. (Ж.Баласағұн)
***
Бір-бірлеп мың болады,
Тама-тама көл болады. (Ж.Баласағұн, М.Қашқари)
***
Бір жапырақ нан тапсаң – қанағат ет. (Р.Хорезми)
***
Бір жас жігіт айтыпты: «Ұзын бойлы ақымақтан қысқа бойлы ақылды артық». (С.Сарайи)
***
Бір жұтқан сусын таза да дәмді көрінеді. (Құтып)
***
Бір жұтым суды да бөлісіп іш: жалғыз отырып жеген жалғыз өледі. (Құтып)
***
Бір жүз елу тараудан тұратын ақыл оқып берсең де ақымаққа ойыншық көрінеді. (С.Сарайи)
***
Бір күн күлер, сорасы ағып жылаған,
Қасыреттің құрдымына құлаған. (Ж.Баласағұн)
***
Бір кірпіштен үй салмас. (Көне қыпшақ ескерткіші)
***
Бір қарғамен қыс келмес. (М.Қашқари)
***
Бір осалдық болады екен әр ерде,
Бірер айып болады екен өнерде.
Басын алса соның үшін адамның –
Ешкім тірі қалмас еді о жерде. (А Йүгінеки)
***
Бір сөзі өтіріктің бар сөзі өтірік. (А.Йүгінеки)
***
Бір тойған – аштықты ұмытады. (Орхон жазу ескерткіші)
***
Бір тойған – екі күн тоқ жүреді. (Ж.Баласағұн)
***
Бір тойының басы ауырды екен деп, барлық тойынның басы ауырмайды. (М.Қашқари)
***
Бір түлкінің терісін екі рет соймайды. (М.Қашқари)
***
Бір тілегім орындалса – тағы бар,
Бірі бітсе тағы бірі табылар. (Ж.Баласағұн)
***
Бір іс қылса – ақысын бер тіленбей:
Ішкіз, жегіз, үлестіріп шүлендей.
Ел ішінде сәл нәрседен пышырап,
Атың жүрер жаман сөзге ұшырап. (Ж.Баласағұн)
***
Бір істі екі адамға тапсырма. (Ж.Баласағұн)
***
Біреу еңбек сіңіргенде – ес көріп,
Жаның болса жүр ұмытпай ескеріп. (Ж.Баласағұн)
***
Біреу күле қараса – жылы жүзбен таста көз,
Сақта тілді жаманнан, жақсы тілеп баста сөз. (М.Қашқари)
***
Біреу күлсе – бетіне күл шашпағын,
Жылы жүзбен күле қара, саспағын. (М.Қашқари)
***
Біреуге алтын-күміс бер,
Біреуге атақ-біліс бер,
Біреуге тек жұмыс бер. (Ж.Баласағұн)
***
Біреуге күш көрсетем деп өзіңе тамұқ дайындап алма. (Ж.Баласағұн)
***
Біреуден күнә іздегенше, өнер ізде,
Баққа кірсең тікен тергенше, гүл жина. (Құтып)
***
Біреудің баласын бағып бала қыла алмайсың. (Қорқыт)
***
Біртіндеп жиылса – берік қол (әскер) болады. (Ж.Баласағұн)
***
Біртіндеп келсе қуаныш,
Ондап келер реніш. (А.Йүгінеки)
***
Бітеу жара (көк) білінбей тұрмайды. (Бабыр)
***
(Жалғасы бар)
maqal-matel.kz
