Адам адамға – аманат,
Дидар көрісу – ғанибет.
***
Адамзатты жұмыс жұбатады.
***
Аз болды деп күйінбе, мая болса, қайтесің,
Көп болды деп қуанба, зая болса, қайтесің.
***
Аз болса да мәз болсын.
***
Азығың, наның көп болса,
Ағаштың түбі бейістей.
Бір тістем наның жоқ болса,
Шаттықтың өзі кейістей.
***
Ай туды деп қуанба,
Жағымды туса, қуан.
***
Айдаһардың аузынан қалсаң,
Жыланның шаққанына қуанарсың.
***
Ақ түйенің қарны ақтарылып.
***
Ақыл ауыздан, мерей көзден.
***
Ақымақты мақтасаң, қуанады.
***
«Ал» десең, қуанар,
«Бер» десең, күйінер.
***
Алмас қылыш майданда серік,
Асыл сөз майданда да, сайранда да серік.
***
Аң қызығы алғанша,
Жан қызығы өлгенше.
***
Асқаныңа емес, сасқаныңа ризамын.
***
Ат қызығы арығанша,
Адам қызығы қарығанша.
***
Ат шабады, ер шаттанады.
***
Ауру кісі күлкі сүймес,
Ауыр жүкті жылқы сүймес.
***
Ауылдан қыз кеткенде, қызық кетер.
maqal-matel.kz
