А

Ағаш қисығын тез түзетер,
Адам қисығын көр түзетер.
***
Ағашқа науа біткен сайын,
Бәсең болмақ керек.
***
Ағашты балта бұзады, үстірік түзейді.
***
Ағаштың жемісін жеймін десең,
Түбіне балта шаппа.
***
Аз кісінің теңдігі бар да, төресі жоқ,
Жалғыз аттың астауы бар да, дересі жоқ.
***
Азған елдің баласы –
Бірін бірі жамандар.
Қақпан құрып алдына
Құлатуға амалдар.
Озған елдің баласы –
Бірін-бірі «батыр» дер
Қойны-қоншы құйылып,
Толып тұрған ақыл дер.
***
Ай қораланса
Арбаңды сайла,
Күн қораланса,
Күрегіңді сайла.
***
Ай қораланса арысыңды сайла,
күн қораланса күрегіңді сайла.
***
Айбалта тәнді жаралар,
Бейпіл сөз жанды жаралар.
***
Айқайдан шыққан ақ бөкен,
Қашып қайда құтылар, –
Құрулы қақпан жатқан соң?
Жылқыдан шыққан қашаған,
Қашып қайда құтылар, –
Мойнына бұғау атқан соң?
***
Айласыз ау құрған
Құс ұстай алмайды.
***
Айыр пішен қасында,
Кісені кереге басында.
***
Ақсұңқар, ұшқырмын деп мақтанба,
алдыңда құрулы тор бар.
***
Ақсұңқар торға жолығар,
Арғымақ орға жолығар.
***
Ақсұңқар торға жолығар,
Арғымақ орға жолығар.
Менменсіген жігіт,
Өзінен зорға жолығар.
***
Ақша ақылды адамның да көзін тұндырады,
Ашкөздік ұшқан құсты да торға түсіреді.
***
Ақылға ишарат, ақымаққа тоқпақ.
***
Ақылды ердің көзін ақша байлайды,
Қыл тұзақта құс құлқынын ойлайды.
***
Ақылдыға ишарат,
Ақымаққа таяқ.
***
Алса, құсым, алмаса, желпуішім.
***
Алтын балтаның да сабы ағаш.
***
Алтын пышақ өтпесе,
Алтынын ал да отқа жақ.
***
Аңшының ауы жүрмейді.
***
Арбаға тоқпақ көргенді жекпе,
Соқпақ көргенді жек.
***
Арғымақ, жүйрікпін деп мақтанба,
Алдыңда талай өрлер бар.
Ақсұңқар, алғырмын деп мақтанба,
Алдыңда құрулы торлар бар.
***
Арыстанға темір тор ар емес.
***
Арыстанға темір тор ар да емес, қор да емес.
***
Арыстанға темір шынжыр ар емес.
***
Асқынған ауруға пышақ ем.
***
Асықпа, қарға, түсерсің торға.
***
Ат айланып қазығын табады,
Су айланып жазығын табады.
***
Ат айналып қазығын табады,
Тиірмен айналып шүмегін табады.
***
Ат, атаның сай болса,
Қашсаң, жаудан кетерсің.
Кетпен, шотың сай болса,
Қазсаң, суға жетерсің.
***
Ат болатын тұлпардың
Мүшесінен белгілі.
Кісі болар кісінің
Кісесінен белгілі.
***
Атаным сай, атым сай,
Қашсам, жаудан кетермін.
Кетпенім сай, шотым сай,
Қазсам, суға жетермін.
***
Аушы кеткенде,
Қарға тордағы жемге қарайды.
***
Ауызбен орақ орған.
***
Аюмен жолдас болсаң,
айбалтаң жаныңда болсын.
***
Аюмен жолдас болсаң,
Балтаңды тастама.

maqal-matel.kz