Баба бүркіт барлап ұшады,
Бала бүркіт парлап ұшады.
***
Баба бүркіт барлап ұшар,
балапан бүркіт шарлап ұшар.
***
Бабын таппай салғанмен,
Қыран бүркіт ұша алмас.
Жігіттікті қор қылған,
Сұлу қызды құша алмас.
***
Бағың асқан шағында,
құзғын салсаң қаз ілер,
бағың қашқан кезінде,
сайгүлігің құр қалар.
***
Бағың асқан шағыңда,
Құзғын салсаң, қаз ілер.
Бағың тайған шағыңда,
Тұйғын салсаң, аз ілер.
***
Бақа көлін сүйеді,
Бұлдырық шөлін сүйеді,
Ер жігіт елін сүйеді.
***
Бақаның бағынан сұңқардың соры артық.
***
Бақсыға ісің түспесін,
Қалыңға құсың түспесін.
***
Бақыт берсе Құдайым, көргенде білерсің,
Дәулет берсе басыңа, ақ тұйғындай түлерсің,
Оныменен кетпессің, ақырында өлерсің.
***
Бақыт көктемгі бұлт сияқты,
Ол көрген түстей, ұшқан құстай өте шығады.
***
Бақыт қолға қонған құс,
Байлық қолға ұстаған мұз.
***
Бақыт құсы бәйтерекке де,
Өлімтікке де қонады.
***
Бақытта баян жоқ, о да бір ұшқан құс.
***
Бақытың артқан шағыңда,
Жапалақ салсаң, қу ілер.
Бақытың тайған шағыңда,
Сұңқар салсаң, аз ілер.
***
Бала бүркіт түлкіден аянбайды.
***
Балалы қаз жемесе де, мәз.
***
Балалы қазға жем тимес.
***
Балалы үйрек көлден кетпес,
Баласы жас елден кетпес.
***
Балапан басқан құс тағы
Жауына иісін сездірмес.
***
Балапан басымен, тұрымтай тұсымен.
***
Балапан басына, тұрымтай тұсына.
***
Балапан басынан,
Тұрымтай тұсынан.
***
Балапан ұшуды білсе де, қонуды білмейді.
***
Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны алар.
***
Балапан ұяда не көрсе,
Ұшқанда соны іледі.
***
Балапан ұядан нені көрсе,
Ұшқанда соны алады.
***
Балық – сақау,
Жұмыртқа – бітеу.
Қой аман,
Қасқыр тоқ.
***
Бапсыз қыран түйілмес,
Құтсыз дәулет үйілмес.
Бап пен бақ екеуі де,
Ақылменен үйірлес.
***
Баптай білсе, балапан қыран болар.
***
Басына тұрымтайдың бақыт қонса,
Самұрық қызмет етер панасында.
***
Би баласы биге ұқсар,
Биік-биік тауға ұқсар.
Хан баласы ханға ұқсар,
Қанатын жайған қазға ұқсар.
Бай баласы байға ұқсар,
Байланбаған тайға ұқсар.
***
Биік таудың басына:
Қиялап ұшып қыран да шығады,
Жер бауырлап жылан да шығады.
***
Бозторғай бес бала тапса,
Біреуі бұлбұл болады.
Көк қарға бес бала тапса,
Біреуі құзғын болады.
***
Бозторғайға бақ қонса,
Самұрық шылауында болар.
***
Бой жетпегенге ой жетеді,
Қыран жетпегенге қиял жетеді.
***
Болса – оразым,
Болмаса – қоразым.
***
Бөденеде үй болмайды,
Шын жүйрікте күй болмайды.
***
Бөдененің «ұйғ» дегені – қашқаны.
***
Бөдененің үйі жоқ,
Қайда барса, бытпылдақ.
***
Бөдененің үйі көп,
Қайда барса, бытпылдық.
***
Бөрінің табысы бөлісте,
Құзғынның табысы ағаш басында.
***
Бөтен жерде бұлбұлды да «қарға» дейді.
***
Бұлбұл гүлзарын сүйеді,
Адал адам отанын сүйеді.
***
Бұлбұл гүлінде сайрайды,
Адал басшы ел-жұртын ойлайды.
***
Бұлбұл құс зымыстан көрмей,
Күлістан қадірін білмес.
***
Бұлбұлға бау жақсы,
Кекілікке – тау.
***
Бұлбұлдан опа күтпе,
Әр гүл сайын әртүрлі сайрайды.
***
Бұлбұлдан өзге құстар
Гүлстан қадірін білмес.
***
Бұлбұлдың сайрағаны есекке жақпас.
***
Бұрын боқ жейтін ала қарға
Бүгінде жыл құсы болған екен-ау!
***
Бұтаға паналаған торғай да аман қалады.
***
Бұтағы көп ағашқа құс қонады,
Атағы жақсы адамға сөз ереді.
Ағаш басына жел үйір,
Жақсы адамға сөз үйір.
***
Бұтағы көп ағашқа құс қонады,
Көрікті әйелге сөз ереді.
***
Бұтаққа қорғалаған торғай да қалады.
***
Бұтаны қорғалаған
Торғайдың да жаны қалады.
***
Бүркіт алсаң, көрінген қызылды алмайтынын ал,
Қатын алсаң, көрінген шақырса бармайтынын ал.
***
Бүркіт алсаң, сұрын ал,
Талпынса керегең сиырылсын.
Қатын алсаң, сұлу ал,
Өлгенде ағайының талассын.
***
Бүркіт аш болса, алады,
Тазы тоқ болса, алады.
***
Бүркіт қартайса, тышқан аулар.
***
Бүркіт қартайса – тышқаншы болады.
***
Бүркіт қартайса, тышқаншы болады.
Құл құтырса, құдыққа қармақ салады.
***
Бүркіт – құс тәңірісі.
***
Біздің алақанымызға да қарға тышар.
***
Біздің елде ала қарға еді,
Мұнда келіп жылқышы болған.
***
Біздің елде боқ жейтін қарғалар
Бөтен елге келіп жыл құсы бола қалыпты.
***
Бір қарғамен қыс келмес.
***
Бір қарлығаш келгенмен жаз болмайды,
Бір сауысқан келгенмен қыс болмайды.
***
Біреу болса – құда,
Екеу болса – ұя.
***
Біреудің қазын жесең,
Үйрегіңді жұлып қой.
***
Біреудің қазын жиғаның,
Үйрегіңді шолып тұр.
***
Біреуі бүркіт, біреуі үкі болды,
Біреуі қасқыр, біреуі түлкі болды,
Момын қара шаруа залымдардың мүлкі болды.
maqal-matel.kz
