Әлихан Бөкейхан еңбектеріндегі мақал-мәтел қолданысы

Алаш көсемі – сөз мәйегі мақал-мәтелдердің мән-мазмұнын, қадір-қасиетін терең түсінгендіктен оларды жиып-теріп, кітап етіп басып шығаруға көп көңіл бөлген, осы іске мұрындық болған ұлт зиялысы.

Қазақтың 1710 мақал-мәтелін арнайы жинап, алғаш рет «Мың мақал» атты кітап шығарған қазақ білімпазы Ахмет Баржақсин 1915 жылы «Қазақ» газетіне жазған «Мақалдар» атты мақаласында ғылымды жұрттардың халық мұрасына ыждағатпен қарайтынын, біздің тіліміз де мақал-мәтелге өте бай болғанымен орыстар мен татарлар болмаса, қазақ арасынан құнттылық танытып сол қазынамызды түгендеуге, игілігімізге жаратуға кіріскен жанның болмай отырғанын айта келіп, былай деп жазады: «Аз қазақтан мұндай ұмтылған ешкім жоқ. Сібірде, қазақ ортасындағы музей жағрафия жамиғатында Омбыдағы члендерден Әлихан Бөкейхановтан басқа ешкім жоқ. Сол себептен біздің қазақ халық әдебиетіне тіпті жарлы деп айтуға мүмкін» [1, 184].

Қазақ оқығанының өткен ғасыр басында айтқан бұл сөзі Ә.Бөкейханның сол кезеңде-ақ қазақ мақал-мәтелдерін жинауға кірісіп, бұл істі де алғаш қолға алғанын айғақтайды. Оның бұл бағыттағы қажырлы еңбегі мен ізденістері, нақты атқарған істері жеке әңгіменің арқауы болғаны жөн.

Ахмет Байтұрсынұлы мен Әлихан Бөкейхан ел ішінен жинап, құрастырып, 1926 жылы Мәскеуден бастырып шығарған «23 жоқтау» атты еңбектерінің «бастырушыдан» деп аталатын алғы сөзінде: «Дүниеде ешбір тіл өз-өзінен шықпайды. Дүниеде ешбір тілді бір шешен кісі ойлап шығарған жоқ та, шығара алмайды да. Тіл деген нәрсе қалың елдің күндегі тұрмыс қазанында қайнап, пісіп дүниеге келеді. Сонан соң ғана шешендер, «тіл көсемдері» бұл тілді безеп, жолға-жөнге салып, жүйесін айырып өстіреді. Сондықтан әдебиет тілінде негіз етіп ел аузындағы тіл алынбаса, ол әдебиет адасып кетпек. Енді ғана өсе бастаған қазақ әдебиетін алғанда мұны естен шығармау керек. Ел аузындағы тіл дегенде нені үлгі-өрнек етіп аламыз? Әрине, осындай жоқтауларды, мақалдарды, жұмбақтарды, өлеңдерді, тағы-тағы осындайларды!» [2, 379], – деп жазады.

Алаш ардақтылары осы шағын алғы сөзде тілдің қалай пайда болатынын айта келіп, негізі енді қаланып жатқан қазақтың ұлттық әдеби тілін қалыптастыруда неге сүйеніп, нені негіз етіп алу қажеттігін атап көрсетеді. Олар қазақтың тілін жаңа деңгейге көтеруді, стильдік тармақтары жетілген, қырналған, нормаға түскен әдеби тілді жасаудың жөн-жосығын, жолдарын ұсынып, соны өздері бастап іске асырып отырған, өз сөздерімен айтқанда тіл көсемдері еді. Қазақтың қос арысы алдымен жоқтауларды жинастырып шығара отырып, ұлттық әдеби тілді қалыптастыруда, өзге де ауыз әдебиеті үлгілерін, соның ішінде мақал-мәтелдерді де жинап, әдеби тілді қалыптастыруда соларды үлгі етіп алу қажет деп санайды.

Әдістеме және зерттеу әдістері. Алаш қайраткері Ә. Бөкейхан – халық қазынасы мақал-мәтелдерді жинастырып, баспадан шығаруға бас-көз болумен қатар өз шығармашылығында да оларды кеңінен қолданған қалам иесі. 2015 жылдан бері алаш көсемінің шығармалары туралы жазған еңбектерімізде бұл мәселеге ішінара тоқталып кеткен тұстарымыз бар. Әдебиетші ғалым С. Жұмағұл бастаған филолог әріптестер қыр баласы қолданған мақал-мәтелдерді тақырыптық-идеялық, көркемдік-эстетикалық жағын, қарастырып, мақала [3, 191] жариялады. Сондай-ақ ғалымдар, қазақ мақал- мәтелдерінің алаш кезеңінде жариялануы жөнінде ғылыми зерттеу жүргізді [4, 159]. Ал бұл мақалада алаш білімпазы қолданған мақал-мәтелдер қолданысы, аударылуы, жарыса жұмсалуы лингвистикалық қырынан қарастырылады. Зерттеу жұмысында Ә. Бөкейхан еңбектеріндегі мақал-мәтел қолданысын анықтау үшін жинақтау, саралау, салыстыру, талдау, қорыту, салыстырмалы-салғастырмалы әдістер пайдаланылды.

Талқылау мен бақылау. Алаш көсемінің еңбектерінде қазақтың төл мақал- мәтелдерімен қатар өзге халықтардың мақал-мәтелдері де жиі қолданылады. Ол қазақ, орыс тілдерін жетік меңгерумен бірге бірнеше шет тілін жақсы білгендіктен орайы келгенде өзге халықтардың да қанатты сөздерін, фразеологизмдері мен мақал-мәтелдерін де қажетіне жаратып, өз еңбектерінде пайдаланып отырады. Сондықтан оның еңбектерінде кездесетін мақал-мәтелдерді екіге бөліп қарастыруға болады. Біріншісі, саны жағынан да көп кездесетіні: «Ат аунаған жерде түк қалады», «Ат биеден, ер анадан туады», «Аңқау елге арамза молда», «Қолағашы мықты болса, киіз қазық жерге кіреді», «Ер – туған жеріне, ит – тойған жеріне», «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді», «Қысқа жіп күрмеуге келмейді», «Ұрлық түбі – қорлық», «Халық ұйғарса – хан түйесін сояды» сияқты ондаған қазақтың төл мақал-мәтелдері. Екіншісі – өзге халықтардың мақал-мәтелдері. Соңғыларын Қыр баласы қазақ тіліне аударып қолданады. Шет тілінен аударылған мақал-мәтелдердің дені орыс халқынікі. Оларға төменде жеке тоқталамыз.

Ә. Бөкейхан шығармашылығын зерттеу барысында оқымыстының әр жылдары жарық көрген еңбектерінде мынадай мақал-мәтелдер қолданылғаны анықталды:

1-кесте

Әлихан Бөкейхан еңбектерінде қолданылған мақал-мәтелдер

Мақал-мәтел қолданылған еңбек атауы

1 Алдамасаң, сатпайсың! Қыр баласы. Жауап хат. 8-т. 514-б.
2 Алмақтың да салмағы бар Әлихан, Мұстафа, Міржақып. Алаш ұлына! «Қазақ», 1917, № 225.
3 Алтынның қолда барда қадірі жоқ Исмайыл бек Ғаспрински. «Қазақ», 1914, № 80.
4 Алтын шыққан жерді белден қаз Қыр баласы. Қозы-Көрпеш – Баян. Сөз басы. 11-т. 271-б.
5 Алыс пен жақынды жортқан біледі, ащы мен тәттіні татқан біледі//Алыс пен жақынды жортқан, ащы мен тұщыны татқан біледі Ғали хан. Мұсылман сиезі. «Қазақ», 1914. № 90.
6 Асқан төгіледі Л.Толстой. Бір адамға қанша жер керек? Ауд. Қыр баласы. «ЖМ», 1926. № 9-10.
7 Астары мен үсті бірдей болсын Он төрт тоғыз бола ма?. 14-т. 82-б.
8 Ат айналып қазығын табады Т.Тутковский. Жердің қысқаша тарихы. Мәскеу, 1926. Ауд. Қыр баласы. Беташар.
9 Ат аунаған жерде түк қалады Фламмарион К. Астрономия әліпбиі. М.,1924. Аударушы: Қыр баласы.
10 Аталы сөзге арсыз тоқтамайды Қыр баласы. 8-т. 119-б.
11 Атаңа кім тисе, дұшпаның сол Түрік баласы. Исмайыл бек Ғаспрински. «Қазақ», 1914, № 80.
12 Ат биеден, ер анадан Қыр баласы. Қара қыпшақ Қобыланды.
13 Ат ерінді, ер мұрынды [келеді] Қара қыпшақ Қобыланды. 8-т. 547-548-б.
14 Атқышылдың асығы түгел болады Ғали хан. Екі жол. «Қазақ», 1915. № 100.
15 Ат сыры – иесіне мәлім//Ат сыры иесіне белгілі Би һәм билік. «Қазақ», 1914. № 48.; Мұсылман сиезі. «Қазақ», 1914, № 85.
16 Атты қамшымен айдама, арпамен айда V. Оқытушының білімін толықтыру.
17 Атым өлсе сауыры мұра, ағам өлсе жеңгем мұра Түрік баласы. Қазақта мүфтилік мәселесі. «Қазақ», 1913, № 11.
18 Әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа Әйел теңдігі. Әулиата сиезінде қазақ қызы. Қыр баласы. «Ақ жол», 19.02. 1921. № 27.
19 Әкеңнің     өлгенін     жасырдың,     көмгенде қайтесің? Қыр      баласы.      Беташар.     Грабе      Д.М. Дүниенің құрылысы.
20 Әлі жеткен алып та жығады, шалып та жығады Қыр баласы. Үшінші Дума һәм қазақ.

«Қазақ», 1913. № 9.

21 Әркім көрпесін бойына қарап жамылуы керек Ә.Бөкейхан.       Қалай      бірігеміз?      «Жас азамат», № 21. 1918.
22 Әркімнің өз көйлегі етіне жақын Қыр баласы. Монғол халі. 8-т. 163-б.; Ыстамбұл һәм қылилар. 8-т. 495-б.
23 Әр айдың оты бөлек Материалы по экономическому оследованию районов Сибирской железной дороги. Животноводство. Томск, 1904.14-т.271-б.
24 Әр таудың тағысы басқа V. Дін мен мектеп. «ЖМ», 1927. № 1.(16).
25 Балуан алып та жығады, шалып та жығады Қыр      баласы.      Жауап     хат.     Зейнолла Бұтабайұлына. «Қазақ», 1913, № 36.
26 Балық басынан шіриді Ғали хан. Доклад. Қазақ», 1917, № 220.

 

27 Бастан құлақ садаға Ғали хан, Ахмет, Міржақып. Алаштың азаматына! «Қазақ», 1916, № 192.
28 Би жоқта құл жүреді жораға, ит жоқта шошқа үреді қораға Фламмарион К. Астрономия әліпбиі. М., 1924. Аударушы: Қыр баласы.
29 Берушіге бесеу көп Қазақ зиялыларына. Ғали хан және т.б.

«Қазақ», № 250, 1917.

30 Болат қанжар жерде жатпас Әубәкір Құрманұлы. «Қазақ», № 192, 1916.
31 Борыш көркі төлеу Он төрт тоғыз бола ма? «Айқап»,1915. № 2.
32 Бос жатса қалтаға тығыңыз Қызылжардан хат. «ДУГ», 1900. № 9.
33 Бүкірді көр түзейді Әлихан, Ахмет, Міржақып. Алаштың талапты азаматына! 9-т. 209-б.
34 Бүлінген елден бүлдірген алма (Бүлінгеннен бүлдіргі алма). Ғали хан, Ахмет, Міржақып. Алаштың азаматына! 9-т. 99-б.
35 Бір күн сыйлағанға қырық күн сәлем! Алашқа! Ахмет, Міржақып, Қыр баласы.

«Қазақ», 1914, № 78.

36 Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді Хасейн Халами паша. «Қазақ», 1914, №46.
37 Бір     қора     қойды     жалғыз     қотыр     лақ былғайды Әлихан,       Міржақып,       Ахмет.       Үндеу. Алаштың талапты азаматына! 9-т. 209-б.
38 Бір өзеннен екі өтпейсің Қыр        баласы.        Жануарлар        туралы әңгімелер. «Еңбекші қазақ», 1925. № 325.
39 Дөңгелек қайрақ, кім айналдырса соған құл (Қырым татарларының мақалы). Қыр          баласы.         Пайғамбарға         хат. «Темірқазық», 1923. № 2-3. 104-106-б.
40 Екі қошқардың басы бір қазанға симас Жауап хат. «Қазақ», 1915, № 123.
41 Еңбек етсең ерінбей, тояр қарның тіленбей (Абай). Ғали хан. Екі жол. «Қазақ», 1915, № 101.
42 Ер жігіт қыз мінезді, бала көңілді//Ер қыз мінезді, бала жүректі//Ер жігіт қыз мінезді, бала жүректі Қыр     баласы.     Судия     Берлинде     тағы. «Қазақ», 1913, № 11.
43 Ер – туған жеріне, ит – тойған жеріне Открытое                  письмо                  казахам Семипалатинской области. «Голос степи», 13.01. 1907. № 7. Омск.
44 Етікші бізі дорба түбінде жасырынбас Қаймақсыз сүт қазақ халқын өлімнен сақтайтын. ДУГ», 12.05.1900. № 30.
45 Ештен кеш – игі «Ештен кеш игі».
46 Жақсыға       ерсең,       жетерсің       мұратқа, жаманға ерсең – қаларсың ұятқа А.Н. Қ. оязындағы моллалардың баяны.

«ДУГ», 12.05.1889. № 19.

47 Жақсы ата жаман балаға қырық жыл жолдас Ашық хат. «Қазақ», 1915, № 152.
48 Жаман қошқар бір қора қойды бүлдіреді Аңқау елге арамза молда. «ДУГ», 1900. № 8.
49 Жамандықты ұмыт, жақсылықты ұмытпа Әлихан, Мұстафа, Міржақып. «Қазақ», №

225. 1917. Алаш ұлына!. 9-т. 168-б.

50 Жамансыз жақсы болмас Ә.Б. Асығу керек. «Абай», № 7, 12.07. 1918.
51 Жаудан түк те болса олжа Қыр баласы. Жауап хат. 8-т. 233-б.
52 Жапалақты ұрса да жапалақ өледі, тасты ұрса да жапалақ өледі Ғали хан. Петроград хаты. 9-т. 69-б.
53 Жезді ер-тоқым сиырға жараспас Бүркіт пен тасбақа. 12-т. 144-б.
54 Жері байдың – елі бай V. Санақ пен жұртшылық. «Жаңа мектеп», № 2. 1925.

 

55 Жеті атасын білмеген – мертід Қазақтың тарихы. 14-т. 70-б.  
56 Жеті өлшеп, бір кес Ә. Бөкейханов. Қалай бірігеміз? «Жас азамат», № 21, 1918.  
57 Жоғалған пышақ сабы алтын Ашық хат Жапан баласына. «ДУГ»,1900. № 7.  
58 Жұрттан жиған жіп – жалаңашқа көйлек Мұғалімдер жиылысы. «Қазақ», 1913. № 40.  
59 Жүрген аяққа жөргем ілінеді Ю. Вагнер. Су туралы әңгімелер. «Еңбекші қазақ», 1925 ж. № 315.  
60 Жылқы бозды, қой қара отты, сиыр өлеңді, түйе көкпекті жайлайды Жауап хат. «Қазақ», 1915. № 122.  
61 Жылқы – байлық, түйе – салтанат, қой – мырзалық, сиыр – тоқтық Материалы по киргизкому землеползованию. Семипалатинская область, Каркаралинский уезд. Том VI-й. С-С.-Петербург, 1905 г.  
62 Заманына қарай амалы Екі жол; Ер жігіт; Астрахан қазағының жері. Есеп; Тарихи затшылдық қисыны.  
63 Заманына қарай амалы//Басқа заман түлкісі, басқа заман тазысы Ғали хан. Екі жол. «Қазақ», 1915. № 100.  
64 Заманың түлкі болса, тазы болып шалып қал Қыр баласы. Ұры тию. «Қазақ», 1913, № 44.  
65 Заң – арба жетегі, қалай бұрсақ, сол жақта болады//Закон – арба жетегі, қайда бұрса, солай қарайды Қыр  баласы.  Айналма.  «Қазақ»,  1915. № 37-39. Ғали хан. Кәкітай. Мүнәһиб. «Қазақ», 1915. №105.  
66 Иттің боқ жемесе, басы ауырады Қыр баласы. 9-т. 193-б.  
67 Иттің табаны қышыса, керуенге ерер// Ит табаны қышыса, керуенге ереді (үреді). Тағы соғыс. 352-б. // Трубетской лексиясы. 8-т. 435-б.  
68 Кең киім азбас (тозбас), кеңесті ел азбас V. Тарих керек. «Қызыл Қазақстан», 1922 ж. № 10.  
69 Кемедегінің жаны бір Әлихан,     Мұстафа,     Міржақып.      Алаш ұлына! 9-т. 169-б.  
70 Керуенге ермек едің көшіп бақ Қыр баласы. Ашық хат. «Қазақ», 1915. № 94.  
71 Көкіректе сайрап тұр, тілді құдай байлап тұр Қыр баласы. Ашық хат. «Қазақ», 1913. № 21.  
72 Көкіректе сайрап тұр, қолымды заман байлап тұр Жауап хат. «Қазақ», № 24. 1913.  
73 Көп бергеннен көп сұралады Қыр баласы. Қалқаман-Мамыр. 8-т. 510-б.  
74 Көп жүрген жыланның аяғы көрінеді V. Русские поселение в глубине степного края. «Сибирские вопросы», № 37-38. 1908. Стр. 48-65.  
75 Көппен көрген ұлы той V. Руские поселение в глубине Степного края. «Сибирские вопросы», 1908, №№ 37-38. СПб.  
76 Көп түкірсе – көл болады Ашық хат. 8-т. 590-б.  
77 Көпті көрген білер, алысты жүрген білер Қыр баласы. Ашық хат. «Қазақ», 1913. № 21.  
78 Көптің аузы дуалы К Фламмарион. Қанды жауын. Ауд.: Қыр баласы.  
79 Көрпеңді бойыңа қарап жамыл Қалай бірігеміз? «Жас азамат», 1918. № 21.  
  80 Көше берсең мал семіз, көшпесең – қатын семіз Материалы  по киргизскому землепользованию собранные экспедицией по исследованию степных областей. Акмолинская обл. Омский уезд. 1-т. 294-б.
  81 Күн жауса – нұр жауады V. Русские поселение в глубине Степного края. «Сибирские вопросы», № 33-34. 1908 г.
  82 Күн шыққанша қарау, көзді соқыр қылар Қыр баласы. Ұры тию. «Қазақ», 1913. № 44.
  83 Күштіге сыйынсаң, құдайға сыйын 2-нші феурал. «Қазақ», 1915. № 93.
  84 Күштінікі диірмен тартады Қыр баласы. Гос. Дума. 9-т. 57-б.
  85 Қағаз не жазса да көтереді Ашық хат Жапан баласына. «ДУГ», 1900. № 7.
  86 Қазақ түлеген түйе, орыс – бұта А. Букейханов. Казахи. 8-т. 43-б.
  87 Қасқыр тоқ, қой аман Ә. Бөкейханов. Қалай бірігеміз? «Жас азамат», № 21, 1918.
  88 Қой көрмеген қой көрсе, қуалап жүріп өлтірер, қыз көрмеген қыз көрсе – уалап жүріп өлтірер Ә.Б. Асығу керек. «Абай», 1918. № 7.
  89 Қолағаш мықты болса, киіз қазық жерге кіреді// Қолағашы мықты болса, киіз қазық жерге кіреді// Қол тоқпағы мықты болса, киіз қазық жерге кіреді Дума және қазақ. «Қазақ», № 23, 1913 ж.; Сусағанның түсіне су кіреді. 8-т. 250-б., Петроград хаты. 9-т. 72-б.; Мемлекет халі. 9-т. 223-б.
  90 Құдай бір, пайғамбар хақ Қазақ әскерге алыну мәселесі. 9-т. 46-б.
  91 Құдай деген құр қылмас (қор қылмас). Ә.Н. Қарқаралы оязының Қотан-бұлақ, Западни Балқаш, Зайсан елдеріндегі егіннің жайы. 1-т. 56-б.
  92 Құдай қарғайын десе, ақылды алады Қ.Б. «Қазақ»,  1913.  №28. Монғол конституциясы. 8-т. 235-б.
  93 Құланның қасынуына мергеннің атуы (Құланның қасуына мылтықтың басуы) Қара ханым. Ауд.: Қыр баласы. «Жаңа мектеп», 1926. № 7-8.
  94 Құл жиналып бас болмас V. Диалектикалық затшылдық. «Жаңа мектеп», 1926. № 7-8.
  95 Қызмет қыл да міндет қыл Ғали хан. Күнбатыс майданынан. 9-т. 140 б.
  96 Қызым саған айтам, келінім, сен тыңда Қыр      баласы.      Жауап     хат.     Зейнолла Бұтабайұлына. «Қазақ», 1913, № 36.
  97 Қысқа жіп күрмеуге келмейді Денсаулық сақтықта. 13-т. 292-б.
  98 Март келмей жұтқа, хажы келмей дауға жарымадық Мұсылман  сиезі.  «Қазақ»,  №  70.  16. 08.1914.
  99 Мергеннің сығалауына құланның қасынуы Л.Толтой. Бір адамға қанша жер керек? Аударған Қыр баласы.
  100 Мұртқа өкпелеп жүргенде, сақал шығар Фламмарион К. Астрономия әліпбиі. Мәскеу,1924. Ауд: Қыр баласы
  101 Мысыққа ойын керек, тышқанға өлім керек «ДУГ», 16 маусым 1889. № 24.
  102 Не ексең соны орарсың //Нені ексең соны орарсың Баспаханаға хат. 1-т. 50; Түрік баласы. Қазақтың тарихы. 14-т. 63-64-б.
  103 Оймен алтын сарай салуға болады Ә.     Бөкейхан.     Қалай     бірігеміз?     «Жас азамат», № 21. 1918.
104 Ортақ өгізден дара бұзауым V. Өктәбір төңкерісі һәм халық шаруасы. «Қызыл Қазақстан», 1922. № 12.  
105 Орыс нан жесе, ақша алады А.Букейханов. Казахи. 8-т. 43-б.  
106 Орыстан досың болса, қойныңда балтаң болсын А.Букейханов. Казахи. 8-т. 43-б.  
107 Орыстың сыртын қырсаң, іші татар шығады, орыстың төресін қырсаң, іші жандарм шығады Қыр баласы. Газеталардан. «Қазақ», 1915, № 99.  
108 Өзбек өз ағам Қазақтың тарихы. 14-т. 69-б.  
109 Өз етігің тар болса, ел бейбітінен не пайда!? Ә. Бөкейхан. Шырақ Мадиярым! 13-т. 443 б.  
110 Өзі жығылған тұрмас Құрбан қия. «Сәуле», 1924. № 4. 23-24 бб.  
111 Өзім жемейтін көтен боғымен піссін Қыр баласы. Сын. «Жаңа мектеп», 7-8, 1925.  
112 Өлеңші болсаң, міні той! Қыр баласы. Жер комитеті. 9-т. 186-б.  
113 Сабасына қарай піспегі Жауап хат. 8-т. 213-б.  
114 Сақтансаң – сақтармын Ә.Н. Қарқаралы оянының Қотан-бұлақ, Западни Балқаш, Зайсан елдеріндегі егіннің жайы. «ДУГ», 20.10.1889. № 41,42.  
115 Сиырға ер жараспас Қарқаралыдан хат. Аударған Ғали хан.  
116 Сиырды қасқыр жесе, топай қалады, Торғайды қырғи жесе, қауырсыны қалады Т. Тутковский. Жердің қысқаша тарихы. Аударған Қыр баласы. – Мәскеу, 1926.  
117 Соқырмен жолдас болсаң, көзіңді қысып жүр//Соқырмен оттас болсаң, көзіңді қысып жүр. Тағы  да  би  һәм  билік.  Қыр  баласы. «Қазақ», 1914. № 50.; Қыр баласы. Жауап хат. 8-т. 234-б.  
118 Сөйлер сөздің түбі бір – түп атасы Майқы би Қазақтың тарихы. «Қазақ», 1913. № 9.  
119 Сұлу – сұлу емес, сүйген сұлу «Қырым сөздерінен» аударған Қыр баласы. Сұлтан Сәли. «Қазақ», 1915 ж. № 136.  
120 Сүйіспеншілік жылуы ерітпейтін мұз болмайды Аударған: Ғали хан. Орыс жұртының ісі. «Қазақ», 1914. № 83. 8-т. 378-б.  
121 Талапты ерге нұр жауар    
122 Тамшы тас теседі Қыр баласы. Тозған ресім азап. 8-т. 271- б.; Ю.Вагнер. Су туралы әңгімелер. 12-т. 130 б.  
123 Таспен атқанды аспен ат V. Дін мен мектеп. «ЖМ», 1927. №1 (16).  
124 Таумен тасты су бұзар – адамзатты сөз бұзар Ғали хан. 12-т.  
125 Тәңірі асыраған тоқтыны бөрі жемес 2-нші феурал. «Қазақ», № 93, 1915.  
126 Тоя жесе тоқты еті……. сасиды Мамин-Сибиряк Д.М. Өзі. Аударған: Қыр баласы. Мәскеу, 1927.  
127 Түйенің түсіне көкпек кіреді Л. Толстой. Бір адамға қанша жер керек? Ауд.Қыр баласы. «ЖМ», 1926. № 9-10.  
128 Түймедей жазыққа түйедей жаза Ғали хан, Ахмет, Міржақып. Алаштың азаматына! 9-т. 99-б.  
129 Тікен екен жерге бидай шықпақшы емес Қазақтың тарихы. «Қазақ», 1913. №2.  
130 Тісі шыққан балаға шайнап берген ас болмас! Жауап хат. «Қазақ», № 24. 1913.; «Жауап хат. «Қазақ», 1916. № 184.  
131 Ұрлық түбі – қорлық Қыр баласы. Ұры тию. «Қазақ», 1913,

№ 44.

 
  132 Үй артынан келген жаудан сақта, есік алдынан келген дауылдан сақта Қыр  баласы.  Государственни  Думада. «Қазақ», 1915. №148.
  133 Үйде     оңдырмағанды     құдай     түзде     де оңдырмайды. Ә. Бөкейхан. Қазіргі саяси қал. «Абай», № 6, 1918.
  134 Үмітсіз – шайтан Мұғалімдер жиылысы. «Қазақ», 1913, № 40.
  135 Халық қараңғы болса,  алысқа      көзі жетпейді Ә.Б. Асығу керек. «Абай», 1918. № 7.
  136 Халық ұйғарса – хан түйесін сояды V. Тарих керек. «Қызыл Қазақстан», 1922 ж. № 10.
  137 Ханның қара сыбағасы Қазіргі саяси қал. «Абай», № 6.
  138 Шаш ал десе бас алу Ашық хат Жапан баласына. «ДУГ», 1900, № 7.
  139 Ырыс қашса да туыс қоймайды Мақардың түсі. Ғ.Б. «Ақ жол», 14.06. 1923.
  140 Іше келе аран ашылады Л. Толстой. Бір адамға қанша жер керек? Ауд.Қыр баласы. «ЖМ», 1926. № 9-10.

Мақал-мәтелдердің қолданыс ерекшелігі. Академик Ә. Қайдар «Халық даналығы» атты еңбегінде «мақал-мәтелдер мағына-мәнін берік сақтай отыра, тұлғалық жағынан өзгеріп, құбылып қолдануға бейім» [5, 122] екенін айтады. Соны Ә. Бөкейхан еңбектеріндегі кейбір мақал-мәтелдің құрылымына енгізілген өзгерістерден де байқауға болады. Мәселен, «Сиырға ер жараспас» деген мақалды: «Сиырға жез ер-тоқым жараса ма?» деп, сәл өзгертіп, жай ғана ер емес, «жез ер-тоқым» деп, бояуын қоюлатып, бейнелілік сипатын арттырыңқырап қолданылады.

«Әркім көрпесін бойына қарап жамылуы керек» (Көрпеңе қарай көсіл), «Берушіге бесеу көп» (Берерменге бесеу көп, аларманға алтау аз), «Бүлінгеннен бүлдіргі алма» (Мақал о баста «Бүлген елден бүлдірге алма» деген нұсқасында болған), «Заманың түлкі болса, тазы болып шалып қал» (Заманың түлкі болса тазы болып шал), «Ештен кеш – игі» (Ештен кеш жақсы) мақал-мәтелдерінің құрамындағы сөздер де қалыпты мақалдардан сәл өзгеше келген.

Алаш көсемінің тағы бір ерекшелігі ертеден «-ар/-ер» жұрнағымен (бұл қосымша ежелде жедел өткен шақты білдірген) жасалатын мақалдардың көбін, өз заманында белсенді айналысқа кірген «-ады/-еді» қосымшасымен алмастырады: Ат айналып қазығын табады, Ат аунаған жерде түк қалады, Жүрген аяққа жөргем ілінеді, Күн жауса – нұр жауады, Көп түкірсе – көл болады, Құдай қарғайын десе, ақылды алады, Халық ұйғарса – хан түйесін сояды, Түйенің түсіне көкпек кіреді, т.б.

Сол секілді тілде негізінен «Көкіректе сайрап тұр, құдай тілді байлап тұр» нұсқасында жиі кездесетін мақалды «Көкіректе сайрап тұр, қолымды заман байлап тұр» деп қолданады. Осы мақалдың «құдай тілді байлап тұр» деген екінші сыңарын саясаткер «қолымды заман байлап тұр» деп мақсатты түрде өзгерткен.

Қыр баласы саясаткер ретінде қоғамдағы әділетсіздікті, сөз бостандығының жоқтығын («Ашылып ақыл жазатын қалам бар ма?»), империяшыл пиғылды биліктің өктемдігін көрсету үшін мақалды мақсатты түрде осылай өзгертіп қолданған. Саясаткер біздің тілді, қолды байлап тұрған құдай емес, заман дейді. «Заман» деп отырғаны – сол кезеңде үстемдігін жүргізіп отырған озбыр билік, патша үкіметі. Мұны саясаткердің мақалды саяси дискурста мақсатты пайдалануы десек те болады.

Қазіргі уақытта саяси дискурсты зерттеуші көптеген шетел ғалымдары саясаткер тілінде мақал-мәтелдердің алатын орны айрықша екенін атап көрсетеді. Мәселен, неміс текті америка ғалымы Вольфганг Мидер «Proverbs Are the Best Policy: Folk Wisdom and American Politics» атты еңбегінде А. Линкольн, У. Черчилль, Г. Трумэн, Ф. Рузвельт сияқты белгілі саяси қайраткерлер тіліндегі мақал-мәтелдер қолданысын жан-жақты сөз етеді.

Осы еңбегінде В. Мидер Англия Премьер-Министрі У. Черчилльдің 1951 жылы Лондонда жарық көрген кітабына сілтеме жасай отырып, У. Черчилль мен Ф. Рузвельт арасындағы ең маңызды мақал алмасу 1941 жылғы 7 желтоқсанда Жапония АҚШ-тың Перл-Харбордағы әскери-теңіз базасына шабуыл жасаған күні болғанын айта келіп, екеуара әңгімеде Рузвельттің оған: «Олар бізге Перл-Харборде шабуыл жасады. Біз енді бір қайықтамыз…» (We are all in the same boat now …) [6, 199] – деп жауап бергенін жазады. Дәл осы мағынаны білдіретін қазақ мәтелін Әлихан бастаған алаш қайраткерлері елдегі саяси ахуалға қатысты Ф. Рузвельттен ширек ғасыр бұрын 1917 жылы қолданады. Патша үкіметі құлап Совет үкіметі орнағанда олар «Алаш ұлына!» деп аталған ашық хатында: «Біз қазіргі әділ үкімет, азат Росиямен бір тілекте, бір кемедеміз. Кемедегінің жаны бір, Росияға бұрын жанымыз ашымайтын еді, қабырғамыз қайыспайтын еді, енді орыс халқының өзімен тереземіз тең болған соң, жақсылығына сүйінеміз, жамандығына күйінеміз» [7], – деп жазады. Осы ашық хаттағы «Кемедегінің жаны бір» деген мәтел мен «Біз бір қайықтамыз» деген мақалды екі елдің басшылары да «тағдырласпыз, бірдей жағдайдамыз» деген мағынада қолданған.

Вольфганг Мидердің 2019 жылы жарық көрген «Right makes might» Proverbs and the American Worldview» деп аталатын жинағына енген зерттеулерінде де Авраам Линкольн, Фредерик Дуглас, Элизабет Кэди Стэнтон, Сьюзан Б. Энтони, Гарри С. Трумэн, Джон Ф. Кеннеди, Рональд Рейган, Хиллари Родэм Клинтон, Кіші Мартин Лютер Кинг және Барак Обама белгілі саясаткерлер мен реформаторлар қолданған мақал-мәтелдерді негізге ала отырып, мемлекетті басқару мен халық санасына әсер етудегі олардың рөлі туралы маңызды тұжырымдар жасайды. «Мақал-мәтелдер, әсіресе, халықтың құндылықтар жүйесі мен менталитетін айқындап бере алады. Оларды қажет жерінде, орынды қолданғанда, маңызды әлеуметтік-саяси ойды ұтымды жеткізуге болады» [8], – деген қорытындыға келеді.

Бұл тұрғыдан келгенде алаш көсемінің тілінде мақал-мәтелдердің мол болуы кездейсоқ нәрсе емес. Халқының дүниетанымы мен ділін жақсы білген саясаткер жұртының жүрегіне жол тауып, ойын айқын да әсерлі жеткізу үшін мақал-мәтелдерді жиі пайдаланған. Жалпы мақал-мәтелдер саяси дискурстік-коммуникативтік кеңістікте жиі кездесетін тілдік бірлік болып саналады.

Ә. Бөкейхан түрлі еңбектерінде мақал-мәтелдерді мәтін ішінде мағынасына сәйкес қолданумен бірге, олардың көпшілік назарын аударуға ықпалының күшті екені ескере отырып, мақала тақырыбы ретінде де пайдаланды. Мысалы, «Аңқау елге арамза молла» (1-т.172-б.), «Ештен кеш игі», «Сусағанның түсіне су кіреді» (Қыр баласы. «Қазақ», 1913. № 40. Орынбор.) және т.б.

Қыр баласы осы мақалада «Сусағанның түсіне су кіреді» деп ала отырып, мәтін ішінде «Шөлдегеннің түсіне су кіреді деген осы» деп жазады. Яғни бір мақалада мақалдың: Сусағанның түсіне су кіреді//Шөлдегеннің түсіне су кіреді деген екі нұсқасы кездеседі.

Қыр баласы орысша жазған мақаласына да мақалды тақырып етіп қояды. Оның 1890 жылы Петербор орман институтының 1 курсына студент болып қабылданған кезінде жазған мақаласы «Не желай и не делай того, чего не желаешь себе» деп аталады. Жас талапкер мақаласында «В этой пословице выражена непреложная истина» дей отырып, өзі айтпақшы «осы тамаша мақалдың» мән-мағынасын талдап, түсіндіруге арналады. Бұл кезде студент Әлихан 24 жаста еді. Жоғары оқу орнына жаңа қабылданған 1-курс студентінің мұндай арнайы мақала жазуы оның мақал-мәтел мәніне жас кезінен, ерте бастан көңіл бөлгенін көрсетеді.

Сонау ертеден басталған мақал-мәтелді мақала тақырыбы ретінде пайдалану дәстүрі қазір деп жалғасып келеді. Оған бүгінгі БАҚ беттерінен алынған мысалдар дәлел бола алады. Мәселен, «Айқын» газетінің газеті мен интернет парақшаларында «Мал ашуы – жан ашуы» және «Судың да сұрауы бар» [9] деген мақалдар мақала тақырыбы ретінде пайдаланылған.

Алғашқы қазақ газеттерін ашып, қазақтың баспасөз тілінің, қазіргі публицистикалық стилінің негізін қалаған Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы бастаған алаш оқығандары мақала тақырыптарын қою, тақырып ретінде мақал-мәтелді пайдалану үлгісін көрсетіп, тәжірибеге енгізгені байқалады. Бақытжан Қаратаев бас редакторы, Елеусін Бұйрин мен Ғұмар Қараш редакторы болған «Қазақстан» газеті 1911-1913 жылдары Оралда шығып тұрды. Осы газеттің екінші нөмірінде де «Еңбек етсең емерсің» [10, 39] деген мақал мақала тақырыбы етіп алынған. Бұл үрдіс «Қазақ» газетінен, әсіресе онда жарияланған Қыр баласы мақалаларынан көбірек байқалады.

Мақалдарды газетте мақала тақырыбы етумен қатар, Қыр баласы кейбір мақалдарды аударған ғылыми танымдық, оқулық әдебиеттеріндегі тараудың тақырыпшасы етіп те пайдаланады. Мәселен, Т. Тутковскийден аударып, 1926 жылы Мәскеуде жариялаған «Жердің қысқаша тарихы» атты еңбегінің бірінші тарауының алғашқы тақырыпшасын «Ат аунаған жерде түк қалады» деп береді.

Аудармашы ғылым жетістігін қазақ оқырманына түсінікті етіп беру мақсатымен түпнұсқада жоқ тақырыпшаны енгізген. Қазақтың мақалдап сөйлеуге бейімдігін ескеріп, ғылыми-танымдық еңбектің құрылымдық ішкі бөлігіне ел ішіне кең тараған мақалды тақырыпша етіп қойған.

Қыр баласы қазақ мақал-мәтелдерін орыс тіліне дәлме-дәл аударып қана қоймай, олардың мән-мағынасын орысша түсіндіріп, орыс тіліндегі жазған еңбектерінде де қолданады. Мысалы, ғалым орысша жазылған ғылыми еңбекте: «…В степи сложилась даже поговорка: «Жылқы – байлық, түйе – салтанат, қой – мырзалық, сиыр – тоқтық», что значить: «Лошади для роскоши, верблюды для украшения, овцы для щедрости, рогатый скот для сытности» (Материлы по киргизскому землепользованию. Семипалатинская область. Каркаралинский уезд. Т. VI-й. С.Петербург, 1905.), – деп жазады.

Орысша жазылған өзге еңбектерінде де мұндай мысалдар кездесіп отырады. Мәселен, «Тауда бұғының мүйізі сырқыраса, ауылда бұзаудың мүйізі қақсайды» (Когда в горах ноют олени рога, тогда болят рога и у теленка в ауле) деп осы мақалдың («Омскъ, 8-го февраля», «Голос степи», № 28. 8 феврваля 1907 г.) орысшасын жақша ішіне береді. «Көп жүрген жыланның аяғы көрінеді» – многократный обман обнажить, покажет змейные ноги  – говорит киргизская пословица  (V. Русские поселение в глубине степного края. «Сибирские вопросы», № 37-38. 1908. Стр. 48-65.).

1900 жылы «Дала уалаятының газетінде» жарияланған «Қызылжардан хат!» деген мақаласында Ә. Бөкейхан: «Құдыққа түкірмеңдер, мырзалар! Дәм атар!» деп жазса, осы мақаласының орысшасында: «Құдыққа түкірмеңдер, дәм атар!» – Не плюй в колодец, пить пригодится (Корреспонденция из Петропавловска. Сын степей. «Киргизкая степная газета», № 9. 12. 03. 1900 г.), – деп жазады. Бұл жерде «Су ішкен құдығыңа түкірме» деген қазақ мақалы жазу мақсатына орай сәл ықшамдалып пайдаланылған.

Ә. Бөкейхан орысша жазған еңбектерінде орыстілді оқырманға қазақ мақал- мәтелдерінің, нақыл сөздерінің мағынасын түсіндіруді ұмытпайды. Бұл тұрғыдан қарағанда оны қазақ мәдениетін, мақал-мәтелдерін насихаттаушы, халқының тұрмыс- тіршілігін таныстырушы деуге болады. Қыр баласы өз еңбектерінде қазақтың мынадай мақал-мәтелдерін орыс тіліне аударған немесе орысша түсіндірмесін берген:

2-кесте

 

Қазақ мақал-мәтелдері

Әлихан Бөкейханның орысша аудармасы (түсіндірмесі)

  Аңқау елге – арамза молда Простаку      народу     –      прохожий      проповедник// Наивному народу – стяжатель священник
  Ат биеден, ер анадан туады Хороший лощадь родится от хорошей кобылы, так умный мужчина родится от умной матери
  Жақсыға ерсең, жетерсің мұратқа, жаманға ерсең – қаларсың ұятқа Лучше верь тому, что правда: выбирай в вожди людей достойных, следуй (Князь с хорошим думцем додумается до высокого стола, а с худым и малого будет лишен)
  Жылқы – байлық, түйе – салтанат, қой – мырзалық, сиыр – тоқтық Лощади для роскоши, верблюды для украшения, овцы для щедрости, рогатый скот для сытости.
Көппен көрген ұлы той На миру смерть – красна//Маемся миром  
Көше берсе – мал семіз, көшпесе – қатын семіз Кочуешь, скот жирный, не кочуешь – баба жирна (То есть «при больших кочевках скот жирный, а при стоянке на месте – бабы жирные)  
Су ішкен құдығыңа түкірме Не плюй в колодец, пить пригодится (Не плюй в колодец, из которого напился)  
Тауда бұғының мүйізі сырқыраса, ауылда бұзаудың мүйізі қақсайды Когда в горах ноют оленьи рога, тогда болят рога и у теленка в ауле  

Ал «Открытое письмо казахам Семипалатинской области» деген орысша мақаласының соңында: «…Как говорится в известной казахской поговорке: «Ер – туған жеріне, ит – тойған жеріне» («Голос степи», № 7. 13.01.1907 г.), – деп аудармасыз береді. Бірақ мұндай жағдайлар өте сирек ұшырасады. Автор негізінен орысша жазғандарында мақалдарды аударып, олардың мәнін түсіндіріп отырады. Оған жоғарыдағы мысалдар дәлел бола алады.

Зерттеушілер «Біздің талдауларымыз қазіргі саясаткерлер өздері жасаған саяси мақалдарына жиі жүгіне бермей, көп жағдайда олар тілде бұрыннан бар жалпытілдік бірліктерді пайдаланатынын көрсетті» [11, 242] – деп жазады.

Әлихан шығармаларында қолданылған мақал-мәтелдер де бұл тұжырымға қайшы келмейді. Саясаткер тіліндегі мақал-мәтелдердің барлығы дерлік жалпыхалықтық сөз қорынан, соның ішінде негізінен қазақ тілінен алынған.

Қазіргі жазба тілде кейбір сөздерді дөрекі, анайы деп танып, оларды басқа сөзбен алмастыру, орнына көп нүкте қойып кету дәстүрі орныққан. Мысалы: «Күштінің арты диірмен тарта бере ме?» [12].

Осындағы «арты» сөзі сол мақсатпен алмастырылған. «Мен көрдім дүние деген иттің көтін» деп жазған Абай сияқты Ә. Бөкейхан да сыпайыландырамын деп ондай сөздерден қашпай, әр нәрсені өз атымен айтады. Алайда «Күштінің көті диірмен тартады» деген мақалды ол: «Күштінікі диірмен тартады, мал бағам деп Варон-Секреті жер алып отыр» деген сөйлемінде ықшамдап, сөз қалдырып жазады. Осылай жазғанымен мұны Қыр баласының тіліне тән, негізгі сипат деп тануға болмайды.

Зерттеушілер мақал-мәтелдің басқару қызметіндегі функционалдық белгілерін мақсат қою, жоспарлау, мотивация, бақылау, басқару шешімдерін қабылдау, коммуникацияны жүзеге асыру, көшбасшылықты жүзеге асыру және қызмет тиімділігін қамтамасыз ету сияқты 8 түрлі топқа бөледі [13].

Ә. Бөкейхан ХХ ғасыр басында саяси партия құрып, үкімет басқару міндетін мойнына алған, жұртын азаттық жолына бастаған саясаткер ретінде тұтас бір халықтың тағдырына қатысты шешім қабылдаған аса көрнекті қайраткер болғандықтан да мақал-мәтелдердің осы функцияларын біліп-сезіне отырып, оларды мақсатты түрде әрі өте ұтымды пайдаланған. Сонымен қоса ұлт мәдениеті мен менталитетін жақсы білетін білімпаз зиялының қазақ халқының ойын бейнелі, әсерлі жеткізуге шебер, сөйлегенде мақал-мәтелді көп қолданатын жұрт екенін де жақсы білгені сөзсіз. Оның еңбектерінде мақал-мәтелдер мен теңеулердің өте жиі қолданылуының басты себептері де осы айтылғандардан туындаған деп пайымдауға негіз бар.

Г.Л. Пермяков шығармашылық үдерістің бірінші шарты жағдаятты түсіну дей отырып, мақал жағдаятты дұрыс атап, сондай түсінік беретінін айтады. Ғалым: «Бірақ дұрыс атау үшін, барлық байланысты нәрселерді дұрыс анықтау – яғни, логикалық астары бұл жағдаятқа тән мән-жайларға дөп түсетін мақалды беру (алу, іздеу) керек. Мақалды дұрыс, ұтымды таңдау – бұл мұндай өмірлік жағдаятты дәл анықтау (тиісті қалып-үлгіге жатқызу) деген сөз. Бұған жағдаятты дұрыс ұғына алатындай «даналық» керек» [14].

Ә. Бөкейханның ондаған мақал-мәтелді қажет жерінде, орнымен пайдалана білуі оның халқының мінез-құлқы мен дүниетанымын терең танып-білген өз заманының озық ойлы оқымыстысы әрі елдің әлеуметтік-саяси ахуалын жақсы білетін ірі саясаткер, көрнекті көшбасшы екендігін айғақтай түседі.

Қыр баласының еңбектерінде авторлық мақал ретінде тануға лайық қолданыстар да кездесіп отырады. Мәселен, «Бұл тіршілік үлкен талас, бір бәйге: жүйрік алады, шабан қалады» (Сайлау) – деген сөйлеміндегі «Жүйрік алады, шабан қалады» деген екінші сыңары мақалға сұранып тұр. «Мінсіз жалғыз құдай, сепкілсіз жалғыз күн» және «Ақылды сөз қылмақ қиын, сөзді іс қылмақ мұнан да қиын» (Ашық хат) деген қолданыстары да мақал іспетті.

Сондай-ақ Қыр баласының еңбектерінде мақал-мәтелдерден өзге «ас ішіп аяқ босатар», «асатпаған майға қақалу», «әулиеге ат айтып, қорасанға қой айтып» сияқты тұрақты тіркестер де жиі ұшырасады. Оны «Тереңкөл, Мұздыкөл уағы асатпаған майға қақалып отырғанда жер заманы өзгертілді (Жауап хат), «…Торғай қазағына жаңа тәртіпті түсіндіру үшін ас ішіп аяқ босатар Жангелдинді шығарған еді» (Жұрт төреші); Тоқтар «Әулиге ат айтып, қорасанға қой айтып» құдайдан бала сұрапты (Қара қыпшақ Қобыланды) сияқты мысалдардан көруімізге болады.

Ә. Бөкейхан еңбектеріндегі мақал-мәтелдер варианттылығы. Ә. Бөкейхан еңбектерінде кейбір мақал-мәтелдердің екі, үш нұсқасы кездеседі. Мысалы: Қолағаш мықты болса, киіз қазық жерге кіреді//Қолағашы мықты болса, киіз қазық жерге кіреді//Қол тоқпағы мықты болса, киіз қазық жерге кіреді. Мақалдың бұл нұсқалары Қыр баласының «Сусағанның түсіне су кіреді», «Петроград хаты», «Мемлекет халі», «Ел арасына оқу ісін кім жүргізеді?» деп аталатын мақалаларында қолданылған.

Мақалдыңбұлнұсқаларыныңмағынасындаешөзгешелікжоқ. Обастағы:«Қолдаушысы, арқа сүйері, сүйеушісі мықтының қалағаны болады» деген ауыспалы мағынасы сақталып тұр. Айырмашылығы – мақал құрамындағы бір ұғымды білдіретін «қолағаш» және «қол тоқпақ» сөздерінің қолданысы ғана. ХХ ғасыр басында жазылған алаш оқымыстысының еңбегінде кездесетін бұл мақалдың қазіргі тілде «Тоқпағы мықты болса, киіз қазық жерге кіреді» нұсқасы жиі қолданылады. Қыр баласы қолданған «қолағаш» және «қол тоқпақ» сөздерінің орнына «тоқпақ» сөзі тұрақтады.

Бір қызығы «Қолағашы мықты болса, киіз қазық жерге кіреді» Ә. Бөкейхан жиі қолданатын мақалдар қатарына кіреді. Бұл мақал ғалым еңбектерінде бірнеше рет кездеседі. Кейде осымен мағыналас, алайда эмоционалды-экспрессивті бояуы одан да қалың «Күштінікі диірмен тартады» деген мақалды да қолданады. Бұл оның қоғамдағы, саясаттағы әділетсіздіктерді халыққа әсерлі де тұжырымды етіп жеткізуге бейім саясаткер екенін байқатады. Сонымен қатар оның қазаққа тән мақалдап сөйлеу, жазу мәнері мен сөз саптасындағы, саяси дискурсындағы сарказм, мысқылдап айтуға бейім болмысын да көрсетеді.

Соқырмен жолдас болсаң, көзіңді қысып жүр (Тағы да би һәм билік. «Қазақ», 1914. № 50.)//Соқырмен оттас болсаң, көзіңді қысып жүр (Жауап хат.).

Мұнда да алдыңғы мақалдағы сияқты мақалдың негізгі мағынасы сақтала отырып, бір сөз орнына өзге сөз қолданылған. Бірінде «жолдас», ал екіншісінде «оттас» сөзінің қолданылуына байланысты аздаған эмоционалды-экспрессивті бояу өзгешелігі ғана сезіледі.

Әлі жеткен алып та жығады, шалып та жығады («Үшінші Дума һәм қазақ») // Балуан алып та жығады, шалып та жығады (Жауап хат. Зейнолла Бұтабайұлына.).

Бұл қолданыста да мақалдың мағынасы мен құрылымында айтарлықтай өзгешелік жоқ. Тек «әлі жеткен» тіркесі мен «балуан» сөзі алмасып, жарыса жұмсалған.

Ат сыры – иесіне мәлім (Би һәм билік. «Қазақ», 1914. № 48.)//Ат сыры иесіне белгілі (Мұсылман сиезі.) мақалының екі нұсқасының қолданысы да дәл алдыңғы мақалдардағы сияқты. Қыр баласы бірде «мәлім», енді бірде «белгілі» деген мағыналас, синоним сөзді қолданған. Қазіргі тілде негізінен «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» деп қолданылатын мақалды Ә. Бөкейхан «Сөйлер сөздің түбі бір – түп атасы Майқы би» деп қолданады.

Мақал-мәтелдер табиғатын арнайы зерттеген жоғарыда аталған еңбегінде академик Ә. Қайдар: «Мақал-мәтелдер тұрақты тіркес, күрделі коммуникативтік бірлік бола тұрса да, олардың өзгермелі, тұлғалық деформацияға бейім «жанды» құбылыс екендігін көрсететін бір белгісіне варианттылық жатады» [5, 124] деп жазады.

Қазақ мақал-мәтелдерінің ХХ ғасыр басындағы және қазіргі тілдегі қолданысы оларға ғалым атап көрсеткен варианттылық сипаттың жат емес екеніне дәлел бола алады.

Сондай-ақ академик ғалым: «Мақал-мәтелдер жанды құбылыс ретінде қалай өзгерсе де, кейбір компоненттерінің синонимдік алмасуларынан басқа өзгерістерді қаламайды», – дейді.

Ә. Бөкейхан еңбектеріндегі қолағаш//қол тоқпақ//тоқпақ тәрізді бір ұғым атаулары мен мәлім//белгілі сияқты синонимдер, жолдас//оттас, батыр//әлі жеткен іспетті мағынасы жақын сөздер мен тіркестердің бірінің орнына бірі жұмсалуы да осы тұжырымды растай түседі.

Мақалдардың варианттылығын арнайы зерттеген ғалым Е.И. Селиверстова: «Мақалдардың варианттылығы бір жағынан оның фольклор жанрының бір түрі екенін көрсетсе, екінші жағынан паремия табиғатына тән факторларға байланысты анықталады» [15, 29], – дейді.

Сондай-ақ зерттеуші лексикалық варианттылық компоненттері кездейсоқ емес, әдетте паремиялық биномдар құрамында кездесетін және сол себепті паремия кеңістігінде қолданылу мүмкіндігі берілген сөздермен алмастыру арқылы көрінетіндігін айтады.

Ә. Бөкейхан еңбектерінде қазақ мақалының сол мағынаны беретін орыс тіліндегі нұсқасын немесе орыс мақалының қазақ тіліндегі баламасын түсіндіру, салыстырып беру мақсатында қолданылғанмен олардың тіларалық варианттары ұшыраса бермейді. Бұл негізінен ондай варианттардың туысқан тілдер арасында көп ұшырасатындығына байланысты болса керек.

Ал Қыр баласы еңбектерінде бір сыңары синонимдес, мағыналас сөздермен алмастырылатын мақалдардың жиірек кездесуі ХХ ғасыр басында қазақ мақалдарының толық жинақталып, сөздігі жасалып, нормаланған нұсқаларының қолданысы әлі орныға қоймауымен де байланысты болар деп пайымдауға болады. Мақал-мәтелдердің жинақтары мен сөздіктерінің жасалуы, онда ел ішінде кең тараған, әдеби нормаға түскен нұсқасының берілуі оларды халықтың жаппай бірізді қолдануына негіз болды.

Орыс мақал-мәтелдерінің аударылуы мен қолданысы. Ә. Бөкейхан еңбектерінде кездесетін мақал-мәтелдердің басым бөлігі қазақтікі. Сонымен қатар алаш білімпазы өз шығармашылығында қазақтан өзге орыс, француз, грек, украин халықтарының да мақал- мәтелдерін қолданады. Дегенмен салыстырмалы түрде басқа жұрттардан алғандарының арасында орыс мақал-мәтелдері көбірек кездеседі. Төменде солар жайында сөз етпекпіз.

Орыс тіліне жетік қазақ оқымыстысы орыс мақал-мәтелдерінің түп мағынасын терең түсініп, еркін пайдаланады. Бұл жерде де ол басқа жұрттың сөз мәйегін қазаққа бейімдеп, қазаққа түсінікті етіп беру қағидатынан айнымайды. Бірақ түпнұсқадан ауытқымайды. Орыс халқының мақалдарын қазақ танымына лайықтай отырып, дәл аударады.

Ә. Бөкейхан еңбектерінде орыс мақал-мәтелдерінің жиі кездесетіндігіне көз жеткізу үшін білімпаз еңбектерінен алынған төмендегі сөйлемдерге назар аударып көрелік. Мысалдар: «Орыс жұртының жақсы мақалы бар: «Жұрттан жиған жіп – жалаңашқа көйлек» деген (Мұғалімдер жиылысы.); «Орыс мақалы бар «Әр жеміс өз кезінде» деген» (Екі сиез. «Қазақ», 1914. № 52.); «Әркімнің өз көйлегі етіне жақын» (Монғол халі.); «Борыш көркі төлеу» деген орыс мақалы бар» (Он төрт тоғыз бола ма?); «Құдай қарғайын десе, ақылды алады» деген мақал Құтухта еншісіне тиді білемін» (Монғол конституциясы.);

«Бұлардың сұғанақтығы «бос жатса қалтаға тығыңыз» деген орыс мақалында тура тұр» (Қызылжардан хат.); «Етікші бізі дорба түбінде жасырынбас» (Қаймақсыз сүт қазақ халқын өлімнен сақтайтын.); «Орыс мақалы бар: «Заң – арба жетегі, қалай бұрсақ, сол жақта болады» – деген» (Айналма) және т.б.

Төменде Ә. Бөкейхан қолданған орыс мақал-мәтелдері орысшасымен қатар түгел берілетіндіктен бұл мысалдарда олардың бір бөлігі ғана беріліп отыр.

Ә. Бөкейхан шығармаларында қолданылған орыс мақал-мәтелдерінің елеулі бөлігі дәлме-дәл аударылған. Мысалы: «Дело боится мастера» (Іс ұстадан қорқады), (Алдамасаң, сатпайсың!» (Не обманешь – не продашь), «Бүкірді көр түзейді» (Горбатого исправит могила), «Балық басынан шіриді» (Рыба гниёт с головы), «Борыш көркі төлеу» (Долг платежом красен) және т.б.

Осы мақалдардың екі тілдегі нұсқалары да бір-біріне мағыналық жағынан да, құрылымдық жағынан толық сәйкес келеді. Бұлардың қай-қайсысы да өте сәтті аударылған. Ә. Бөкейхан бастаған алаш зиялыларының үндеуіндегі «Жалпы жұртты қотыр қылатын жалғыз-жарым адасқан, атқа мінген бүкірді көр түзейді» (Әлихан, Ахмет, Міржақып. Алаштың талапты азаматына! Үндеу.) – деген сөйлемдегі «Бүкірді көр түзейді» орыстың «Горбатого исправит могила» деген мақалының аудармасы. Бұл да жоғарыдағы мысалдардағы сияқты дәлме-дәл аударылған мақалдардың бірі.

Қыр баласы «Семь раз отмерь, один раз отрежь» деген орыс мақалын «Жеті өлшеп, бір кес!» (Қалай бірігеміз?) деп өте сәтті аударған. Қазіргі тілімізде бұл мақалдың «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» деген нұсқасы жиі қолданылады. Қазіргі нұсқасы түпнұсқаға сөзбе- сөз сәйкес келеді. Бұл нұсқа да жақсы, дәл аударылған. Алайда Ә. Бөкейхан қолдаған нұсқа одан да ұтымды аударылғаны байқалып тұр. Аудармашы тұпнұсқаның екі сыңарында да қайталанып қолданып тұрған «раз» сөзін қазақшада тіке аудармай, мақалды ықшамдап алған. «Жеті рет өлше» – «жеті өлше» және «бір рет кес» – «бір кес» мағыналарында айтарлықтай айырмашылық жоқ. Бұдан мақал құрылысына да, мағынасына да еш нұқсан келмеген. Қайта мақал, барынша ықшамдалып, жұп-жұмыр болып шыққан. Қысқа да нұсқа әрі мағынасы да дәл беріліп тұр. Айтуға, қолдануға да өте жеңіл. Сонысымен де ұтымды. Сол себепті Ә. Бөкейхан қолданысындағы нұсқаны да кеңінен қолдана беруге болады деп санаймыз.

Төл мақалымыздай қолданылатын «Не ексең, соны орасың» (Что посеешь, то и пожнёшь) да дәл осындай өте сәтті аудармалар қатарына кіреді.

Қыр баласы кейбір орыс мақалдарын дәл түпнұсқадағы қалпында сөзбе-сөз, дәлме- дәл қайталамай қазақ түсінігін лайықтап аударады. Бірақ мақал мағынасын әрқашан дәл беріп отырады. Тек ұлт танымына сәйкес мақал құрамындағы жекелеген сөздерді мақсатты түрде түпнұсқа мазмұнына нұқсан келмейтіндей етіп алмастырады. Мысалы: «Утопили щуку, да зубы остались» немесе оның «Съели щуку, да зубы целы» деген нұсқасын да сөзбе- сөз аудармай мағынасын қазақ ұғымына икемдеп «Шортанның өзін ұстаса да тісі қалады» (Ә. Бөкейхан. Қалай бірігеміз?) деп береді.

Орыс халқына түсінікті болғанмен «утопили» сөзін түпнұсқаға сәйкес «батырды» түрінде аударса, оны қазақ оқырманы «Суда жүрген шортанды суға батырғаны қалай?» деп, мақалдың «пайдасыз, қажетсіз істелген шара» деген түп мағынасын дұрыс түсінбеген болар еді. Орыс тілінде осы мақалдың «Съели щуку, да зубы целы» деген де нұсқасын қазақшаға дәлме-дәл аударғанда «Шортанды жедік, тісі қалды» болар еді. Олай да аударылмайды. Бірақ мақалдың осы мағынасы беріледі. Қазақ балықты уақыт өткізу, ермек үшін ұстап, қайтып суға жіберіп отырмаған. Ұсталған, қолға түскен шортан желінеді. Сондықтан «ұстаса да» сөзі таңдалған. Жалпы мақалдың негізі мағынасы қазақтың: «Жыланды үш кессең де, кесірткелік қауқары бар» деген мақалына жақын келеді.

«Шила в мешке не утаишь» деген орыс мақалын «Етікші бізі дорба түбінде жасырынбас» (Қаймақсыз сүт қазақ халқын өлімнен сақтайтын «ДУГ», 1900, № 14.) деп аударады. Түпнұсқада біздің етікші бізі екені айтылмайды. Аудармашы тарапынан «етікші» сөзі қосылған. Қазір бұл мақал негізінен «Қап түбінде біз жатпас» деп қолданылады.

«V» бүркеншік есімі қойылып жазылған орыстың «На безрыбье и рак – рыба» деген мақалы да әдейі қазаққа бейімдеп: «Балық жоқта бақа балық» (V. Оқу майданында шабандық бар. «Еңбекші қазақ», № 289. 1925 ж.), – деп аударған деп пайымдаймыз. Өйткені шаяны қалың теңіз, көлінен гөрі өзені көбірек қазақ даласының қай түкпірінен де бақаны көруге болады. Қазаққа екінің бірі біле бермейтін су шаянынан гөрі «бақа» жақсы таныс. Оның үстіне дауыссыз «б» әріптері қатар келіп аллитерация туғызып тұр. Мақалдарға мұндай үйлесім тән. Ұйқасты ұнататын, сөзден үндесім іздейтін қазақ үшін бұл маңызды.

Қыр баласы кейде өзге тілдегі мақалдың өзі қажет тапқан бір сыңарын ғана аударып қолданады. Мысалы, «Голодному снится хлеб, а жаждущему – вода» орыс (армян) мақалының «Шөлдегеннің түсіне су кіреді», – деген екінші жартысын ғана аударып алады. Кейбір қос тағанды мақалдар мен фразелогизмдердің тілде бір сыңары жиі қолданылып жататын жағдайлары болады. Бұл жерде автор осыны ескерген болуы мүмкін.

«Орыс мақалы бар: «Заң – арба жетегі, қалай бұрсақ, сол жақта болады (Айналма. № 37, 39); «Закон – арба жетегі, қайда бұрса, солай қарайды». Закон – арба жетегі, қайда бұрса, солай қарайды (Кәкітай. «Қазақ», 1915. № 105.). Мұнда қыр баласы орыстың «Закон – что дышло: куда повернёшь, туда и вышло» деген мақалын қазақшаға аударып қолданып отыр. Орыс мақалындағы «дышло» қазақтың «тертесі». Терте – арбаға қос атты жұптастырып жеккен кезде арбаның алдыңғы өсінің ортасына бекітіліп, аттардың арасында тұратын жуан жетек ағаш. Осы тертені қазақ арыс, жетек деп те атайды. Қыр баласы «жетек» сөзін таңдаған.

Осы мақал құрамындағы «заң» сөзінің қолданысына назар аударған жөн. Бізде «Өткен ғасыр басында тілде орныға қоймаған «заң» жаңа сөзін өзі қолданды ма, әлде сол кездегі редакциядағы әріптестер немесе шығармалар жинағын баспаға әзірлеушілер өзгеріс енгізді ме екен?» деген сұрақ туындады. Жалпы Ә.Бөкейхан өз еңбектерінде негізінен «закон» сөзін қолданады. Көп еңбегінде законан тыс, закон жобасы, закон арқылы, закон бойынша, закон қаралғанда деп жазады. Кәкітай қазасына байланысты жазған азанамасында да сөз болып отырған орыс мақалын «Закон – арба жетегі, қайда бұрса, солай қарайды», деп қолданады. Ал жоғарыдағы мысал алынып отырған «Айналма» атты мақаласында «закон» сөзі 14 рет, «заң» сөзі тек бір-ақ рет, осы мақал құрамында ғана кездеседі. Автордың бір мақаласында бір сөзді екі түрлі қолдануы да күмән туғызады.

Ә. Бөкейхан еңбектерінде бір мәтел «Ер жігіт қыз мінезді, бала көңілді // Ер қыз мінезді, бала жүректі // Ер жігіт қыз мінезді, бала жүректі» (Берлинде тағы; Кәкітай. Мүнәһиб.), – деген үш түрлі нұсқада кездеседі.

«Судия Берлинде тағы» осы мәтелдің Германия патшасы ІІ-ші Вильгельмге қатысты осы мақалдың «Ер қыз мінезді, бала жүректі//Ер жігіт қыз мінезді, бала жүректі» деген екі нұсқасын қолданады. Бірінде «ер» сөзін ғана пайдаланса, ал екіншісінде «ер жігіт» деп, тіркес түрінде алады.

Кейбір еңбектерінде автор мақалдың қай халықтікі екенін өзі атап көрсетіп те отырады. Мысалы: «Орыс жұртының жақсы мақалы бар: «Жұрттан жиған жіп – жалаңашқа көйлек» (Мұғалімдер жиылысы. «Қазақ», 1913, № 40.); Орыс көпесі шығарған бір мақал бар: «Алдамасаң, сатпайсың!». Бұл мақалға біздің қазақ саудагері де құл (Жауап хат. «Қазақ», 1915, № 122.); «Астары мен үсті бірдей болсын» деген франсұз жұртының жақсы мақалы бар. (Он төрт тоғыз бола ма? «Қазақ», 1914, № 91.); Неше кісі оқып бір кітаптан һәркім өз фікірін табады» деген франсұз жұртының жақсы мақалы бар (Сусағанның түсіне су кіреді. «Қазақ», 1913 ж. № 40.); Білім анасы – жаттау. «Білім анасы – жаттау» деп грек мақалы айтады (Физикалық жағырафия. «Еңбекші қазақ», 1925, № 320).

Қазіргі қазақ тілінде «Қайталау – оқу анасы» түрінде қолданылатын мақалды Ә. Бөкейхан «Білім анасы – жаттау» деп аударады. Бұл орыс тіліндегі «Повторение – мать учения» нұсқасынан дәлме-дәл аударылған. Ал Қыр баласы «қайталау» емес, «жаттау» деп алуына өлеңді, мәтінді бірнеше рет қайталағанда ғана жадыңда жатталатынын негізге алған болса керек.

Ә. Бөкейхан кейде орыс немесе басқа жұрттардың мақал-мәтелдерін оның қай халықтікі екенін айтып жатпай-ақ та аударып қолдана береді. Мысалы, «Қарқаралы оязының Қотан- Бұлақ, Западни Балқаш, Зайсан елдеріндегі егіннің жайы» деген мақаласында: «Сақтансаң – сақтармын» дегенді ойлаңдар», – деп жазады. Бұл орыс мақалы болуы керек. Егер бұл орыс тіліндегі «Береженого бог бережет» мақалының аудармасы болса, онда оны «Сақтанғанды құдай сақтайды» немесе «Құдай сақтанғанды сақтайды» деп аударуға да болар еді. Алайда мақал «Сақтансаң – сақтармын!» деп аударылған. «Атты қамшымен айдама, арпамен айда» дейтін орыста мақал бар», – деп жазады автор (Оқытушының білімін толықтыру. «Жаңа мектеп», 1926, № 5). Автордың айтып отырғаны орыстың: «На лошадь не плеть покупают, а овес» мақалы болуы керек. Бұл мақал да «Атқа қамшы емес, арпа сатып алады» деп тікелей аударылмай, қазақ түсінігіне лайықталып: «Атты қамшымен айдама, арпамен айда», – деп сәтті, бейнелі аударылады.

Қыр баласының аудармасында «Бірақ іше келе аран ашылады» (Л. Толстой. Бір адамға қанша жер керек? Ауд. Қыр баласы. «Жаңа мектеп», 1926. № 9-10) деген сөйлем кездеседі. Зерттеушілер кейін кең тарап мақалға айналып кеткен фразаның авторы әйгілі француз жазушысы Франсуа Рабле деп санайды. Ф. Рабленің XVI ғасырда (1532 ж.) жазылған «Гаргантюа және Пантагрюэль» романынан алынған бұл фраза орыс тіліне «Аппетит приходит во время еды» деп аударылып тарады. Француз жазушысының осы сөзінің «Жажда приходит во время пития» жалғасы бар екенін көрсететін де зерттеушілер (К. Душенко) бар. Өз заманың озық білім иесі Ә. Бөкейхан қолданған «Іше келе аран ашылады» деген қолданысы Ф. Рабленің осы сөзіне дөп келеді.

«Жақсыға ерсең, жетерсің мұратқа, жаманға ерсең – қаларсың ұятқа» (Ә.Н.Қ. оязындағы моллалардың баяны. «ДУГ». 1889 ж. № 19). Осы мақаланың «Мулла в К-ском уезде» деп аталатын орысша нұсқасында: «Лучше верь тому, что правда: выбирай в вожди людей достойных, следуй киргизкой пословице: Жақсыға ерсең – жетерсің мұратқа, жаманға ерсең – қаларсың ұятқа» – «Князь с хорошим думцем додумается до высокого стола, а с худым и малого будет лишен» (А.Н.Мулла в К-ском уезде. «ДУГ». 1889 г. № 22) – қазақ мақалын келтіріп, сызықша арқылы осы мақалға мағынасы сәйкес келетін орыс мақалын береді.

Бұл жерде автор екі тілде жазылып, газеттің бір санына басылған мақаланы бірінші қазақша жазып, содан соң орысшаға аударуы да мүмкін. Сол кезде қазақшада қолданған мақалын орыстілді оқырманға түсіндіру мақсатымен оны орысшаға аударады немесе соған сәйкес орыс мақалын қатар береді. Екінші жағынан орысшаға жетік автор алдымен орысша жазса да, қазақ тұрмысы мен тілін жақсы білетіндіктен ойына қазақ мақалы оралуы да әбден мүмкін.

Алаш зиялысы қолданған орыс мақал-мәтелдерінің аударылуы мен қолданысының осындай ерекшеліктері бар. Төмендегі сөздік-кестеде олардың орысша-қазақша нұсқалары салыстырылып, қатар беріліп отыр:

2-кесте

 

Орыс мақал-мәтелдері

Әлихан Бөкейхан аудармасы

  1 Бери, коли плохо лежит Бос жатса қалтаға тығыңыз
  2 Береженого бог бережет Сақтансаң – сақтармын
  3 Бумага все терпит Қағаз не жазса да көтереді
  4 Вздумает бог наказать – ум отнимет Құдай қарғайын десе, ақылды алады
  5 Голодному снится хлеб, а жаждущему – вода Шөлдегеннің түсіне су кіреді
  6 Горбатого исправить могила Бүкірді көр түзейді
  7 Дважды в одну реку не войдешь Бір өзеннен екі өтпейсің
  8 Дело мастера боится//Дело боится мастера Іс ұстадан қорқады
  9 Долг платежом красен Борыш көркі төлеу
  10 Жажда приходит во время пития Іше келе аран ашылады
  11 Закон – что дышло: куда повернёшь, туда и вышло Заң – арба жетегі, қалай бұрсақ, сол жақта болады//Закон – арба жетегі, қайда бұрса, солай қарайды
  12 Каждому плоду свой срок Әр жеміс өз кезінде
13 Кому много дано, с того много и спросится// С большого больше и взыщется Көп бергеннен көп сұралар  
14 Князь с хорошим думцем додумается до высокого стола, а с худым и малого будет лишен Жақсыға ерсең, жетерсің мұратқа, жаманға ерсең – қаларсың ұятқа  
15 Кошке – забава, мышке – смерть Мысыққа ойын керек, тышқанға өлім керек  
16 На безрыбье и рак – рыба Балық жоқта бақа балық  
17 На лошадь не плеть покупают, а овес Атты қамшымен айдама, арпамен айда  
18 На солнышко не гляди: ослепнешь Күн шыққанша қарау, көзді соқыр қылар// Күн шыққанша қарау, жұртты соқыр қылар  
19 Не обманешь – не продашь Алдамасаң, сатпайсың  
20 Нет худа без добра Жамансыз жақсы болмас  
21 Повторение – мать учения Білім анасы – жаттау  
22 Рыба гниёт с головы Балық басынан шіриді  
23 Свая рубашка ближе к телу Әркімнің өз көйлегі етіне жақын  
24 Семь раз отмерь, один раз отрежь Жеті өлшеп, бір кес  
25 Сделав добро – забудь, получив – помни. Сделал добро – забудь, сделали зло – прости Жаманшылықты ұмыт, жақсылықты ұмытпа  
26 С миру по нитке, голому рубаха Жұрттан жиған жіп – жалаңашқа көйлек  
27 Утопили щуку, да зубы остались Шортанның өзін ұстаса да тісі қалады  
28 Шила в мешке не утаишь Етікші бізі дорба түбінде жасырынбас  
29 Что посеешь, то и пожнёшь Не ексең – соны орасың//Нені ексең соны орарсың  

Нәтижелер. Ә.Бөкейханның кейбір орысша жазған еңбектерінде аудармасыз қолданылған орыс мақал-мәтелдері де кездеседі. Мысалы: «Как не жаль, а приходится сознаться, что «песенка киргизов спета» (Статистик. Сомнительные цифры. «Сибирские вопросы», 1910. № 34-35. Стр. 25-29 СПб) деген сөйлемдегі «песенка спета» сияқты мәтелдер мен мақалдар де кездесіп отырады.

Мұндай мақалдарды саясаткер орыстілді аудиторияға арналған мақалаларында қолданады. Қазақ оқитын басылымдарда негізінен аударып береді.

Саясаткерлердің өзге халықтың мақалын саяси-дипломатиялық мақсат көздей отырып арнайы қолданатын кездері де болады. Л.В. Софронова Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың (Түркияда оқыған, түрікше жақсы біледі) 2023 жылы Петербургтегі халықаралық экономика форумында Түркияға қаратып «Yakın komşu uzak akrabadan iyidir» («Жақсы көрші жаман туыстан жақын») деген түрік мақалын қолдануы Түркия баспасөзінде кеңінен сөз болып, жағымды резонанс туғызғанын айтады [16, 113].

Бұл саясаткерлердің мақалды саясат құралы ретінде ұтымды пайдалана алатынының бір ғана мысалы. Ә.Бөкейхан орыс мақалдарын саясаттан гөрі халықты ғылым-білімге үндеу, адам мен қоғам кемшіліктерін түзеу, еңбек етіп, ел мәдениетін көтеру мақсатында көбірек пайдаланған.

Ғалымдар: «Адамдардың талғамы, саяси, философиялық көзқарастары әртүрлі. Осы фактілер түрлі халықтардың мақалдарында көрініс тапқан» [17, 69] – дейді.

Ә. Бөкейхан ұлт мәдениетінен нәр алған, халқының әдет-ғұрып, тұрмыс-тіршілігімен жақсы таныс, ана тілін жетік білетін оқымысты әрі саясаткер ретінде негізінен қазақ мақал- мәтелдерін көп пайдаланған. Алаш білімпазы шығармаларында кездесетін барлық мақал- мәтелдің үштен екісінен астамының қазақтікі болуы соның айқын көрінісі. Сонымен бірге ол кәсіби білім алған орыс тілін де өте терең меңгергендіктен қажетіне қарай орыс мақал-мәтелдерін де еркін қолданып, қазақ тіліне де ұтымды аударып беріп отырады. Екі мәдениеттің ерекшеліктерін жақсы білетін білім иесі төл мәдениетін насихаттаумен бірге өзге мәдениеттің өзгешеліктерін де көрсетіп, орыс мақал-мәтелдерін де өнеге көзі, халық санасына ықпал ететін тілдік-стильдік құрал ретінде ұтымды жұмсайды. Ә. Бөкейхан шығармашылығының бұл қыры оның ХХ ғасыр басында тіларалық байланыс пен мәдениетаралық коммуникацияны нығайтуға өзіндік үлес қосқан жан-жақты білім иесі, көрнекті ұлт зиялысы екенінің айқын көрінісі. «In the modernization process of Kazakh society, the Alash movement stands out with its reformist ideas across various domains. It is observed that the intellectual foundations of the movement were nourished by the Enlightenment and nationalism movements rising in Europe, while also in corporating the traditional lifestyle and cultural codes of the Kazakh steppe» [18, 75] қазақ қоғамын жаңғырту үдерісінде Ә. Бөкейхан және де алаштықтар реформаторлық бағытымен көзге түсіп, ағартушылық идеясымен қазақ даласының дәстүрлі өмір салты мен мәдени кодекстерінен нәр алған ұлт жанашырлары.

Қорытынды. Әлихан Бөкейхан еңбектерінде жүз елуден астам мақал-мәтел қолданылған. Нақтырақ айтқанда – 140, варианттарымен (10) қоса есептегенде 150 мақал- мәтелді анықтадық. Олардың жүзден астамы қазақ мақал-мәтелі болса, 30 шақтысы (28) орыс халқынікі. Ал француз, грек, украин мақал-мәтелдері санаулы ғана. Зерттеу барысында осы мақал-мәтелдердің қолданысы мен аударылу ерекшеліктері көрсетілді. Ғалым-қайраткер шығармаларынан жинақталған мақал-мәтелдер салыстырыла- салғастырыла жан-жақты талданды. Алдағы уақытта мұрағаттардан ұлт зиялысының ғылыми айналымға түспеген, баспа бетін көрмеген еңбектері табылып жатса, бұлардың қатары әлі де толыға түсуі мүмкін.

Әлихан Бөкейхан еңбектерінде қолданылған мақал-мәтелдердің басым бөлігі – қазақтың төл мақал-мәтелдері (100-ден астамы). Автор олардың жалпы халық арасына кең тарағандығын, көпке әсерінің күшті екенін біле отырып, көбіне мәтіннің ішкі семантикасын байытатын, идеялық-стильдік әсерді арттыру әрі публицистикалық, саяси дискурсты күшейту құралы ретінде мақсатты түрде қолданады.

Шет тілдерінен (негізінен орыс тілінен) алынған мақал-мәтелдер – қазақ тіліне қысқа да нұсқа, өте дәл аударылады. Мысалы; Бүкірді көр түзейді (Горбатого исправить могила), Жеті өлшеп, бір кес (Семь раз отмерь, один раз отрежь) және т.б.

Қазақ мақал-мәтелдерінің де дені орыс тіліне қысқа да дәл аударылғанмен, тек жекелеген мақал-мәтелдер мағынасы түсіндіріліп, сипаттала аударылады. Мысалы: Ат биеден, ер анадан туады (Хороший лощадь родится от хорошей кобылы, так умный мужчина родится от умной матери) және т.б.

Мақал-мәтелдер Ә. Бөкейхан еңбектерінде газет мақалаларының тақырыптары мен кітап тарауларының атауы ретінде пайдаланылады. Бұл осы кезеңде ХХ ғасыр басында пайда болып, кейін жалғасын тауып, дәстүрге айналған құбылыс.

Алаш оқымыстысының еңбектерінде мақал-мәтел мазмұнын сақтай отырып, оның құрамындағы жекелеген компоненттерін синоним сөздермен алмастырып қолданатын деректер кездеседі. Мысалы, «қолағаш» ↔ «тоқпақ», «мәлім» ↔ «белгілі» және т.б. Мұндай жарыспалылықтың, бірнеше варианттың ұшырасуының бір себебі сол кезеңде қазақ мақал-мәтелдерінің толық жинақталып, сөздік түрінде жарық көрмеуімен байланысты болса, екінші жағынан бүркеншік есіммен берілген кейбір еңбектердің Ә.Бөкейханға тиесілі болмауы мүмкін екендігінен деп пайымдаймыз.

Ә. Бөкейхан қазақ мақал-мәтелдерін орыс тіліне аудару арқылы ұлтының әдебиеті мен мәдениетінің насихатшысы, халқының тұрмыс-тіршілігін таныстырушы тұлға болды.

 Әдебиеттер

  1. Баржақсин А. Мақалдар // Қазақ газеті. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, – 560 б.
  2. Байтұрсынұлы А. 23 жоқтау. – Москва: КСРО халықтарының кіндік баспасы, – 156 б.
  3. Жұмағұл С.Б., Шалғынбекова А.Б., Жұмағұл А.Б. Әлихан Бөкейхан еңбектеріндегі мақал- мәтелдер: этно-социофольклортану аспектісіндегі талдау // Еуразия гуманитарлық институты хабаршысы. №1. – 2023. – Б. 191-200. DOI: https://doi.org/10.55808/1999-4214.2023-1.15.
  4. Жұмағұл С.Б., Қамзабекұлы Д., Кемеңгер Қ.Р., Сағынадин Г.С. Қазақ мақал-мәтелдерінің алаш кезеңінде жариялануы // Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы, Филология сериясы.№4 (141). – 2022. Б. 159-166. DOI: https://doi org/10.32523/2616-678X-2022-141-4-159-166.
  1. Қайдар Ә. Халық даналығы (қазақ мақал-мәтелдерінің түсіндірме сөздігі және зерттеу). – Алматы: Толғанай Т, 2004. – 560 б.
  2. Mieder W. Proverbs Are the Best Policy: Folk Wisdom and American Politics. – Logan: Utah State University Press, 2005. – 325 p.
  3. Бөкейхан Ә., Шоқай М., Дулатов М. Алаш ұлына (Ашық хат) // Қазақ. № – 1917.
  4. Mieder W. «Right makes might» Proverbs and the American Worldview. – Indiana: Indiana University Press, 2019. – 377 p.
  5. Ғұбайдуллин Б. Мал ашуы – жан ашуы // Айқын 25 мамыр. – 2019. URL: https://aikyn. kz/3944/2148-mal-ashuy (қаралды: 12.05.2025).
  6. Еңбек етсең емерсің // Қазақстан. № – 1911. – Б. 39.
  7. Жунусова Ж.Н., Нугуманова А.Н., Волкова Я.А. Фразеологизмы с оценочным компонентом в публичной речи современных политиков // Вестник Российского университета дружбы народов. Серия: Теория языка. Семиотика. Семантика. №1 (15). – 2024. – С. 232–247. DOI: https://doi.org/10.22363/2313-2299-2024-15-1-232-247.
  8. Байназарова М. Күштінің арты диірмен тарта бере ме? // Жас Алаш, 14 шілде. – URL: https://zhasalash.kz/news/kushtinin-arty-diirmen-tarta-bere-me-16669/ (қаралды: 10.05.2025).
  9. Артемьев А.А., Лихолетов В.В. Пословицы и поговорки – квинэссенция управленческого опыта народа // Филология и литературоведение. №5. – 2015. URL: https://philology.snauka. ru/2015/05/1468 (қаралды: 11.05.2025).
  10. Пермяков Г.Л. Основы структурной паремиологии. – М.: Наука, – 237 с.
  11. Селиверстова Е.И. Русская пословица в паремиологическом пространстве: стабильность и вариативность (лингвистический аспект), автореферат диссертации на соискание ученой степени доктора филологических наук. – Санкт-Петербург, 2010. – 48 с.
  12. Софронова Л.В. Пословицы и афоризмы в политической речи (к характеристике идиолекта президента Турции Р.Т. Эрдогана) // Вестник. Московского университета, Востоковедение. №3 (68). – 2024. – С. 109–133. DOI: https://doi.org/10.55959/MSU0320-8095-13-68- 3-7.
  13. Паремиология без границ. Монография. Антонова Е.Н., и др. – М.: РУДН, – 244 с.
  14. Daurenbekova L., Soltanayeva Y., Adayeva Y. The Effect of Teaching Based on Alash Figures in Translated Works on Human Values and Success. // Journal of Social Studies Education Research. Vol 16, No 2 (2025). URL: http://www.jsser.org/.

Шерубай Құрманбайұлы – ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры.

Әлімбек Гауһар Рысбекқызы – филология ғылымдарының кандидаты, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті.