Қандайда бір халық бір жерде ұзақ уақыт өмір сүрсе, сол жердің географиялық ерекшелігі, сол халықтың тарихи-табиғи ортаға бейімделуі, мәдениеті, тарихы оның лексикасынан, сөздік қорынан көрініс табады. Біздің қазақ халқы – көлем жағынан қысқа, мазмұн жағынан терең, көңілге қонымды мақал мен мәтелге бай халық. Қазақтың мақал-мәтелдері ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бері қарай ел арасынан жина- лып, басылып келеді. Қазақ мақалдарын алғаш рет Ш. Уәлиханов, Ы. Алтынсарин, Ә. Диваев, М.-Ж. Көпеев және орыс ғалымдары А.А. Васильев, Ф. Плотников, П.А. Мелиоранский, В.В. Катаринский, В. Радлов және басқалар жинап, халық ауыз әдебиеті жәдігерлерімен бірге баспаға ұсынды. Мақал-мәтелдер қазақ тілінде 1914 жылы алғаш рет Қазан қаласында, 1923 жылы Мәскеуде «Мың бір мақал», 1927 жылы Ташкентте «Қазақ мақалдары» (Құрастырушы А. Диваев), 1935 жылы Алматыда «Қазақтың мақалдары мен мәтелдері» (Ө. Тұрманжанов) жарық көрді. Алайда, бұл жинақтардың бәрі үстем тап мүддесінен туған, халық тілегіне жат мақал-мәтелдер ретінде (Ақмұқанова, 1950: 12) идеялық мазмұны жағынан сынға алынды. Кітапқа «Қырағылық туралы», «Қоғамдық, таптық хал-жайлар» туралы мақалдар бөліп көрсетілді. 1950 жылы басылып шыққан жинақта (Құрастырған және сөзбасын жазған Б. Ақмұқанова, редакциясын басқарған М. Ғабдуллин, С. Бегалин) мақал-мәтелдер сын көзімен қаралып, әрбір нұсқаның идеялық мазмұнына маңыз берілді. Ө. Тұрманжанов (1957 жылы), С. Нұрышев (1959 жылы), М. Әлімбаев (1967 жылы), Б. Адамбаев құрастырған және басқа да жинақтар жарық көрді. Алайда, халық мәдениетінің дамуына қосқан зор үлесі, тарихи орны бар қазақ халқы ауыз әдебиетінің мақал, мәтел, нақыл сөз, жұмбақ, өтірік өлең, жаңылтпаш сияқты күрделі жанрлары ғылыми тұрғыдан толық зерттеліп болмағаны мәлім.
«Мақал дегеніміз заманның сұқ қолында мәңгі-бақи жарқырайтын, бес сөзден құралған асыл жүзік» (Мақалнама, 1970: 3) деген екен ағылшын ақыны А. Теннисон. Әдебиетші ғалым С.Н. Нұрышев: «Мақал-мәтелдерде замана шындықтарын танытарлық құдірет болуымен қатар, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптың көрінісі бар. Мақал қилы-қилы құбылыстардың мәнін тамаша дәл айтып беретін нақыл сөздер жанры» (Нұрышов, 1959а: 7) деп жазады. Алайда, нақыл сөздердің мақал-мәтелдерден айырмасы бар. Ұзақ жылдар бойы қымбат қазынаны қазақ оқырмандарына таныстыру мақсатымен жинап-теріп, зерттеп, басқа тілдерде жазылған он мыңнан астам мақал-мәтел, нақыл, қанатты сөздерді ана тілімізге аударып, «666 мақал-мәтел», «Мақал сөздің мәйегі», «Ер айнасы – еңбегі» деген еңбектер жазып ұсынған белгілі қазақ ақыны М. Әлімбаевтың пайымдауынша:
«Нақыл сөз – ойланбаған оқыста, табан астында ауызша шығарылады» (Әлімбай, 2000: 3) – дейді. Нақыл сөздердің көбіне белгілі өз авторлары болады. «Абай нақылы», «Ыбырай өсиеті», «Махамбет айтыпты» деп халық аузында жүреді. Ел арасында Төле би айтқан әділ де тапқыр, кесімді де шешімді, ақыл-нақыл сөздердің бірінде былай делінеді:
Тамам жарлы жиылып,
Қонған жері кең болмас.
Тамам сұлтан жиылып,
Сөйлеген сөзі жөн болмас.
Ұры-қары жиылып,
Ұйытқылы ел болмас,
Жаманды қанша мақтасаң,
Жайды білер ер болмас… (Төреқұлұлы, 1995: 76)
Мақал-мәтел, ақыл-нақыл сияқты аталы сөздердің пайда болу тарихын, қай кезде, неге байланысты тұңғыш кім айтқанын білу қиын. Дегенмен, кейбір мақал-мәтелдердің шығу тарихы жайлы аңыздар да жоқ емес. Мысалы, «Баяғыда бір даңқы елге жайылған хан елі-жұртын жиып алып, үкім шығарып, бұйрық беріпті. Барлығың тегіс бір-бір жаңа мақал не мәтел сөз тауып келесіңдер!» – деп. Сонда бір қарапайым кедей мақал таба алмапты. Хан үкімінен қорыққан халық бір-бір мақалдан тауып айтып беріпті. Бірде-бір мақал таба алмаған кедейді «хан жарлығын орындамадың» деп, жазаға бұйырыпты. «Жұрттың барлығы мақал-мәтел тапқанда, сен неге таппадың?» – депті. Кедейдің есіне ешқандай мақал-мәтел түспепті. «Мақал-мәтел тауып айта алмаған сорлы кедейді суға батырып, тұншықтырып өлтіріңдер!» – деп жендеттеріне бұйырыпты. Хан уәзірлерінің бірі кедейді суға батырып өлтіру үшін дайындық жасап жатқанда, әлгі кедей қорқып, дірілдеп тұрып: «Көп қорқытады, терең батырады» деген осы екен ғой», – депті. Сонда уәзір: «Мынау сорлы кедей қорыққаннан жаңа мақал айтып жіберді, енді мұны өлім жазасынан құтқару керек» (Ақылдың көзі, 1990: 5) – деп босатқан екен. Осылай қорыққан кедей бір жаңа мақалды тосыннан тауып айтып, өлімнен құтылған.
Қазақта «Елді ала тайдай бүлдірдің» деген қанатты сөздің шығуы туралы Ш. Уәлиханов былай деп баяндайды: «Ертеректе, Жоңғар шабуылы кезінде бір күні кешкісін байлаудан босанып кеткен ала тай ауылды айнала шабады. Үрейленіп отырған ауыл адамдары сырттағы дүбірді естіп, жау келіп қалды деп жөнкіле жөнеледі. Кейін байқаса, шапқан жау жоқ. Елді дүрліктіріп жүрген ала тай болып шығады. Содан былай қарай жұрт: елді шетінен үркітіп, үрей тудыратын біреулерді көрсе оған: «Елді ала тайдай бүлдірдің дейді» (Төреқұлұлы, 1977: 6). Сондай-ақ, ХІ ғасырда жазылған Махмұд Қашқаридің «Диуан Лұғат-ат-Түрік» еңбегіндегі, қазіргі күні айтылып жүрген «Құрғақ қасық ауыз жыртар» деген мақал айтылады, кей жағдайларда елеулі тарихи оқиғаның іздері сақталып қалады. Мысалы: «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би», «Барар жерің Балқан тау, ол да біздің көрген тау», «Қазақ қайыңды сауды, қырғыз гисарға ауды», «Ақтабан шұбырынды, Алқа көл сұлама», «Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі кетпес», «Сен қалмақтың: «Өзің білме, білгеннің тілін алма» деген қарғысына ұшыраған шығарсың» және т.б. (Нұрышов, 1959б: 9). Ал, ХХ ғасырда шығып, ел аузында жүрген нақыл сөздердің туу тарихы баяндалған М. Әлімбай жазған «Нақылдың төркіннамасы» атты кітап бар (Әлімбай, 1996: 224).
Қазақтың даналық сөздерін зерттеген Балтабай Адамбаев: «Халық шығармасының басқа түрлері сияқты мақал мен мәтелдерді де әуел баста жеке адамдар шығарды, оны біреуден біреу естіп, жаттап айта жүреді, өңдейді, өзгертеді, сөйтіп олар бірте-бірте жалпы халықтық мұраға айналады» – дейді. Демек, мақал-мәтел белгілі бір халықтың өмірден көрген-білгенінен жасаған қорытындысы, ақыл-ой түйіні (Адамбаев, 1976: 6).
Мақал-мәтел, ақыл-нақыл, аталы сөздердің адам баласының бар өмірінде, бүкіл тұрмыс-тіршілігінде араласпайтын саласы жоқ. Мақал-мәтелдерден халықтың әдет-ғұрпы, шаруашылығы, кәсібі, мәдени дәрежесі, халықтың тарихы, өсу жолдары көрінеді. Қазақ қоғамындағы адамдар арасындағы қарым-қатынас, басқару, аталар даналығы мен білімін меңгеру, оны өмірде қолдана білу арқылы шыңдалып, қоғамдық-саяси, экономикалық дамуға байланысты өзгерістерге ұшырап отырды. Халық даналығы – біздің ата мұрамыз, асыл қазынамыз. Онда халқымыздың ежелгі ерлігі мен еңбегі, ақылы мен арманы, тұрмысы мен салты бейнеленген (Ел аузынан, 1985: 12). Бір мақалада оның барлығына талдау жасау мүмкін емес, сондықтан мазмұн жағынан алуан түрлі (бір мақалдың екі-үш тақырыпты қамтып жататыны да кездеседі) мақал-мәтелдерден қазақтардың шаруашылығы мен салт-дәстүріне қатыстыларын іріктеп, талдаулар мен дәйектемелер беріп отырмыз.
Бұрын мақал-мәтелдерді зерттеу әдебиетші мамандардың еншісінде болып келсе, ХХІ ғасырдағы жаңа теориялық-танымдық әдістемеге сәйкес тарихшы мамандар ауызша деректерге, оның ішінде ғасырлар бойы халықпен бірге жасап келе жатқан ой-санамен, мәдениетпен және адамның тұрмыс-тіршілігімен тығыз байланысты мақал- мәтелдерге назар аудара бастады. Мақал-мәтелдерге танымдық тұрғыдан қарау, басқа да деректермен салыстыра зерттеп, тұжырымдар жасау дәуір, кезең, қоғам тынысын, халықтың шаруашылығы мен мәдениетін тануға мүмкіндік береді. Мақал-мәтелдерді зерттеу барысында жинақтау, жүйелеу, топтау, текстологиялық талдау, салыстыру жұмыстары жүргізілді. Мақал- мәтел, нақыл сөздерді зерттейтін паремиология ғылымының принциптері де негізге алынды (Алефиренко, 2018: 344; Ошева, 2013: 75-88; Пермяков, 1988: 240). Мақаланы жазу – жалпы ғылыми тарихи принципке, жүйелілікке, салыстырмалы талдауға негізделді.
В. Радлов: «Қазақтар суырып салып айтуға ұста, тамаша шешендігімен ерекшеленеді» (Ел қазынасы – ескі сөз, 1994: 8) деп жазады, қазақ халқының ақыл-ойы мен рухани дүниесін көрсететін сөз өнері туралы. Қазақ – сөз қадірін өз қадірім деп білген халық. Кеңдігін де, елдігін де, кемеңгерлігі мен көсемдігін де сөзге сыйғызған жұрт. Оның тарихы да, тағдыры да, тәлімі мен тәрбиесі де, даналығы мен дала көңілі де сол сөзде жатыр (Билер сөзі, 1992: 3). Қазақ халқының ауыз әдебиетінің ең байырғы, ең көне түрі – мақал-мәтелдер. Ол ғасырлар бойы халықтың ұқыптап сақтап келе жатқан еңбек тәжірибесінің жиыны, ой-пікірінің түйіні, аңсаған асыл арманының арнасы, өмір тіршіліктің айнасы, көнеден жаңаға, атадан балаға қалдырып келе жатқан тозбайтын, тот баспайтын өмірлік өшпес мұрасы (Қазақтың мақалдары мен мәтелдері, 1959: 3). Қазақ мақал-мәтелдері халықтың тіршілігімен, тұрмыс-салтымен тығыз байланыста айтылып, одан тарихы, басып өткен шаруашылық, қоғамдық сатыларының ізі байқалады. Мысалы: «Аталы ұл – қожалы құл», «Баталы құлға бақ қонар», «Жібекті сақтай алмасаң жүн болады, қызды асырай алмасаң күң болады» деген мақалда «құл», «күң» деген сөз өткен замандағы әлеуметтік топты, «У ішсең руыңмен», «Өзіңе өтірік айтпа, жатқа шыныңды айтпа», «Атасы басқамен аң аулама, атар да, жанына байлар» деген мақалдардағы «ру», «өзіңе», «жатқа», «атасы басқа» деген сөздер рулық байланыстарды жалпылап, қорытып барып мақалға айналғанын көреміз. «Өзі болған жігіттің ата-тегін сұрама», «Байдың ісі байлығымен бітеді, кедейдің ісі табан ет маңдай терімен бітеді», «Ақша жүрген жерде, арамдық жүреді», «Саудада достық жоқ», «Бір теңге бие болмас, мың теңге түйе болмас», «Мың теңгелік қамшыдан, бір теңгелік пайда жоқ» деген мақалдарда капиталистік қатынастар ене бастауымен, рулық әдет-ғұрыптардың ыдырап, халық ішінде рудың, ру басының қадірі түсіп, адамның жеке басын бағалау орын ала бастағаны, «Халық айтса қалп айтпас», «Көп – әулие, көл – дария», «Көп түкірсе көл» және т.б. мақал-мәтелден қоғамдағы халықтың рөлі байқалады. «Мың теңгелік қамшыдан, бір теңгелік пайда жоқ» деген соңғы мақалдағы қазақтың тұрмысында ежелден қолданылатын «қамшының» бағасы ақшаға кесіліп отырғандығы да назар аудартады. Қамшыны қазақтар негізінен өздері жасап алады. Ал, жақсы қамшыны өріп әкеліп сыйлыққа тартатын, тапсырыс бойынша өріп бір қой немесе бір тай деп бағалайтын шеберлер де болған. Қазақ ішінде ол дағдыға айналған. Ал, қамшыны ақшаға балау, тауар-ақша қатынастарының қазақ даласына енгенін айғақтайды.
ХХ ғасырдағы әкімшіл-әміршіл жүйенің келбетін ашатын мақал-мәтелдер де жетерлік. Мәселен: «Сақтықта қорлық жоқ», «Алдыңа бір қарасаң, артыңа бес қара», «Сол көзіңе, оң көзің қарауыл болсын», «Саяқ жүрсең, сақтан» немесе «Кезенген жаудың кезінен сақтан, сойқандының сөзінен сақтан», «Аузы күйген үріп ішер», «Сауысқаннан сақ бол», «Бәледен машайық қашқан», «Жыланның өзі өлсе де, құйрығы өлмейді», «Ордалы жыланмен ойнама», «Қойға шапқан батырың батыр көрсе, қой болар» (И. Сталин 1942 жылы 1 мамырдағы бұйрығында неміс әскерлері туралы айтқаны. Сталин И. Советтер одағының Ұлы Отан соғысы туралы. – Алматы, 1945, – Б. 56), «Қасқырды сұрлығы үшін емес, қой жегендігі үшін ұрады» (И. Сталиннің 1944 жылы 6 қарашада жасаған баяндамасында, кеңес адамдарының неміс басқыншыларын жексұрын көруі олардың басқа ұлт болғандығынан емес, олардың бостандық сүйгіш барлық халықтарды азапқа ұшыратқандығы туралы кекетіп айтқан сөзі (Сталин, 1945:163) және т.б.
Қазіргі тәуелсіздік кезеңінде ел аузында: «Азат елдің аспаны ашық», «Тәуелсіз елдің тұғыры биік» немесе «Егемен елдің еңсесі биік», «Тәуелсіз елдің ұлы – өжет, қызы – қайратты, халқы – қаһарман», «Тәуелсіз елдің туы асқақ», «Тәуелсіздік – тарих тұлпарының қос тізгіні» және т.б. мақал-мәтелдер айтылып жүр.
Қазақтардың көрші елдермен қарым-қатынасын, олар жөніндегі түсінігін: «Қазақтың айраны көп, орыстың мейрамы көп», «Өзбектің кигенін ал, қазақтың мінгенін ал», «Орыс бар жерде қоныс бар», «Қазақ қартайса түйе бағады, қарақалпақ қартайса, томар қазады» және т.б. мақалдардан аңдауға болады.
Қазақ халқының ежелден ел ішіне тараған: «әдет-ғұрып», «ата-баба салты», «жөн-жоба», «жол-жора», «ескі әдет» деген сияқты терминдік сөз тіркесі ой-санамыздан орын алған. Салт-дәстүр мен әдет-ғұрып қазақ мемлекетінің қалыптасуынан бұрын, адам баласы жаратылған кезеңнен, өмірге келіп, қалыптаса бастады. Көшпелі қазақ қоғамының тұрмысы, құбылыс пен оқиға, талас-тартыс пен дау-дамай, мақсат-мұраттар халықтың дәстүрлі менталитетінің мазмұнын құрған бірқатар мақал-мәтелдер мен нақыл сөздерде, салт жырларында (бесік жыры, бет ашар, қоштасу, естірту, жоқтау), жұмбақ, жаңылпаштарында көрініс тапқан.
Қоғам өмірінің негізі – еңбек. Мысалы: «Еңбек етсең емерсің», «Еңбектің түбі рахат», «Бейнетсіз тапқан малдың рахаты жоқ», «Малды тапқан бақсын, отынды шапқан жақсын», «Ер тарықпай олжа таппас», «Талапты ерге нұр жауар», «Ерінбеген мұратқа жетеді» т.б. мақалдардан адам өзінің маңайындағы жанды-жансыз дүниені әрекет, еңбек арқылы танитындығын көреміз.
«Аттың жалында, атанның қомында» жүрген қазақ халқының өмірі, тұрмыс-тіршілігі төрт түлікке байлаулы, бауыр еті баласын «құлыным», «ботам», «қозым» деп еркелетіп, малын – жанының садағасы, жанын – арының садағасы санаған. Малды қадір тұтып, мал жайында көптеген мақал-мәтел қалдырған.
«Жер анасы – мал баласы», «Жері байдың – елі бай», «Таяқ тайға жеткізеді, тай атқа жеткізеді, ат мұратқа жеткізеді», «Жабағы – тай деп қорла- ма, жазға шықса ат болар», «Таңдағы піскен құйрықтан, әзіргі шикі өкпе артық», «Ат қадірін білмесең, жаяулық берсін жазаңды, ас қадірін білмесең, ашаршылық берсін жазаңды» деген мақалдардың бәрі де мал өсіріп, күнін көрген қазақтардың көшпелі тұрмыс жағдайына сәйкес, тұрмыс-тіршілігімен байланысты шықса керек.
Қазақ халқының мақал-мәтелдері көбіне өзіне жақын, өз қажетін өтеуге жәрдемі тиетін үй хайуандары, малдардан басталады. Мәселен: «Түйе – байлық, қой – мырзалық, ешкі – жеңілдік, жылқы – сәндік, сиыр ақтық», «Малы бардың – жаны бар», «Малды жаман баққан, келген бақты қаққан», «Қойды жел ұшырса, ешкіні аспанда көр», «Мал кедейлігінен ақыл кедейлігі жаман», «Мал аласы сыртында, адам аласы ішінде», «Ат баспаймын деген жерін үш басар, ер көрмеймін деген жерін үш көрер», «Қойшы көп болса, қой арам өлер», «Астауына қарай қауғасы», «Арық атқа қамшы ауыр, жыртық үйге тамшы ауыр» және басқа да мақал-мәтелдер қазақ халқының көшпелі тұрмыс жағдайына сәйкес айтылған. Әсіресе, төрт түлік мал туралы мақал-мәтел қазақтар арасында өте көп.
Мал шаруашылығымен айналысқан халық енді бір жағынан жер өңдеп, егіншілікпен шұғылданған. Халық диқаншылыққа қатысты мақал-мәтелдерін бастапқыда өздеріне бұрыннан таныс мал шаруашылығымен байланыстырған, мысалы: «Егіннің жайын еккен білер, арбаның жайын жеккен білер», «Қыс азығын жаз жина», «Жердің сәні егін», «Шоттың басын бассаң, сабы өзіңе тиер» (Нұрышов, 1959в: 73). «Шот» көшпелі елде ағаш ұстасының көп қолданатын аспабы, түрі кетпенге ұқсас. Ал, диқаншылықты игере келе, оның сыр-сипатын ашып білген соң, диқаншылықты малға теңемей, оның өзіндік өзгешелігін басқа нәрселерге балау арқылы жеткізген. Мысалы: «Не ексең соны орасың», «Берсең аларсың, ексең орарсың», «Егінші жауында тынар, балықшы дауылда тынар», «Шегірткеден қорыққан егін екпес», «Арпа-бидай ас екен, алтын-күміс тас екен», «Кімнің тарысы піссе соның тауығы» деген астарлы мағынада айтылған мақалдардан халықтың жер өңдеумен, егіншілікпен айналысқандығын анық байқаймыз.
Диханшы жерін мақтайды,
Балықшы көлін мақтайды.
Кәсіпқор кенін мақтайды.
Балық жеген тоқ болар,
Дәрмені жоқ болар,
Су басынан тұниды,
Балық басынан шіриді, – деген мақалдардан қазақ халқында балықшылық пен кен өндіру, «Қаршыға қазан толтырар», «Ит алғыры аң өлтірер», «Бүркіт қартайса тышқан аулар» және т.б. мақалдардан аңшылық кәсібі болғаны көрінеді. Қазақ халқының мақал- мәтелдерін зерттеу барысында байқағанымыз мұнай өндіру немесе ара өсіріп бал алу жайында мақал-мәтел кездеспеді. Алайда, орыс халқының «Бір қасық мұнай бір бөшке балды бұзады» деген мақалындағы ой, мал шаруашылығымен айналысқан қазақтар арасында «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» деп айтылған.
«Шам жарығы түбіне түспес», «Қару алсаң балта ал, азық алсаң малта ал», «Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса», «Ат атаның сай болса, қашсаң жаудан кетерсің, кетпен- шотың сай болса, қазсаң суға жетерсің», «Шоттың басын бассаң, сабы өзіңе тиер», «Саптыаяққа ас құйып, сабынан қарауыл қарама» деген сияқты үй тұрмысында қолданылатын заттар кірген мақалдар да баршылық. Ал, «Қатты болсаң шойындай болма, темірдей бол», «Ұста балтаға (не пышаққа) жарымас», «Ұялмаған әнші болар, ерінбеген етікші болар», «Жөке қайыс болмас, қанша созып майлаумен, сағыз қарын тойдырмас, дамыл алмай шайнаумен», «Тез қасында қисық ағаш жатпас», «Зер қадірін зергер білер», «Айрылар дос ердің артқы қасын сұрайды» деген қолөнермен, оның жасап шығарған заттарымен байланысты мақалдар кездеседі.
«Аюдан қорыққан орманға бармас», «Заманың түлкі болса, тазы боп шал», «Заманына қарай күлкісі, тауына қарай түлкісі», «Балапан басына, тұрымтай тұсына», «Тырнадан жасауыл қойсаң, басыңнан қиқу кетпес», «Құмырысқадай еңбекшіл», «Шегірткеден қорыққан егін екпес», «Қара құс басып жейді, сұңқар шашып жейді», «Қарға қаңқылдаса қысты шақырады, қаз қаңқылдаса жазды шақырады», «Бақа сисе, көлге сеп» және т.б. мақал-мәтелдерде хайуанаттар мен жәндіктер, ұшқан құс, жүгірген аң, қыбырлаған құрт-құмырысқа мен бақа-шаянға дейін қамтылған. Мақал-мәтелдерде жануарлардың әрқайсысының өзіне тән өмір сүру тәсілінен де мағұлмат беріп отырады. Мәселен, ерінбей еңбек ету керектігін айтқанда, шырылдауық шегірткені емес, құмырысқаны үлгі етіп, жәндіктер тіршілігін де үлгі, ғибрат етіп көрсетеді. Мақал-мәтелдер адамға сол жәндіктерді танытады, кейбіреуінің зиянды жағын, енді біреулерінің еңбек сүйгіштігін, ұйымшылдығын, өнегелі істерін баса айтады.
Халық өзінің даму сатысында жердегі дүниені былай қойып, аспан әлемін де білуге ұмтыла бастағанын мақал-мәтелдер айқын дәлелдейді. Мысалы: «Жақсы ай мен күндей, әлемге бірдей», «Жаңа айда жарылқа, ескі айда есірке», «Жас ай тураған етпен тең», «Ай қораланса арбаңды сайла, күн қораланса күрегіңді сайла», «Үркер жиылып ай болмас, кедей жиылып бай болмас», «Жыл деген ат басын бұрғанша, ай деген аунап тұрғанша» және т.б.
Оқу мен өнер-білімді барша жұрт, бар халық түгел игерсе дегенді көздеп, оны мақал-мәтел арқылы насихаттаған. «Оқу – инемен құдық қазғандай», «Ақыл көпке жеткізер, өнер көкке жеткізер», «Өнерлінің ырысы – жарқырап жатар жолында», «Білекті адам бірді жығар, білімді адам мыңды жығар» және басқа да оқу, өнер-білім тақырыбына арналған мақал-мәтел өте көп. «Өнер алды қызыл тіл» деп сөз өнерін жоғары бағалаған қазақ халқы, «Сыйларға асың болмаса, сипарға тілің болсын», «Абайламай сөйлеген ауырмай өледі», «Жақсы тауып сөйлер, жаман қауып сөйлер» деген мақал-мәтелдерде адамның жеке басының талантын, тапқырлығын, білімін, сөз өнерін білетіндігін немесе білмейтіндігін де көрсетеді. Соңғы мақалдағы «жақсы» мен «жаман» сөздері қазақта дәстүрлі ұғымға айналған. Мысалы: «Жаманның көрсеткенінен, жақсының айтқаны анық», «Жақсының өзі кетсе, сөзі қалар, жаманның өзі өлсе, несі қалар», «Өзім болып келдім деп тасып кетпе, жақсылардың алдынан кесіп өтпе», «Жаманның іске саны жоқ, талқанның асқа саны жоқ», «Жаманға сөзің өтпес, шабанға қамшың өтпес», «Жақсы болсаң жердей бол, баршаларды көтерген, таза болсаң судай бол, бәрін жуып кетірген» дейді. «Ар», «ұят», «ұждан» жайында: «Өлімнен ұят күшті», «Қолыңмен істегенді мойныңмен көтер», ұрлық, сұғанақтық, сараңдық, біреуді көре алмаушылық сияқты қоғамға жат қылықтарды тойтарып, «Ұры байымас, сұқ семірмес», «Ұрлықтың түбі қорлық», «Ұялмаған бұйырмаған астан ішер», «Берместің асы піспес, қазаны оттан түспес», «Сараңның көзі тоймас», «Қанағат қарын тойғы- зар, қанағатсыздық жарлының жалғыз атын сойғызар».
Қазақ халқында жұмбақпен айтылатын тапқырлық, шешендік сөздер де бар. Бір күні Нұралы хан Сырымға шабарман жіберіп: – Торы көп пе, төбел көп пе? Сырым осы екі түстің қайсысын қалайды екен? – деп сұрапты.
Сырым кідірместен:
– Торы тоқсан тоғыз, төбел бір. Торысы менікі, төбелі хандікі, (Әбжанов, 68: 29) – депті. Мұның мәнісі: халық аттың торысындай көп, ақ сүйектер аттың төбеліндей аз. Мен көппен біргемін, дегені екен. Мұнда өмір жолы да, сөз маржаны да, шешендік өнер де, тапқырлық та бар. Мұнан басқа да кең тараған шешендік сөздердегі ақыл-парасат, тапқырлық, терең логика адамды таң қалдырады.
Қорыта келгенде мақал мен мәтел – халықтың өзімен ғасырлар бойы бірге жасап келе жатқан, қоғамның, жеке адам өмірінің барлық саласына қатысты айтылатын, тарих ғылымы үшін маңызды дерек. Мақал-мәтел халықтың өмірін, тұрмыс-салтын, тіршілік ету сипатын, ғасырлар бойғы кәсібін, өмір сүрген ортасын танытып қана қоймай, халықтың әдет-ғұрпын, мәдениетін, өсу, өркендеу деңгейін де көрсететін тарихи дерек көзі. Философия, психология, мәдениеттану және басқа да ғылым салаларын байланыста зерттеген Густав Густавович Шпет: «Адамның, халықтың, топтың «рухани құрылымы» күнделікті өмірде басқа да нақты тарихи шындықпен үндесіп және басқа да факторлармен байланысып жатады» (Шпет, 1996: 143) – деп жазады, яғни жекелеген адамдардың тауып айтқан мақал-мәтел, ақыл-нақыл сөздерінде ру-тайпаның, ұлттың саяси, әлеуметтік, рухани-мәдени өмірі, психологиясы, тарихы көрініс береді. Сондықтан мақал-мәтелдерді, ақыл-нақыл сөздерді әр қырынан алып, жан-жақты зерттеген орынды.
Әдебиеттер
Адамбаев Б. (1976) Халық даналығы. Алматы: Мектеп.
Ақмұқанова Б. (1950) Сөзбасы / Қазақтың мақал-мәтелдері. Алматы: Қазақтың мемлекеттік Көркем әдебиет баспасы. Ақылдың көзі. (1990) Мақал-мәтелдер (Құраст. Қ. Саттаров). Алматы: Жазушы.
Алефиренко Н.Ф. (2018) Фразеология и паремиология / Н.Н. Семененко, Н.Ф. Алефиренко. 3-е изд., стер. Москва: ФЛИНТА.
Әбжанов М. (1966) Қазақ халқының жұмбақтары. Алматы: Мектеп баспасы. Әлімбай М. (2000) Нақылдар кітабы (Өрнекті ой-тоғамдар). Алматы: Атамұра. Әлімбай М. (1996) Нақылдың төркіннамасы. Алматы.
Билер сөзі. (1992). Алматы: Қазақ университеті.
Ел аузынан (1985) Шешендік сөздер, ақындық толғамдар, аңыз әңгімелер. Алматы: Жазушы.
Ел қазынасы – ескі сөз. (1994) (В.В. Радлов жинаған қазақ фольклорының үлгілері). Алматы: Ғылым. Қазақтың мақалдар мен мәтелдері. (1959). Алматы: Қазақтың Мемлекеттік көркем әдебиет Баспасы».
Мақалнама (1970) (Әр елдің мақал-мәтелдерінен және ойшылдарының нақылдарынан). Аударған Әлімбаев Мұзафар.
Алматы: Жазушы.
Нұрұшов С.Н. (1959) Қазақтың халық мақалдарының даму тарихынан. Алматы: Қазақтың Мемлекеттік көркем әдебиет Баспасы».
Пермяков Г.Л. (1988) Основы структурной паремиологии / Г.Л. Пермяков. Москва: Наука. Төреқұлұлы Н. (1995) Қазақтың жүз шешені. Алматы: Алтын адам – «Әлім» шағын кәсіпорны. Төреқұлов Н. (1977) Қанатты сөздер. Алматы: Жазушы.
Ошева Е. (2013) Паремиологическое пространство: дискуссионные вопросы / Е. Ошева // Исследовательский журнал русского языка и литературы. № 1(1). C. 75-88.
Шпет Г.Г. (1996) Введение в этническую психологию. Санкт-Петербург: Издательский дом «П.Э.Т. при участии издательства «Алетейя».
Махат Д.А.
тарих ғылымдарының докторы, профессор
