А

Адам о дүниеге ат мініп барады.
***
Аздың «ашпын» дегеніне нанба,
Көптің «жоқпын» дегеніне нанба.
***
Ақбозат пен Көкбозатты Жетіқарақшы
ұстаған күні ақырзаман болады.
***
Ақылды адамға екі дүниеде де жол ашық.
***
Ақылды қанша қараңғы болса да, алысты көреді,
Ақымақ ақыр заман болса да, мәз боп жүреді.
***
Ақылдымен отыру – ақымаққа жаза,
Ақымақпен отыру – ақылдыға тозақтан жаман қаза.
***
Ақырзаман аттан айырылған жерде.
***
Алдаған алмай тұрып сенбейді.
***
Алыстағы әулиеден
Жуықтағы машайық артық.
***
Алысты жақын қылған ат әулие,
Алашты жақын қылған қыз әулие.
***
Ант ішкенге сенбесең,
Қан ішкенге жолығарсың.
***
Арамзаның тіліне нанба,
Алтын берсе алма.
***
Артқан түйеңнен
сиынған иең күшті болсын.
***
Аруақты жерден ат үркеді.
***
Аспаннан Әбілхаят суы жауса да,
Тал ағаш жеміс бермейді.
***
Астыңдағы атыңа сенбе,
Қойныңдағы қатыныңа сенбе.
***
Асыл тастан сенімді тас артық.
***
Ат аспаннан, нұр пейіштен (ұжмақтан).
***
Аты шыққан төбеге бөрі басты болса, тәуіп ет.
***
Атыңа сенбе,
Қатыныңа сенбе,
Ініңе сен.
***
Ашу – кәпір, ақыл – дос,
Ақылыңа ақыл қос.

maqal-matel.kz