Адал еңбек, алғыр ой –
анық досың біліп қой.
***
Адалдық ойласаң, бал жұтасың,
Арамдық ойласаң, қан жұтасың.
***
Адам арын ойлайды,
Надан дүниеге тоймайды.
***
Адам жасында тойшыл, қартайғанда ойшыл.
***
Адам ойға тоймас,
Бөрі қойға тоймас.
***
Адам ойға тоймас,
Қасқыр қойға тоймас.
***
Адам ойлайды,
Алла шешеді.
***
Адамды ой арытар,
Атты той арытар.
***
Адамнан тілеген қариды,
құдайдан тілеген жариды,
есті кісі ер істі оймен таниды.
***
Аз сөйлеп, көп ойла.
***
Ай қамын алты рет ойласаң,
Жыл қамын он рет ойла.
***
Айта берме сөз біткеннің бәрін де,
Ойлап сөйле, таңдап дәмін, нәрін де.
***
Айтар сөзді алдымен ойлап ал.
***
Ақкөңіл – адам ойының тазасы,
Әділ, тура, ақкөңілге не жетсін,
Парасат пен білімді де қажетсін.
***
Ақыл – алтау,
Ой – жетеу.
***
Ақыл – дария, ой – теңіз.
***
Ақыл ойдан артық.
***
Ақыл ойдан артық емес.
***
Ақыл-ойды сабақ өсіреді,
Адамды заман өсіреді.
***
Ақылды ердің көзін ақша байлайды,
Қыл тұзақта құс құлқынын ойлайды.
***
Ақылды жылдығын,
Ақылсыз күндігін ойлайды.
***
Ақылды жігіт әр істің тегін ойлайды,
Ақылсыз жігіт түсетін жемін ойлайды.
***
Ақылды жігіт – ойшыл,
Ақылсыз жігіт – тойшыл.
***
Ақылды ой ойлағанша,
Тентек ісін бітірер.
***
Ақылды ойланғанша,
Ақымақ суға кетеді.
***
Ақылды ойланғанша,
Тентек ісін бітіреді.
***
Ақылды – ойлап, түйгенін айтады,
Ақылсыз – шала-пұла білгенін айтады.
***
Ақылды істі асығып ойланбайды,
Ішегің көп жүгірсең майланбайды.
***
Ақылдыға сөз айтсаң
Аз ойланып біледі.
Ақылсызға сөз айтсаң
Тыңдайды да күледі.
***
Ақылы асқан жақсыны «алысым» деп ойлама,
Ақылы жоқ жаманды «жақыным» деп ойлама,
Бір сынаған жаманды екінші қайтып қинама,
Ашуланса мерт қылар, жолбарыспен ойнама.
***
Ақылы жоқтар азады,
Ойы озбырлар тозады.
***
Ақылың болса, ойлап тап.
***
Ақымаққа күнде той,
Ақылдыға күнде ой.
***
Алғаш ойла, кейін сөйле.
***
Алты күндігін ойламаған ерден без.
***
Ана сүті бой өсіреді,
Ана тілі ой өсіреді.
***
Ананың ойы ұяда,
Баланың ойы қияда.
***
Анасыз адам батасыз,
Білімсіз адам санасыз.
***
Аңғал сөйлеп,
Аспа,
Ойланып ал, саспа.
***
Арпа берсең атқа бер,
Күтір-күтір шайнасын.
Қызды берсең жатқа бер,
Алыс-жақынды ойласын.
***
Артық қайрат жанға қас,
Артық қиял миға қас.
***
Артық сөз ойға зиян,
Артық ас бойға зиян.
***
Арымақ, семірмек – ойдан.
***
Асқар таусыз жер жетім,
Асыл ойсыз ел жетім.
***
Асыға жауап берген аз ойлар.
***
Асыққан ойына жетпес.
***
Ат айлығын ойлайды,
Түйе жылдығын ойлайды.
Есек екі аяғының астын ойлайды.
***
Ат алсаң, ауылыңмен (ойлас),
Түйе алсаң, отаныңмен.
***
Атаның ақ батасы балалардың ойларын біркітеді,
Шешенің қарғысы балалардың зейінін жоқ етеді.
***
Атаның баласының ат төбеліндей ой белгісі болсын.
***
Аш бала тоқ баладай ойнамайды,
Тоқ бала аш баланы ойламайды.
***
Аш бала тоқ баламен ойнамайды,
Тоқ бала «аш болам» деп ойламайды.
***
Аш бала тоқ баламен ойнамайды,
тоқ бала еш нәрсені ойламайды.
***
Аштың ойы тамағында,
Жаяудың ойы табанында.
maqal-matel.kz
