Б

Бай болып көргем жоқ,
Жарлы болып өлгем жоқ.
***
Бай мен жарлы көмгенде теңелер,
Қорқақ пен батыр өлгенде теңелер.
***
Бай өлсе, ескісін дайындайды,
Кедей өлсе, ешкісін дайындайды.
***
Байдың әйелі өлсе, төсегі жаңғырар.
Кедейдің әйелі өлсе, басы қаңғырар.
***
Байдың қатыны өлсе, төсегі жаңғырады,
Кедейдің қатыны өлсе, басы қаңғырады.
***
Байдың қатыны өлсе, төсек жаңғырар,
Жарлының қатыны өлсе, басы қаңғырар.
***
Байдың малын аяма,
Өлсе менің қа…ма.
***
Байысаң да өлетұғын кез жетер,
Сонда саған екі-ақ құлаш бөз жетер.
***
Бақыт берсе Құдайым, көргенде білерсің,
Дәулет берсе басыңа, ақ тұйғындай түлерсің,
Оныменен кетпессің, ақырында өлерсің.
***
Бақыт құсы бәйтерекке де,
Өлімтікке де қонады.
***
Бала нені білсе жастан, ұядан,
Өле өлгенше соны таныр қиядан.
***
Балаңа байқап сөйлесең, ақылыңа көнер,
Байқамай көп сөйлеген, жұрт ішінде өлер.
***
Баласы өлген тобаға тоймайды,
Жоқ қараған обаға тоймайды.
***
Балта ұстап әкең қалғанша,
Ұршық ұстап шешең қалсын.
***
Балықтың тірлігі суменен.
***
Балықшының аты шөлден өледі.
***
Бар болып байы өлгенге не жетсін.
***
Барлығы да тілден:
Тіл – бал, тіл – ажал.
***
Барлық адамның тағдыры бір жерде түйіседі,
Құл да өледі, қожайын да өледі.
***
Барымта қайтыс болмай,
Дау айтыс болмас.
***
Барын жемей бай өледі.
***
Барын жемей бай өледі,
Бірін жемей жарлы өледі.
***
Барын жемей бай өледі,
Жоғын жемей жарлы өледі.
***
Бас білген өгізге,
«Өк» деген өлімнің қарабасы.
***
Бас білігі өгізге «өк» дегені – өлім.
***
Батыр алдынан өледі,
Қорқақ артынан өледі.
***
Батыр өлерін білмейді,
Сыншы берерін білмейді.
***
Батыр өлімі маржадан.
***
Батырды бәрекелді өлтіреді.
***
Батырды намыс өлтірер,
Қоянды қамыс өлтірер.
***
Батырдың ажалы атынан,
Ақынның ажалы қатыннан.
***
Батырдың көзі өмірде,
Қорқақтың көзі өлімде.
***
Болжалсыз таң атпайды,
Ажалсыз жан шықпайды.
Құдайдың бұйрығынан басқа
Құмырысқаның аяғы сынбайды.
***
Борай-борай қар жауса,
Боз қоянды өлтірер.
***
Борай-борай қар жауса,
Бұ боран атты өлтірер.
Аз кісіні көп кісі
Жаман да болса, біреуіне келтірер.
***
Борай-борай қар жауса,
Бұл боран атты өлтірер.
***
Боран болса, бай жылар:
«Қырылады малым» деп.
Малайлар да ренжір:
«Қиналады жаным» деп.
***
Ботасы өлген түйеге нар теліген,
Құлыны өлген биеге тай теліген.
***
Ботасыз інген боздаса,
Баласы өлген ананың
Қайғы шерін қозғайды.
***
Бөлемісің,
Бөлені көре тұра өлемісің.
***
Бөріні шопан қылсаң,
«Қойды мен өлтіріп едім, жеуін түлкі жеді» дер.
***
Бура өле ме, бота өле ме?
Кәрі өле ме, жас өле ме?
Айы жеткен айда өлер,
Күні жеткен күнде өлер.
***
Бұ қу тамақ талай елге апат боп,
Жер қойнына кірген олар опат боп.
***
Бұзауы өлген сиыр тұлыпқа мөңірейді.
***
Бұзауы өлген сиырдың сүті болмайды.
***
Бұл өмірдегі ең соңғы баратын жер – көр.
***
Бұрын жеті ағайынды едік,
Өле-өле үшеу қалдық.
***
Бүгін жер үстінде,
Ертең жер астында.
***
Бүкір өлгенде түзеледі.
***
Бүркіт алсаң, сұрын ал,
Талпынса керегең сиырылсын.
Қатын алсаң, сұлу ал,
Өлгенде ағайының талассын.
***
Былай тартсам, өгіз өледі,
Бұлай тартсам, арба сынады.
***
Былтыр өліпті,
Биыл исі шығыпты.
***
Білмеген (надан) көзі болса да – соқыр,
Тірі жүрсе де – өлік.
***
Біліксіз кісі ауру іспетті,
Ауруды емдемесе, тез өледі.
***
Білім білген пілге мінер,
Білім білмеген көрге түсер.
***
Білімді өлсе, қағазда аты қалар,
Ұста өлсе, істеген заты қалар.
***
Біліммен атың шығады,
Өзің өлсең де, атың қалады.
***
Бір аяғы жерде, бір аяғы көрде.
***
Бір жұтым суды да бөлісіп іш,
Жалғыз отырып жеген жалғыз өледі.
***
Бір күн тусаң, бір күн өлерсің.
***
Бір күн туылыппын,
Бір күн өліппін.
***
Бір Құдай жетелеп,
Екі ажал айдап келеді.
***
Бір осалдық болады екен әр ерде,
Бірер айып болады екен өнерде.
Басын алса соның үшін адамның,
Ешкім тірі қалмас еді о жерде.
***
Бірге тумақ бар,
Бірге өлмек жоқ (бірге көмбек жоқ).
***
Бірге тумақ болса да, бірге өлмек жоқ.
***
Біреу өлер қылыш сермеп, қол жиып,
Біреу өлер текке жатып қылжиып.
***
Біреу өлмей, біреу күн көрмейді.
***
Біреуге ор қазсаң,
Өзіңе көр қазылар.
***
Біреуге өлім тілегенше, өзіңе өмір тіле.
***
Біреудің ажалы оттан,
Біреудің ажалы судан.
***
Біреудің баспағына өлім тілесең,
Өзіңнің өгізің өледі.
***
Бірін жемей кедей өледі,
Мыңын жемей бай өледі.
***
Бітісі жаман қамысты су ішінде өрт алады,
Жетесі жаман жігітті ажалдан бұрын дерт алады.

maqal-matel.kz