Аға ішкен бұлақтан,
Іні де су ішеді.
***
Ағаш тамырынан су ішер.
***
Ағу дария харам болмас,
Қанша ит келіп сарыса да.
***
Ағын су арнасын табады.
***
Ағын су арам болмайды
Ақылды сараң болмайды.
***
Ағын су арам болмас,
ит жалдап жаласа да,
жақсы адам жаман болмас,
жасы жетіп қарыса да.
***
Ағын су бал татыр,
Ақ шабағы май татыр.
***
Ағын суда арам жоқ.
***
Ағын судың арамдығы жоқ.
***
Адалдың арқаны үзілмейді,
Қара су сүзілмейді.
***
Адам адаммен, жер сумен.
***
Адам елінде
Қоға көлінде көгерер.
***
Адам кейде көл, кейде шөл.
***
Адам қатесіз болмас,
Көл бақасыз болмас.
***
Адам іші дария.
***
Адамгершілікке арналған
Үш сауап бар,
Шөлге құдық қазған,
Өзенге көпір салған,
Жолға ағаш еккен.
***
Аз-аздан үйреніп дана болар,
Бір-бір тамшыдан жиналып дария болар.
***
Айдап сал жаққан от жанса,
Сақтықтың суын сеп.
***
Айдын, айдын, айдын көл асарлап төксең суалмас.
***
Айдындағы аққуды
Ақылды мерген атпайды.
Ақ еркесін айдынның
Атуға қолы батпайды.
***
Айтулы достың малы бір,
Кемедегінің жаны бір.
***
Ақ Еділдің өзі болмасақ та, бұлағымыз.
Ақылды бастың өзі болмасақ та, құлағымыз.
***
Ақ көт, қара көт суға түскенде мәлім болар.
***
Ақ қар көп болса – ақ нан көп.
***
Ақ шағала көрінді –
Алыс емес су жақын.
***
Аққан суға да бір тосу болар.
***
Аққу көлге, дуадақ шөлге.
***
Аққу көлге, ер елге паналайды.
***
Аққу көлін аңсайды,
Адам туған жерін аңсайды.
***
Аққу құсқа оқ тисе,
Қанатын суға тидірмес.
Ер жігітке оқ тисе,
Қиналғанын білдірмес.
***
Аққу ұшса, көлге қонады,
Сұмырай ұшса, шөлге қонады.
***
Ақпаса, су бұзылады.
***
Ақпейіл еліне ерке,
Аққу көліне ерке.
***
Ақсақ қой ауыл қасында,
Ия құдық басында.
***
Ақсақты алсаң, сау туар,
Соқырды алсаң, суы қуар.
***
Ақыл – дария,
Алсаң да, таусылмайды.
Жер – қазына,
Саусаң да, таусылмайды.
***
Ақыл – дария, жер – қазына.
***
Ақыл – дария, көңіл – дүлдүл.
***
Ақыл – дария, ой – теңіз.
***
Ақыл деген ағып жатқан дария,
Кеме айдаушы кемеңгер бір қария.
***
Ақыл тозбайтын тон,
білім таусылмайтын көл.
***
Ақылды кәрия – ағып жатқан дәрия.
***
Ақылды қария – ағын дария.
***
Ақылды ойланғанша,
Ақымақ суға кетеді.
***
Ақылдының алды – ағып жатқан дария,
сараң адамның алды – қу-тақыр, шөл дала.
***
Ақылы аздың – ашуы көп,
Таяз судың тасуы көп.
***
Ақымақ жауынды күні суға түсер.
***
Ақымаққа айтқан сөз
Ағып жатқан сумен тең.
Ақылдыға айтқан сөз
Қолға қонған құспен тең.
***
Ақымаққа айтқан сөз
Ағып жатқан сумен тең.
Ақылдыға айтқан сөз
Қолға ұстаған тумен тең.
***
Ақымақпен жолдас болсаң,
Ағып суға кетерсің.
Ақылдымен жолдас болсаң,
Арманыңа жетерсің.
***
Алма же де, су ішкін,
Ауырмасаң, маған кел.
Жиде же де, су ішкін,
Семірмесең, маған кел.
***
Алманы шөлге ек, салды көлге сал.
***
Алпыс күн аспанға қарағанша,
Алты көш те айдынға құла.
***
Алпыс күн тасыған су
Алты күнде қайтар.
***
Алтын жерде жатпайды,
Жаман ұста суын таппайды.
***
Алтын басың аман болса,
Алтын табақтан су ішерсің.
***
Алтын жерде жатпайды,
жаман ұста суын таппайды.
***
Алыстағы апаннан
Алдыңдағы құдық қайырлы.
***
Алыстағы дариядан
Алдында жатқан қақ артық.
Төскейдегі тұлпардан
Жаныңда тұрған жабы артық.
***
Алыстағы су шөліңді қандырмас.
***
Алыстағы судан сусының қанбайды.
***
Алысып ойнар теңің болсын,
Сүңгіп бойлар көлің болсын.
***
Аң кезеңге, су төменге ұмтылады.
***
Аңсағанға сусаған.
***
Аңшының өлімі ауда,
Сушының өлімі суда.
***
Аптада бір суға түспесең,
Тәніңді кір басады.
Аптада бір досыңмен сырласпасаң,
Жаныңды кір басады.
***
Арғымақтың тұяғы
Тасты басса, кетілер,
Сазды басса, жетілер.
***
Арқа сүйер елің болсын,
Аунап жатар жерің болсын.
Алысып ойнар теңің болсын,
Сүңгіп бойлар көлің болсын.
***
Арқандаулы аттан, тұсаулы ат
Су сұрамас болар.
***
Арқар –
Құлжасымен,
Өзен –
Жылғасымен.
***
Арна бұзылса – аралдың соры.
***
Арыған ат шұқанақ санайды,
Ашыққан ат қолыңды жалайды,
Жараған ат көзіңе қарайды.
***
Арық ат сусауық.
***
Арық атқа қамшы жау,
Жыртық үйге тамшы жау.
***
Арық атқа қамшы ойнар,
Жыртық үйге тамшы ойнар.
***
Арық бар жерде су бар,
Су бар жерде ну бар.
***
Арық қазған – су ішер,
Араздасқан – у ішер.
***
Арықтың көркі – сәмбі тал,
Аттың көркі – құйрық, жал.
***
Ас – аз, ниет – көп
Отын – олжа,
Су – қорлық.
***
Асау өзен өткелсіз болмас.
***
Асқар тауға жарасар, басындағы обасы,
айдын көлге жарасар, сылдырлаған қоғасы,
ер жігітке жарасар, қолындағы найзасы.
***
Аспаннан Әбілхаят суы жауса да,
Тал ағаш жеміс бермейді.
***
Астауда қалған суды
Арық қой ішеді.
***
Асылды суға тастасаң, судан толқын шығады.
***
Асылдың сынығы –
Айдынның тұнығы.
***
Ат айланып қазығын табады,
Су айланып жазығын табады.
***
Ат, атаның сай болса,
Қашсаң, жаудан кетерсің.
Кетпен, шотың сай болса,
Қазсаң, суға жетерсің.
***
Ат басына күн туса,
Ауыздықпен су ішер.
Ер басына күн туса,
Етігімен су кешер.
***
Ат жемейтін ащы шөптің біткенінен бітпегені игі,
Адам ішпес ащы судың аққанынан ақпағаны игі,
Атасының атын шығармаған жігерсіз ұлдың
Туғанынан тумағаны игі,
Жалған сөздің болғанынан болмағаны игі.
***
Ата-ананың ақылы
Сайрап жатқан жолмен тең.
Ақылдының ақылы
Сарқылмайтын көлмен тең.
***
Ата-ананың сөзі –
Айдын жолдың өзі.
Ақылдының сөзі –
Ақ дарияның өзі.
***
Ата – асқар тау,
Ана – бауырындағы бұлақ,
Бала – жағасындағы құрақ.
***
Атадан жақсы ұл туса,
Мұз үстінен от жанар.
Атадан жаман ұл туса,
Түйе үстінен ит қабар.
***
Атаным сай, атым сай,
Қашсам, жаудан кетермін.
Кетпенім сай, шотым сай,
Қазсам, суға жетермін.
***
Аттың көркі –
Құйрық, жалы, құлыға.
Таудың көркі –
Тасы менен бұлағы.
***
Атың арымаса, суға сал,
Болдырмаса, құмға сал.
***
Ауған елге құрыған құдық кезігеді.
***
Ауылға барсаң қона бар,
қамысты көлде сона бар.
***
Ауылыңда айна бұлағың болса,
Кісі құдығынан су ішпе.
***
Ауылың ынтымақты болса,
Суалмас көлдейсің.
Ауылың ынтымақсыз болса,
Су бармас шөлдейсің.
***
Ашу деген қарғыма тас кезеңдей,
Сабыр деген сарқылмайтын өзендей.
***
Аяғы жаман көлді былғайды,
Сөзі жаман елді былғайды.
***
Аязды күні қойға су бергенше у бер.
***
Аяқты ақырғы тамшы толтырады.
maqal-matel.kz
