Мақал мен мәтелдің айырмашылығы

Көп адам мақал мен мәтел арасындағы айырмашылықты нақты білмейді.
Білсе де екеуінің орнын жиі ауыстырып алады. Ендеше біз назарларыңызға мақал мен мәтелдің айырмашылығын ұсынуды жөн көрдік.

Мақал – өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі.

Сан ғасырдан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде, кейде қара сөзбен де айтылады. Көбінде ұйқасқа бейімделеді. Мысалы:
Қайраңы жоқ көлден без,
Қайырымы жоқ ерден без.
Осы мысалға берілген мақалдан-ақ байқап отырған боларсыздар, мақалдың тағы бір ерекшелегі аллитерацияға:
Етігін шешпей ер тыңаймас,
Ерін алмай ат тыңаймас.
Сонымен қатар ассонансқа:
Қатты жерге қақ тұрар,
Қайратты ерге бақ тұрар — құрылады.
Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді. Мысалы:
Бір жеңнен қол шығар,
Бір жағадан бас шығар.
***
Ырысқа қарай ұл өсер,
Қонысқа қарай мал өсер.
***
Ел – ырыстың орманы,
Eр – ырыстың қорғаны.
***
Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді.

Мәтел – өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Әрине, мақалға өте жақын.
Мәтел көбінде жеке, сыңар тармақ болып келеді. Алайда оған күшейткіш, мағынасын тереңдете түсетін сөз үстемелену арқылы мақалға айналады.
Мысалы: “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” дегеніміз мәтел. Ал осыны “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” деп түрлендірсек бұл мақалға айналады.

Мәтел де тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың, ұлы ойшылдардың көптеген ұтымды сөздері мақал-мәтелге айналған. Оны осы сайттағы көсемсөз айдары мен мақал-мәтелдерді салғастыра отырып пайымдауға болады.

maqal-matel.kz