Шындық, ақиқат, жалған, өтірік
***
Адал сөз – әшекей емес, ақиқат.
***
Адал сөзбен айтысады,
Өсек сөзбен сыбырласады.
***
Адам деген ат адамға лайық.
***
Адам демек – ақиқат демек.
***
Адамды сыбыс бұзады,
Атты мініс бұзады.
***
Адамдық адалдықта,
Адалдық шындықта.
***
Адамның әділдігі – шыншылдығында.
***
Адамның жүзіне бақпа, сөзіне бақ.
***
Адамның сұлулығы – шыншылдығында.
***
Ай жарқырап, Күн болмас,
Өтірік жарқырап, шын болмас.
***
Айрылғанның азары шын,
Қосылғанның озары шын.
***
Айт-арапада өтірік сөйлегеннің
Намаз күні жүзі қара.
***
Ақ пен қараны шындық айырар.
***
Ақ сауыттың жағасы бар, жеңі жоқ,
Шын жақсының ашуы бар, кегі жоқ.
***
Ақ сөз ақиқат болады.
***
Ақ сөз ащы болады.
***
Ақиқат аз сөйлейді.
***
Ақиқат аяушылық тілемейді.
***
Ақиқат жолында азап шеккен абырой.
***
Ақиқат сөзге анттың керегі жоқ.
***
Ақиқат сөзде алалық жоқ.
***
Ақиқаттың алды ашық,
Арамдықтың алды тұман.
***
Ақиқатын айт – адамға жақпаса да,
Аллаға жақсын.
***
Ақыл бар жерде шындық бар, өтірік жоқ.
***
Ақылды өтірік шаршатады.
***
Ақымақ шынын айтамын деп сырын айтады.
***
«Аламыз» деген алған,
«Береміз» деген жалған.
***
Алысар болсаң, шыныңды айт,
Табысар болсаң, сырыңды айт.
***
Анығын айтқан адаспас.
***
Анығын айту адалдық,
Ала сөйлеу арамдық.
***
Арамза сұлу сөйлейді,
Ақкөңіл шынын сөйлейді.
***
Арлы адамның белгісі шындыққа жығылады,
Арсыз адамның белгісі құр күлкіге ұрынады.
***
Ат жемейтін ащы шөптің біткенінен бітпегені игі,
Адам ішпес ащы судың аққанынан ақпағаны игі,
Атасының атын шығармаған жігерсіз ұлдың
Туғанынан тумағаны игі,
Жалған сөздің болғанынан болмағаны игі.
***
Ат жоқта есек жорға,
Ақиқат жоқта өсек жорға.
***
Аталы сөзге арсыз жауап қайырар,
Ақ пен қараны шындық айырар.
***
Атаңның құлы айтса да,
Әділдікке басыңды и.
***
Аузы құлып сандықты, кілт ашпаса тіл ашар,
түйін-түйін сырыңды, түбінде келіп шын ашар.
***
Аузында сөз тұрмастың
Бір жерде өзі тұрмас.
***
Ауруда шаншу жаман,
Сөзде қаңқу жаман.
***
Ащы айтсаң да, әділ айтқан кезіңде,
Ақылдылар шамданбайды сөзіңе.
maqal-matel.kz
