Ә

Әдемі сөйлегеннің ісі әйбат.
***
Әдеп басы – тіл.
***
Әдепсіздің аяғы боқ басады,
Сөзі шоқ басады.
***
Әдепті сөйле де, тыныш отыр.
***
Әдептің басы – байқап сөйлеу.
***
Әділ айтсаң,
Ағайынға жақпайсың,
Әзіл айтсаң,
Маңайына жақпайсың.
***
Әділ бидің өлгені –
Сөзінің болса жалғаны,
Құламаның өлгені –
Болмаса тәлім алғаны.
***
Әділ сөз ащы болады.
***
Әділ сөз ірі көрінеді.
***
Әділ сөздің зілі жоқ,
Көп көзінен өткен істің міні жоқ.
***
Әділін айтсаң – әдемі айтқаның.
***
Әзәзілдің соңына ерме,
Өтірікшінің сөзіне сенбе.
***
Әзіл сөз әзіл емес, құрған тұзақ,
Тұзаққа түскеннен соң кетпейді ұзап.
***
Әзілқойдың сөзі зая болар.
***
Әке сөзі – оқ,
Шеше сөзі – боқ.
***
Әке тұрып бала сөйлесе,
Ер жеткені.
Шеше тұрып қыз сөйлесе,
Бой жеткені.
***
Әке тұрып, ұл сөйлегеннен без,
Шеше тұрып, қыз сөйлегеннен без.
***
Әлі жетпеген сақалшыл келеді,
Билік білмеген мақалшыл келеді.
***
Әлім алдында ауызыңды ти.
***
Әмірдің алдында сөйлегеннен, тыңдаған жақсы.
***
Әңгіме айтушы егеді,
Тыңдаушы тереді.
***
Әңгіме бұзау емізер,
Бұзау таяқ жегізер.
***
Әңгіме жол қысқартады.
***
Әңгіме жолдан қалдырар,
Жолсыздық ұрыға алдырар.
***
Әңгіме жолды қысқартады,
Жоқшылық қолды қысқартады.
***
Әңгіме мұрыннан келеді.
***
Әр айдың шөбі басқа,
Әр дәуірдің сөзі басқа.
***
Әр патшаның заңы басқа,
Әр дәуірдің сөзі басқа.
***
Әр сөзіңнің білім болсын сағасы,
Білімменен үлкейер ел ағасы.
***
Әуелгі сөз рахым.
***
Әуелі ойла, сонан соң сөйле.
***
Әуелгі сөз – ағадан,
Әдепті сөз – ініден.
***
Әуелгі сөзі рас болса,
соңғы сөзінің өтуіне жақсы.
***
Әуелгі сөзің рас болса,
Соңғы сөзіңнің өтуі жақсы.
***
Әуелгі сөзің шын болса,
Соңғы сөзіңе жол болады.

maqal-matel.kz