А

Адам көңілінен азады,
Тілінен жазады.
***
Адам тілден табады,
Сиыр мүйізінен табады.
***
Адам тілі тас жарады,
Тас жармаса, бас жарады.
***
Адам тілінен байланар,
Ат басынан байланар.
***
Адам тілінен байланар,
Мал басынан байланар.
***
Адам тілінен жазады.
***
Адам тілінен,
Ат аяғынан жазады.
***
Адам тілінен жазады,
Ұры ізінен жазады.
***
Адам тілінен ұсталады,
Ат тезегінен ұсталады.
***
Адамға екі нәрсе тірек тегі:
Бірі – тіл, бірі – ділің жүректегі.
***
Адамға келген он пәленің тоғызы – тілден.
***
Адамға тілінен, сиырға мүйізінен.
***
Адамды – тілі,
Атты жүгі асырайды.
***
Адамзаттың тілін әбілет қана ұқпас.
***
Адамның жанын сақтайтын да,
Құртатын да – тіл.
***
Айтпас жерде тіліңді тарт,
атпас жерде қолынды тарт.
***
Айтсам, тілім күйеді,
Айтпасам, ділім күйеді.
***
Айтсам тілім күйеді,
Айтпасам дінім күйеді.
***
Айтылады тілменен сөз, сыр ішің,
Жақсы сөз де, білсең, бедел, ырысың.
***
Ақыл көркі – тіл,
Тілдің көркі – сөз,
Адам көркі – жүз,
Жүздің көркі – көз.
***
Ақыл мен білімнің тілмашы – тіл.
***
Ақынның тілі қылыштан өткір.
***
Ақынның тілі қылыштан өткір,
Қылдан нәзік.
***
Ана сүті бой өсіреді,
Ана тілі ой өсіреді.
***
Ана тілім – дана тілім.
***
Ана тілің алпыс тілге татиды.
***
Анам берген туған тілім,
Атам берген құрал тілім.
***
Ананың сүті – бал,
Баланың тілі – бал.
***
Арамзаның тіліне нанба,
Алтын берсе алма.
***
Ат аяғы ақсауық,
Ақын тілі қақсауық.
***
Ат жүйрігі –
Азаптан құтқарады.
Тіл жүйрігі –
Мазақтан құтқарады.
***
Ат тұяғы – алтын,
Алысқа алып баратын.
Адам тілі алтын,
Алысты сұрап табатын.
***
Ата тілін алмаған антұрғанның
Ат үстінен аяғын ит қабады.
***
Ата тілін алмаған,
аман болып көп жүрмес.
***
Ата тілін алмаған ұлдан без,
Ана тілін алмаған қыздан без.
***
Атағыңды өсіретін де, өшіретін де – тіл.
***
Аузы құлып сандықты тіс ашпаса, тіл ашады.
***
Аузы құлып сандықты, кілт ашпаса тіл ашар,
түйін-түйін сырыңды, түбінде келіп шын ашар.
***
Ауыз бен тілдің көркі – сөз.
***
Ауыз көркі – тіл,
Тілдің көркі – сөз.
***
Ауызда жиек жоқ, тілде тиек жоқ.
***
Ашуың келсе – қолың тарт,
Айтпас жерде – тілің тарт.
***
Ашынған тілді болады.
***
Ашынған тілді болар, ашыққан ұры болар.
***
Аяқ жүйрігі – асқа,
Тіл жүйрігі – басқа.
***
Аяққа кісен салуға болар,
Қолға кісен салуға болар,
Тілге кісен салуға болмас.

maqal-matel.kz