А

Абылайдың асында жорғаламағанда,
Атаңның басында жорғалаймысың!
***
Абылайдың асында шаппағанда,
Атаңның басында шабасың ба?
***
Адам жақсысы берекеде,
Ат жақсысы мерекеде.
***
Адамды ой арытар,
Атты той арытар.
***
Айдаболдың асында шаппағанда,
Әкеңнің басында шабасың ба?
***
Айт-арапада өтірік сөйлегеннің
Намаз күні жүзі қара.
***
Айт аттынікі,
Той тондынікі.
***
Айт аттынікі,
Той тондынікі.
Дау дәудікі,
Айт, айт!
***
Ақ серке қой бастайды.
Ақын жігіт той бастайды.
***
Ақ түйенің қарны ақтарылып.
***
Ақ түйенің қарны жарылған деген осы.
***
Ақылды жігіт – ойшыл,
Ақылсыз жігіт – тойшыл.
***
Ақымақ басқа үйге тойға барса,
Үйімнен мұнда жақсы екен дейді.
***
Ақымаққа күнде той.
***
Ақымаққа күнде той,
Ақылдыға күнде ой.
***
Ақын болсаң, той көп.
***
Ақын жігіт той бастар,
Батыр жігіт қол бастар,
Шешен жігіт дау бастар.
***
Алты қатын асқа барса,
Әрқайсысы өзінің мұңын айтады.
***
Апайының кигенін сіңілісі де киеді,
Екеуінің тойы бір күнде болмайды.
***
Арсыздың айты алты күн.
***
Арсызға алты күн мейрам.
***
Ас аттынікі, той тондынікі.
***
Ас барында – дос жоқ,
Ат барында – той жоқ.
***
Ас жүрген жер – береке,
Жас жүрген жер – мереке.
***
Асқа барсаң, аш бар,
Тойға барсаң, тойып бар.
***
Асқа барсаң – аш бар,
Тойға барсаң – тоқ бар,
Той қызығы – көкпар.
***
Асықпа, тойға барарсың,
Өлеңші болсаң, жеңерсің,
Палуан болсаң, жығарсың.
***
Асың болса, дос көп,
Атың болса, той көп.
***
Ат өлсе, иттің тойы.
***
Аты-тоны сай кісі
Жиын тойға барысар,
Ұлы-қызы бар кісі
Құдалыққа барысар.
***
Ауру адам айт күні өледі.
***
Ауылдасың жақсы болса,
Ағайының не керек.
Алған жарың жақсы болса,
Айтың, тойың не керек.

maqal-matel.kz