А

Ағайынның қадірін,
Жалалы болсаң, білерсің,
Ата-ананың қадірін,
Балалы болсаң, білерсің.
***
Адам баласы айыпсыз болмас.
***
Адам биік болса да, заң астында,
Тау биік болса да, тау астында.
***
Адам болған соң,
Онда кінә да болады.
***
Адамды алдау –
Арыңның алдында қылмыс.
Ағаңды алдау –
Анаңның алдында қылмыс.
***
Адамның әділдігі – шыншылдығында.
***
Адасқанның айыбы жоқ,
қайтып үйірін тапқан соң,
ашылғанның айыбы жоқ,
өзі біліп жапқан соң.
***
Аз кісінің теңдігі бар да, төресі жоқ,
Жалғыз аттың астауы бар да, дересі жоқ.
***
Азат басың болсын құл,
қолдан келмес іске ұмтыл.
***
Айғақ өлер, кепіл төлер.
***
Айғақтың тазасы күмәнмен мойнына салар.
***
Айғақтың тазасы – мойынға салған.
***
Айқайлайтын жерде ауыз ашпау айып.
***
Айран ішкен құтылар,
Аяқ жалаған тұтылар.
***
Айран ішкен құтылған,
Шелек жалаған тұтылған.
***
Айтарың болмаса, ауыз ашпаған айып емес.
***
Айтқан жерде бәле жоқ,
Ақ жүргенге жала жоқ.
***
Айтулы достың малы бір,
Кемедегінің жаны бір.
***
Айтып істеген ұрлықтың айыбы жоқ.
***
Айыбы бар адам жыннан қалмайды.
***
Айыбы бар адам кеңестен қалмайды.
***
Айыбы бар мал қашан да арзан.
***
Айыбы бардың тізесі қалтырайды.
***
Ақ айналар, қара байланар.
***
Ақ болсаң, қараға жуыма,
Аққа қара тез жұғады.
***
Ақ жүрген адам азбас.
***
Ақ иіліп сынбайды.
***
Ақ пен қараны шындық айырар.
***
Ақ та болса ант ішпе, айрандай жұғады.
***
Ақкөңіл – адам ойының тазасы,
Әділ, тура, ақкөңілге не жетсін,
Парасат пен білімді де қажетсін.
***
Аққа жаққан шырақты
Ақылсыз үрлеп өшіре алмайды.
***
Аққа зауал жүрмейді.
***
Аққа зауал жоқ,
Ақ иіліп сынбайды.
***
Аққа қара жоқ, қараға шара жоқ.
***
Аққа қара жұқпайды.
***
Аққа Құдай жақ.
***
Аққа өлген жақсы.
***
Ақта қара жоқ,
Қараға шара жоқ.
***
Ақтан жабысқан пәледен сақтан,
аяқ астынан жапқан жаладан сақтан.
***
Ақты қара демеңіз,
кәріптің ақын жемеңіз.
***
Ақтың көңілі – жарық, күні – жаз.
***
Ақтың отын ақымақ та сөндірмейді.
***
Ақша жүрген жерде әділдікке де,
Адалдыққа да орын жоқ.
***
Ақша үшін әркім-ақ істейді,
Әділдік үшін кім істейді?
***
Ақыл азбайды,
Әділдік тозбайды,
Арамдық озбайды.
***
Ақылды ер адамнан айып іздемейді,
Өнер іздейді.
***
Ақылды қазы да кейде аңғал шешім айтады,
Ақылсыз бала да кейде ойнап атып тигізеді.
***
Ақымақ елші екі елді бұзар.
***
Ақымаққа арнап заң жазылмас.
***
Ала болған елді дұшман аралар,
Туысқаның жаман болса, басын қаралар.
***
Алған бір жазықты.
Алдырған екі жазықты.
***
Алған бір жазықты,
Алдырған мың жазықты.
***
Алған бір жазықты,
Көреген екі жазықты.
***
Алған бір күнәлі, алдырған мың күнәлі.
***
Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш.
***
Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш,
Ұсынған мойынды кісі кеспес.
***
Алдырған айыпты,
Атасының қойнын ашады.
***
Аллаға жағайын десең,
Азаның болсын.
Қазыға жағайын десең,
Қазаның болсын.
***
Алланың атын сатып, молла семіреді,
Ханның атын сатып, қазы семіреді.
***
Аңғырт бөрі қой үркітеді,
Абайсыз ұры қолға түседі.
***
Арамның ісі өрге баспайды,
өрге басса да өрден аспайды.
***
Арашаға қоймаған,
Арашыға зар болар.
***
Асты көрсең, қадір тұт,
Досты көрсең, әділ тұт.
***
Ат жақсысы көрмеде,
Жігіт жақсысы түрмеде.
***
Ат қадірін білмесең,
Жаяушылық берсін жазаңды.
Ас қадірін білмесең,
Ашаршылық берсін жазаңды.
***
Ата-ананың қадірін
Балалы болғанда білерсің.
Анық достың қадірін
Жалалы болғанда білерсің.
***
Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің,
Ағайынның қадірін жалалы болғанда білерсің.
***
Ата-ананың қадірін – балалы болғанда білерсің,
ағайынның қадірін – қаралы болғанда білерсің,
жанашырдың қадірін – жалалы болғанда білерсің.
***
Ата тұрып бала сөйлесе, шіркіндігі,
аға тұрып іні сөйлесе, еркіндігі.
***
Атақ азаматтікі,
Билік әділдікі.
***
Атақты ұры аш жүргенде,
Атақсыз ұры қабын толтырады.
***
Атақты ұры аштан өледі,
Атақсыз ұры қабын толтырады.
***
Аталыдан би болса,
Аузы кетпес турадан.
Бас қосылған әр істе
Сөзі кетпес жорадан.
Атасыздан би болса,
Аузы кетпес парадан.
Қайда болса шіркіннің
Арты кетпес жаладан.
***
Атаңның құлы айтса да,
Әділетке басыңды и.
***
Ататекке қарамай,
Ақшаға қазақ сатылар.
Тексізден қойған биіңіз
Жұртқа тырнақ батырар.
***
Атсыздың атасының құны кетеді,
Жалғыз-жарым ырысы кетеді.
***
Аттың жақсысы көрмеде,
Кісінің жақсысы түрмеде.
***
Атын ұрлатқан сарайын бекітер.
***
Ауызың айтқанды
Қолмен істе.
***
Аяққа кісен салуға болар,
Қолға кісен салуға болар,
Тілге кісен салуға болмас.

maqal-matel.kz